1914 жылы Түркістаннан Ресейге әкетілген өнімдер:
1) мақта өнімдері 201102382 сомға
2) мал өнімдері 26671394 сомға
3) бау-бақша өнімдері 10707201 сомға
Жалпы сомманы процентке шаққанда мақта өнімдері-77.7%, мал өнімдері-8.8%, бау-бақша өнімдері-3.6% болды.
Ірі импорттық тауарлар айналымы.
Тауар түрі қанша соммаға әкелінген жалпы соманың %
1) тоқыма тауарлары 100545927 37
2) тамақ өнімдері:
(қант,шай,темекі т.б.) 30843409 11.4
3) металдар 27514895 10.4
4) астық өнімдері 17250132 6.4
5) құрылыс ағаштары мен
ағаш өнімдері 16513274 6.1
6) химиялық тауарлар 13656124 5
Мақтаны сыртқа шығарудың бағыты ішке тауарлар әкелудің бағытын да анықтады. Импорттық сауданың орталығы Ташкент емес, Әндіжан және Қоқан болды.
Бұл жерде банктердің орналасуына назар аударған жөн. 1915 жылы Қоқанда биржа комитетінің дерегі бойынша 9 банктің бөлімі болса, Ташкентте 4 банктің ғана бөлімі болды.
Мануфактуралық сауданың орталығы да Ташкент емес, Қоқанда болды. Мысалы, орыстың 14 ірі мануфактуралық фирмаларының Қоқанда 4 фирмасы болса, Ташкентте бірде-бірі болмады. Кей бір мануфактуралық фирмалардың басты кеңсесі Қоқанда болса, Ташкентте тек бөлімі ғана жұмыс істеді.
Орта Азиядағы жеке сауданың орталығы Самарқанд қаласы, жеміс-жидек саудасының да орталығы Самарқанд болды. Ташкент тек қатардағы сауда орталықтарының бірі еді.
Мал өнімдерін өңдеуде Ташкенттің рөлі бөлек болды. Закаспий облысында жүн рыногы өз алдына өмір сүрді. Ташкентте негізінен Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтарының жуылмаған мал жүні, мал терісі, аң терісі өңделді. Осы салада көптеген неміс, орыс фирмалары қызмет етті. Әсіресе мал өнімін өңдеуде бүкіл Түркістанға маңызы бар Дор Шмидт фирмасы қызмет етті.
1914 жылғы жалпы тауар айналымы да Ташкент қаласының саудадағы орнын көрсетеді.
Ірі станциялардағы жалпы тауар айналымы.
Станция атауы келуі кетуі қорытынды
Ташкент 15.063.629 7.625.642 22. 716.271
Қоқан-Әндижан 22.759.442 10.665.550 33.424.992
Самарқанд 3.589.714 4.177.867 7.767.581
Бұл кестедегі мәлімет те Ташкент қаласының негізгі сауда орталығы емес екендігін дәлелдейді. Ташкентке жеткізілген тауарлардың бір тобының саудаға қатысты емес, әкімшілік қызметті атқаруға арналған интенданттық тауарлар екендігін де еске алған жөн.
Келесі кестеде Ташкент уезінен 1914 жылы әр түрлі тауарлардың қайда жіберілгенін және оның байланысының бағытын дәлірек көрсетеді.
Тауардың
аты
|
Балығы
(сом.көлемінде)
|
Ресейге
|
Қазақстанға
|
Сырдария
облысына
|
Самарқандқа
|
1. Жаңа піскен
жеміс-жидектер
2. Кепкен
жеміс-жидектер
3. Қант
4. Металдар
5. Ағаштар
|
7.500.148
65.843
48.456
229.706
302.946
|
613.318
42.127
6.704
387
|
88.799
8.033
474
14
|
59.641
19.741
35.931
99.306
129.905
|
4.254
129
3.876
36.845
45.408
|
Тауардың аты
|
Ферғана
облысына
|
Түркме-
нияға
|
Бұқараға
|
|
|
1. Жаңа піскен
жеміс-жидектер
2.Кепкен
жеміс-
жидектер
3. Қант
4.Металдар
5. Ағаштар
|
14.600
3.547
7.136
66.668
54.045
|
12.804
295
-
5.693
9.245
|
7.945
4
399
14.664
63.906
|
|
|
Келтірілген сандар бұған дейінгі пайымдауларды одан әрі растайды. Алып Ресейді қоспағанда, Ташкенттің сауда айналымында басты орынды негізінен қазақтар мекендеген Сырдария облысы алып отыр.
Бұл кестелерді Қазақстан жағы бекерге дерек ретінде келтіріп отырған жоқ. Оның үстіне бұл кестелердегі деректер Түркістан Республикасы Орталық статистика басқармасы, "1915 жылғы Түркістандағы ауыл шаруашылығына шолу" т.б. нақты ресми мәлімет көздерінен алынған. Бұлардың бәрі де Самарқанд, Қоқан және Әндіжанның Ташкентке қарағанда сауда айналымында басымдығын айқын көрсетеді. Тағы бір мысал Сырдария облысының 21747 сауда кәсіпорнының сауда айналымы 72339858 сомды құраса, Ферғана облысындағы 32359 сауда кәсіпорнының сауда айналымы 170791047 сомды құрады, Самарқанд облысындағы 12491 сауда кәсіпорнының сауда айналымы 51907562 сомды құрады. [27. 128-131]
Осы деректердің бәрін егжей-тегжейлі келтіре отырып Қазақстан үкімет орындары жоғарыда келтірілген тезистері мен жазба баяндамасында мынадай түйінді қорытындылар жасады:
а) қазақ халқының аумағын біріктіруге тез арада кірісу және бұл істе Түркістан қазақтарын Қазақ АКСР-на біріктіруді жүзеге асырып, оның орталығын сөзсіз Ташкент ету. Даулы аумақтардың қай мемлекетке тиесілі екендігін анықтаған кезде, революцияға дейінгі статистикалық деректерді басшылыққа алу;
б) жобаланып отырған Қазақ АКСР-ы мына аумақтардан тұрады: Қазіргі өмір сүріп отырған Қазақ АКСР-нан, Жетісу және Сырдария облыстарының қазір өмір сүріп отырған шекарасынан және Самарқанд облысының Жизақ уезінің 6 қазақ болыстарынан;
в) қазақтар мен оған туыстас қарақалпақтар тұратын Амудария облысының Қазақ АКСР-на кіруі мәселесі Бұқар және Хорезм республикаларының түпкілікті межеленуіне байланысты шешіледі. Самарқанд облысының Ходжент уезіндегі 89000 қазақ Өзбекстан аумағында қалады;
г) жоғарыда айтылған қағидалар негізінде құрылған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы халқының жалпы саны 9654200 адамды құрайтын, оның ішінде қазақтар 5570000 немесе республика халқының 54.3% құрайтын (революцияға дейінгі статистика мәліметтері бойынша) мелекеттік құрылым болады.
1920 жылы жүргізілген бүкіл ресейлік халық санағы бойынша, мұнда қазақтардың саны едәуір кемітілгендіктен, Қазақ АКСР-ның халқы 7.256.228 адам болды.
Олардың ішінде:
абсолюттік саны %-і
Қазақтар 3.656.983 50.4
сарт,өзбек, тәжіктер 404.002 5.6
орыстар 3.195.745 44
Ескерту: мұнда Адай және Торғай уездерінің халқы кірмей қалған.
Қазақ АКСР-нын территориясының жалпы көлемі 2.405580 кв.верстке тең болды;
д) біріккен Қазақстан Орта Азия республикаларымен табиғи-тарихи, ұлттық-тұрмыстық және экономикалық жағынан тығыз байланыста болғандықтан олармен Орта Азия Экономикалық Кеңесі және РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы арқылы экономикалық шараларын және өзара қатынастарын реттеп отыру міндетін алға қояды.
Қазақстан басшылары ұлттық-мемлекеттік межелеу барысында республика алдында тұрған міндеттерді барынша дұрыс түсініп, оны негіздеудің және дұрыс шешудің де жолдарын нақты көре білді деп санауға толық негіз бар.
Олардың терең негіздеп нақтылаған бірінші мәселесі Ташкент қаласының тіршілік-тынысы түркістандық қазақтар өмірімен біте қайнасып кеткендігі, Ташкенттің қазақтар басым тұратын Сырдария облысының орталығы ретінде бүкіл Қазақстанның сауда, экономикалық, мәдени және саяси орталығы болып келгендігін және бола беруі тиіс екендігін тарихи және статистикалық деректермен толық дәлелдеуі болды. Сондықтан да ұлттық-мемлекеттік межелеуге қатысқан Қазақстан өкілдері Ташкент қаласы болашақ біртұтас Қазақстанның ғана астанасы болуы тиіс деп дәлелдеді. Бұл ұсыныс басқа емес, Қазақ ОАК-тің төрағасы С.Меңдешев, РК(б)П Қазақ обкомының басшысы А.Корастелев, Қазақстанның Түркістан ОАК-тіндегі өкілі Т.Жүргеновтер даярлаған тезистер мен жазба баяндамада көрсетілді. Бұл тезистерді даярлауға Түркістан ОАК-ті төрағасының орынбасары, Түркістан компартиясы ОК-нің хатшысы, РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросының мүшесі, ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі Аумақтық комиссияның мүшесі С.Қожановтың қосқан үлесі де мол болды.
Қазақстан өкіметінің ұлттық-мемлекеттік межелеудегі екінші дәлелі және нақты бағыты қазақтар ежелден мекендеп келе жатқан Түркістан АКСР-ы қарамағындағы екі облыстың түгелімен (Сырдария облысының орталығы Ташкент қаласымен қоса) Қазақ АКСР-ы құрамына өту мәселесі болғанын жоғарыда айттық. Сондай-ақ мұнда қырғыздар мекендейтін Жетісу облысының оңтүстік бөлігі болашақ Қырғыз автономиялы облысына берілетіні де нақты атап көрсетілді. Самарқанд облысы Жизақ уезінің қазақтар мекендеген 6 болыстығының да Қазақстанға қосылуы анықталған мәселе болды.
Бұқар және Хорезм республикаларындағы ұлттық-аумақтық мәселенің қарақалпақ халқына және Амудария облысында тұрып жатқан қазақтарға қатысты бөлігінің ол республикалар тарапынан шешілмеуі Қазақстан басшылығының бұл мәселелерде өз бағытын әлі де ашық ұстай тұруға мәжбүр етті. Түбінде бұл мәселе Қазақстан жағының пайдасына шешілгенін кейінгі жұмыс нәтижелері көрсетті.
Өзбекстан аумағында қалатын қазақтардың тағдыры аталған тезистер мен жазба баяндамада әлі де нақтыланып, қандай бағыт ұсталынатыны тұжырымдалынбаған еді. Кейінірек ондағы қазақтардың саны 89000 емес, 200000 екендігі айқындалған кезде, бұл жөніндегі Қазақстан басшылығының бағыты нақты сипат алды. Оларға Өзбекстан құрамында автономиялы облыс беру талап етілді.
РК(б)П ОК-нің Қазақ обкомы дайындаған жоба мынадай: "РК(б)П ОК Саяси бюросы РК(б)П Қазақ обкомының Бұқар және Түркістан республикаларының Орталық комитеттерінің ұлттық межелеуді жүргізу жөнінде анық білдірілген еркін еске ала отырып, қазіргі ТАКСР-ның қазақтар мекендейтін аумағын Қазақ республикасына біріктірудің қажеттілігі туралы баяндамасын тыңдап, аталған республикалардың мемлекеттік-аумақтық шарттары жергілікті жерлердің талаптарына сәйкес келу мақсатында қаулы етеді:
І. Түркістан республикасы ұлттық белгілеріне қарай біріктіру арқылы межеленсін:
а) қазақ аумақтары құрамында Сырдария және Жетісу облыстары, орталығы Ташкент қаласы болып Қазақ АКСР-на біріктірілсін;
б) өзбек аумақтары құрамында Ферғана және Самарқанд облыстары, қазіргі Бұқар республикасымен қоса орталығы Самарқанд қаласы болып Өзбекстанға біріктірілсін;
в) Түркістанның жоғарыда айтылған облыстарының қара-қырғыз және тәжік аумақтары ерекше автономиялы облыстарға бөлінсін, олардың басқару формаларын (олардың белгілі республикалар немесе РКФСР құрамына кіруін) осы облыстар кеңестерінің бірінші съездеріне тапсырылсын;
г) Амудария облысы Хорезм республикасымен біріктірілсін;
д) Бұқар және Түркістан республикаларының түркімен аумақтары ерекше республикаға бөлінсін.
2. Көрсетілген межелеу, сондай-ақ жоғарыда айтылған ережеге сәйкес біріктірулер, республикалар мен облыстарды құру КСРО кеңестерінің келесі съезіне дейін аяқталсын.
3. Жаңадан жобаланған республикалар мен облыстар арасындағы өзара қарым-қатынастар және орталықпен байланыстар қайта құрылуға тиіс РК(б)П ОК Орта Азия бюросы арқылы жүргізілсін.
4. Орта Азия бюросының жаңа құрылған құрамына саяси бюроға межелеудің түпкілікті жобасын тез арада бекітуге ұсыну тапсырылсын.
5. Жоғарыда айтылған республикалар арасындағы шаруашылық мәселелерін келісіп шешіп отыру үшін Орта Азия Экономикалық Кеңесі құрылсын.
Бұл РК(б)П Қазақ обкомының 1924 жылғы маусымның басындағы бағыты еді. Бағыттың жобалары жоғарыда сөз болған тезистер мен жазба баяндамаға негізінен сәйкес келеді. Бірақ одан біршама уақыт бұрын даярланғандықтан кейбір өзгешеліктері, атап айтқанда, шешімін таба алмаған мәселелері де бар еді. Орынборда орналасқан Қазақ обкомына Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларында болып жатқан оқиғалардың мәні біршама кешігіп жетуіне байланысты осындай өзгешеліктер туындаса керек.
Қазобком жобасын жасаған авторларға қырғыз және тәжік халықтарының тағдыры туралы мәселе әлі толық таныс емес сияқты. Қазобком оларға үстірт қана тоқталғандай. Ал қарақалпақ мәселесі мүлде қойылмаған. Амудария облысын Хорезм республикасына қосу туралы ұсыныс қана бар. Бұл Хорезм республикасы ұлттық-мемлекеттік межелеуден шеттеп тұрған кезең еді.
Оның үстіне бұл құжатта негізінен Түркістан республикасындағы қазақ жерлерін Қазақ республикасының құрамына біріктіру мәселесі бірінші орынға қойылған болатын. Құжат ТАКСР ОАК төрағасының орынбасары С.Қожанов арқылы РК(б)П Орта бюросына беріліп, сол арқылы РК(б)П ОК-нің Саяси бюросына ұсынылған.
Қазақ республикасы үшін Орта Азияны ұлттық белгісіне қарай межелеуде "Қазақ республикасының Орта Азиядағы шекарасының жобасы" атты құжаттың маңызы үлкен.
Жоба РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы құрған аумақтық комиссия мүшелері: Қазақ ОАК-тің төрағасы С.Мендешевтің, Түркістан ОАК-нің төралқа мүшелері С.Қожановтың, А.Серғазиевтің және Ғ.Әлібеков пен С.Есқараевтың тікелей қатысуымен жасалса керек. Себебі жобаның соңындағы қосымшаға осы қайраткерлердің қолы қойылған. Жоба ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр.
"Қазақ республикасының Орта Азиядағы шекарасының жобасы" Қазақстанның шекарасын дәл және нақты анықтауымен ерекшеленеді.
Жобада: "қазақтар, олардың аумағы өздерінің шашыраңқы, көшпелі өмір сүруіне байланысты шығыс жақтан да батыс жақтан да отарлауға, әсіресе, патша үкіметінің күшті қанауына түскен, мәдени және экономикалық өмірі тұрғысынан тым артта қалған халық болып табылады"[27. 152-153], -деп көрсетілген.
Бұл жобада жоғарыда талқыланған тезистер мен баяндамалық жазбадағы Қазақстан жағы басшылыққа алған қағидалар мен принциптер негізінен тағы да қайталанғанымен олардың мазмұны байытылып, онан әрі тереңдетілген. Бұл қағидалар мен принциптер 7 тармақтан тұрады.
"А" тармағында бұрынғыдай қазақ жерлерін біріктіру негізіне қазақтар, оларға жақын қырғыздар мен қарақалпақтарды есепке алу принципін басшылыққа алу қажеттілігін көрсете келіп, "в" тармағында "құрамалардың" қазақтың бір бөлігі екендігіне, біршама өзбектермен ассимиляцияға түскендігіне назар аударылады.
Статистикалық деректерді есепке алғанда революцияға дейінгі, яғни 1898 және 1911 жылғы деректерді басшылыққа алу қажеттілігіне тағы да баса назар аударылды. Ол халық санақтарындағы сандық көрсеткіштерде ауытқушылықтар орын алғанын, 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі қазақтардың қырғынға ұшырағанын, 1918-1919 жылдары құрғақшылықта егін шықпай қалып, жаппай аштық жайлағанын, қазақтар санының күрт төмендеп кеткендігін, онан әрі халық санақтарында қазақтардың әдейі ата тегін өзбек етіп жазып, өзбектер санының жөнсіз өсіріліп көрсетілгендігін назарға алынуы керектігі принципті мәселе ретінде қойылды.
Әсіресе ескі Ташкент пен Шымкентте және т.б. қалаларда өзбектердің бір тобының қала тұрғындары ретінде қала халқы есебіне де, қалада тұрып жатып-ақ егіншілікпен айналысуына байланысты село халқының да есебіне кіріп кеткендігін ескеруді тағы да алға тартты.
Бұрын бөлінудің негізіне төменгі әкімшілік бірлігі ретінде болыстықты алу қажет деп саналса, енді даулы жағдайларда ауыл аумағын алуға болатындығы айтылды. Әр болыста орта есеппен 10-12 ауыл барын ескергенде бұлай ету дауларды шешуді жеңілдетер еді.
Осы айтылған принциптерге орай Орта Азиядағы Қазақ республикасының шекарасы мына түрде белгіленеді:
1. Каспий теңізі жағалауындағы Қазақ АКСР-ы мен Түркімен республикасы арасындағы шекара ретінде қазіргі Қазақ АКСР мен Түркістан АКСР-ы арасындағы шекара қалады. Даулы болатын шекаралық сызықтар мен құдықтар мәселесі кейіннен республикалар арасындағы келісім комиссиясы арқылы шешіледі;
2. Онан әрі Хорезм республикасының қазақ-қарақалпақ ауданы басталады, ол туралы мына жағдайды атап көрсеткен жөн; Хорезм республикасының Қоңырат-Ходжейлі ауданы мен Амудария облысын қазақтар мен оған туыстас қарақалпақтар мекендейтін бір аудан деп қарастыру қажет. Сондықтан да бұл екеуі де толығымен Қазақ АКСР-на қосылуға тиіс;
3. Осы жылдың сәуірінде Хорезм ОАХ-нің пленумы Хорезм республикасында үш автономиялы: Түркімен, Қазақ-қарақалпақ және Өзбек облыстарын құру туралы шешім қабылдады. Олардың шекарасын белгілейтін комиссия құрылды. Кейіннен комиссия жұмысын Хорезм ОАК-нің төралқасы бекітті. Қазақ-қарақалпақ облысының шекарасы былай белгіленді: оңтүстік шекара (Ханяб) магистралды арығы арқылы өтіп, көне Үргенішке дейін созылады. Батысында Үргенішке сәл жетпей солтүстік-батыс бағытқа қарай жүріп отырып Бөтентау қыратына дейін созылады. Солтүстік шекарасы Арал теңізі болып табылады. Бұл облыстың негізгі қалалары Ходжелі, Қоңырат. алқының негізі қарақалпақтар мен қазақтар. Бұл өлке Шымбай уезімен және Қазақ АКСР-ның Адай уезімен тығыз байланысты. Адайлар Қоңырат қаласына дейін көшіп-қонып жүреді. Хорезм жөнінде статистикалық мәліметтердің жоқтығынан қандайда бір сандарды келтіру қиын. Халқының құрамына қарап Қоңырат-Ходжелі ауданы Қазақ АКСР-на кіруі тиіс. Ол Адай, Шалқар және Ойыл уездерімен бірыңғай экономикалық ауданды құрайды.
2. Амудария облысы. Қоныс аудару басқармасының 1915 жылғы мәліметі бойынша мұнда мынадай шаруашылықтар бар: қарақалпақтар —15268 адам, яғни 45.5%, қазақтар — 8227 адам, яғни 24.6%, өзбектер — 7241 адам, яғни 21.6%, түркімендер -2134-6.4% құрайды. 1920 жылы Орталық статистика басқармасының мәліметі бойынша облыста қарақалпақтар — 62776 адам немесе 39%, қазақтар — 35568 немесе 22%, өзбектер — 48782 немесе 30% болған. Бұған негізінен қазақтар тұратын Тамды ауданының мәліметтері кірмей қалған. Осы үш ұлт облыста араласып тұрады. Өзбектер басым болатын бірде-бір болыс жоқ.
Қоныс аудару басқармасының (1915 жыл) мәліметі бойынша қазақтар-қарақалпақтар 70%, өзбектер 21.6% құраған. 1920 жылғы толық емес мәліметтер бойынша қазақ-қарақалпақтар — 61%, өзбектер — 30% болды.
Халықтың қым-қиғаш араласып кетуіне байланысты өзбектерді өз алдына бөлу мүмкін емес. Мұндағы өзбектердің тұрмысы да қазақтарға тым жақын.
Қазақ аумақтық қосалқы комиссиясы Амудария облысының және Шымбай, Ходжелі аудандарын жоғарыдағы негіздерге орай Қазақ республикасына қосуды талап етті. Осылайша Қазақ республикасы шекарасы Бөтентау қыратынан оңтүстік-шығыста көне Үргенішті жанап өтіп, Ханяб бас (магистралды) арығы арқылы Амударияға шығады, одан әрі Амударияны жағалап отырып Бұқара республикасына тіреледі.
3. Одан арғы шекара қазіргі Амудария облысы мен Бұқар республикасы шекарасы арқылы жүреді.
Қазақ аумақтық қосалқы комиссиясы Бұқар республикасындағы қазақтар үшін Өзбек республикасы құрамындағы Қазақ автономиялы облысын құру туралы талап қойды. Ол облысқа қазақтар тұратын Кермене және Нұрата уәлаяттары толығымен және Бұқар уәлаятының Аютерек туманы және Орта шөл ауданы кіруі тиіс. Облыс орталығы ретінде Кермене қаласы ұсынылды.
Осы өңірде Қазақ АКСР-ның мемлекеттік шекарасы Бұқар республикасы шекарасы арқылы Нұрата тауларының қыраттарымен Жизаққа 15 км қалғанда Жетімтауға бұрылады да, бұрынғы Үштөбе почта станциясы арқылы Ломакино деп аталатын темір жол станциясына жетеді. Одан темір жол арқылы Хилькова станциясына тіреледі. Одан әрі Голодностеп каналы арқылы жүріп отырып, Конногвардейск поселкісіне жетеді. Одан Сырдарияға келіп тіреледі де Ферғана облысының шекарасына ұштасады. Одан кейін шекара Шоугаз суайырымы арқылы жүреді.
Одан әрі Ташкент уезі басталады. Ташкент уезінің толығымен Қазақстанға қосылу қажеттігі жоғарыда егжей-тегжейлі айтылды. Осы жерде Ташкент уезінің халқы туралы да айта кеткен жөн. Ташкент уезінің 1911 және 1920 жылдардағы халқының саны туралы салыстырмалы деректер төмендегідей:
1911 жыл 1920 жыл
қазақтар 233583 - 61% 230316 - 56,7%
өзбектер 118974 - 31% 101845 - 25%
құрамалар 19236 - 5% 47433 - 16,5%
тәжіктер — 9765 — 2%
басқалар 10410 - 3% 17087 - 4,2%
қорытынды 326488 351131
Ташкент уезін екі шаруашылық ауданға бөлуге болады. Біріншісі — Шыршық-Келес ауданы, ол су пайдалануы жағынан біртұтас жүйені құрайды.
Екіншісі — Ангрен өзені бойындағы болыстар құрайды. Шыршық-Келес ауданындағы болыстардың ұлттық құрамы 1914 жылғы дерек бойынша мынадай болды:
Осы 15 болыстың әрқайсысы жөнінде 1920 жылғы санақ бойынша қайта анықталған деректерде қазақтардың жалпы саны кеміген. Керісінше өзбектердің саны шамалы өскен. 1920 жылғы санақ бойынша қазақтар 154602 немесе 68% болып 8%-ке төмендеді. Өзбектер 57864 адам болып, 0.4%-ке өсті.
Ташкент уезінің Ангрен ауданы аймағындағы 8 болыста 1911 жылғы мәліметтер бойынша қазақтар 1722 адам немесе 3% болса, өзбектер 37088 адам немесе 62% құрады. Бірақ мұнда құрамалар 19236 адамды немесе 32% құрады.
Ал 1920 жылғы мәліметтер бойынша осы аймақта қазақтар 4153 немесе 6%-ке өсті, өзбектер 15867 болып, 62%-тен 25%-ке төмендеді, ал құрамалар 46536 адам болып 32%-ен 69%-ке көтерілді.
Құраманы қазақтың құрамдас бөлігі деп есептеген Қазақстан жағы осылай Ташкент уезін толығымен Қазақстанға кіруі қажет деп санады.
Осылайша Қазақстан шекарасы Ташкент уезінің оңтүстік шекаралары арқылы өтуі тиіс болды. Одан шекара Шымкент және Әулиеата уездерінің шекарасы арқылы өтеді. Әулиеата уезі арқылы Қазақстан шекарасы Қырғыз автономиялы облысымен шектеседі. Майдантал асуы арқылы Көксу және Арабек суайырымдары арқылы жүреді. Одан әрі Аса, Пригородное және Горное аудандары арқылы Жайлықан, Үшқорған болыстықтарын басып өтіп, Талас өзенін бойлап Покровск поселкесіне қарай оңтүстікке бұрылады. Одан шығысқа бұрылып Алмалы өзенін бойлап Қандыжайлау өзеніне өтеді. Соңғы өзенді бойлап оңтүстік-шығысқа Александровск шыңына жетеді. Одан әрі Аспара өзенінің басынан Құмбел асуы арқылы солтүстікке бағыт алады. Бештамақ жолы арқылы Тоқташ өзеніне жетеді. Осы өзенді бойлап Қарабалта өзеніне жетеді. Осы өзеннің жоғарғы жағына қарай жүріп Степное селосына жетіп, оның солтүстігін орап, Шу өзені бойындағы Ескі Шу және Жаңа Шу болыстарына шығады. Осы жерден Шу өзенін жоғарылап оңтүстік- шығысына қарай Қыр жолы деп аталатын жолға жетеді. Осыдан Пішпек және Алматы уездерінің шекарасына өтеді. Одан әрі Қаракөл және Алматы уездерінің шекарасымен жүріп Ірісу өзенінің басына жетіп, одан кейін Қарасу өзенін жоғарылап, Тұрық өзеніне шығады. Тұрық өзенінің ағысымен Безимяный асуына жетеді. Одан әрі биіктікпен жүріп отырып Қақпақ асуы арқылы Теріскей Алатауға өтеді. Одан Жаркент және Қаракөл уездері арқылы Қытай шекарасына тіреледі.
Бұл шекара жобасы аз ғана өзгерістермен межелеу жөніндегі Орталық комиссияда бекітілді. Шекара бөлу оңайға түспеді. Оны анықтау барысында қым-қиғаш тартыстар мен даулар да болып жатты.
Осы тартыстың бірін анық көрсететін құжат Аумақтық комиссия мүшелерінің бір тобының Өзбекстан жағының әрекетіне наразылығы. Наразылық РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросына жазылған. Оның көшірмесі РК(б)П ОК-нің хатшысы, Аумақтық комиссияның төрағасы И.Зеленскийге берілген.
Аумақтық комиссияға наразылықты Түркімен, Қазақ республикасы және Қырғыз автономиялы облысының өкілдері жазған. Наразылық Аумақтық комиссияның Ташкент уезінің Шыназ болысының және Мырзашөл уезінің Голодностеп каналы маңындағы суармалы ауданының қай мемлекетке тиесілігі туралы қаулысының күшін жою мәселесіне арналған.
Наразылықта біріншіден, Орта Азия бюросының шешімімен құрылған аумақтық жағынан межеленетін әр бір халықтан үштен мүше ену керек болса, өзбектерден алты мүше кіріп кеткен. Қазақ республикасының екі қазақ өкілі Ташкент қаласында тұратын екі европалық адамдармен ауыстырылған, мұның өзі Ташкенттің тағдырының алдын ала шешіліп, оның Өзбекстанға өтіп кетуіне әсер еткенін жазды.
Қалыптасқан жағдайға байланысты деп көрсетілді құжатта Аумақтық комиссияда өзбектер көпшілік орынға ие болды.
Наразылыққа қол қоюшылар РК(б)П ОК Орта Азия Бюросы Аумақтық комиссияның жұмысына тоқтала келіп, аумақтық мәселеге байланысты қандайда бір жақты ұсынысты ұлттық межелеудің принципіне қарап қана емес, экономикалық мақсаттылыққа, межеленетін аудандардың шаруашылық байланыстарына да қарап, екі жақтың да дәлелдерін толық тыңдап, оларды таразылап барып шешуі керектігін айтты. Шыназ болысында қазақтардың басымдығы дәлелденіп комиссияның көпшілік даусымен ол Қазақ республикасына берілсін деп шешілген болатын.
Голодностеп каналын Қазақ АКСР-не беру мәселесінде де Аумақтық комиссия ұлттық және экономикалық мақсаттылық принципін басшылыққа алған болатын. Бұл ауданда 1920 жылғы мәлімет бойынша 32% қазақтар, 18% өзбектер тұратын. Бұл ауданның комиссияда алдын ала Қазақстанға тиесілі екендігі шешілгенімен, олар Аумақтық комиссиядағы өзбектердің наразылығына байланысты Өзбекстанға өтіп кетті.
Наразылықта Аумақтық комиссия тарапынан оның жұмыс принциптерінің өрескел бұзылып отырғандығы ғана емес, ұлттық межелеу принципінің де бұзылып отырғандығы көрсетілді.
Аумақтық комиссия тарапынан өзбектердің талаптары ғана қолдау тауып отыр. Осыған орай наразылық білдірушілер Орта Азия бюросынан Аумақтық комиссияның Ташкент уезінің Шыназ болысы мен Мырзашөл уезінің Голодностеп каналы бойындағы суармалы жерлерді Өзбекстанға беру туралы Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін шешімінің күшін жоюды сұрады. Бұл наразылық 1924 жылы 8 қыркүйекте Ташкентте жазылған. Оған С.Қожанов, Қ.Атабаев, Сахат-Мұратов, Құдайқұлов, И.Айтақов, Ж.Абдрахманов, Зулфибаев, С.Есқараев және Әлібеков қол қойды. Барлығы 9 адам. Олар үш халықтың (қазақ, түрікмен, қырғыз) Аумақтық комиссиядағы үш-үштен өкілдері болатын.
Бірақ осындай жоғары деңгейде жазылған наразылықтың өзі созылып барып қанағаттандырылмады. Қазақстанға тиесілі болған Шыназ болысы мен Голодностеп каналы ауданы Өзбекстан жағында қалып қойды.
Қазақтарды жаппай өзбек етіп жазу практикасы тоқтамаған соң, Аумақтық комиссияның қазақ ұлтынан тұратын мүшелері өздерінің ерекше пікірін де жазып берді. Бұл ерекше пікір РК(б)П ОК-нің Аумақтық комиссиясының хаттамасының "2 л "А" тармағына жазылды. Аумақтық комиссияның өзі қазақтардың ұлттық құрамы әдейі төмендетіліп жіберген болыстықтарды тексермей немесе әдейі Өзбекстанға қосу туралы шешімдер шығарып отырды. Осыған қарсы Аумақтық комиссия мүшелері М.Меңдешев, С.Қожанов, С.Есқараев, Ғ. Әлібеков, А.Серғазиевтер қол қойған ерекше пікірдің мазмұны мынандай болды:
"Принципті тұрғыдан қате, ал практикалық тұрғыдан жол беруге болмайтын, қазақтар деп тек көшпенділерді есептейтін, отырықшы және егінші қазақтарды өзбектерге санайтын және межелеу практикасында басшылыққа алынатын тенденция қалыптасты;
Құрамалар (сарттанған және отырықшыланған қазақтар) жөнінде, оларды сөзсіз Өзбек республикасына жібергенде осылай болды;
Шыршық уезінің таза қазақтар тұратын болыстықтарын Өзбекстанға қосып жібергенде де осылай болды.
Отырықшы қазақтар мекендейтін осы болыстарды (Қытайтөбе, Жалаутөбе, Ғайбаты, Оспаната және Майдантау) Өзбек республикасына қосып жіберуді дұрыс емес деп санаймыз.
Аумақтық комиссияның бір жақты шешімімен ұлттық-мемлекеттік межелеудің принципі түбірінен өзгереді, себебі осы актімен қазақтардың неғұрлым мәдениетті және экономикалық жағынан тұрақты бөлігі Ташкент уезіндегі басқа қазақтардан жөнсіз бөлініп қалған. Әлі ұлттық, тұрғыдан қалыптасу барысында тұрған, тұрақсыз шарушылық жағдайындағы қазақтардың өзінің аса маңызды отырықшы бөлігін жоғалтуы, олардың мықты мемлекет орталығын құруына және болашақ дамуына үлкен кедергі келтіру. Оның үстіне Шыршық ауданы көршілес қазақ аудандарымен туысқандық қатынастарымен де терең байланыста, олар бір-біріне шаруашылық байланыстары арқылы тәуелді. Қазіргі кезде комиссия шешімімен осы екі аудан қазақтары межелену кезінде негізсіз бөлініп қалды, олардың наразылығын осымен байланысты түсіндіруге болады. Өзбекстанмен шекаралас жатқан Шыршық ауданындағы қазақтардың көптігі олардың ұлттық жағынан Қазақстанмен байланыстылығын комиссия мүлде ескергісі келмеген.
Комиссия өз шешімін суландыру мәселесін алға тартып негіздемек болуы да көңілге қонбайды, себебі бұл аудан басқа аудандарға қарағанда Шыршықтың бас (магистралды) арықтары арқылы суландырылып келеді.
Егер бұл аудан бүкіл Ташкент уезіндегі бай әрі әл-ауқатты аудан болса, онда оның болашақ Қазақстан мемлекеті үшін маңызы да үлкен. Онда тұратын қазақтардың мүддесін аудан бұл байлығы Өзбекстанға керек еді деп жөнсіз аяққа таптауға болмас.
Бұл жерде негізгі әділетсіздік РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросының Аумақтық комиссиясы тарапынан және Орта Азия бюросының өзінен болып отырғандығын анық байқауға болады.
Аумақтық комиссия бұл жерлерді өзбектер басым деп дәлелдеуге тырысқан Өзбек қосалқы комиссиясының ықпалында кеткендіктен Өзбекстанға әдейі беріп жіберді. Қазақстан жағының да, оған қоса түркімен, қырғыз, қарақалпақ жағының біріккен наразылығы да ерекше пікірлері де менменсіген аумақтық комиссияға, дәлірегі РК(б)П ОК Орта Азия бюросына әсер ете қоймады. Керісінше қазақ жағының өкілдері ұлтшылдар, бұрмалаушылар, ұлттық-аумақтық межелеудің принциптерін түсінбеушілер, тіпті партияның ұлт саясатына қарсы шығушылар ретінде айыпталуға дейін барды.
Аумақтық коммиссияда жеңіліске ұшыраған комиссияның қазақ мүшелері күресті тоқтатқан жоқ. Қазақ жерінің тұтастығы үшін күрес РК(б)П Қазақ обкомы, Қазақ ОАК-ті, Қазақ Халком кеңесі арқылы да жүргізіле берді. Қазақстанның астанасы Орынбор қаласы Орта Азиядан тым шалғайда жатты. Мұның өзі Қазақстан жағының өте қауырт жүргізіліп жатқан ұлттық-мемлекеттік межелеу шараларының соңында қалып қоюына себеп болды. Оның үстіне Орта Азия бюросы, оның Аумақтық комиссиясы Орынбордағы Қазақ АКСР-ы үкімет орындарымен санаса бермеді. Олар Қазақстанға қатысты мәселеде көбіне Түркістан қазақтары өкілдерімен ғана санасып жұмыс істеді де олардың мүдделерін кей жағдайларда ескере бермеді. Оның көрінісі ұлттық-мемлекеттік және экономикалық межелеу барысында айқын байқалды.
РК(б)П Қазақ обкомы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ Халком кеңесі ұлттық-мемлекеттік межелеуге өте кеш ат салысты. Айта кететін және сөзсіз ескеруге тиіс мәселе Қазақ АКСР-ның және оның орталығының межеленіп жатқан Орта Азиядан тыс жатуы еді. Қазақ АКСР-ы межелеуге өзіне қосылуға тиіс Түркістан қазақтары арқылы араласты.
РК(б)П Қазақ обкомы төралқасының ұлттық-мемлекеттік межелеуге қатысты алғашқы мәжілістерінің бірі тек 1924 жылы 8 шілдеде өтті. [27. 139-140] Бұл өте баяу әрекет немесе Қазақ АКСР-ы билік органдарының межелеу шараларының соңында қалып қойғандығын анық көрсететін дәлелдердің бірі. Осы төралқа мәжілісінде РК(б)П Орта Азия бюросының межелеу жөніндегі Аумақтық комиссиясының құрамына ұсынылған кандидатуралар мүшелері өкілдердің тізімі бекітілді.
Аумақтық комиссия құрамына оның Қазақ қосалқы комиссиясы мүшелері ретінде мына адамдар бекітілді: С.Мендешев С. Қазақ ОАК-нің төрағасы, комиссия төрағасы, Ғ.Әлібеков - Қазақ АКСР-ы Егіншілік комиссары, комиссия мүшесі, Т.Жүргенов - ҚазАКСР-ның Түркістан ОАК-ті жанындағы өкілетті өкілі, комиссия мүшелігіне кандидат, сондай-ақ комиссияға Түркістандық қазақтар ұсынған С.Қожановтың, Н.Сырғабековтің және С.Есқараевтың кандидатуралары бекітілді. Сөйтіп Аумақтық комиссия құрамына оның Қазақ қосалқы комиссиясы мүшесі ретінде көрсетілген алты адам кірді. Сондай-ақ РК(б)П Қазақ обкомы төралқасының осы мәжілісі қаулысының 5-тармағына сәйкес Түркістан АКСР-нан бөлініп, Қазақ АКСР-ы құрамына өтетін аудаңдар басқару үшін Революциялық комитет құрылды. Революциялық комитет мына құрамда құрылды: С.Меңдешев Ғ. Әлібеков, С.Есқараев, Н.Сырғабеков, Т.Жүргенов. Осы қаулының "б" және "в" тармақтары былай жазылды:
б) Ревком төрағасы болып Меңдешев, төрағаның орынбасарлары болып Әлібеков және Есқараев жолдастар бекітілсін:
в) Ревком мүшелеріне кандидаттар болып Қожанов, Ізбасаров және Мыңбаев жолдастар бекітілсін;
г) Тағайындалған ревкомға Ревком туралы ережені дайындап, бекітуге ұсыну тапсырылсын.
Бұл қаулы Қазақстанның үкімет орындарының Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуге Қазақстан жағының іс жүзінде қатысуының басы болып табылады.
РК(б)П Қазақ обкомы төралқасының осы 1924 жылғы 8 шілдедегі мәжілісінде болашақ біріккен Қазақстанның орталығы туралы да қаулы қабылданды:
''6. Қазақстанның орталығы Орынбордан қазақтардың қалың ортасына көшірілсін, басқа қаланы осы мақсатқа лайықтап қайта құрғанша РК(б)П ОК-нен орталықты уақытша болса да Ташкент қаласын пәтер ретінде пайдалануға рұқсат сұралсын".
РК(б)П Қазақ обкомы төралқасы 1924 жылғы 26 шілдедегі шешімімен Қазақ ОАК-нің төрағасы, әрі Аумақтық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының төрағасы және ТАКСР-нан Қазақ АКСР-на кірген қазақ аудандарын басқаратын Ревкомның төрағасы С.Меңдешевті Ташкентке іссапарға жіберді. С.Мендешев Ташкентте болып үлкен жұмыстар жүргізді. РК(б)П ОК Орта Азия бюросының, оның Аумақтық комиссиясының жұмысына қатысты, Аумақтық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының жұмысына басшылық етті.
Тура бір айдан соң 1924 жылы 26 тамызда С. Мендешев РК(б)П Қазақ обкомы төралқасында Ташкентке барған іссапары қорытындылары бойынша баяндама жасады. Оның баяндамасында РК(б)П ОК Саяси бюросының қаулысына сәйкес РК(б)П ОК-нің хатшысы И.Зеленскийдің басшылығымен әр халықтың үш-үштен өкілінен тұратын жұмыс істейтін комиссия құрылғандығы айтылды. Сонымен қатар экономикалық межелеуді жүргізетін комиссия да құрылған.
Қазақ қосалқы комиссиясы мен басқа комиссиялар арасындағы алауыздық Ташкент уезіне қатысты. Уездің ұлттық құрамы 4 топқа бөлінген. 1-топқа Ангрен өзені бойындағы 8 болыс кіреді. Қазақ комиссиясы оларды Қазақ АКСР-на кіреді деп дәлелдесе, өзбек комиссиясы Өзбекстанға кіреді деп дәлелдеуде. Олар құраманы өзбек тектес деп санауда. 2-топқа қазақтар кіретін Шыршық өзенінің сол жағалауындағы 8 болыс кіреді. 3-топ ұлттық құрамы жағынан даулы болып келген 4 болыстық, 4-топ Ташкент уезінің батыс жағы болып келетін халқының көпшілігі сөзсіз қазақтар мекендейтін территория. Қосалқы комиссия міндетін атқаратын қазақ бюросы дайындаған жоба бойынша бүкіл Ташкент уезін Қазақстанға қосу ұсынылды. Өзара пікір алысулар негізінде комиссия Ташкент қаласын 30 верст радиусте Өзбекстанға қосу туралы шешім қабылдады.
Екінші даулы мәселе Мырзашөл уезіне байланысты. Комиссия қазақ делегациясының жобасын қабылдады. Уездің 3 болысынан өзге аумағы Қазақ АКСР-на қосылды.
С.Мендешев өз іссапары барысында Түркімен және Қазақ АКСР-ы арасындағы шекараның бұрынғысынша қалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ С.Мендешев 1924 жылдың 16 қыркүйегіне дейін ұлттық-мемлекеттік межелеу жөніндегі барлық дайындық жұмыстары бітуі керек, 1924 жылғы 20 қазанға дейін кеңестік бағыттағы ұйымдастыру, заңдастыру жұмыстары толық аяқталуға тиіс деп хабарлады. Қыркүйектің ортасында Орта Азия республикалары Орталық Атқару Комитеттерінің сессиялары өткізілуі тиіс. С.Мендешевтің айтып отырған мерзімдері РК(б)П Орта Азия бюросы бекіткен мерзімдер. Осы мерзімдерде дайындық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп іске асырылды.
РК(б)П Қазақ обкомы төралқасының 1924 жылғы 26 тамызда болған мәжілісінде Ташкентке байланысты арнайы шешім қабылданды. Қаулыда: "РК(б)П ОК-нің алдына Ташкент қаласын Өзбек республикасының орталығы етіп қалдыру жөніндегі шешімді қайта қарау туралы мәселе қойылсын", — деп көрсетілді.
Ұзамай Орынборға РК(б)П ОК-нің хатшысы, РК(б)П Орта Азия бюросының хатшысы, ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүзеге асырушылардың бірі И.Зеленский келді. Ол РК(б)П Қазақ обкомы төралқасының 1924 жылғы 12 қыркүйектегі мәжілісіне қатысып, Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы хабарлама жасады. Осы мәжілісте мынадай қаулы қабылданды: "Қазақ АКСР-ның орталығын тез арада Орынбордан Сырдария облысының Шымкент қаласына көшіру қажеттігі мойындалсын, РК(б)П Орталық Комитетінен обкомның орталықты Ташкент қаласына пәтер ретінде пайдалану туралы ұсынысының тезірек қанағаттандыруын немесе Шымкент қаласын Қазақ АКСР-ның орталығы етіп қайта жарақтандаруға қажетті қаржы бөлуді талап етіліп сұралсын" .
Осылайша Ташкенттің республикаға берілуінен үміт үзген Қазақстан басшылары енді уақытша астана ретінде Ташкентті пәтер ретінде пайдалану мәселесін тағы да қойды. Егер ол да болмаса, Шымкент қаласын астана ету мәселесін қойды.
Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу 1924 жылы 26 қыркүйекте РК(б)П Қазақ обкомының пленумында тағы да қаралды. Онда "Түркістандық қазақ аудандарын Қазақ АКСР-на біріктіру туралы" деген тақырыпта Қазақ ОАК төрағасы С.Меңдешев баяндама жасады. Баяндамадан соң жарыс сөз басталды.
С.Меңдешев баяндамасының қорытындысында ұлттық межелеу өткізілді. РК(б)П ОК-ті алдына қайталап Ташкент қаласын Қазақ АКСР-на қосу мәселесі қойылды. Бұл мәселе қанағаттандырылмаса, республиканың орталығы етіп Шымкент қаласын алу жобаланып отыр деп тұжырымдады.
1924 жылы 15-16 қыркүйекте Түркістан республикасы ОАК-нің төтенше сессиясында Түркістан АКСР-ның ұлттық жағынан межеленуі туралы қаулы қабылданды. Бұл Түркістан республикасының таратылғандығы туралы да қаулы еді. Осыдан кейін жаңа ұлттық республикаларды құру ісі қызу басталып кетті.
Қазақ обкомының 1924 жылғы 26 қыркүйектегі пленумына Түркістан қазақтарының өкілдері де қатысты. Түркістандық қазақтар атынан пленумда С. Қожанов сөйледі. Ол Қазобкомның ұлттық межелеу туралы бағытын және жалпы ұлт саясатын қатты сынға алды. РК(б)П облыстық комитеті өзінің 1924 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен Қазақстанның орталығын жергілікті халықтың қалың ортасына көшіру туралы шешім қабылдағанына тоқталды. 1924 жылғы 12 қыркүйекте осы шешімді тағы да принципті түрде қайта көтергенін, бірақ мәселе сол күйі қозғалыссыз қалғанын, ешқандай дайындық жұмысы жүргізілмегеніне түйлікті. Обком өте-мөте жайбасарлыққа салынып, өз шешімін іс жүзінде асыру жолында ешқандай практикалық қадам жасамағанына кіжініс білдірді. Осыны айта келіп ол қазақтар мен орыстардың әлеуметтік жағынан тең еместігіне де назар аударды. Қазақтар мен орыстардың малы бірдей болғанымен орыстардың иемденіп отырған жері қазақтарға қарағанда бес есе көп болып отыр, деп ашына сөйледі ол. [27. 143-144]
РК(б)П Қазақ обкомының бір топ мүшелері С.Қожанов сынына қарсы болды. Ең алдымен оған обком мүшесі Равдель тиісті. Ол С.Қожановты айыптай келе, С.Қожанов қазақтардың 46%, ал орыстардың 54% екенін біледі. Осындай ұлттық арасалмақ болғандықтан партияда орыстардың көп болуы да заңды. Себебі орыстар көбірек ұйымдасқан, көбірек революцияшыл. Осыны да С.Қожанов түсінгісі келмейді ме деп Равдель өзінің ұлы орыстық шовинистік пиғылын ашық білдіріп те алды.
С.Қожановқа пленумда тиісушілердің бірі обком хатшысы І.Құрамысов болды. Ол партияда қазақтардың үлес салмағы С.Қожанов айтқандай 5% емес, бұл архивтік мәліметтер. 1924 жылдың 1 шілдесінде партиядағы қазақтардың саны 13% деп жөндеген болды. І.Құрамысовтың ойынша партиядағы қазақтардың 13% болуы үлкен жетістік әрі осы санды .
С.Қожановтың қиқарлығына соққы бергендей дәлел ретінде келтірді. Шынында партияда қазақтардың 13% болуының өзі де барып тұрған сорақы көрініс екенін Құрамысов ойламады да. Одан әрі І.Құрамысов С.Қожановтың орталықты көшірудегі жайбасарлық туралы пікірі дұрыс емес, жолдас С.Қожанов межелеу ісінде тым асығуда, деп оны тағы да айыптап кетті. Пленумда С.Меңдешев өз баяндамасын одан әрі тереңдетіп осы кезге дейін қалыптасқан мәселені жеткізді.
Қазақ комиссиясының екі принципті басшылыққа алғанын айтты. Оның бірінші принципі Қазақ АКСР-на қазақтар және оған туыстас халықтар көпшілік болған аумақтар өтеді.
Екінші принцип мұндай аумақтарға болыстардан ауылдарға дейінгі әкімшілік бірліктер жатады.
Одан әрі С.Меңдешев шекараны анықтау мәселесінің жай-күйін баяндап берді.
Түркімен республикасымен шекара бұрынғы күйі қалды. Қырғыз автономиялы облысымен шекара толық шешімін тапты десе болады. Қырғыз автономиялы облысына Әулиеата уезінің біршама болыстары, Жетісу облысының екі уезі, Пішпек уезінің үлкен бөлігі өтті.
Талас бұрынғыдай Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уезіне байланысты болып тұр. Ташкент уезінде аралас халық тұрғанымен көпшілігі қазақтар. Өзбектер (Ташкент қаласын қоспағанда) тек 25%-ті құрайды. РК(б)П ОК-ті Ташкенттің айналасында түгелдей қазақтар тұратынына қарамай Өзбекстанға беру мәселесін шешіп қойған.
Қазақ комиссиясының жобасы бойынша бүкіл Ташкент уезі түгелдей Қазақ АКСР-на берілуі тиіс еді. Біздің талап РК(б)П ОК-нің шешіміне қайшы болғандықтан, деп жалғастырды сөзін С.Мендешев, Ташкент арал күйінде қалатын болды. Біз шегінуге мәжбүр болдық. Өзбек республикасына Ташкентке жол ашу үшін құрамалар тұратын Ангрен ауданын беруге және таза қазақтардан тұратын Ташкент маңындағы екі болысты беруге келісуге тура келді. Осылайша қазақтардың жерінің ортасында арал сияқты қалып қоюы мүмкін Ташкент қаласына Өзбек республикасы үшін жол ашылды.
Бірақ комиссия біздің жобаны қабылдамады, деп жалғастырды С.Меңдешев, құрамалар тұратын аудан Өзбек КСР-на берілді. Онан соң қазақтар абсолютті түрде басым тұратын Шыршық өзені бойындағы бес болыс та Өзбекстанға өтті. Ташкенттің маңындағы үш болысты ұлттық құрамына қарай межелеу ұсынылды. Тек Шыназ болысы ғана комиссия шешімімен Қазақстанға берілді. Александров және Қосқорған болыстары жөніндегі мәселе ашық күйінде РК(б)П ОК Саяси бюросы алдында шешу үшін қалдырылды. Онан әрі С.Меңдешев Мырзашөл уезінің тағдырына тоқталды. Бұл суармалы аудан. Ол ешқандай кедергісіз Қазақстанға өтуге тиіс еді. Қазақстан делегациясы уездің оңтүстігіндегі төрт болысты Өзбекстанға бергісі келді, қалғандарын Қазақстанда қалдыруды талап етті.
Амудария облысын межелеу Хорезм республикасын межелеумен байланысты болды. Комиссияға Амудария және Ходжейлі облыстарын қосып, олардың негізінде Қарақалпақ автономиялы облысын құру ұсынылды. Ташкент уезіндегі тек қазақтардан тұратын 5 болыстың Өзбек КСР-на қосылып кетуіне Қазақ комиссиясы келіспеді.
Бірақ Аумақтық комиссияның мұндай шешімін РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы өзгертіп жіберді. Өзгерткенде Қазақстан үшін зиянды, Өзбекстан үшін пайдалы жағына қарай өзгертті. Мырзашөл уезінің 1 болысынан өзгесі түгелдей Өзбекстанға берілді.
С.Меңдешевтің баяндамасында Қазақ АКСР-на өтетін аумақтың көлемі де келтірілді. Қазақстанға өтетін аумақ алғашқы қаулы бойынша 900000 кв верст болуы тиіс еді, кейінгі қаулы бойынша 600000 кв.верстті құрады. ҚазАКСР-на өтуге тиіс халық алғашқы қаулы бойынша 2.5 млн адам болуы тиіс болса, соңғысы бойынша 1.6 млн адам болды.
Қазақ комиссиясы Бұқар республикасында тұратын қазақтардың тағдырына байланысты мәселені РК(б)П Орталық Комитетінің, оның Орта Азия бюросының алдына қойды. Мұнда тарихи тұрғыдан мекендеп келе жатқан 300000 қазақтар тұрды. Ондағы қазақтар Өзбек республикасы құрамындағы Қазақ автономиялы облысын құруды сұрады. Қазақ комиссиясының өтініші бойынша РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы бұл мәселені зерттеу туралы арнайы тапсырма берді.
Достарыңызбен бөлісу: |