Ш. Уәлиханов атындағы КМУ
Реферат
Тақырыбы: «Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы»
Орындаған: Калтаева Н. КОК-91 ук топ студенті
Тексерген: Смагулова Н.К. пән оқытушысы
2020-202 оқу жылы
Көкшетау қаласы
Қазақ өлеңінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойласаң, көз алдыңа қазақ даласындай кең жайылып жатқан өлең-жыр дариясы елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған оған үлкенді-кішілі өлеңдер қосылып, арнасын үлкейтіп, кең айдынға ұластырады. Асау тау өзендерінің толқыны іспетті күш халық жанының тереңінен нәр алған сол өлең-жыр дариясына өлмес өмірдің күшін дарытып, буырқанта, бұрсанта көрсетеді. Толқын толастамайды, ағын азаймайды, өйткені тарих сыры ән-жырға құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы Дария суын молайтады. Осы жыр-дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен ақын-жырауларының есімі бүгінде айдай әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай - барлығы да өз алдына бір-бір жыр-дария. Олар үлкен дарияны құрап жатқан асау, арналы, сулы, нулы өзендер іспетті. Осылардан кейінгі кезектегі қазақ жырының тарихымен тығыз байланысты есімнің бірі - Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Сұлтанмахмұт өмірі, жасаған дәуірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер бізге жақсы таныс. Бәрін де білетін сияқтымыз. Дегенмен жалпы жұртқа бимәлім «ақын құпиясы» да аз емес-ті. Оның өмір сүрген ортасының күрделілігі мен қайшылықты сипаттары тудырған біраз туындылары жабық күйінде қалып келді. Бүгін, көне мұраларымызды түгендеп, қайта қарап жатқан заманда, Сұлтанмахмұтты да қайта оқу қажеттігі де осымен байланысты. Ақын өмір сүрген кезең - XX ғасырдың бас кезі - Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Бірімен-бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшашылдық биліктің тас-талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Қазақ жеріндегі отаршылдыққа, әлеуметтік езгіге қарсы күрес те осындай жағдайда өрістеді. Бір жағынан патшаның отаршылдық саясаты еңсесін көтертпей, екінші жағынан феодалдық-патриархалдық мешеулік, қараңғылық шырмаған халықтың азаттыққа, рухани жаңаруға ұмтылуы қаншалықты қажеттіктен туса, соншалықты сол кездегі тарихи жағдайдың сәттілігінен қолдау тапты. Оларды ұлт көсемдері - Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар басқарды. Олар елдің дербес, тәуелсіз жолмен дамуына, мәдениет пен прогреске ұмтылуына жол салды. Сұлтанмахмұт осы идеяны жақтаушы болды. Ол туған халқын феодалдық кертартпа салт-сананың, қараңғылықтың езіп-жаншып отырғанын ашып көрсетер өткір, сыншыл өлеңдер жаза отырып, оларды ілгері ұмтылуға, өз тағдырын өзі жасауға қатысуға шақырды. Ұлттың азаттық жолындағы күресіне үн қосты. Аталған ағаларының соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімдерімен байланыстырды. «Таныстыру» (1918) поэмасында «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов... бірі - күн, бірі - шолпан, бірі - айым» деуінің де негізгі сыры осында болатын. Әр ақынның тағдыры әр түрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы қолайлы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады. Ақынның шығармашылық жолын қадағалай қарап, өлеңдерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұт көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері - бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады. Сұлтанмахмұттың бірсыпыра шәкірттік өлеңдері (1907-1911) сақталған. Өлеңдік түрі мен көркемдік ізденістерінде жетіспеушілік бола тұрса да, олар жас акынның қоғамдық құбылыстардың мән-мағынасын, сырын түсінуге ұмтылысымен, өлең тілімен сурет жасауға деген алғашқы талабымен ерекшеленеді. Ол қоғамдағы әділетсіздік туралы, әйел тағдырына немқұрайды қарайтын мінез жайлы, дін мен діни оқудың схолостикалық сипаты жөнінде айтады. Оларға өз ұғымындағы әділеттілік, адамдық, ар-иман туралы түсініктерді қарсы қояды. Суреткерлікке ұмтылыс оның бай қызы мен бай ұлының, байлық пен кедейліктің бейнесін танытуға арнаған жырларынан байқалады. Алайда олар үлкен ұғымдағы саяси көзқарасты, ақындық позицияны анықтай алмайтын еді. Мұндай ақындық таным мен байсалды көзқарас Сұлтанмахмұттың 1912 жылдан басталатын шығармашылығының жаңа кезеңінде ғана бой көрсетеді. Соған қарамастан жас ақынның алғашқы талабы оның ескі ұғым мен діни білімнің шеңберіне сыя қоймайтындығының белгісі сияқты. 1912-1913 жылдары Сұлтанмахмұт Троицк қаласына келіп, онда әуелі медреседе оқып, кейін «Айқап» журналының редакциясында қызмет істейді. Осы кезден басталатын шығармашылық жолында оның ағартушылық көзқарасы анық танылады. Ол Абай мен Ыбырайдың осы саладағы ойларын дамыта отырып, өнер мен білім жолына үгіттейді, оқудың пайдасын әңгімелеп, мәдениетті елдердің тіршілігін үлгі етеді. Үмітті жастарға артып, олардың ел, қоғам алдындағы міндетін түсіндіреді. Ақынның «Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға», «Оқуда мақсат не?», «Анау-мынау» сияқты өлеңдері, негізінен, осы тақырыпқа арналған. Оларда ақын жастар алдына оқып білім алып, елге қызмет ету идеясын, осы салада бірігіп, күш қосу қажеттігін ұсынады. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт ел ішіндегі өнерге, оқуға деген ескі көзқарасты, елдің қараңғылығын, надандығын сынайды. Ақын өлең түрі жағынан бірқатар жаңа ізденістерін байқатқанмен, бұл жырлар, негізінен, үгіттік өлеңдердің дәрежесінен асып кете қойған жоқ-ты. Оқу жолындағы үзіліс, «Айқаптағы» қызметтен кету, одан кейінгі Баянауылға барып «Шоң серіктігін» ұйымдастыру талабының іске аспауы өзгеше бір сипат алып келді.
Өмірден қағажу көріп, ойындағысы бола қоймаған қайсар талант жырларында бунтарлық мінез көріне бастайды. Оны да заман дарытқан еді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері бойынан, өзі айтқандай, «Қараңғылықтың көгіне» ызалана алға ұмтылған, ізденімпаз, білім-өнер аңсаған жаңа ұрпақтың өкілін танимыз. Өмір бойы халқы көрген азап пен надандық, қазақи қыңыр мінездер ашындырған оның «Шындықтың аулын іздеуге» бел шешіп кірісуі де осы кез. Осы жолда ол алдымен орыстың тілін, ғылымын үйренуді мақсұт тұтады.
Оллаһи, ант етемін алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнді білмей,
Оллаһи тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жасқа,
Іншалла, бәрін түгел ұғам басқа.
Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,
Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа!
Сұлтанмахмұттың ақындық, азаматтық жаңа бағдарламасы ретінде ұсынған осы сөзінен лапылдап тұрған ақындық мінездің қайсарлық пен табандылыққа ұласуын көреміз. Ол нені айтса да қарабайыр айта алмайды, таусылып, жеріне жеткізе оқырманын иландыра айтады. Оның «Шоң серіктігін» ұйымдастыруға жәрдем бермеген Шорманның Садуақасына айтқаны мен сол ауылдан ренжіп шығып келе жатқанда достарына айтқан сөзінде де осы мінез байқалады. Ешбір кедергіге мойын ұсынбай, «ілім-білім жинап» халыққа қызмет ету, жұлдыз болып емес, «толған айдай балқып туып» еліне жарық болу, сөйтіп «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болу», «Мұздаған елдің жүрегін жылытуға кіру» - Сұлтанмахмұт мұрат тұтқан асқақ идеялар. Сол ғана айта алған, сол ғана армандаған тың жол, тың мақсат! Осы арқылы ол лирикалық кейіпкері бойына дәуірдің рухын дарытты. Осыдан бастап Сұлтанмахмұт ағартушылығы бірсыпыра тереңдейді. Бұрынғы үгіттік өлеңдердің орнына лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттейтін жырлар туады. Ақын характерді алға ұстайды, өмір шындығын соның ұғымы мен ісі арқылы ашуға ұмтылады. Өмірдің күрделілігі сияқты нақты адам тіршілігі де күрделі, қайшылықты. Ойлаған іс орындала бермейді, алыс арман жеткізбейді. Әрбір сезім адамы сияқты ақын да бұған қайғырады, күйінеді, күйзеледі. Сұлтанмахмұт та, оның лирикалық кейіпкері де оны бастан аз кешпеген. Ол кешкен қиыншылықтар мен сәтсіздіктер ақын жырларында мол із қалдырған. Алайда бұл өлеңдерден лирикалық кейіпкердің тағдырға мойын ұсынбай, лапылдап от боп қасарыса алға ұмтылғаны, ауыртпашылыққа қарсы шабар өжет мінезі көрінеді.
Ден сау болса тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін.
Жігермен талап еткен соң.
Қоям ба екен сүлдерін.
Серпіп тастап түндерін
Туғызамын күндерін,-
дейді ол.
Тағдырға ақын өз «менін» қарсы қояды. Оның философиясы - адамның өзін-өзі билеуі, өз еркін өзі бағындыруы, «Еркіме жүрер менің қай дүние, көнбесе өз еркіме өзім денем» деген ой. Сондықтан да ол:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен
«Тағдыр қылды» деулерді,
Шығарамын сөзімнен.
«Өзім қылдым» деулерді,
Таса қылман көзімнен,-
деген қорытындыға келеді. Адам еңбегін, рухын көтеру қандай лепиен, ойшылдықпен, батыл, әрі анық айтылған! Осы кезден бастап Сұлтанмахмұт шығармашылығында ескіні сынау айрықша бір өткір түрге көшеді. Ол қазақ ішіндегі ұнамсыздық, келеңсіз мінездермен кектесе, оларды ызалана шенеп, мінейді. Феодалдық-патриархалдық салт-сананың тозығы жеткен жақтарын аяусыз әшкерелеп, олардың өмірсіздігін ашады, жаңару күтіп тұрғанын дәлелдейді. Сол арқылы ақын оз дәуіріндегі қазақ қоғамы дамуының күрделі мәселелері жайлы түйін жасайды. Заманына, заман адамына, қазақ қауымының сол тұстағы өкілдеріне деген ащы сөз «Жарлау», «Сымбатты сұлу», «Бұлар кім?» сияқты өлеңдерде анық бой көрсетеді. «Жарлауда» ақын қазақтың сол кездегі бас көтерер азаматтарына, ұл-қызына, ақсақалдарына жар сала отырып, олардың өнер-білімге енжарлығын, партия, дау-жанжалға құмарлығын бетіне басады. Қазақ қызының тағдырына аяушылық білдіріп, малқұмар, қызқұмар шалдарды айыптайды. «Бұлар кім?» өлеңінде қазақты бұрынғы ер түріктің азып-тозып күлкі болған жұрағаты деп қарайды да, «үсті-басын мұнар жапқан», қарнынан басқаны ойламайтын, малға арын сатқан, «өзі жатып құдайды жұмсайтын» жалқау, бірін-бірі жау көретін кертартпа мінездерді аяусыз әшкерелейді. Ал «Сымбатты сұлуға» - қазақ әйелі туралы сыпайы ұғымға кір келтірген әдепсіз, көргенсіз қыздардың мінез-құлқы туралы улы сатира. Ақын қазақ қауымының осы күйі, болашағы жайлы көп ойланады. Патшаның отаршылдық саясатына да, ел әкімдерінің екіжүзді қылығына да сене алмайды. Келешектің не боларын түсінбей дағдарады. Мұны ол бірде тұспалдап («Түсімде», «Кеше түнгі түс, бүгінгі іс») айтса, бірде дала табиғатының енжар күйімен астастыра суреттейді (Жазғы қайғы»), тағы бір өлеңдерінде көңіл, жүрек сезімі күйінде («Көңілді көндіретін тағдыр») бейнелейді. Жалпы Сұлтанмахмұт - табиғатты әсем жырлаған ақынның бірі. Бірақ оның бұл саладағы жырлары жалаң көріністен тұрмайды, сол кездің қоғамдық жағдайларын аңғартатын, табиғат құбылысы орын алған ортаның әсерін бейнелер ойлы суреттерге бай келеді. «Жапырақтарда» ол көп көк жапырақ ішіндегі жалғыз сарғайған жапырақ арқылы өзінің көңіл-күйін бейнелесе, «Кеш» арқылы түнгі табиғатты суреттеп, оны қараңғылықтан таба алмай қорқақтаған лирикалық кейіпкердің жеке сезімімен ұштастырады. «Көшуде» ел өміріндегі көктемгі өзгерістерді ауылдағы таптық жіктеушілікпен байланыстырады. Мұның бәрі де Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолында дәуірдің әлеуметтік жағдайларын суреттеуде бірінші орынға қойғандығын көрсетеді. Ол нені, қалай жырласа да әңгімені заман мен оның адамына, оған әсер етіп жатқан жағдайларға бұрады. Осыны ақынның махаббат тақырыбына жазған жырлары жайлы да айтуға болар еді. Асылы Сұлтанмахмұт махаббаты - өмірден қағажуды көп көрген, алдағы өмірден үміті аз, торыңқырап, ауру жеңген адамның махаббаты. Ол сүйеді, бірақ оның баянсыздығын түсінеді. Сүйгеніне аяушылықпен қарайды, өзіне-өзі тоқтам береді. Сезімді ақылға жеңдіреді.
Бәрі де қолдың қысқасы -
Бір күнді мойынға алмауым.
Тағдырдың шебер ұстасы,
Көрдім мен жоқ қып қарғауын,-
деген жолдарда ақын еркін байлап тұрған тағдыр тұсауы елестейді. Сәл кейінірек жазылған «...ға», «М...ға», «Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын», «Ақ сәуле» сияқты лирикалық өлеңдерде де ақын жас адамның ынтықтық сезімін қыз көркі, қыз намысы жайлы байсалды ойға жеңдіреді. Заман туралы үлкен толганыс - Сұлтанмахмұттың осы тұста жазған алғашқы эпикалық туындысы «Қамар сұлудың» да негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыда оны әлеуметтік роман есебіңде қарауға әбден болады. Автор роман сюжетін қазақ әйелінің теңсіздіктегі күйін көрсетуге құрғанмен, сол оқиғаға байланысты бүкіл қазақ қоғамының тіршілігін, ұғым-нанымын терең бейнелейді, ескі ауылды құрт аурудай жайлап есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан әдет-ғұрыптың кертартпа жақтарын әшкерелейді. Сол негізде феодалдық-патриархалдық қоғамның күйреуін көрсетеді. Сұлтанмахмұттың суреттеуінде, Қамар - өз заманының озық қызы, сұлу, ақылды, ақын, аздап болса да оқығаны бар. Соны сүймеген адамына байлап беріп, оның Жан ауруын түсінбей, бақсы-балгерге емдетіп, төбесін тестіріп, қолдан өлтірген - сол дәуірдің қоғамдық тәртібі. Ақын оларға лағынет айтады, кектеніп ызаланады. Тәртіп те, оны жақтаушы адамдар да өзгеруі керек, «Жалғыз-ақ жаны ашитын жастар» (Қамардың өлердегі сөзінен) қалуға тиіс. Болашақ қоғам иесі солар, Сұлтанмахмұт ызасын тудыратын ескі тәртіптің жасауылдары - ел басшылары, үстем тап өкілдері, дін адамдары, соларға қоса надан халықты билеген ескі салт-сана, ұғым (Қамарды Нұрымның алуын «қызықтап» жүрген, «бишараның бақыты бар екен, Ахметке барса несін беріп қаратар еді» деп Нұрымның байлығына қошемет айтушы топтар). Ақынның олардың бәрімен кетісіп, іргесін ашысып тұрғаны танылады. Осыған жалғас жазылған «Кім жазықты» романы да Сұлтанмахмұттың өз дәуірі туралы толғанысын тереңдете ашуға арналады. Мұнда ол қазақ қоғамы жайлы ойларын ел тағдырын ұстап тұрған беделді, белді адамдардың бейнесі арқылы көрсетеді, олардың өмір жолы, тәрбиесі, ісі, мінез-құлқы жан-жақты суреттеледі. Жасынан тәрбиесіз өскен бай баласы Әжібайдың жеке өмірі де, қоғамдық-болыстық қызметі де халық көңілінен шыға алмайды. Ол зорлық-зомбылықты, қара күшті жақтап, өзі тектес әлділермен байланыс жасап, іргесі шайқалған шаруасын реттеуге, ауылға кіре бастаған жаңалықтарды өршітпеуге, тіпті қуып шығуға (Әнуар бейнесі) күш салады. Жазушы Әжібайды жеке адам ғана емес, қазақ қоғамын салмағымен басып қорғап, жаңаруына бөгет болып отырған ауыртпалықтың жиынтық бейгесіне (әжібайшылдыққа) көтереді. Әжібайшылдықты тудырып отырған да - қазақтың ескі тәртібі, ортасы, тәрбиесі. Ол есейіп алып, сол тәртіпті қорғаушыға айналады. Оның айналасы - рулық дау-жанжал, таптық тартыс, жылаған әйелдер, жаңалықты қабылдамайтын меңіреу, мылқау топ. Жазушы әжібайшылдықтың әлеуметтік тегін іздейді, осыларға «Кім жазықты» деген сұрау қояды. Бұл романдар - дәуірдің тарихи тақырыбын тап баса білген жаңашыл шығармалар. Әрине, ақын тарихшы емес. Ол тарихи уақиғаны түгендемейді. Мәселе - заманның рухын, дәуір сырын аңғартар моменттерді дәл басып, оған тән белгілерді айқындауда. Бұл жағынан Сұлтанмахмұт романдары - XX ғасырдың басындағы қазақ аулы өмірін, ескішілдік жайлап тозып, іріп бара жатқан салт-сананың көріністерін энциклопедиялық суреттеген іргелі туындылар, ол көпті қинаған шындықты ашынып, батыл, ашық айтып, онымен күреске шықты. Бұл - Сұлтанмахмұт реализмінің ең бір биікке көтерілген тұсы. Мұның бәрі Сұлтанмахмұттың жаңа жол - «шындықтың аулын іздеуге» ұмтылуының заңдылығын көрсетеді. Сұлтанмахмұт өмірі мен шығармашылығының көп аталмай жүрген кезеңі - 1917-1918 жылдар. Бұл кезде ол уақытының көбін Семейде өткізеді. 1917 жылғы февраль революциясынан кейін-ақ осында келіп, патшаның тақтан түсуін қуана қарсы алады. Семейде ұйымдасқан Қазақ Комитетінде қызмет істейді. «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына өлең, мақалаларын бастырады. Оның Алашордашыларға тілектестік білдіріп, шығармалар жазуы да осы тұс. Сұлтанмахмұттың Алашордаға тілектестігін, олардың жолын қуаттап еңбектер жазуын кездейсоқ дүние деп қарауға болмайды. Оны ақынның сол кездің маңызды саяси-қоғамдық мәселелеріне, ел өміріндегі жаңалықтарға сергектікпен үн қосуы ретінде қарау орынды. Ақынға ең алдымен, қазақ оқығандарының патшаның құлауын пайдаланып, қазақтың автономиясын құру жөніндегі идеясы ұнайды. Отаршылдықтан езілген елдің дербес отау тігуі ол заманда бүкіл қазақтың арман-тілегі болатын. Ойы бар, намысы бар ұлт өкілінің оны қолдамауының өзі мүмкін емес-ті. Сондықтан да Сұлтанмахмұт 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алып, желтоқсанда өткен Алашорда съезіне қатысқандардың ішінде болады. Оның «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласы болашақ Алашорда көсемін халықтың қалай қарсы алғанын көрсету арқылы олар көтерген автономия идеясына қазақ қауымының көзқарасын танытады. Ол мейрамға жиналған халық нөпірін суреттеп, «лек-легімен, топ-тобымен ағылған жұрт - елге еңбегін сіңірген ерін Сарыарқа. 1917. 30-қазан, 13-қараша. тосып жиналған қазақтар еді» деп жазады. Одан әрі Әлихан Бөкейхановтың өз басы мен еңбегіне тоқтап, «Ол ері- елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кері кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамбетұлы Бөкейханов еді» - деп суреттейді. Осы сөздердің өзі-ақ Сұлтанмахмұттың Әлихан бастаған іске тілектестігін анық танытады. Сондықтан да ол Алашорда үкіметі құрылған күндері-ақ «Алаш ұранын» жазып, онда патшашылдықтың құлауына, елдің дербес автономия алуына қуана үн қосты.
Алаш туы астында
Біз - алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді,
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Өлең әрі қарай Алаш ісіне адалдықты, оны қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін күреске шақырады. Бұдан кейін Сұлтанмахмұт «Таныстыруды» жазған. Бұл көлемді шығарма Алашорда үкіметінің белгілі қайраткерлерімен таныстыру мақсатын көздейді. Ол қара қазақ пен оқыған адамның диалогына құрылған. Қара қазақ аумалы-төкпелі осы заманда кімге сүйеніп, кімге сенуге болады деп сұрайды да, оқыған оған жауап береді. Алдыңғы кезекте ол Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты таныстырып, олардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы жалынды еңбегін зор бағалайды. Әлиханды ақын жоғарыда жазған мақаласында келтірілген өлең жолдарымен мақтайды. Оларға ерген жастар ішінен Әлихан Ермековті, Халел Ғаббасовты, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлын, қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлері Нәзипа, Нұрғали Құлжановтарды таңдап алып, олардың еңбегіне сипаттама береді. Ақын ойлары жалаң баяндалмай, образ ашар бейнелі сөздер мен суретке құрылған («Менімше, Ермеков деген бала, ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға», немесе Ғаббас туралы айтқан: «Ызаны ұмыта алмас өшін алмай, ондайға іші зәрлі, сырты балдай. Өзі айтпаса, түсінен ұқтырмайды, екенін жүректегі ойы қандай» деген сияқты). Сол кезде Семейде болған іс басындағы адамдардың бәрін таныстыру міндетін алғанмен, ақын оның бәрін жаппай мадақтай бермейді. Көбіне сын көзімен қарайды, оларды еңбегіне қарай бағалайды. Ақынның осындай жолмен таныстыратын кейіпкерлерінің ішінде Мұқыш Поштайұлы, Жақып Ақтайұлы, Райымжан Марсеков, Сатылған Сабатаев сияқты азаматтар бар. Олардың сипаттамасы да ақындық оймен, суреткерлікпен берілген. Атап айтуға тұрарлық бір нәрсе - Сұлтанмахмұттың ақындық талант туралы айта отырып Абайға берген мінездемесі, Абайды ол қазақ әдебиетінің оған дейінгі үлгісінің бәрінен жоғары қояды, білімсіз талант көп адастырған ақындар тобынан Абайды бөліп алады: Абайды дейік биік бұлтқа жетті.
Аз ілімі жетуіне жәрдем етті.
Алты алашқа атағы айқындалып,
Сүйікті, тағзым мінді, суретті.
Толстой онан биік күнге жетті
Күн астындағы елдерге даңқы кетті.
Алса егер Толстойдың тәрбиесін
Абай да көрсетер ед сондай кепті,-
деп жазады Сұлтанмахмұт. Өз заманының ойшыл ақындары ішінен Сұлтанмахмұт Шәкәрімге бөлекше қарайды, оның ойшылдығы жалғыз қазақ емес, бүкіл адамзатқа ортақ деген пікір айтады:
Бұл қазақтың мақсұты - биік, алыс.
Таппаса да сөзіне құлақ салыс.
Қазақ деп жекелеме, адамзат де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
...Демеңіз тымақ киген жай бір қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар оны өлшейтін өлшеуің жок,
Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап.
«Таныстырудың» идеялық мазмұны осы айтылғандардан-ақ байқалады, ақын жеке адамдарды бағалағанда, олардың адамдық, қоғамдық еңбектерін халыққа, еліне сіңірген қызметімен өлшейді, ел басшылығына дәмелі адамдарға салмақ артады, сын айтады. Мұның өз кезінде, заман халық ішінен шыққан қайраткерлерді іріктеп жатқан тұста, айрықша маңызы болды. Сұлтанмахмұт елді ойлы, білімді басшылардың маңына бірігуге үндеді. Өкінішке орай, бұл шығармаларды Сұлтанмахмұттың сол тұста жазған тағы басқа бір қатар еңбектеріне (мысалы, «Айтыс») қоса ескілікпен, ұлтшылдықпен байланыс-тырып, көп уақыт ауызға алмай келдік. Оларды дәуірдің кезеңді оқиғаларынан, уақыт пен кеңістіктен тыс қарадық, халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарына, ой-пікірдегі, қоғамдық жүйедегі революциялық өзгерістерге қарсы қойдық. Көп мәселелерді талдауда тұрпайы социологиялық принципке бой алдырдық. Соның нәтижесінде тұтас ақынды, тұтас көзқарасты бөлшектеп, жіктеп, оның эволюциялық өсу жолына дұрыс баға беруден аулақтап қалғанымыз да жасырын емес. Бүгінге дейінгі Сұлтанмахмұттанудың үлкен бір қатесі осымен байланысты. Ал шын мағынасында, Сұлтанмахмұт - ұлы ақындардың бірі. Қайшылығы, қателері болған шығар, бірақ ол оның ұлылығын кішірейтпейді. Заманы ауыр, жүрген жолы қиын болды. Ол заманда кімге жеңіл болды дейсіз? Оның пікірлес, тілектес ағалары - бәрі де кейін келмеске кетті. Көп уақыт ақынның замандастарының өзі - М. Сералин, Ә. Тәңірбергенов, С. Дөнентаев шығармашылығы жөнінде де қайшылықты пікірлер үстем болып келді. Таланты жағынан әр қилы болғанмен, осылардың бәрінің негізгі ізденіс бағыты бір еді, демократтық идея үшін, елдің азаттығы, тәуелсіздігі үшін, отаршылдыққа қарсы күрес - XX ғасыр басындағы ақындар шығармаларына ортақ тақырып болды. Осы адал пікірі үшін, халқын сүйгені үшін «ұлтшыл» атанды. Осылардың ішінде қоғамдық, әлеуметтік шындықты батыл, анық айтып, реалистік тұрғыда суреттеуде Сұлтанмахмұт мойны озық тұрады. Оның шыншыл шығармаларында трагедиялық сарын басым келеді. Ол жан-жақты қыспақтағы, тарих көшінен кеш қалған қараңғы халқының трагедиясын көре білді. Ақын өзі халық өкілі болып жоқшылықтан, надандықтан шығудың, өнерге ұмтылудың қиын жолын кешті, көп ізденді, өзі айтқандай, «шындықтың аулын іздеп», таба алмай адасты, бірақ оның ізденісінде тыным болған жоқ. Оның:
Іздедім, іздесем де таба алмадым,
Табам деп өзімді өзім неге алдадым?
Адамның адам аты ақталмайды,
Бейнет қып, бар білгенім - соны аңғардым.
немесе
Бұл күнде адасудан көз ашпадым,
Не нәрсені көздесем, тап баспадым,-
Дүниеден басқа рахат тілемеймін,
Кеш, арым, мен білместің адасқанын,-
деуі де сондықтан. Ары таза, пікірі ашық адамның заманы мен замандастарына айтқан сыры бұл. Сондықтан ақын өмірінің жеке детальдарын емес, оның негізгі даму, өсу тенденциясын ұғу керек. «Айтыс» та осы жүйедегі дұрыс түсінілмей, әр қилы пікірге ұшырап жүрген поэманың бірі. Бұл - ақынның соңғы, әрі аяқтай алмаған шығармасы. Мұнда ол дала ақыны мен қала ақынын айтыстырып, сол арқылы қала мен даланың әрқайсысының өзіне тән артықшылығын және қайшылықтарын талдайды. Дала ақынының сөзін басымырақ ұстап, Сұлтанмахмұт соның аузымен қазақтың жерін, табиғатын, елін, ел басшылары мен батырларын, ақын-жыршыларын, салт-дәстүрін мақтан тұта жырлайды. Қазақтың тілі мен дүниетанымының биіктігін («байқасаң қазақтың өзінде бар, дүниенің генийлігі, пайғамбары) суреттейді. Даланы ол қалаға қарсы қойып, оның у-шуын, адамдарының дала адамдарындай кеңпейіл еместігін, жіктелушіліктің молдығын, әділетсіздікті ашып көрсетеді. Сірә, қаладағы өмірін оқу іздеп, үнемі жолы сәтті болмай, көп қиыншылықпен өткізген Сұлтанмахмұттың қала туралы әсері жақсы болмаған болуы керек, ол көбіне даланы баса айтып, тіпті оның көрер көзге оғаш кертартпа әдет-салттарын, емші бақсы-балгерлеріне, «қайырымды байларына» шейін асыра мақтап жіберетіні көзге шалынбай қалмайды. Сонымен бірге қала ақынының аузымен ауылдағы алауыздық, барымтаның, партияның күштілігі, ғылым-өнер жоқтығы сыналады. Жер мен бай - күштінікі екені ашылады. Қала өнерін, білімін, келешегін мақтан тұтады. «Айтысты» мансұқтаушылар кезінде оның «феодалдық ескілікті мадақтауын» тілге тиек етті. Алайда бүгін көне дәстүрлерімізді жаңғыртып, еліміз бен жеріміздің байлығына өзіміз ие бола бастаған тұста, елдік пен оны қорғау дәстүрлерін қайта қарап жатқан кезімізде, «Айтысты» қайта оқу, оны бүгінгі керегімізге жарату әбден орынды болмақ.
Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әніменен,-
деген жолдар бүгін қалай актуальды естіледі. «Айтыс» - қазақтың ұлттық психологиясынан туған, соны жырлайтын шығарма. Нағыз поэзия қашанда әуелі халқына, ұлтына, сол арқылы адамзатқа қызмет етпек. Өйткені ол адамды сүюге, болашаққа сенуге үйретеді, «Айтыстан» алатын тағлым да осындай. Мұнда да адал, шыншыл, ізденімпаз, драмалық шиеленіске толы, қуаныш-қайғысы аралас ақын тағдыры суреттелген. Семей кезеңінде Сұлтанмахмұттың соңғы жазған еңбегі - «Социализм» атты мақаласы. Мұнда ақын қазақ халқының мәдениетті ел қатарына қосылуы, оқу-білімді, техниканы меңгеру мәселелерін сөз етеді. Оқу-білімді меңгеру, ақын ойынша, күн көрісті жеңілдету үшін керек. Ол - «дене азығы», «ар азығы» болып екіге бөлінеді. Дене азығы - техника, ар азығы - әділдік. Ар азығы болмаса, дене азығы тұрмысты ауырлатпаса, жеңілдетпейді. Ар азығы жетпеген соң Европа техниканы соғысқа, отаршылдықты күшейтуге, «бірінің қанын бірі ұрттауға» жұмсап жатыр. Осыны әңгімелей отырып, Сұлтанмахмұт жалпы құлдықтан азат, әділетті қоғамды аңсайтынын байқатады. 1918 жылдың жазында Сұлтанмахмұт өз еліне - Баянауылға аттанды. Онда уақытын емделуге, жаңа шығармалар жазуға, саяси-әдебиеттік кітаптар оқуға арнады. Замандастарының айтуынша, ол бұл кезде Маркстің, Энгельстің, Чернышевскийдің, Плехановтың, Лениннің еңбектерін, орыс әдебиеті классиктерін оқыған. Соның нәтижесінде таптық күреске негізделген қоғам тарихы жөнінде көптеген мәліметтер алады. Өзі жасынан көріп өскен қоғамдық әділетсіздіктің негізі - осында екенін ұғады. Бұл тұста жазған ақын шығармалары «Адасқан өмір», «Кедей», «Осы да әділдік пе?» тағы басқалары бұған дейінгі қоғамдық құрылыстардың әділетсіздігін көркем бейнелеп, жаңа әділетті қоғамды алдан күту, іздеу, аңсау идеяларына құрылады. Оның үстіне 1918 жылдан бастап Қазақстанның біраз бөлігінде, оның ішінде Семей облысында, ақынның туған жері - Павлодарда Кеңес өкіметі құлап, Колчак үстемдік құрған еді. Осы жағдайда көріне түсіп жоқ болған әділетті қоғам туралы қиялдау ақынның жаңа шығармаларында ойын тұспалдап айту түрінде көрінеді. «Дауылдағы әбігер», «Өң бе, түс пе?», «Ғайса кім?» сияқты өлеңдерді оқыған адамның оны байқамауы мүмкін емес. «Адасқан өмір» поэмасы жалпы қоғамдық әділетсіздіктің туу себептері мен теңдік жолын іздеу туралы лирикалық толғаныс түрінде жазылған. Ақын қазақ аулы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамдық құрылысқа тән қайшылықтарды суреттейді. Жеке адамның өмір кезеңдерін суреттеу арқылы ол қанауға негізделген қоғам жағдайындағы адам тағдыры туралы ой түйеді. Өмірге таза, адал ұғыммен келген сәбидің еркін алып, талқыға түсірген өмірдің әділетсіздігін ақын адамды адамның қанауының жағдайларынан көреді. Ондай қоғамда биік мансап иесі болу да, әскер басы, ғалым болу да оны бақытқа жеткізбейді. «Дене азығы» «ар азығына» жол бермейді. Сондықтан поэманын лирикалық кейіпкері «әділдіктен басқа жолдың бәрін қарғап, әділет жолы - адамзатқа теңдік әкелетін социализм деп ұғады». Сол қоғамның өз түсінігіне сәйкес сипаттамасын береді. «Кедей» поэмасы - осы үлгідегі қазақ кедейінің сыры мен мұңы. Онда да лирикалық кейіпкер өзі басынан кешкен өмір өткелдерін әңгімелеп, өз заманынан бақыт таба алмай қиналады. Ауыл кедейінің тағдырын шешетін қоғамдық әділетсіздіктің көріністерін ақын жан-жақты ашып суреттейді. Шығарма соңында өз ортасымен сыйыса алмай, одан бөлініп шығып тұрған кейіпкерді танимыз, бірақ ол барар жолын білмейді, тек «мақсатым - оқу, оқу көңіліме алған» дейді. Ал оқу қайда апарады, ол да түсініксіз. Дегенмен заман, дәуір өзгерістері кейіпкер көңіліне демеу, ол соған қосылуға ұмтылады. «Жүрегімді белгісіз нәрсе қысып, шақырып тұр, мінеки кеттім сонда» дейді. Бұл поэмада да Сұлтанмахмұттың өз заманымен сыйыса алмай, алдан жаңа өмір күткенінің белгісі. Жаңа өмірді, өзі әділдік деп аңсаған социализм дәуірі туғанын Сұлтанмахмұт шығармаларына азық ете алмады. Бірақ ол елінің Колчак тәртібінен босап, Кеңес өкіметін жақтап шыққанын көрді. Ауруына қарамай, Павлодарға барып Қызыл Армияны құттықтады. Уездік революциялық комитетгің төрағасы Г. Жигаревқа жолығып, Шідерті болысына революциялық комитеттің бастығы болып барды. Онда екі-үш айдай жүмыс істеп, ауылдағы қоғамдық әділетсіздікті реттеуге, қазақ кедейінің хұқын қорғауға қатысты. Алайда ұзаққа созылған ауруы мендеп жатып қалады да, 1920 жылдың 21 мамырында қайтыс болады. «Тым болмаса, екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай барамын»,- деп ақынның өкініш білдіруі де осыдан. Сұлтанмахмұттан қалған мұра біздің ұлттық әдебиетіміздің жаңа кезеңінің - XX ғасырдың басындағы дәуірдің шындығын, қоғамдық ой-пікірдің дамуын түсінуіміз үшін аса маңызды. Ұлы ақындар пікірі қашан да ойды қозғайды, жанға азық береді, пікірге талғам дарытады. Бірақ оны түсіну де оңай бола бермейді. Сол сияқты біз де Сұлтанмахмұт өмір сүрген, ол жырлаған заман шындығын бірден түсіне алмай, көп адастық. Ақынның ортасын, оның неге сол ортамен өкпелескенін, алысқанын жете ұқпадық. Ендігі мәселе - осыларды саралап қарауда, түсінуде. Оған Сұлтанмахмұттың өз шығармалары, әсіресе, олардың осы күнге шейін жарияланбаған бөлігі көмекке келмек. Сұлтанмахмұттан қалған мұра әр салалы. Онда лапылдаған от сезімді лирика да, автордың сыншылдық тенденциясын айқын танытатын қуатты эпикалық туындылар да, өз заманының сыншылдық ой-пікіріне үн қосқан мақалалар мен очерктер де мол. Мұның бәрі қазақ әдебиеті ұлт тағдырын тілге тиек ете бастаған заманда әдебиет жанрларының туып жетіле бастағанының куәсі. Сұлтанмахмұт - әдебиетіміздің бұл саладағы ізденістеріне, сондай-ақ реализм жетілуіне үлкен үлес қосқан ақын. Оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген. Оның тенденциясы да сыншыл. Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Бұл үлкен істің басында Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлы жазушымыз тұр. Ол 1927 жылы 15-қарашада Мәшһүр-Жүсіпке жазған хатында «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін. Одан «басылады» деген хабар алып отырмын»,- деп жазыпты. Алайда кітаптың жарық көруін тағдыр Жүсіпбекке жазбады. Ол 1933 жылы ғана Жүсіпбек жазған алғы сөзбен, түсініктерсіз жарық көрді. Одан бергі дәуірде Сұлтанмахмұт шығармалары бірнеше рет басылды, оны зерттеу саласында Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, Д. Әбілев, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Т. Әбдрахманов, Қ. Шәменов сияқты әдебиетшілер едәуір еңбек етті. Соған қарамастан қазіргі ұлттық әдеби мұраға деген жаңа көзқарас қалыптаса бастаған тұста Сұлтанмахмұттың толық жинағын (бұрын басылмаған дүниелерін қамти отыра) бастыру, оны зерттеуге байланысты жаңа еңбектер жасау қажеттігі күн тәртібіне қойылып отыр. Осы кітапты бұл саладағы жаңа үлкен істің бастамасы деп қарау керек. 1926 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар!» деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: «ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін!» деп жазған екен.
Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. Ол көп жабының бірі емес, от болып жанып кеткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен тұлпар талант еді. Сондықтан Сұлтанмахмұт есімі қазақтың жыр-дариясын құрайтын үлкен, асау, арналы өзенінің бірі болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |