Алматы, 2020 Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894, Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысы – 10 ақпан 1938, Мәскеу) – мемлекет қайраткері.
Дулат тайпасының Шымыр руынан[1]. Оның әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 19 ғасырдың 80-жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі л Түлкібас ауданы) Верный уезіне қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан Саймасай Үшкемпіров деген болысты атып өлтіреді. Түрмеде жатып өш алушылардың жалғыз ұлы Тұрарға зияны тиер деп қауіптенген ол оны өзінің қасына алдыртады. «Түрме баласы» аталған Рысқұлов түрме үйлерін сыпырып, бастықтың атын айдап жүріп орыс тілін үйренеді. Әкесі 10 жылға сотталып Сахалинге жер аударылған соң Рысқұлов – «Қырғызбаев» деген жалған фамилиямен нағашыларының қолына келіп, Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқиды. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болған кезінде түрме бастығы Приходько жас Рысқұловты шоқындыруға әрекеттенсе, Меркідегі шәкірт кезінде де осындай әрекет оның алдынан тағы да шығады. 1910 жылы Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне қабылданып, оны 1914жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұл мектепті үздік бітірген оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірақ училище директоры «қазақ – көшпелі, оған жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ», – деп қабылдамай қояды. Тауы шағылған Рысқұлов 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да «бұратана» деген сылтаумен қабылдамайды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеді. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.
Пайдаланған әдебиеттер: https://kk.m.wikipedia.org/wiki/Тұрар_Рысқұлов