Мал шаруашылығы — ауыл шаруашылығының мал өнімдерін өндіру үшін мал өсірумен айналысатын саласы. Мал шаруашылығы халықты азық-түлікпен (сүт, май, ет, т.б.) жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен (жүн, тері, ет өнімдері қалдықтары, т.б.) ауыл шаруашылығы өндірісін күш-көлік (ат, өгіз, түйе, т.б.) және тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы өнімдері мен оның қалдықтарынан мал азықтары (майы алынған сүт, ет-сүйек және сүйек ұндары, т.б.), дәрі-дәрмектер мен биологиялық белсенді (активті) заттар (емдік сарысулар, гормонды қосылыстар, т.б.) алынады. Мал шаруашылығы салаларына сиыр, қой, ешкі, жылқы және түйе шаруашылықтары жатады.
Қазақ жері — мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақтардың бірі. Жабайы жануарларды қолға үйрету неолит дәуірінен басталды. Ең алғаш қолға үйретілген үй жануарлары — қой мен ешкі. Қойдың арғы тегі — арқар (муфлон), ал ешкінікі — таутеке. Қой мен ешкі мөлшермен б.з.д. 8—7-мыңжылдықтарда қолға үйретілген деп есептеледі. Осы кезге жататын Жерорта теңізі маңайындағы тұрақтарда қой мен ешкінің сүйегі табылған.
Сиыр тұқымының дәл қай жерден шыққаны әлі аныкталмаған. Дегенмен де қолға үйретілген сиырдың да ең көне заманғы сүйегі б.з.д. 7-мыңжылдыққа жатады, ол Оңтүстік Анадолы жерінде (Түркия) табылған. Б.з.д. 6—5-мыңжылдықта Месопотамия жерінде мал шаруашылығы болғандығы бүгінде дәлелденген.
Қазіргі уақытта барлық сиырдың 87,3%-ы жеке меншікте, 6,2%-ы шаруа қожалықтарында, 6,5%-ы мемлекеттік ауыл шаруашылығы мекемелерінде жинақталған. Бұл көрсеткіштер қой мен ешкі түліктері бойынша 80,2; 12,3 және 7,5%-ға, жылқы түлігі бойынша 83,8; 10,6 және 5,6%-ға, түйе түлігі бойынша 75,7; 11,3 және 13,0%-ға сәйкес келеді. Ауыл шаруашылығы мекемелерінің шаруа қожалықтарына (ӨК, АҚ, т.б.) бөлінуінің артықшылығы ретінде 2000 жылдан бастап жеке және шаруа қожалықтарында орынсыз мал шығынына жол берілмеуі нәтижесінде соңғы 3 — 4 жылда түлік түрлері бойынша мал санының орташа өсімі 3 — 10%-ға, ет, сүт өнімдерін өндіру 3 — 6,5%-ға тұрақты артып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |