Рефераты қызылорда, 2013 ж



бет1/2
Дата04.11.2016
өлшемі435,19 Kb.
#120
түріРеферат
  1   2
ӘӨЖ 37.036:37.026:7.031.2(574.54) Қолжазба құқығында

Омаров Еркебұлан Тұрсынбекұлы

Сыр бойы ақын-жырауларының шығармалары негізінде студенттерге эстетикалық тәрбие беру


6М010300 – Педагогика және психология мамандығы бойынша білім магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация жұмысының

РЕФЕРАТЫ


Қызылорда, 2013 ж.

Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Психология» кафедрасында орындалған.

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының кандидаты,

профессор Табулова А.Б.

Ресми оппонент: педагогика ғылымдарының кандидаты,

профессор Серікбаев Ғ.

Магистрлік диссертация 2013 жылдың «____» маусымында сағат ___ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде (мекенжайы: 120014, Қызылорда қаласы, Төле би көшесі №36 А, №7 оқу ғимараты, Гуманитарлық-педагогикалық институты, № ___ дәрісхана) қорғалады.

Мемлекеттік аттестаттау

комиссиясының хатшысы:

Магистрлік диссертация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.



КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақ халқының бұрын-соңды тарихи әлеуметтік, әдеби-мәдени, ұрпақты тәрбиелеу кеңістігінде Сыр өңірінің алар орны ерекше. Қазақ хандығы тұсынан жеткен құндылықтарымызға Сыр бойын жайлаған этнобірлестіктердің қосқан үлесі қомақты. Сыр өзенінің жағалауы – қазақ тарихының маңызды және ажырамас бөлігі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Сыр – алаштың анасы». Тарихқа жүгінсек, бұл жерде қазақтың үш астанасы болған: Жент, Сығанақ, Қызылорда.

Сыр өңірі Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбілда мен Нартайдың, тамаша халық жазушылары Әбдіжәміл мен Қалтайдың, т.т. көптеген аруақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда күллі қазақ үшін қасиетті ортақ жер» [1] деген болатын.

Қазақ даласында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде ақындық-жыраулық өнер ерекше өріс жайып, әсіресе Сыр бойы өңірінде көптеген ақын-жыраулар өкілдерінің жыр сайысындағы ерекшеленген, халық ортасында дәріптелініп өрлеген кезеңі болды.

Қазақ халқында өнер арқылы білімдену мен тәрбие алу негіздерін жасаған даналар: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қ.Иассауи, Бұқар жырау, Ш.Құлекеұлы, А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Машһүр Жүсіп Көпеев, Ш.Құдайбердиев болды.

Шетел психолог-педагогтары Н.Крупская, А.Луначарский, П.Блонский, Д.Лихачев, С.Шацкий, Л.Выготский, С.Рубинштейн және т.б. еңбектерінде табиғат, қоршаған орта, өмірдегі сұлулықты түсініп қабылдау жастардың жан-жақты дамуының басты құралы екендігі қарастырылған.

Бүгінгі таңда педагог-ғалымдардың қазақ өнері мен эстетикалық тәрбие теориясы мен тәжірибесінің зерттеліп отырған кезеңдегі жай-күйі, өзіне тән ерекшеліктері А.Жүнісбаева, Е.Әлмұхаметов, Е.Асылханов, К.Ералин, З.Ахметова, К.Болатбаев, С.Ұзақбаева, С.Әбенбаев, т.б. ғалымдардың еңбектерінде арнайы зерттелген.

Жастарға эстетикалық тәрбие беру адамның эстетикалық көзқарас, сезім, таным, қабылдау, баға беру, белсенділік қасиеттерінің жиынтығын құрайды. Олай болса, эстетикалық тәрбие үрдісінде халқымыздың сөз өнері, ән-жыр өнері жас ұрпақтың ақыл-ойын, адамгершілігін, тәрбиелігін қалыптасты-ратын құралдар болып табылады.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі»- деп ұлы ғұлама әл-Фараби айтқандай, адам тәрбиесі – орасан маңызды да жауапты іс. Ел тәуелсіздігін алғалы рухани құндылықтарымыз қайта оралып, аса қадірлейтін қымбат дүниелерге айналғаны мәлім. Өткенімізге көз жіберіп, жаңаша ойлау тұрғысынан қарасақ, Сыр сүлейлерінің шығармаларындағы үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиеге қатысты мәселелердің бағасын беріп, тәрбие көзіне айналдыратын маңызды істің бірі болып отыр.

Тәрбие бастау бұлағын халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарынан алуы тиіс. Сондықтан Сыр сүлейлері шығармалары бүкіл тәрбие жүйесінің негізгі сипаттарына сай келеді. Балқы Базар, Жиенбай, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Тұрымбет Салқынбайұлы, Тасберген жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нұртуған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді жыр жампоздары артына тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған.

Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыруға, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген. Жастардың жан дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетілдіруді басты мақсат тұтқан Сырдың сырлы сарынымен жырлаған Сыр сүлейлерінің толғау-термелерінен үзінділер алып дәлелдеме жасап, тізе беруге болады.

«Білім туралы» Заңда білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға, кәсіби біліктілігін шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екендігі көрінеді [2]. Осыған орай, болашақтың тұтқасы – жастарға эстетикалық тәрбие берудің жолдарын зерттеу қажеттілігі туындайды.



Зерттеудің мақсаты: Сыр бойы ақын-жырауларының шығармалары негізінде студенттерге эстетикалық тәрбие беруді іске асырудың әдістемесін жасау.

Зерттеу нысаны: Сыр бойы ақын-жырауларының шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беру үдерісі.

Зерттеу пәні: Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие берудің мазмұны және әдістері.

Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер оқу-тәрбие процесінде Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары жүйелі түрде қолданылса, онда студенттердің эстетикалық тәрбие алуына жағдайлар жасалады.

Зерттеудің мақсаты мен ғылыми болжамына сәйкес мынадай міндеттер алға қойылды:



  • Сыр бойы ақын-жырауларының өмірбаяны мен шығармашылық қызметі туралы деректерді нақтылау;

  • Сыр бойы ақын-жырауларының негізгі үш мектебінің даму тарихын зерделеп, музыкалық-мақамдық ерекшеліктерін анықтау;

  • Сыр бойы ақын-жырауларының шығармалары негізінде студенттерге эстетикалық тәрбие беру жүйесін даярлап, ғылыми-педагогикалық тұрғыдан негіздеу;

  • Оқу-тәрбие үдерісінде пайдалануға болатын болашақ мұғалімдер үшін эстетикалық тәрбие беруге арналған элективті курс пен бағдарламасын дайындау және оның тиімді жолдарын тәжірибелік-педагогикалық жұмыс барысында сынақтан өткізу.

Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру туралы тұжырымда-масы», Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» халқына Жолдауы, зерттеу проблемасына қатысты философтардың, психологтардың, педагогтардың, әдіскерлердің еңбектері, білім беру мәселесіне арналған ресми құжаттар.

Зерттеу әдістері: зерттеу мәселесіне байланысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерді тақырып бойынша теориялық талдау жасау, диссертацияда баяндау, жинақтау, салыстырмалы талдау, жүйелеу, қорыту әдістері басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық маңыздылығы:

  • Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беру идеялары ғылыми жүйеге келтіріліп, педагогикалық тұрғыдан талдау жасалды;

  • ақын-жыраулар шығармаларының эстетикалық тәрбие беру идеяларына объективті сипаттама беріліп, мазмұны айқындалды;

  • Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие берудің қазақтың халық педагогикасымен сабақтастығы көрсетіліп, оларды жоғары оқу орындарында пайдалануға байланысты ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды;

  • Оқу-тәрбие үрдісінде студенттердің эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру бойынша «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беру» атты элективті курс бағдарламасы дайындалып, оны іске асырудың әдістемесі жасалды және тиімділігі дәлелденді.

Зерттеудің практикалық мәні: жоғары оқу орындарындағы «Жыраулық өнер» пәнінің оқытушылары үшін аталған пәнді жетілдіру мақсатында «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беру» атты элективті курстың типтік оқу бағдарламасы бойынша мазмұны дайындалып, оқу-тәрбие үдерісіне енгізілді.

Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептерде, педагог кадрлардың біліктілігін жетілдіру институттарында аталған пәнді оқытуда пайдалануға болады.



Қорғауға ұсынылған қағидалар:

  • Студенттердің эстетикалық тәрбиелілігін Сыр бойы ақын-жыраулары-ның шығармалары арқылы дамытудың ғылыми-педагогикалық негізі;

  • Қазақстан Республикасы білім беру саласында Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беруді іске асырудың үлгісі;

  • «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармалары негізінде эстетикалық тәрбие беру» курсының бағдарламасы және мазмұны.

Зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен тиімділігі: диссертациялық зерттеудің теориялық, ғылыми-әдістемелік міндеттеріне сай орындалуы, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігі, тәжірибелік әдістемелік жұмысының жоспарлылығы, алынған нәтижелердің нақтылығы мен тиімділігі дәлелденді.

Ұсынылған әдістемені жоғары оқу орнының «Жыраулық өнерді» оқытудың іс-тәжірибесіне енгізу қамтамасыз етілді.



Диссертация құрылымы: кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде жұмыс тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсат-міндеттері, ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы, зерттеу нысаны мен әдістері жүйелі түрде сөз етіледі. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар анықталып, зерттеу барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерге сипаттама берілді.

Бірінші тарау «Эстетика және эстетикалық тәрбиенің ғылыми-педагогикалық негіздері» деп аталады.

1.1. Эстетика ұғымы, категориялары және эстетикалық тәрбиенің мақсаты, компоненттері (философиялық, педагогикалық аспектілер) атты тараушада эстетиканың тарихынан бастап, оған анықтама беріліп, эстетиканың категориялары ғұлама ғалымдар, философтар мен педагогтардың ой-пікірлері негізінде жан-жақты жүйелі түрде қарастырылған.

Эстетика-адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым. Педагогикадан қазақша түсіндірме терминологиялық сөздікте «эстетика - өнердің және көркем шығарманың даму заңдарын, идеялық мазмұны мен көркемдік пішіндерін, әлеуметтік рөлін зерттейтін ілім, сондай-ақ, өнерге көзқарас жүйесі, адам мен әлемнің арасындағы құндылық қарым-қатынастың ерекше көрінуі»-деп түсіндіріледі.

Эстетика философиямен тығыз бірлікте дами отырып, шынайы дүние заттарының, құбылыстарының формасы мен мазмұны қатынасының диалектика заңдарына сәйкес даму, «табиғат-қоғам-адам» жүйесінде ғана толық біліну қағидаларын басшылыққа алады. Таным теориясы адам санасын дамытудың шарты ретінде жеке тұлғаның эстетикалық тәрбиесінің әдіснамалық негізі болып табылады. Нәтижесінде объективті дүниеге қатысты эстетикалық талғам, сана, көзқарас пен сенім және мұрат қалыптасады.

Сонымен философиялық ой-пікірлерге сүйене отырып, төмендегідей тұжырымға келдік: әсемдік, асқақтық ұғымдары адам өмірінің эстетикалық қажеттілігін сипаттайды; адами рухани байлықтар-мұрат, дін, этика, эстетика, өнер және мейірім, ақиқат, сұлулық, ғылым және адам ұғымдары бірлікте қарастырылады; өнер әлемі рухтың кереметтігін көрсетіп, аз уақыт болса да оны нақтылы болмыстан жоғарылатып, жан-дүниемізді ластан тазартады; өнерде ешқандай өзімшілдік сезім, пайдақорлық ойлар, мүдделер болмау керек, оның негізгі мақсаты адамды өзімшілдіктен шығатын зардаптан құтқарып, тыныштыққа бөлеу; білім мен өнерді меңгерген адамда іскерлік пен белсенділік, одан соң парасаттылық пайда болады, адам біртіндеп логикалық ойлауға машықтанады;

Қоғамдық сананың ерекше формасы болып табылатын өнер – эстетиканың арнайы зерттейтін саласы. Көркемдік таным ақиқатына жету тәсілі мен өнер бейнелерінің болмысқа сай келу жайы, яғни шығармашылықтың әдіс проблемасы да эстетикалық ғылымның зерттейтін мәселесі. Эстетиканың өнер тану ғылымдарынан айырмасы: ол өнердің барлық түріне байланысты мәселені шешеді. Ал эстетика ұғымының өзі ертеректе туған, оның бастауы ежелгі заманға кетеді. Өркениет өрісінде адам өзін қоршаған ортада сұлулық іздеп, сезінуге үйренеді. Бұл қабілет эстетикалық сезім деп атауын алды. Эстетикалық тәрбие тұлғада әсемдік сезімін дамытады. Адам әсемдікті сезінуден, өз өмірін сұлулық заңымен құруға ұмтылады. Эстетикалық тәрбие адамгершілік, ақыл-ой, еңбек және дене тәрбиесімен тығыз байланысты. табиғатқа, әдебиетке, театрға, музыкаға, поэзияға, көркем сурет және т.б. өнерге деген сүйіспеншілік адамның жан-жақты саналы дамуына әсер етеді. Адам бойында адамгершілік қасиетті қалыптастыруда эстетикалық тәрбиенің маңызы зор. Әсемдік рахаты әр адамды жақсылыққа, ұжымшылдыққа, адал еңбекке жетелейді. Эстетика категориясының ең негізгісі - әдемілік, әсемдік категориясы. Әсемдік – бұл өмірдің өзі, табиғат және адам қарым-қатынасы мен оның еңбегінің жемісі [3:104].

Эстетикалық ләззат – табиғат, қоғам өмірі және сұлулығын қабылдау нәтижесінде немесе іс-әрекет үстінде адамның рухани дүниесінің тебіреніп жан рахатына батуы. Эстетикалық ләззат алу үшін әрбір адам сұлулықты ажырата білуі шарт, соларды көруге, естуге құштар болып оны өз қолымен жасауға тырысуы қажет. Арнайы эстетикалық ләззат тудыратын құбылысқа өнер жатады. Әлемнің әсемдігін шынайы бейнелейтін өнер адамға ең жоғары эстетикалық ләззат әпереді, оның сезімталдығын, жанының нәзіктігін, ақыл-парасатын көркейте түседі, сөйтіп тәлім-тәрбие береді және дүниетануға ат салысады.

Эстетикалық мұрат (идеал) - эстетикалық кемелдіктің (өмірдегі, өнердегі) биік деңгейі және оған жету жолы туралы нақты сезімдік түсінік. Эстетикалық мұратты жүзеге асыру үшін алдын ала қажет нәрсе - өмірдің барлық саласында қоғамдағы адамның ерікті болуы. Адамның айнала дүниеге эмоциялық нақты сезімдік қатынасымен тығыз байланысты болғандықтан, эстетикалық мұрат сезім формасына бөленеді.

Эстетикалық сезім – объективтік шындықты бейнелегенде оның сұлулығын, әдемілігін, сәндігін қабылдауда туатын көңіл күйі. Эстетикалық сезім табиғаттың көрінісін, күнделікті өмірдегі оқиғаларды, өнердің алуан салаларын адам өзі бейнелегенде пайда болады. Адамның эстетикалық сезімі өз ортасына, тарихи жағдайға байланысты өзгереді. Эстетикалық сезімі жетілген адам еңбектің алуан саласындағы нәзіктік пен әдемілікті, айнала табиғат сұлулығын қабылдап сүйсінеді, оны қабылдаудан ләззат табады. Эстетикалық сезім адамда өнер, техника туындыларының, нағыз көркем шығармалардың, айнала қоршаған табиғаттың тамаша мақсатқа сәйкес өзгертіліп, нақты әсер еткен кезде дамиды және қалыптасады. Эстетикалық сезім – эстетикалық тәрбиенің басты буыны. Бұл жөнінде әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби: «Музыкалық әуендер жақсы мінез-құлық машықтарын, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады... Музыка мен ән адамда эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы кісінің өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойдағы нашар қасиеттерінен арылуына ықпал етеді».

Эстетикалық тәрбие – болмыстағы және өнердегі сұлулық пен әсемдікті дұрыс қабылдау және эстетикалық түсінікті, сезім мен талғамды тәрбиелейтін, өнерде және өмірде сұлулықты жасау, оған қатысу қабілетін қажетсінуін қалыптастыратын тәрбиенің құрамдас бөлігі. Эстетикалық тәрбие жастарды сұлулықты айқын қабылдап түсінуге, көркемдікті, айналадағы шындық, болмыстағы және көркем шығармалардағы сұлулық көріністерін сүюге, оларды бағалай білуге, көркемдік элементтерін тұрмысқа енгізу және өмір мен өнердегі жағымсыздықпен күресуге үйретеді.

Эстетикалық талғам-кең ұғым. Ол, М.Мұқановтың айтуынша ең алдымен қоршаған орта көріністеріндегі гармониялық үйлесімділікті, сұлулықты дұрыс қабылдап, эстетикалық талғамдарын дамытып, дұрыс бағалай білуге септігін тигізеді. Әсемдікке құштарлық, талғам, көркем заттарды жасайтын пайдалы еңбек үстінде қалыптасып, дамитыны белгілі. Талғамдық мәнде белгілі бір құбылысты бағалау дәрежесі әрқашан адам санасы мен оның өмір сүретін ортасының, эстетикалық санасының мазмұны, рухани даму деңгейі, мәдениеттілігі арқылы айқындалатын фактор. Сондықтан да біз эстетикалық талғам - сұлулық заңдылығына бағынатын сезім мен өнер бірлестігі деген ұғымға тоқтадық.

Эстетикалық талғамды дамытудың негізгі бөліктері: өнердің түрлері мен жанрлары, эстетиканың негізгі формалары және маңызды категориялары-тамаша және ұсқынсыз, асқақ және төмен, күлкілі және қайғылы тағы басқа жағдайлар. Эстетикалық талғамы мол адам өнердің тамаша туындыларын тани отырып асқақтық сезімі артып мағыналы тұжырым жасайды.

Психологиялық зерттеулерде эстетикалық сананың негізгі элементтері көркемдік-эстетикалық қабылдау, эстетикалық сезім, эстетикалық қажеттілік, эстетикалық мұрат пен талғам, эстетикалық көзқарас болып табылатындығы дәлелденген (Л.С.Выготский, А.А.Люблинская, А.Н.Леонтьев). Эстетикалық сана жеке тұлғаның эстетикалық тәрбиесінің негізін құрайды. Осы тұрғыда бұл элементтерді жеке қарастыру қажеттігі туады. Көркемдік-эстетикалық қабылдау-өнермен қоршаған дүние әсемдігімен қатынастың бастапқы сатысы.

Материалистік эстетика - эстетикалық тәрбиенің методологиялық негізі болып табылады. Ол өмір мен өнердегі эстетиканың мәнін ашады, адамның ортаны эстетикалық тұрғыдан меңгеруіне деген принциптерді зерттейді, көркем шығармашылық заңдарын тексереді. Ал, тәрбиенің теориясы болса, эстетикалық сезімнің, талғамның идеялық қалыптасу процесін зерттейді. Материалистік эстетика - болмыста жүзеге асатын нақты сұлулықты нығайта отырып, адамды ойдан шығарған сәулетті арман, қиял әлеміне алып кетпейді. Керісінше, өнердегі әдемілік болмыстағы әдеміліктің сәулесі деп мәлімдейді.

Эстетикалық тәрбиенің мақсаты - жеке адамның эстетикалық мәдениетін дамыту. Оның негізгі компонентері:

•  Эстетикалық қабылдау.

•  Эстетикалық сезім.

•  Эстетикалық талғам.

Эстетикалық қабылдау деп - әсемдікті қабылдау процесін айтады, мұның нәтижесі эстетикалық әсерлену, эмоция болып табылады. Табиғат, өнер, адам жасаған заттар, адамның сыртқы кейпі, рухани дүниесі, тұрмыс-салты, әрекеттері мен қылықтары, адамның өзі де эстетикалық қабылдаудың объектісі бола алады.

Сезім байлығы - адамның рухани өмірін жоғары да, әр тарапты дамытудың қажетті шарты. Адам рухани жағынан бай болып, әсемдікті көре біліп, одан ләззат ала білуге тиісті.

Эстетикалық талғам - әсемдікті дұрыс бағалай білуге тәрбиелеу. Эстетикалық талғам немесе көркемдік талғам әрбір адам өзі жасайтын белгілі бір эстетикалық мұратты бейнелейді. Эстетикалық мұрат дегеніміз - адамдардың көксеп жүрген әсемдік жөніндегі түсінігі. Адамның жетем-ау деген арманы, өмірде сол бойынша құрғысы келетін нерсесі. Эстетикалық сезімдерді, мұрат, талғамдарды бағалауды тәрбиелеу білімді меңгеріп алумен бірге, дүниеге көзқарасты қалыптастырудың маңызды құралы болып табылады. Сонымен, эстетикалық тәрбие дегеніміз жастардың бойында өз өмірін сұлулық заңдарына сай кұра алу кажеттіліктері мен дағдыларын қалыптастыру және, енбекте, коғамдық іс-әрекетте адамдармен қатынас жасаудың сұлулық идеалдарын негіздеу.

Эстетикалық тәрбиенің мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін, әлемді сұлулық заңдары арқылы тануға қызығушылықтары мен талпыныстарын дамыту, сонымен қатар олардың бойында көркем-эстетикалық мәдениетті қалыптастыру, оны жоспарлы және мақсатты түрде сіңіру болып табылады.

Эстетикалық тәрбиенің міндеттері:

- эстетикалық білімдерді қалыптастыру;

- эстетикалық мәдениетке тәрбиелеу;

- ата-бабаларымыздан қалған асыл мәдени мұраны игеру;

- шынайы қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты орнату;

- эстетикалық сезімдерді қалыптастыру;

- адамды өмірдегі, табиғаттағы, еңбектегі әсемдікке баулу;

- өз өмірін және іс-әрекеттерін сұлулық заңдарына сай құру қажеттілік-терін дамыту.

Педагогикалық тұрғыдан эстетикалық тәрбиенің бірнеше анықтамасы бар: «Эстетикалық тәрбие беру - бұл өнердегі әсемдікті терең түсіну мен толыққанды қабылдау қабілеттерін тәрбиелеу, көркемдік ұғымдар мен эстетикалық құндылықтардың негізі белгілерін анықтауға көмектесетін көзқарастар мен сенімдер жүйесін қалыптастыру (Ю.К.Бабанский); Эстетикалық тәрбиелеу-«әсемдік заңы бойынша» өмір сүруге, өмір мен өнердегі әсемдік пен тұрпайылықты, асқақтық пен таяздықты, трагедиялық пен комедиялықты қабылдау мен бағалауға қабілетті, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастыруға мақсатты бағытталған үрдіс (Б.Т.Лихачев); Эстетикалық тәрбие-табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі ең жақсы атаулыны бағалай білуге, өнер шығармаларын тануға, қастерлеуге үйрету (Р.Қоянбаев); Ұлттық және әлемдік өнерге халықтың рухани байлығы мен қоршаған ортаны қабылдауға бағытталған эстетикалық тәрбие қазақ халқының тарихы, әдет-ғұрпы, мәдени салт-дәстұрі негізінде жүзеге асырылады (Б.А.Альмұхамбетов). Жоғарыда келтірілген эстетикалық тәрбие ұғымына берілген анықтамалар зерттеу жұмысында басшылыққа алынды.

Эстетикалық тәрбие мәселесі шығыс ғұламаларының да зерттеу өзегі болған. Мәселен, ғұлама ғалым Әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы», «Әлеуметтік этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», т.б. еңбектерінде эстетикалық, этикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт категорияларының негізін дәлелдеп, көңіл бөлгендігін аңғарамыз.

Бүгінгі күнге дейін өзінің тәрбиелік мәнін жоймаған ХV-XVIII ғасырларда өмір сүрген М.Дулати (1499-1551) Асан Қайғы (15ғ), Бұқар жырау (1693-1787), Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560), Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768), Үмбетей жырау (1706-1778), Шал ақын (1748-1819) сияқты ұлы ғұламалардың өсиеттері жастарымызды рухани-эстетикалық тәрбиелеуде құнды дүниелер деп айта аламыз. Бір ғана түркі дүниесі тарихының атасы ретінде танылған бабамыз М.Дулатидің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы қаншама. Оның рухани-эстетика, ұлағаттылық туралы ойлары Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари идеяларымен үндесіп, сабақтасып жатыр.

Қазақтың ағартушы демократтары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев және т.б. ақын-жырау, жазушыларымыз халқымыздың рухани дамуына өлшеусіз үлес қоса отырып рухани эстетикалық тәлім-тәрбиенің маңызына ерекше мән берген.

Жасөспірімдерге рухани-эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасының тәрбиелік күшін ұлы Абай да жоғары бағалаған. Жасөспірімдерді сұлулық, әдемілікке деген көзқарасын, рухани сезімін тәрбиелеп қалыптастыруда Абай өлеңдерінің рөлі ерекше. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері туған жердің сұлу табиғатын, адамдардың көңіл-күй сезімдерін жырлаумен дараланады. Балалардың туған жер табиғатын, тауы мен тасын эстетикалық тұрғыда қабылдай білуге тәрбиелейді.

Ойшыл ақын Сұлтанмахмут Торайғыров «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жөні кетеді» деп тегіннен тегін айтпаған. Ақынның көтерген тәлімдік мәселенің бірі – рухани даму, рухани тәрбиенің өзегі – ана тілін құрметтеу, тілге деген сүйіспеншілік. Ұлттық тіл арқылы жастарымыздың сана-сезімі, ой-өрісі кеңейіп, әдет-ғұрпын қадірлеуге деген көзқарастары қалыптасады деген ой түйеді ол.

Педагогика ғылымының тарихында өзіндік орны бар ағартушы-педагог М.Жұмабаевтың балалардың рухани жан дүниесін қалыптастырып, эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу туралы өзіндік ойлары «Педагогика» еңбегінде айқын көрінеді. Бұл еңбекте ақын сұлулықты, әсемдікті әр қырынан ашып, тәрбиелеу жолдарын өзінше түсіндіреді. «Баланы сұлу өнермен терең таныстыру керек. бала неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі сұлу түстерді, түрлерді көрсін, сүлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Міне, осыларды істесе, сұлулық сезімдер өркендейді».

Ендеше жастарға халқымыздың рухани байлығын, мәдениетін, дәстүрін терең таныстырып, ойшылдарымыздың педагогикалық ой-пікірін оқу-тәрбие ісінің тірегіне айналдыру, яғни, рухани-эстетикалық тәрбиенің жаңарған жүйесін жасау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

1.2. «Халықтық педагогика мен ұлттық өнердің жастардың эстетикалық тәрбиесін қалыптастырудағы орны» атты тараушасында ақын-жыраулардың шығармашылығы негізінде қарастырған.

Алдымен жастардың студент болғанға дейін оқушылардың мектеп қабырғасында эстетикалық тәрбиенің қандай бағыттарымен танысып, оларды игергені туралы айтылған.

Оқушылардың эстетикалық тәрбиесі оқу-тәрбие процесінде іске асырылады. Эстетикалық білімнің негізі - оқу пәндері. Мектеп оқушылары әр түрлі пәндерді оқудың нәтижесінде табиғаттың, еңбектің сұлулығын және адам іс-әрекетінің әдемілігін бағалай білуді түсінеді:

Ана тілі - мәдениетті сөйлеу, көркемдік танымын қалыптастырып, қиялын дамытады.

Музыка - сезімдерін дамытып, музыкалық мұратын қалыптастырады.

География - оқушылардың эстетикалық дүниетанымын дамытады.

Бейнелеу өнері - кескіндеме, мүсін, графика, әсемдікті жасау қабілетін дамытады.

Әдебиет, тарих - шығармашылық қабілетін дамытады.

Химия, физика - табиғи құбылыстар жөнінде түсінік алады.

Музыка сабақтары өте әсерлі сезімдерді оятып, музыка мұраттарын қалыптастырып, бала тәртібіне ықпал етеді. Музыканы тыңдау, ән салу балалар үшін өнегелік-әсемдік мәні бар, себебі көтеріңкі көңіл, ержүректік сезімдерден ортаң әсер алу оларды рухани өрлеу үстінде біріктіреді және топтастырады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдеп-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл – ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда - әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой – пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Ә. Табылдиев «Қазақтың халық педагогикасы және тәрбие» атты еңбегі арқылы қазақтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәнін ашып берді. Профессор С. Қалиев «Қазақ этнопедагогикасының негіздері және тарихы» (1998) деген оқу құралы арқылы қазақ этнопедагогикасының қайнар-бастауы біздің заманымыздан бұрын белгілі бола бастағандығын дәлелдеп, бұл ғылымның теориялық негіздерін айқындап берді. Зерттеушілер Ұ. Асылов пен Ж. Нұсқабаев «Әдеп» атты оқулығында (1999) қазақтың салт-дәстүрлеріндегі тәлім-тәрбиелік мақсаттарды жеткізе дәлелдеді.

Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбие құралдары ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері, жанры және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер би қимылдарымен байытылды.

Қазақ эстетикасында табиғатқа шексіз сүйіспеншілік, оны сезініп түсінуі, онымен ажырамас бір тұтастықта өмір сүру талғам түсінігі ерекше орын алды. Қазақтың көркем мәдениеті әлемді бейнелеудің бірнеше ұтымды тәсілін қалыптастырған: әлем бөліктерінің сазды ырғақтарын аңғару, оның асқақтығын адамның көңіл –күйінде көтеріңкі сезім тудыратын дүние ретінде мадақтау, оны тіршілікке қолайлы сезім ретінде көрсету.

Қазіргі таңда Қазақстан ғалымдарының ішінен қазақ этнопедагогикасын қолдану арқылы жастарға музыкалық – эстетикалық тәрбие беру жөнінен бірнеше ғалымдар (М.Х.Балтабаев, Б.С.Өтемұратов, Р.Қ.Дүйсебаева, т.б.) айналысып жүр.

Бүгінгі таңда педагог ғалымдардың қазақ өнері және эстетикалық тәрбие теориясы мен тәжірибесінің зерттеліп отырған кезеңдегі жай-күйі, өзіне тән ерекшеліктері А.Жүнісбаева, Е.Әлмұхаметов, Е.Асылханов, К.Ералин, З.Ахметова, К.Болатбаев, С.Ұзақбаева, С.Әбенбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде арнайы зерттелген.

Эстетикалық сезім – адамның еңбек үстінде тарихи қалыптасып дамыған рухани қасиеттерінің бірі. Көрнекті ақын М.Жұмабаев: «Жаратылыстың, һәм искусстваның сұлу заттары адам жанында сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, сұлу ай, жұлдызды түн..., міне осылар сықылды бір сұлулық толқынын туғызбай қоймайды. Сұлулық сезімдері сұлу нәрсені сүюіне, жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан тиылуына көп көмек көрсетеді. сондықтан жастардың сұлулық сезімдері жақсы тәрбие қылуына тиісті» деп, адамдардың өмірдегі, өнердегі сұлулық пен ұсқынсыздықты дұрыс қабылдауы, түсінуі мен сезінуі эстетикалық тәрбиенің басты міндеті екенін көрсетеді [4:39]. Демек, жастарға эстетикалық тәрбие беру табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі ең жақсыны қабылдау, одан ләззат алу, дүниедегі әдемілік атаулыны бағалауға және өнер шығармаларын тануға, қастерлеуге баулиды. Оған керісінше, ұсқынсыздыққа жағымсыз көзқарасты қалыптастырады.

Жастарға халық педагогикасы негізінде эстетикалық тәрбие беру мәселелері бүгінгі күні де өзектілігі жоғары екенін айта келіп, профессор С.А.Ұзақбаева «Тамыры терең тәрбие» еңбегінде: «Жас буынды эстетикалық тұрғыда тәрбиелеуге халықтық педагогика құралдарын пайдалану керектігін» басты назарға қойды [5:169].

Қазақтың ұлттық мәдениетіндегі әр алуан тақырыпты қамтитын ән өнерінің ерекшеліктерін, тәлім-тәрбиелік мәнін үйрету арқылы үлкендер және ата-аналар балалардың адамгершілік-эстетикалық тәрбиесін, жетілдіре түскен. Балалар мен жастарға музыкалық эстетикалық тәрбие беруде халықтың ән өнері әсемдік пен сұлулықты түсінудің ол жөніндегі көзқарастарын дұрыс қалыптастырудың негізгі құралы болды.

Қазақ халқында көшпенділік өмір жағдайына байланысты табиғи өзгерістерге өте нәзік байқағыштық тән. Кең далада қозғалыс бағытын дұрыс табу, жайылымдардың күйін анықтау, ауа райының өзгерісін алдын ала болжау, өсімдіктердің атын өте дәл тауып қою, т.с.с. Халықтың эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбиенің құралдары ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері жанры және тақырыбы жағынан өте бай.

Әсемдік санаты жыраулар поэзиясында, көбінесе, аруларды бейнелеуде, табиғатты сипаттауда, мінез-құлық, қарым-қатынасты суреттеуде басты рөл атқарған. Қыз бейнесін өлең сөзбен сипаттап, оның сұлулығын дәріптеуде олар, ай, күн, жұлдыз секілді адамның қолы жетпейтін асқақ табиғат тәжіне теңеген.

Жыраулар шығармашылығынан қазақ халқының болмысы, тыныс-тіршілігі, ұлттық ерекшеліктері, сол кездегі тарихи оқиғалар кең ауқымда көрінеді. Олар өз заманының қарама-қайшылығы: бай мен кедей, бар мен жоқ, жақсылық пен жамандық, мейірім, қайырым мен жомарттықты да өздерінің тәлім-тәрбиеге толы толғауларымен танытып отырған. Ақын-жыраулардың отбасы, шаңырақ жөніндегі қанатты сөздері де өзінің маңызын ешқашан жоймақ емес. Әсіресе, толғаулардың тақырыбына өзек болған ұлттық қасиеттер: қонақжайлылық, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет таныту, ата-анаға қамқорлық – бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Мінез-құлық, қарым-қатынас эстетикасын қалыптастыруда да жыраулардың осы тақырыптағы толғаулары таптырмас құрал.

Жырау – қоғамды іргелі дамытатын үлгі, келешектің мақсат-мүддесін жасайтын кемел ойдың иесі. Шешетін мәселелері – жеке бастың күнделікті күйкі тіршілігі емес, жалпақ жұрттың келешегі қажетсінген толғақты дүниелер. Мұхтар Әуезовше айтқанда, ол – адамның ғана емес, адамзаттың баласы!

Жырау – көне замандардың жемісі ретінде ой түбінде жатқан інжу-маржандарды сыртқа шығарып, оны әлеуметтік зәруліктер мен сұраныстар ретінде іске асырушы ұстаз. Ол – жыршы сияқты үлгілі сөз таратушы ғана емес, ақын сияқты көркем тілмен сөйлеуші, бейнелеуші де емес, аса белсенді тұлға. Жыраудың әрбір сөзі – келешек үшін үлгі. Сол себепті жырау - әлеуметтік ой-пікірдің үйлестірушісі. Ақын – дүниені көркем образға бөлеп бейнелейтін, жеке басты жырлаушы лирик болса, жырау мен жыршы – жұртшыл эпик [6:30].

Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Сол себепті, өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс ретінде, өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады.

Сыр елінде өмір сүріп, аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырау­ларымыз ұрпақ тәрбиесіне, ина­баттылық пен ой-өрісінің да­муына, эстетикалық талғам биі­гінен көрінуін басты назарда ұстаған, сөйтіп барша шығар­маларында рухани құндылық­тарды арқау еткен. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол салған. Атадан-балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақ­сылық, ізгілік туын жоғары кө­теріп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған.

Тәрбие бастау бұлағын хал­қымыздың ғасырлар бойы жинақтаған құндылық­тарынан алуы тиіс. Сондықтан Сыр сүлей­лері шығармалары бүкіл тәрбие жүйесінің негізгі сипаттарына сай келеді. Жиенбай, Балқы Базар, Тұр­мағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Бұда­бай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Нұр­туған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді жыр жампоздары артына тәлім-тәрбие, өнеге қал­дырып, өсиеттік мәні бар ақыл-нақылдар жазған.

Бірлік, татулық, адамгершілік қасиеттер қауымдастыққа әке­летін Сыр сүлейлері толғау-терме, ақыл-нақыл сөздері арқылы көр­сеткені айқын. Келтірілген ұста­нымдарға сай, Сыр саңлақтары шығармаларында тәрбие үдері­сінің мақсаттарын нақтылап отырған.

Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақ­сы­лыққа ұмтылдыруға, мейірім­ділікке, сүйіспеншілікке баулып келген. Жастардың жан дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетіл­діруді басты мақсат тұтқан Сыр­дың сырлы сарынымен жырлаған Сыр сүлейлерінің толғау-терме­лерінен үзінді алып, дәлелдеме жасап, тізе беруге болады. Жан тазалығы ізет-тәрбиеден бастау алатынын, жыр жолдарымен жет­кізген олар адам жанын рухани жағынан жетілдіру, адам жүрегіне ықпал ете отырып тәрбиелеуге көңіл бөлген. Оқушы мен тың­дарманға ой түсіретін асыл сөз термеленген. Демек, Сыр елінде өмір сүрген ақын-жыраула­ры­мыз­дың дүниетанымы халқымыз­дың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр екен.

Сыр елінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық, жыр­шылық өнер халқымыздың ру­хани дүниетанымының көркемдік ойлау жүйесінің жемісі.

«Сыр сүлейлері шығармалары негізінде студенттерге эстетикалық тәрбие берудің ерекшеліктері» атты екінші тарауда Сыр бойы ақын-жырауларының шығармаларының жастарға эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктері қарастырылған.

ІІ.1. «Сыр сүлейлерінің негізгі үш мектебі өкілдері шығармаларының эстетикалық тәлім-тәрбиелік мәні» тараушасында бірнеше ақын-жыраулардың қысқаша өмірбаяндары, олардың нақты шығармалары талданып тәрбиелік жақтары көрсетілген.

Осы тұста «Сыр сүлейлерін» биік бір заңғар тауларға теңейтін болсақ, Тұрмағамбет ақын сол таулардың ішіндегі еңсесі биік шыңы десек дұрыс, сондықтан да сөді Тұрекеңнің шығармаларынан бастап отырмыз.

ІІ.1.1. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939)

Сыр сүлейі – Тұрмағамбет Ізтілеуов көп жыл бойы Бұхара шаһарындағы әйгілі оқу орны – “Мир Араб” (Көкелташ) медресесінде дәріс алған, араб, парсы, түркі тілдеріне жетік, шығыс тарихы мен әдебиетінің алуан мағлұматын білетін және өзі ақындық, шайырлық, жыршылық өнерді қадір тұтатын елде туып өскен. Осындай жан-жақты да бай рухани байлықтардан нәр алған Тұрмағамбет шығармаларының қай-қайсысы болсын ағартушылық, эстетикалық оқу-білімге, өнер іздеуге, еңбек етуге шақыру, т.б. тәлім-тәрбиелік идеяларға толы.

Т.Ізтілеуов өзінің “Балаларым” деген өлеңінде барлық жастарда жалқау болмай, сауатты болуға шақырып, білімді болудың қажеттілігі туралы айтады:



Болсаңдар, балаларым, хатқа ұста,

Төрден жай аларсыңдар, тұрмай тұста.

Төр түгіл, төменнен де тимейді орын,

Жүрсеңдер жалқаулықпен жазы-қыста.

Бақ қонып бастарыңа, орнар ықпал,

Ілімнің бола қойса кені ыдыста.

Қай жерде қазынасы болса ілімнің,

Қабыңды қолыңа ал да қыдырыста [7:283]!

Келесі бір өлеңінде осы ойын жалғастырып, өнер, білімді, ғылымды игергендерді өмірде әрқашан озық болатынын еске салады:



Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын,

Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын

Иелік екеуіне еткендердің,

Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын.

...Өнер мен кен ғылымға, уақытың барда,

Себеп не, қол сыбанып созбайтұғын?! [7:292]

Ақын өлеңінің жанды өзегі – адам жан сарайының сұлулығы еді. Қанағат, ынсап болғанда, хақ істің иесі атанғанда ғана сұлу тартасың.

Базар жыраудың өлең құрылымы негізінен – толғау. Толғаулардың кейінгі ұрпаққа үлгі аларлықтай терең мағыналы нақыл өсиеттерге бай болып, ұйқасы, әуені, белгілі ырғағы болуы керек. Базар шығармалары осы талаптарға сай келеді. Жырау толғаулары негізінен ойға, сезімге құрылған. Пікірі тұтас ойы терең, жүйелі болып өріледі. Базардың қай өлең-толғауларын алмайық, бәрінен ақын өмір сүрген кезеңнің тыныс лебі еседі. Сол кездегі қоғамдық ортаның түсінік-танымы, мінез-құлқы суреткерлік шеберлікпен ашылады:

Жақсы мен жаманның

Арасы жер мен аспандай.

Білерсің бір күн басыңа

Іс түскен кезде сасқанда-ай.

Мырза менен сараңды

Өлшестіріп қарасаң,

Ылди мен зәулім асқардай!

Ғалым менен наданды

Салыстырсаң білерсің,

Дария шіреп тасқандай!...

Жыраудың табиғат туралы жырлары да ерекше. Өлеңдері өрнекті, бейнелі, метафора, теңеу, афоризмдерге бай. Табиғатты жалаң алмай, тіршілік иесі адаммен байланыстырып суреттейді:



Жоғарыдан төменге

Жүйесін тауып су ағар

Жазғытұрым болғанда,

Жердің бетін бу алар.

Күн жадырап, күн шығып,

Жан, жануар қуанар.

Жапырақтары жайқалып,

Ырғалы желмен шайқалып,

Түрленіп гүлдер қызарар.

Бұлбұлдар сайрап бағында,

Байғыздар тасқа ұялар... [8:31]

Толғауын қолма-қол шығарып, өзіне тән әуен сазымен жырлаған Базардың мұндай айшықты, кестелі сөздері ел ішіне кең тараған.

Сыр сүлейлерінің ішінде ел арасына аты кеңінен жайылған, шығармаларын үлкен-кіші бірдей білетін, өлең, толғаулары қазіргі жас жыраулардың репертуарынан мол орын алып келе жатқан Оңғар жыраудың әдеби мұраларын насихаттау, кейінгі ұрпаққа білдіре түсу – аға ұрпақтың ендігі міндеті осы. Артына сұлу сөзбен өлместей, өшпестей мұра қалдырған атақты бабаларымызды қалай құрметтесек те артық емес.

Өзінің «Асыл зат дәрежеңді жаңа көрдім» деген өлеңінде Оңғар жырау қыз сұлулығын былай жырлайды:



Мойныңды бұра алмайсың зибат балдай,

Құмай көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.

Міні жоқ ақ бетіңнің шырақ едің,

Сарғайып ән саласың атқан таңдай.

Ақ бетің көрген шақта жарқ етеді,

Ішінде кең сарайдың жаққан шамдай.

Бала едің қатарыңнан пормаң бөлек,

Ішінде алтын қапаш жез қадамдай.

Атаңның анаңменен дәулетінде

Бұлаңдап жүруші едің кер маралдай.

...Түймедей зергер соққан алтын басың,

Қаламдай молда иген екі қасың,

Жібектей тоғыз түрлі базардағы,

Масар біткен екен қолаң шашың [9:49-50].

Сыр бойында өмір сүрген Бұдабай ақын шығармаларын оқығанда осындай түйінді байлам жасаудың керектігі аңғарылады.

«Кеуіл» атты шығармасы куәлікке жарайды. Бұдабай осы туындысында:

Кейде бір кеуіл-дария тасқындайсың,

Кернеліп кемеріңнен асқындайсың.

Қонбастай көтеріліп көкке ұшып,

Шалықтап түз құсындай аспандайсың.

Бейнебір бес қаруың сай кісідей,

Жасанған жаудан көңілің жасқанбайсың.

Жағдайда жайбарақат ер болсаңда,

Жерлерді екіталай басқандайсың, -

деп бастайды да, соңында:



Арналып айтылған мен өз басыма,

Кәнекей, қайсың мұнан қашқандайсың [10:117], -

деп тыңдаушысын ашық сырласуға шақырады.

Қабылұлы Бұдабай шығарған жырлардың бәрі дерлік көңіл күйге құрылған шығармалар. Әрине, бұл осы ақын арқылы енген жаңалық емес, ежелден қалыптасқан дәстүр. Қазақ халқының жыр, дастан, толғауларындағы жар-жар, қоштасу, көңіл айту, жоқтау сияқты алуан түрлі шығармалардың бәрі осындай көңіл-күйге байланысты жасалған ескірмейтін, жоғалмайтын қымбат қазыналар.

Ақынның «Өмір» деген өлеңі де адамның ішкі жан дүниесінің жұмбақ сырын ашып көрсететін, оқырманын сағынышқа бөлеп, ойға батыратын сәтті туған шығармаларының бірі. Бұл өлеңде ақын сонау көз ұшында сағымдай бұлдыраған балалық-балдәурен кездегі сәби қиялын:



Асығып жүрдік апырмай,

Жігіттік қашан келед деп, -

деген ойнақы да жеңіл жыр жолдарымен сездірді де:



Білмей де қалдық бір күндер,

Ер жетіп, етек жапқанды.

Әуелгі кезде албыртып,

Әрнәрсеге аттық сақпанды,

Содан кейін сонарлап,

Түлкіге құрдық қақпанды [10:118], - дейді.

Жүсіп Ешниязұлы бұрынғы Түркістан өлкесіне қарасты болған Сырдария облысы Қазалы уезі Қуаңдария болысының 1-ауылында (қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы аудыны Тұрмағанбет ауылында) 1871 жылы туып, жастайынан өлең-жырдың ордасындай болған өз әкесі Ешнияздан, Сыр сүлейлерінің сұңқары атанған Балқы Базар, Дүр Оңғарлардан үйрене жүріп, өседі.

Енді Кете Жүсіптің жастарға үлгі-өнеге болатын тәрбиелік мәні бар өлеңдерін келтірейік:



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет