8-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау 1. Заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізудің, оның ішінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарға қолжетімділікті пайдалана отырып талдау жүргізудің тәртібі осы заңда, өзге де заңнамалық актілерде және Бас Прокурордың актілерінде айқындалады.
2. Заңдылықтың жай-күйін талдау прокурорлардың субъектілерге (объектілерге) бармастан статистикалық деректерді, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін, азаматтық және қылмыстық істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерін зерделеу арқылы жүргізіледі.
Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері анықтама түрінде ресімделеді. Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері бойынша осы Заңға сәйкес прокурорлық қадағалау не ден қою шаралары қабылданады.
Прокурор мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізуге байланысты ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды талап етіп алдыруға құқылы.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9-бап. Тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері 1. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлар тексеріс жүргізген кезде:
1) мынадай:
тексерілетін субъектіге тексеріс тағайындау туралы қаулыны бермеген;
құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркеу міндетті болатын кезде, мұндай тіркеусіз тексеріс жүргізілген;
осы Заңның 7-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өтіп кеткен;
тексеріс тағайындау туралы қаулыда көрсетілмеген адамдар тексеріс жүргізген;
заңнамада көзделген жағдайда мемлекеттік құпияларға қолжетімділігі туралы рұқсатын растайтын құжаты болмаған жағдайларда, объектіге тексеріс жүргізу үшін келген адамдарды жібермеуге;
2) мынадай:
жүргізілетін тексеріс нысанасына немесе тексеріс тағайындау туралы қаулыда көрсетілген кезеңге жатпайтын;
мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтермен және құжаттармен танысуға құқық беретін тиісті рұқсаты немесе құжаты болмаған кезде осындай мәліметтер мен құжаттарды бермеуге;
3) тексеріс тағайындау туралы қаулыға, сондай-ақ прокуратура органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлар тексеріс жүргізген кезде:
1) прокуратура органдарының лауазымды адамдарының тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
Прокуратура органдарының лауазымды адамдарының режимдік объектілердің аумағына және үй-жайларына кіруі тексерілетін ұйымда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер туралы талаптар ескеріле отырып қамтамасыз етіледі;
2) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, прокуратура органдарының лауазымды адамдарына тексеріс нысанасы шегінде қағаз және электрондық жеткізгіштегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеріс нәтижелері туралы анықтамаға қоса тіркеу үшін беруге, сондай-ақ органдар мен ұйымдардың құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелері мен ресурстарына қолжетімділік жасауға;
3) тексеріс тағайындау туралы қаулымен және оның нәтижелері туралы анықтамамен танысуға және оларды қол қойып алуға;
4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарға сәйкес тексерісті жүзеге асыратын адамдар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
10-бап. Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкестігін қадағалау 1. Прокуратура:
1) осы Заңның 24-бабының 2-тармағында көрсетілген актілерді қоспағанда, Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерінің;
2) меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдері физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды өзі дербес жүзеге асыра алмайтын адамдарға, шектелмеген адамдар қатарына қатысты болса не жария сипатқа ие болса, олардың актілері мен шешімдерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкестігін қадағалауды жүзеге асырады.
2. Осы бапта көзделген қадағалауды прокуратура қабылданған актілер мен шешімдерді Бас Прокурордың актісімен айқындалған тәртіппен бағалау арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2021 № 62-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудегі заңдылықтың сақталуын қадағалау Прокуратура қылмыстық-процестік заңнамада айқындалған өкілеттіктерге сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады.