1991 жылға дейін, яғни КСРО ыдырағанға дейін елде көбінесе экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес келетін салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі айналым салығы тіркелген бөлшек және көтерме сауда бағаларын қолдануға және мемлекетті реттеп отыруға бағытталған болатын. Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін 1991-1995 жылдары қабылданған бірқатар заңдарға сәйкес Республикада жаңа салық жүйесі қалыптасты. 1991 жылғы желтоқсанның 25-інен бастап біздің елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың қағидаттарын, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылға қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салық мен алым енгізілді. Қазақстан Республикасының Үкіметі 1995 жылдың басында салық реформасының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын қабылдап, онда еліміздің салық жүйесі мен салық заңнамасын бірте-бірте халықаралық салық салу қағидаттарына сәйкестендіру көзделді. Осыған байланысты «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 1995 жылғы сәуірдің 24-інде Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы шықты. Енді бұрынғы 42 салықтар мен алымдар едәуір қысқартылып, олардың саны небәрі 11 болып қалды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы сәуірдің 24-індегі заң күші бар жарлығы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы шілденің 16-сындағы № 440-1 заңына сәйкес заң мәртебесін алды. Осы уақыт аралықтарында Президент жарлықтарымен және Қазақстан Республикасының заңдарымен бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабында: заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады деп жазылған.