1.5. СИЫРДЫҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ ЖЕТІЛУІ Жеке меншікте сиыр ұстайтындар жас малдың физиологиялық жетілуін жақсы білуге тиісті. Жас сиыр малының физиологиялық жетілуі оның тұқымына, тұқымқуалаушылық ерекшеліктеріне, азықтандыру, күту сапасына және өскен ортасына тән табиғи жағдайларға да байланысты.
Ет бағытындағы сиырлардың зат алмасу ерекшеліктеріне байланысты сүт бағытындағы сиырларға қарағанда олар қарқындап өсіп, тез жетіледі де жыныстық қалыптасуы ерте аяқталып, ерте күйлейді. Баспақ, тайыншалардың 7—10 айлығында күйі келеді, ал бұқашықтардың 6—7 айлығында жынысы қалыптасады. Сондықтан ұрғашы тайыншалар мен бұқашықтарды 5 ай толғасын жеке ұстаған жөн. Себебі жас малдың бұл уақытта жынысы қалыптасқанмен, олардың дене мүшелерінің өсуі мен жетіле түсуі әлі де жүріп жатады.
Тайыншаны бұқадаң ерте шығарған жағдайда жасына жетіп, денесі толыспаған мал өспей, кешеуілдеп, аз салмақты, тарамыс етті, өнімсіз сиыр болып өседі. Одан туған бұзау да өсіп-жетілуі жағынан қалыс қалып, кеш өскіш, өнімсіз, тар кеуде, ұзын сирақ мал болып шығады. Демек, тайынша мен бұқашықты жынысы қалыптасты екен деп ерте қосу олардың өнімділігінің нашар, ұрпақтарының сапасыз болуына әкеліп соқтырады.
Сонымен бірге тым кеш ұрықтандыру да пайдалы емес. Мұндай жағдайда сиырдың ұрықтануы қиындап, кейін бұзаулаған, соң сүті тапшы болады. Сондықтан да сүтті және етті-сүтті бағыттағы сиырлар үшін қашарларды ұрықтандырудың ең дәл жасы 17—20 ай, ал етті бағыттағы сиырлардың қашарларының алғаш ұрықтану жасы 16—18 ай. Қашарларды, бұқаға қосудағы ескеретін ең басты көрсеткіш — олардың сол кездегі тірілей салмағы сақа сиырлардың салмағының 65—70 процентіндей болғаны дұрыс. Міне, табынды жаңартуға арналған қашарларды әуел| бастан жақсы азықтандырып, оның сырт пішіні табын сиырларына ұқсап, салмағы жеткенде барып ұрықтандырады.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, салмағы уақтылы толыспаған, кеш қалыптасқан, 23—24 айлығында ғана алғаш ұрықтандырылған қашарлар арасында қысыр қалушылық үлесі 18—25 процент болса, уақтылы ұрықтандырылған қашарлар арасында қысыр қалушылық үлесі бар болғаны 4—8 процент ғана болады.