Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы



бет1/2
Дата01.04.2017
өлшемі2,72 Mb.
#13008
  1   2
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ

АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ КАДРЛАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ ИНСТИТУТЫ



МӘДЕНИ МҰРА ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨРКЕМ БІЛІМ БЕРУДІ ЖЕТІЛДІРУДІҢ НЕГІЗІ
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

М А Т Е Р И А Л Д А Р Ы

21 СӘУІР 2010 ЖЫЛ



АСТАНА
Жалпы редакциясын басқарған

Д. Қамзабекұлы
Редакция алқасы: А.Т.Бимендина, С.Ә.Аманжолов,(жауапты шығарушы) Ұ.Н.Арқабаева, М.Ж.Құрманбаева, З.Ш.Айдарова, Ж.Ш.Балкенов, Ж.Кожиков, Т.К.Самұратова, И.Ш.Ачилов, Б.С.Дүйсенбинова, Н.Р.Асаинова

МӘДЕНИ МҰРА ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨРКЕМ БІЛІМ БЕРУДІ ЖЕТІЛДІРУДІҢ НЕГІЗІ

Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция. 2010 жыл,

21 сәуір – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010.

ISBN 9965-412-32-4


Бұл жинаққа 2010 жылы 21 сәуірде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Астана қаласының білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде Қазақстанда көркем білім беруді жетілдірудің жолдарын саралауға арналған Республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияда тыңдалған баяндамалар мен бейнелеу өнерін оқыту мәселелеріне байланысты ғалымдардың тың материалдары еніп отыр. Конференцияны аталған оқу орнының «Жас суретші» зертханасы, Астана қаласының білім басқармасы және Астана қалалық білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты бірігіп № 61 орта мектепте өткізді. Ғылыми конференция Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жастарға ұлттық тәрбие беру, оқытудың жаңа технологияларын қолдану, бейнелеу өнерін оқытудың қазіргі өмір талабына байланысты өзекті мәселелерін зерделеуге бағытталды.

Конференция материалдары ғылыми ізденушілерге, оқытушыларға және жалпы оқырманға арналған

ББК 65.272

ISBN 9965-412-32-4 © Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010



Д. Қамзабекұлы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Оқу-әдістемелік және стратегиялық даму жұмыстары

жөніндегі проректоры,ф.ғ.д., профессор
МӘДЕНИ МҰРА ҚҰНДЫЛЫҒЫ: МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТ РУХАНИЯТЫ
Бүгін тәуелсіз Қазақстан Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іс жүзіне асыру арқылы ұлт тарихын түгендеп жатқаны белгілі. Осы ретте біз тарихи тұлғаларымыз бен олардың атқарған істерін бүгінгі елдік мұраттар қажетіне жарата алсақ, маңызды болмақ.

Алаш тұсындағы қоғамдық-саяси iсте Әлихан мен Ахмет сапынан табылған, осы екi тұлғаның әлеуметтiк-рухани қызметiне тыныс болған азаматтың бiрi – Мiржақып Дулатұлы. Ұлттық манифеске баланған “Оян, қазақ!” пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрдi. Әдеби бiлiмдi өз бетiнше алған Мiржақып: “Адам ғылым мен өнер үшiн жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшiн шыққан, адамның өзi тiршiлiгiне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. …Тiршiлiк – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. …Дүниенiң iсi осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi”,-деген көзқарасты ұстанып, елге қызмет жасауға жұмылған жаңа руханияттың деңгейiн көтеруге атсалысты. Қаламгердiң әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы ХХ ғасыр басында жетекшi күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етушi ағымды байытты.

Мiржақыптың көркемдiк туралы пайымдарын сөз еткенде, мына жайды ескеру керек тәрiздi: бiрiншiден, ол – поэзия мен проза тiлiнде үйлесiмдiктi сомдауға талап қылған туындыгер; екiншiден, ол әсемдiк пен әдебиет миссиясы туралы пiкiр бiлдiрушi қаламгер. Бұл мәселеде оның позициясы Ахметтiкiне ұқсайды. Екеуi де “шабыты тасығаннан” қолына қалам алмағанын жазады. Мысалы, Мiржақып “Оян, қазақта!”:
Бұл сөздi жазғаным жоқ ақын болып,

Халық тентек, жалғыз өзiм мақұл болып.

Қайғы мен хал мүшкiлiн бiлдiргенiм –

Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып,-

дейдi. Яғни, М.Дулатұлын Алаштың ауыр жағдайы ақын еткен. Осы жағдай және өмiрдi шынайы көрсететiн қазақтың “ұлы әңгiмесi” жоқтығы оны романшы жасаған. Алайда Мiржақып азамат (жауапкершiлiктi сезiнетiн) ақын-жазушы болуға тырысқан. Бұл оның - үлкен қайраткерлiгi едi. Сондықтан М.Дулатұлы – саясатта да, әдебиетте де қайраткер.

“Оян, қазақтың” “сөз ақырында” (қорытынды) қаламгер Абай, Ахмет, Әбубәкiр, Ақмола, Қыпшақбай, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсiптердiң ел алдыңдағы еңбегiн Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстойлардың орыс халқының алдындағы еңбегiмен пара-пар дей келе, ақын-жазушының қоғамдағы орнын былайша парықтайды:
Бұлардың әрбiр сөзi пайдаға асқан,

Өнерiн хатқа жазып, халыққа шашқан.

Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға,

Ғажайып хикметтiң кiлтiн ашқан.
Осы өлең жолдарын жазып отырған Мiржақып әсемдiктi қаперiне алмады деу қате. Азамат-ақын үшiн елдiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын өлең - әсем өлең. Жанмен жазылған өлең - көркем өлең. Сондықтан да ол “Шағым” атты өлеңiнде:
Қалғанша жарты жаңқам мен сенiкi –

Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!

Қаламнан жылап аққан қара бояу,



Жазылып қағазға сен, жұртқа қыл паш,-
дейдi. Расында бұл – күрес жылдарының көркем өлеңi. Бұдан күрделi уақыттың ойы мен бейнесi анық аңғарылады.

ХХ ғасыр басындағы iлгерiшiл руханият үшiн Абай – сапалық деңгейге көтерiлудiң рәмiзi болғандықтан, Мiржақып та бұл құбылысқа өзiнше қарады. 1908 жылы татардың “Уақыт” газетiне жазған “Ибраһим ибн Құнанбаев” атты мақаласында ол Ресей құрамындағы түрiк халықтарын ұлы ақын мұрасымен, ғұмырбаянымен таныстырады. Қаламгер мұнда Абайды елшiл ақын ретiнде көрсете алған. “Тiлi (бiздiңше, татаршадан аударушы “сөзi” дегендi осылай алған – Д.Қ.), оқушыларын оятатын өлеңдерi оны бүкiл атырапқа машїүр еттi. …Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды (“милләтшiл” болар – Д.Қ.), елiн-жерiн сүйген кiсi едi”,-дей отырып, Мiржақып ақынның осы қасиетiн көрсететiн өлеңiнен мысал келтiредi (“…Тәуекел мен батыр ой, Өткiр тiлдi найза етiп, …Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар…”).

М.Дулатұлының Абай туралы екiншi мақаласы Абай қазасының он жылдығын еске алу орайында 1914 жылы “Қазақ” газетiнде жарық көрдi. Мұнда қаламгер Абайдың шағын ғұмырбаянын, ол туралы еңбек жазғандар мен мұрасын құнттағандарды сипаттап өтiп, әдебиет пен ұлт, әдебиет пен тұлға арақатынасы проблемасына нақты тоқталады.

Мiржақыптың бiрiншi мәселе бойынша пайымы: “Тарихы, әдебиетi жоқ халықтың дүниеде өмiр сүруi, ұлттығын сақтап iлгерi басуы қиын. Әдебиетi, тарихы жоқ халықтар басқаларға сiңiсiп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны - әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес”.

Екiншi мәселе бойынша пiкiрi: “Әдебиетiмiздiң негiзiне қаланған бiрiншi кiрпiш – Абай сөзi, Абай аты боларға керек. …Ең жоғары, ардақты орын – Абайдiкi. …Зәредей шүбә етпеймiз, Абайдың өлген күнiнен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз”.

Бұдан шығатын қорытынды: ағартушы М.Дулатұлы әдебиетке және оның биiк тұлғасы Абайға ұлт тағдыры, ұлт мүддесi тұрғысынан қараған. Мiржақып үшiн жан таза болса - әдебиет те таза, тұлға арлы болса – сонынан ергендер де арлы.

Мiржақып жалпы тұлға мәселесiне жиi оралып отырған. 1914 жылы ол Шоқан Уәлиханов туралы көлемдi мақала жазады. Дара тұлғаның “ата тегiн”, “шеше тегiн”, “оқуын” зерделеген М.Дулатұлы “Қазақ” бетiнде қаймана халыққа қаратып: “Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегi болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ бiздiң қазақ ғылым жолында еңбек сiңiрушiлердi тез ұмытқыш келедi. Бiрақ заман өткен сайын халықтың көзi ашылып, әдебиетi гүлденiп, матбұғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзiн қайта тiрiлтiп, кiм екендiгiн бiлдiрмей қоймайды”,-дейдi.

Осы тұжырымнан ағарған ел өз мүддесiне сәйкес тұлғаны “тауып” алатыны, яғни ұлтты ұлт ету жолында еңбек сiңiрген азамат жоқтаусыз қалмайтыны аңғарылады. Бұл әдебиеттен сырт түсiнiк емес.

М.Дулатұлы жаңа әдебиеттiң зәулiм шаңырағын көтеруге жан-тәнiмен кiрiстi: Абай бастаған игiлiктi iстi салаландыруға, дараландыруға жәрдемдестi. Мұны ол оқыған азамат ретiнде және қолына қалам ұстаған жазушы ретiнде өзiнiң парызы санады. Қаламгер аталған проблеманы былайша көрсеттi: “Әдебиетiмiздiң жаңа дәуiрi ендi басталды: әлi жас, түсi солғын, еркiн төселiп кеткен жоқ. Тұрмысымызды, салтымызды айнадай ашып түгел көрсетерлiк суреттi әдебиет әлi туған жоқ. Проза (қара сөз) әлi дәуiрлей алмай тұр. Әдебиетiмiздiң байырақ жағы - өлең. Бiрақ … соңғы жылдары шыққан ақындардың көбi бiрiне-бiрi елiктеп, бiрiнiң iзiн бiрi басып, өз бетiнен жол сала алмай, кестесiз, сұрықсыз “ұйқасты сөз” шығаруды таңсық қылып кеттi”. Ендi оны қалай жолға қоюға болады? Сапалы әдебиет қайткенде өмiр жүзiне орнығады? Осы сұрақтарға Мiржақып өз тарапынан жауап берiптi. Жауабы мынау: “Күйсiз көңiл жүгiрмейдi” деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңiлдi бақша керек. Адам баласы бәрiнен де артық күй таңдайды (Мiржақыптың өзi мұны күрес заманында айтып отырғанын ескерiңiз – Д.Қ.). Туысында қанша зеректiк болса да, ғылымсыз, тәрбиесiз кемелiне жетпейдi. Кiмде-кiм өзiнiң табиғатында не нәрсеге шеберлiк барлығын сезiп, өз жолына түссе ғана, көзге көрiнедi. …Табиғатындағы зеректiгiне жол ашатын ғылымды оқыса, сонда ғана әр бiлiмдi адамдар шықпақшы. … Жазушы да – суретшi. Жақсы суретшi адамның сыртқы түрiн айтпай сала бiлсе, жақсы жазушы да адамның iшкi сырын, мiнезiн, әдетiн бұлжытпай көрсете бiледi”.

Ағартушының бұл пайымы - әдебиеттiң сыры мен сынын қаншалықты түсiнетiнiне айғақ. Отаршылдық режим мен ұлт зиялыларының текетiресi жағдайында әдебиеттiң биiк қызметi, эстетикалық қуаты жөнiнде осындай тұжырымдама жасай алу – шаң баспас рухани мұраға адалдық, өскелең әдебиетке тiлектестiк, азаматтық және зеректiк.

Мiржақып - қазақ әдебиетiнде ХХ ғасыр басында ғана қаз-қаз басқан драматургияға да ниеттес болған қаламгер. К.Төгiсұлының “Надандық құрбаны” пьесасын сынайтын еңбегiнде ол: “Театр кiтабы - әдебиеттiң бiр мүшесi екенiн, оның өз алдына мағынасы, пайдасы зор екенiн бiлушi кем. …Қазақ театры, қазақ әртестерi болуға әлi ерте екендiгi әркiмге белгiлi болса да, театр кiтабының керектiгiн де ерте деуге болмайды. Әдебиет кештерiн түрлендiру, толықтыру һәм қызықтырақ қылу үшiн бiрер театр кiтабы керек”,-деп жазады. Сынның 1916 жылы жарыққа шыққанын ескерсек, пьесаны қал-қадерiнше жазған К.Төгiсұлын да, сапаны талап еткен М.Дулатұлын да түсiнуге болады…

Дәл осы тұста бiзге Мiржақыптың сыны қадiрлi. Ол жоғарыдағы жалпы әдебиет туралы ойын осы еңбегiнде айтқан-ды. Қаламгер “пьеса да - өмiрдiң көркем айнасы” дегендi байыптаған. Сөйтiп, Көлбай туындысын - сәтсiз тәжiрибе деп тапқан.

Халқының бар керегiне жарай бiлген М.Дулатұлының ұлт руханиятына қатысты тұжырымы, жалпы алғанда, төмендегiге саяды:

- әдебиет пен мәдениет – елдiң жаны, ендеше жаны әзiз, рухы мықты жұрттың руханияты да әзiз һәм мықты;

- көркем сөздi өрiстету мен тағлымды етуде тұлғаның орны айрықша;

- биiк дәрежелi руханияттың тууына еркiндiк (күй), бiлiммен суарылған зеректiк керек.

Міржақып серпінді ағартушылық реңкi анық ХХ ғасырдың басындағы ой-сана ағымын осы бiлiгiмен толықтырды. Оның қайраткерлік және қаламгерлік мұрасы - ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар.

А.Т.Бимендина

Астана қаласының Білім басқармасының бастығы
АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ЭСТЕТИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ БІЛІМ ОШАҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Астана қаласындағы жаңа үлгіде салынған білім ордаларының бірі - №61 орта мектеп. Мектебімізді 2008 жылдың қыркүйек айында Білім және ғылым министрі Ж.Қ. Түймебаев және Астана қаласының әкімі И.Н.Тасмағамбетов салтанатты түрде ашқан болатын. Мектебіміз бүгінгі заман талабына сай, соңғы озық жаңа компьютерлермен және өнердің барлық түріне қажетті заттармен толық жабдықталған. Оқу мекемесінде 750 орындықты мәжіліс залы, 270 орындық асхана, 2 спортзалы, кітапхана оқу залымен, психология кабинеті және 2 медициналық кабинеттер және 4 арнайы оқу шеберханалары бар. Мектеп ауласында волейбол, баскетбол алаңы, географиялық алаң мен , алғашқы әскери дайындық жүргізілетін алаңдар орналасқан. Мектептегі оқыту мен тәрбие үдерісі қазақ тілінде жүргізіледі.

Мектепті елімізге танымал суретші-ұстаз Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» атағының иегері - Арқабаева Ұмсын Нұржігітқызы басқарып келеді. Мектепте еңбек ететін ұстаздардың саны 113, барлығының білім деңгейлері жоғары. Бұл мектептің оқыту мен тәрбие үдерісі оқушылардың жан-жақты терең білім алуымен бірге, қазіргі жастарға қажетті эстетикалық және көркем тәрбие беруге бағытталған.

Білім сапасын жақсарту, әлемдік инновациялық технологияларды елімізде кеңінен қолдану үшін, мектеп ұжымы тұңғыш болып Қазақстанда “Жаңа инновациялық арақашықтықтан басқару арқылы оқыту жүйесін” кеңінен қолданысқа енгізіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Бұл жаңа жүйенің ерекшелігі, бейнеконференциялар, селекторлық жиындар, ақпараттарды жинақтау, оларды мұрағатта сақтау, жинақталған мәліметтерді телефон және әлемтор арқылы оқушыларға жеткізуге толық мүмкіндік бере алады. Инновациялық арақашықтықтан басқару жүйесі мектепішілік басқаруға өте тиімді екені дәлелденді.

Мектептің негізгі шығармашылық тақырыбы; «Эстетикалық бағыттағы білім беретін оқу орындарының қоғамға қажеттілігі»



Осыған орай мектебімізде: "Шығармашылық қызмет пен өнерді қабылдау процесіндегі тұлғаның эстетикалық дамуы" тақырыбында тәжірибе енгізілді.

Бүгінгі күні мектептің алдына қойған өзекті мәселелері: "Оқушылардың жеке тұлға ретіндегі эстетикалық мәдениетінің психологиялық - педагогикалық жағдайын қалыптастыру, қоғам талабы мен әлеуметтік сұраныстарға сәйкес тәрбие және білім беру, басқару деңгейін жаңа сатыға көтеру, мектепте педагогикалық менеджмент теориясын жүзеге асыру, эстетикалық бағыттағы жан-жақты жоспарланған жұмыстарды жүргізу, бейнелеу өнерін оқыту әдістемесін жетілдірудің ғылыми, әдістемелік жолдарын табу, мектеп ұстаздарын ғылыми-ізденіс жұмысқа бейімдеу, оқушылардың шығармашылық туындыларын жариялауға қолдау жасаудың бағыттарын жетілдіру.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың мәдени өрісін көтеру, сұлулықты қабылдау қабілетін қалыптастыру арқылы төл мәдениеттің белсенді жасаушысы, иесі, жалғастырушысы болуына да зор мән беріліп жатыр. Әсіресе оқушылардың өз елінің, халқының соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, салт дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын бейнелеу өнерін оқыту арқылы қалыптастыру жылдағы Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауларында ерекше мән беріліп келеді. Демек, бұл білім беру саласына қойып отырған тапсырма деп түсінуіміз қажет.

Өнерді терең оқыту қандай қажеттіліктен туындап отыр? деген сұрақ тууы мүмкін. Соңғы кезде ақпараттық кеңістік кеңейіп, жас жеткіншектер, тіпті жас суретшілерде батыстың мәдениетіне, өнеріне көп еліктей бастады, патриоттық сезімнен арыла бастады. Көпшілігі өз елінің, өз жерінің әсемдігіне мән бермей, ұлттық мәдениетін бағалай білмеуде, ұлттық құндылықтардан алшақтай бастауда.

Сондықтан да ұлттық мектептерде эстетикалық пәндерді оқыту мазмұнына ұлттық нақыш беруді батыл енгізетін кез келді деп ойлаймын.

Ондағы негізгі мақсат:

-Оқушылардың бойында Отанына деген сүйіспеншілік сезім туғызу;

- Оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру;

-Өз елінің қылқалам шеберлерімен таныстыру;

-Өз өлкесінің әсем табиғатына, өнер туындыларына деген оңды көзқарас қалыптастыру;

-Оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке үйрете отырып, ұлттық өнеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру;



Осыған сәйкес алдымызға мынадай міндеттер қойып отырмыз:

  • Оқушының қабілет-қарымы, бейімділігі мен дарынына сәйкес оның бойындағы білім - іскерлік дағдыларын қалыптастыру;

  • Эстетикалық, этикалық, танымдық қатынастарды, қоршаған орта мен өмір құбылыстарын шығармашылық ой арқылы жеткізе алатын жеке тұлға тәрбиелеу;

Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мектебімізде педагогикалық- психологиялық жағынан шығармашылықпен терең ойластырылған эстетикалық дамыту бағыты қолға алынып отыр. Қазіргі таңда мектебімізде 1488 оқушы, 62 сынып комплектін құрап, біраусымда білім алады. Біраусымды жұмыс кезеңі оқушыларға сабақтан кейінгі уақытта қосымша білім алуға, үйірме, секцияларына қатысып, бос уақытын тиімді пайдалана отырып, жан-жақты - дамып жетілуіне толық мүмкіндік береді. Оқу жоспарына композиция, мүсін, кескіндеме, сурет, ырғақ, хореография, этика пәндері енгізілген.

Сыныптан әртүрлі бағыттарда үйірмелер жұмыс істейді: "Назерке" би үйірмесі, "Мұрагер" домбыра үйірмесі, хор, "Жас әнші" вокал, "Бейнелеу өнері", "Сөз зергері" мәнерлеп оқу. Үйірмелердің мақсаты—оқушылардың жан-дүниесін баурап, олардың нәзік түрлі өнердің сырларына деген қызығушылығын ояту, жан-жақты мәдениетке, құдіретті сөз өнеріне баулу.

Сондай-ақ мектепте әлемге танымал суретші, әнші және бишілермен кездесулер ұйымдастырылып, шеберлік кластары өткізіліп тұрады.

Кездесудің негізгі мақсаты, оқушыларды суретшілердің шығармаларымен жақын таныстыру арқылы бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру, өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезімін ояту. Мектептің оқу бағдарламасына сәйкес өнер мамандығы бойынша алдыңғы қатардағы жоғарғы білім беретін оқу орындарымен тығыз байланыс жасалған. 2009 жылы қараша айынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Халықаралық педагогикалық білім ғылым академиясының академигі, Сейтқали Аманжоловтың «Жас Суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертханасы ашылып, жұмыс істеуде. Астана қаласының Білім басқармасымен келісілген 3 жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Зертхананың жұмысына бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі бойынша Қазақстандық танымал ғалымдар, мектеп ұстаздары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары мен студенттері жұмылдырылған. Зертхананың міндеті, мектепте сабақ беретін ұстаздардың тек бейнелеу өнері сабағын оқыту әдістемесін жетілдіруі емес, сонымен қатар ғылыми-ізденіс жұмыстармен айналысуына жетекшілік жасап, ғылыми баяндама дайындауға көмек көрсету. Осы шығарылып отырған ғылыми жинақ, зертхананың ұйымдастыруымен өткізілген Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция және алғашқы қорытынды жұмысы деп санауға болады. Бейнелеу өнері және сызу мамандығының студенттері педагогикалық практикаларын, магистранттар ғылыми тәжірибелерін осы мектепте жүргізіп келеді. Сәндік қол өнері бойынша студенттерінің қатысуымен ұлттық киім үлгілері, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері таныстырылып, қазақтың ұлттық нақышында киім үлгілері дайындалады. Осындай шаралар оқушылардың эстетикалық талғамының қалыптасуына, сурет өнері жайлы білімінің жетілуіне зор ықпал етеді.

Сонымен қатар, оқушылардың сурет өнері әлемін түсінуіне және қызығушылығын арттыруға сабақ өтетін оқу кабинетінің талапқа сай жабдықталуы да маңызды рөл атқарады.

Кабинет – жұмыс орны. Сондықтан мектепте бейнелеу өнерінің барлық салалары бойынша арнайы шеберханаларға бөлме бөлінген.

Көркем сурет, мүсін студиялары мен керамикалық цех, ұстаздарға арналған 7 шеберхана, хореография станоктарымен жабдықталған залдар, эстетикалық талғаммен көркемделген орта қалыптастырылған.

Мектебіміздің 2008-2010 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы 3 кезеңнен тұрса, соның аумақты кезеңін эстетикалық бағытқа арнап отырмыз.

Қазіргі жұмыс істеп жатырған эстетикалық бағыттағы сыныптар:

а) Композиция (1в өнер, 3ә,б,в,д, 4ә,б,в,д)

ә) Мүсін (1а,ә,г,д, 1в өнер, 2ә,в,г,д, 3ә,б,в,д, 4ә,б,в,д)

б) кескіндеме (1в)

в) сурет (1в)

г) ырғақ (1б)

д) хореография –пәндері оқу жоспарына енгізіліп отыр.

Бейнелеу өнерін мектеп компонентіне енгізуде кездесетін қиындықтар да жоқ емес.



Біріншіден, қазіргі таңда қазақ тіліндегі теориялық материалдар, оқушы шығармашылығын дамытатын қосымша оқулықтар мен оқу құралдары жеткіліксіз.

Екіншіден, мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы байланыс өз дәрежесінде емес, студенттердің мектепте өткізетін практикалық сабақтарына сағат аз беріледі, мектептің сабақ беру әдістемесі мен ЖОО студенттерге беретін бейнелеу өнері сабағының бағдарламалары сәйкес емес, технология пәнін оқытатын мамандарды дайындауға жаңа көзқарас қажет, себебі сурет салуды игере алмаған жас мамандар келеді.

Үшіншіден, мектепке тәжірибелі жаңа формациядағы мамандар жетіспейді.

Төртіншіден, статистикалық мәлімет бойынша көркем - сурет факультеттері түлектерінің 3 пайызы ғана мектепке орналасады екен.

Бұл қиыншылықтар уақытша қиындықтар деп санаймын. Болашақта бұл мәселелер өз шешімін табатынына сенемім мол. Бұл мектеп жаңа Астанамыздағы эстетикалық бағыттағы мектептерге үлгі болатындай алғашқы өнер мектебі болмақ. Олай қорытынды жасауға жоғарыда атқарылып жатырған ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстар дәлел.


Эстетикалық бағыттағы пәндерді енгізу арқылы ұлттық мәдениет пен өнерді, сұлулықты, тазалықты және талғам құндылықтарын бағалай білетін, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік жеке тұлғаны тәрбиелеу басты міндетіміз деп санаймын.


Қ.К. Болатбаев

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының

проректоры, п.ғ.к., профессор
МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ МАМАНДЫҚ ДАЯРЛАУДАҒЫ МАҢЫЗЫ
Қоғамдық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанда ұлттық құндылыққа мән берудің маңызы зор. Осы үрдісті қолдау негізінде «Мәдени мұра» бағдарламасының берері мол. Шынайы сыр шерткен ұлттық мазмұны жоғары асыл құнды мұраларымызды болашақ ұрпаққа жеткізу жаңа кадрларымыздың қолында. «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани мәдени өміріміздегі жетістіктерді іске асыруда айрықша үлес қосып отыр.

Мәдени мұра бағдарламасы өнер мамандарының шығармашылық тәжірибесін дамытуға шынайы белсенділік танытып келеді. Мәдениетіміз ұлттық шеңбермен шектелмей әлемдік мәдениет кеңістігінде өмір сүруі тиіс. Мәдени даму үдесінің екі жағдайына басты назар аударуымыз қажет. Алдымен тұрақты дамуына мүмкіндік жасау, екіншіден жаңалыққа ұмтылуға іс-қимыл көрсету. Халықтың рухани мәдени байлықтарын қалпына келтіре отырып ұлттық байлыққа ұмтылдыруға ізгілікті еңбек етуіміз керек. Тарихи мұраларды түгелдеуде мемлекет тұтастығының символына айналдыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Жаңа дәуір тынысын сезінуде ұлттық құндылықтарға ерекше мән беру басты мақсатымыз. Ата-бабаларымыздың тарихқа қалдырған мәдени мұраларының тамырына үңілу, танылған дүниелерімізді толықтыру, көмілген қазыналарды ашып алу біздің міндетіміз. Ұлттық құндылықтар жер астындағы қазбалармен шектелмейді, өнер туындыларымен өрбуі тиіс. Мұра дегеніміз – тек тарихи ескерткіштердің жиынтығы емес, өміршең өміріміздің жемісі. Рухани байлық жер көкірегінде емес, ел көкірегінде сақталуы тиіс. Тәуелсіздігіміздің белгісі рухани мәдениетіміз айқындайды. Осы орайда үнемі мәдени өркендеудің арқасында өркениетті елдер қатарына қосыла аламыз. Өркениеттік үрдістердің тенденциясы мен мәнін ашу ауқымды мәселе. Бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі қазақ өркениетін әлемдік өркениет құндылықтарымен үйлестіру. Ұлттық мәдениет әлемдік мәдениеттің гуманистік үрдіс үлгілерімен сусындауы тиіс. Рухани мәдениетіміздің ертеңі мен болашағы әлеуметтік дүниетаным өрісімен өлшенеді. Өнерді өрендетуде парықты таным, парасатты жігер қажет. Ұлы мұраттарды нағыз шынайы өнер шығармалары қорғай алады.

2008 жылы 13-ші маусымда Елбасының қатысуымен «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде қоғамдық Кеңестің кеңейтілген отырысы болып өткені мәлім. Кеңесте Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақорда залында ұйымдастырылған көрмеден құнды жәдігерлер мен көркем туындыларды көріп олардың болашақта мәнін жоғалтпау туралы ой-пікірін ортаға салды. Жан-жақты талқылау барысында бүгінгі заман талабына сай қажетті мамандар қажет екендігіне ой түрткі болды. Әсіресе республикамызда «реставратор» мамандығы даярлайтын бірде-бір оқу орыны жоқ екендігі басты назарға алынды. Елімізде білім жүйесінде әлде болса шешілмеген проблемалар баршылық ол көркемдік білім беретін жоғарғы оқу орындарында «реставрация» мамандығын даярлау мәселесі өз шешімін таппай келеді. Ащыда болса шындық көнекөз құнды мұраларымызды қалпына келтіретін, көркем туындыларды өз технология дәрежесінде өңдеп сапасын сақтауға баса назар аударуымыз қажет. Кәсіптік мамандар даярлауда әлемдік үрдістерді зерделей отырып бүгінгі талапқа сай жаңа мамандар әзірлеу міндеті тұр. Реставрация дегеніміз бейнелеу өнері мен сәулет өнері туындыларын бастапқы қалпына келтіру деген мағынаны білдіреді.

Тарихи даму барысында реставрациялау қызметі көп салалы болып бөлінгені аян. Әсіресе көне ғасырда пайда болған ескерткіштердің түп нұсқасын толық сақтау үшін жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Осы орайда көркем туындылардың құндылығын жоғалтпау білікті кәсіби маман реставратор кәсіби кадр әзірлеу еншісінде демекпін. Бүгінгі таңда Ресейде оннан аса арнаулы реставрация мамандар даярлайтын орта және жоғарғы оқу орындары баршылық. Атап айтқанда Суздальдық көркем-реставраторлықұ бөлімі және С.Г. Строганов атындағы Мәскеу жоғарғы көркемсурет педагогикалық университеті, Н.Е. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері академиясын т.б. айрықша атауға болады. Дегенменде реставраторлар даярлауда ғылыми зерттеу жұмыстары мен оқу-әдістемесін құралдардың жетіспеуі назарға алынып отыр. Отандық мәдени ескерткіштер мен көркем құнды туындыларды өз деңгейінде сақтау үшін зерттеуде реставрациялық ғылыми теориялық аспектілерді жүйелі жүргізу үшін барлық ғылымдармен сабақтастыруды негізге алған жөн. Суретші-реставратор – көне дәстүрлі өнердің көлеңкесінде өмір сүріп келді. Өйткені реставрациямен өз мүмкіндігінше суретшілер ғана айналысты. Ресейде өз заманында суретші Андрей Рублев икондарды қалпына келтіруде ерекше еңбек сіңірген. Шетелдерден Ресейге келген кескіндемешілер Пфанцелот Иоганн-Фридрих Грот көне картиналарға реставрация жасау технологиясын енгізуде Эримэтажда ең алғаш рет реставрациялау шеберханасын ашқаны бізге мәлім. ХІХ ғасырда көркемсурет академиясында суретші мамандар мен қатар реставратор мамандар даярлау мәселесі қарастырылған. Реставраторлардың басты мақсаты – зақым келген ескерткіштер мен шытынап бұзылған картиналарды қайта өңдеп қалпына келтіруде әрбір шығарманың табиғи өз қалпын жоғалтпауға тырысты.

1933 жылы 11 маусымда өткен еуропалық коммерциялық емес ұйымдардың реставратор өкілдері қабылданған құжатта кәсіби біліміне қолданатын негізгі талаптар мен этикалық кодекс ЮНЕСКО шеңберінде қарастырылған «қоғамның мән беретін объектісі көркем тарихи деректемелер, эстетикалық, ғылыми, рухани және діни-мәдени құндылықтар» деп атап көрсетілген. Олар материалдық мәдени мұраны құрауда келешек ұрпаққа жетуі тиіс делінген. Басты қамқорлық консерватор – реставраторлар қоғамына жүктелді. Бұл қоғам келешек ұрпақ алдында жауапты кодекс консерватор-реставратор рөлін нақтылай түсті. Консерватор-реставратор өзіне жауапкершілігін ала отырып диагностикалық зерттеуді жүзеге асыруда мәдени құндылықты сақтау жағдайын айқындайды. Реставратор зақымдалған немесе жоғалған мәдени құндылықты қамтамасыз етуде қайта қалпына келтіруде қызмет көрсетуі тиіс. Мұндай қағидалар Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» бағдарламасында да өз шешімін табуы тиіс деген үміттеміз.

Астана қаласында өткен кеңейтілген «Мәдени мұра» кеңесіне қатысқан Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академия ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа мамандықтар ашу жайлы оң пікір танытты. Осы мәселені іске асыруда Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев мырза жаңа мамандар даярлауға арнаулы лицензия берді. «Мәдени мұра» бағдарламасын қолдау барысында ашылған мамандықтар түрлерін атап өтуді жөн көріп отырмыз.

Өнертану 050416 мамандығынан «Мәдени мұра ескерткіштердің әдеби аудармасы» (көне жазба). Мамандандыру, Сәндік өнер 050417 мамандығынан «Сәндік өнер шығармашылығын реставрациялау» мамандандыру бөлімін ашу өз дәрежесінде жүзеге аспақ. Өнер академиясының білікті ұстаздары әлемдік бәсекеге қабілетті кәсіби суретші мамандар даярлауда белсенділік көрсетуге әзір. Суретші-рчставратор мамандандыру даярлауға базалық және іс-тәжірибелік мүмкіндік баршылық.

Әрине «Мәдени мұра» бағдарлама жүйесі мемлекеттік тұрғыдан өз шешімін табуда қабілеті кадрлар даярлауға мүмкіндікке жол ашты. Қазіргі ғылыми теориялық жаңару барысында негізгі екі конструктивтік ой-тұжырым бар. Ең алғаш көнекөз мұралық құндылықтарды қалпына келтіру, сонан кейін көне құнды мәдени мұралық заттарды өзінің табиғи технологиясымен өңдеп жасау. Осыған байланысты реставрациялық ғылымды қалыптастырудың мүмкіндіктерін үш жағдайда қарастыруға болады. Біріншіден қайта жаңарту әдістері мен идеялары, екіншіден қайта жаңартудағы іс-тәжірибелік мүмкіндіктері, үшіншіден практикаға асырудағы сәйкестікті атауға болады. Реставрациялаудың ғылыми әдісін қарастыруда көне көркем туынды да қолданған материалдар мен әдіс-тәсілдерді жете зерттеп меңгеру арқылы реставрациялау мамандығын әзірлеуде кәсіби суретшілікті басшылыққа ала отырып (химия, физика, биология) ғылымдарымен пән аралық байланыс жасау. Реставрация жасаушы маман сәндік қолданбалы заттармен кескіндеме өнерінің тарихи күйін қалпына келтіруде өте мұқият зерттеуі тиіс. Реставратор суретші мамандығын даярлауда Ресей оқу орындарының іс-тәжірибесіне сүйінуіміз керек. Ең алдымен практикалық іс-тәжірибе жүргізуде өнер мұражайларының қорларындағы құнды материалды зерттеп меңгеру, сараптау жүйесі басты назарға алынуы тиіс. Өнер оқу орны Республикамыздағы музей-мұражайларымен бірлесе отырып ортақ мүддеде жұмыс істеуі қажет. Әсіресе Ресейде жарық көрген мына әдебиеттерді мүмкіндігінше пайдаланған жөн. Атап айтқанда Д.И. Киплика «Кескіндеме және оның құралы» (1908 ж.), В.А. Щавинского «Көне картинанын материалы туралы» (1908 ж.), П.Я. Агеева «Кескіндеме бойынша техникалық естеліктер, Көне және орыс икона жазушылардың бояулары» (1886 ж.), Ф.Ф. Петрушевского «Кескіндемедегі бояулар» (1891 ж.), Е.В. Кудрявцев «Картина реставрациялау техникасы» (М. 1948 ж.), В.В. Филатов «Орыс қондырғылы темпералық кескіндемесі. Реставрация және техника» (М. 1961 ж.), Н.Н. Семенович «Музейлік маталарды қалпына келтіру. Теория және технология». (Л. 1961 ж.) т.б. оқулықтарды ұтымды қолдануымыз қажет.

Ең алғаш көркемсурет-технологиялық анықтамалар ХVІ ғасырда Аугсбург, Лейпциг, Франкфурт баспаларынан 1531-1535 жалдары жарық көрген. Содан бері тізбектеліп ара үзіп әртүрлі мемлекеттен шыққан реставраторлар жайлы әдебиеттердің тізімін жүйеге келтіру арқылы ғылыми сараптамалар жасап, іріктеп ең қажеттісін практикалық іс-тәжірибеде қолдануға мүмкін жасауымыз керек. Қазақ ұлттың өнер академиясы қабілетті мамандар даярлауда үлкен сүрлеу жолына түсіп, бәсекелес елдер қатарлы мамандар даярлауды көздейді. Шын мәнінде үлкен өмірге жаңаша көзқараспен бет алуда ұлттық құндылықтарымызды реттейтін әрі өз қалпына келтіруге ерекше үлес қосатын «реставратор» даярлау бүгінгі күннің мәселесі. Құнды көркеммұраларымыз ата-бабаларымыздың берген сыйы болғанымен қаз қалпында сақтап өміршең етуі өскелең ұрпақ қолында. Руханилыққа жетудің ең игілікті жолы мәдени құндылықты меңгеру болып табылады. Қайткен күнде де біз қазақ өркениетінің өзіндік болмысын мәдени мұрасы арқылы тани аламыз. Болашағын ойлаған ел ғана ұлттық мұрасын сақтай алады демекпін.

Әдебиеттер:

1. Х. Маданов; Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы, 1998

2. М. Орынбеков; Ежелгі қазақтың дүниетанымы. Алматы, 1996

3. М. Дүйсенов; Сағанатас сырлары. Алматы, 1992



4. А. Сейдімбеков; Күңгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981

С.Ә. Аманжолов

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, кафедра меңгерушісі,

«Жас Суретші» зертхана меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор
БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН КӨТЕРУДЕ АРНАЙЫ ҒЫЛЫМИ, ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЗЕРТХАНАНЫҢ АТҚАРАТЫН РӨЛІ
Егемен еліміздің көркейіп дамуына ғылымның, білімнің және өнердің қосатын үлесі ерекше. Қазіргі қоғамдағы мамандар бәсекелестігіне төтеп беретін жан-жақты өнерлі, мәдениетті, жоғары білімді маман дайындау басты мәселеге айналып отыр. Мемлекетіміз қазір рухани байлығымызға, ертеңгі ұрпақ мәселесіне баса назар аударуда. Бүгінгі мектепте отырған оқушыларымыз, біздің еліміздің болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі тізгінін алатын азаматтары деп қарауымыз қажет. Ендеше біздің жастарымызға берілетін білім сапасы да өте жоғары болуы тиіс, ол үшін, отандық білім беру жүйесін әлемдік білім беру үрдісіне сәйкестендіруіміз керек, бұл қазіргі заманның қойып отырған талабы. Орта мектепте өтілетін басқа пәндермен қатар, бейнелеу өнері сабағына деген дұрыс көзқарас қалыптастыру, оқытудың озық тәжірибелерін қолдану, ұлттық құндылықтарымызға деген жастардың қызығушылықтарын арттыру, оның қазіргі таңдағы мақсаттары мен міндеттерін айқындау біздің борышымыз.

Баланы, әсiресе бастауыш сыныптан бастап, бейнелеу өнерiне жүйелі түрде оқыту, қашанда мемлекеттің кезек күттiрмейтiн мiндеттерiнің бiрi болып табылады. Ұлы Абай атамыздың 33 қара сөзiнде өнер жайлы былай делінген: «егер мал керек болса, колөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал өнерiн сатқан қолөнерлi - қазақтың әулиесi сол». Әулие деген қазақтың түсiнiгiнде ең құдiреттi, қасиеттi, киелi адам деген мағынаны бередi. Бұл қара сөзiнде өнердi, жалпы өнер адамын қазақтың қастерлi адамы деп әулиеге теңеп отырғаны тегіннен тегін емес. Мысалы, өнерлi адамдар өз қолдарымен жасаған әдемi заттарын киелi деп қастерлеп, төрге қойып, оны өзiнiң өсiп келе жатырған балаларына, немерелерiне мұра қылып қалдырып отыратынын білеміз. Бұл дәстүр бiздiң елiмiзде ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келеді. Соңғы уақытта елiмiзде Ел басымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен халқымыздың “Мәдени мұрасына” ерекше көңiл бөлiнiп, теңдесі жоқ жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Еліміздің мәдени мұрасы-орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Бұл ісіміздің маңыздылығы сол, ол біздің болашақ жастарымыздың бойына ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастырады. Техника, космос тағы басқа салалардағы жетістіктерді басқа озық елдерден барып үйреніп қайтуға болар, ал ұлттық өнерімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты тарихи деректерді оқып үйренуге мүмкіншілік, тек өзіміздің елімізде ғана, оны ешқандай озық мемлекет өзімізден артық зерттеп, өзімізден артық көрсете алмайды. Біздің елімізде Мәдени мұраның маңыздылығына мән беріп, зерттеуді қолға алғанымыз, шетелдік зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға ие болуда. Мәдени мұра бағдарламасының әрі қарай жүйелі түрде іске асырылу құқығына ие болуы, барлық елге өнегелі іс болуда. Бұл біздің егемен еліміздің болашағына деген ұлтжандылық көзқарасымыздың бiр керемет айғағы деп бағалауымыз қажет. Қазiргi егемен ел болып, керегемiз бекiп жатырғанда, өнерге жанашырлық жасау арқылы біздің жастарымызға ұлттық өнерімізді жеткізе білу, әрбір қазақ азаматының парызы. Ұлттық өнерімізді жастарға үйрететін негiзгi салалардың бiрi – бейнелеу өнерi болып саналады. Бейнелеу өнерiнің маңыздылығы сол, ол адамның өткен уақыттағы және өзі өмір сүріп отырған ортасының әсемдiгiн өнер тұрғысынан түсiнуiне, эстетикалық талғамының дұрыс қалыптасуына жол көрсететiн ең алғашқы білім болғандықтан, өзінің ерекше мақсаты мен міндеттері бар. Сурет салуды сүю деген – ол өмiрдi, табиғатты, айнала қоршаған ортаны сүю. Ол адамның ақыл-ойын, парасатын өсiредi, танымын кеңейтедi, iзгiлiкке, әсемдiкке үйретедi. Өмiрде кездесетiн келеңсiз құбылыстармен күресуге баланы тәрбиелеп, халқына, елiне, жерiне деген сүйiспеншiлiкке баулиды. Бейнелеу өнері қашанда қамқорлықты, оған асқан жауапкершiлiкті, жанашырлықты әрқашанда қажет ететiнi белгiлi. Осы бейнелеу өнерiн жүйелi оқыту, оған баланы жастайынан баулып тәрбиелеу iсi баршамыздың алдымызға байыпты мiндеттер қойып отыр. Қазiргi дамыған заманда бәсекеге қабілетті, бiлiмдi, өз iсiнiң маманын тәрбиелеп шығару басты мақсатымыз. Бейнелеу өнерiнің қарапайым заңдылықтарына мақсатты және жүйелі түрде үйрету мектеп қабырғасынан бастап жүзеге асырылады. Сондықтан, сабақты сапалы, қызықты өткiзу, балалардың өнерге деген қызығушылығын, сүйiспеншiлiгiн арттыру тiкелей пән мұғалiмiне ғана байланысты. Бейнелеу өнерi сабағының қоғамдағы алатын орны өз алдына ерекше. Бейнелеу өнерi сабағының негізгі мiндетi – балаларға бейнелеу өнерiнiң барлық түрлерiнен жалпы мағлұмат беру, қарапайым заттардың суреттерiн бейнелеудi меңгерту, өмiрдегi әдемi мен жаманды ажырата бiлудi үйрету, ұлттық өнерімізді оқыту арқылы оқушылардың ұлттық, эстетикалық сезімдерін қалыптастыру. Әрбiр оқушы бейнелеу өнерi сабағы арқылы өзiн қоршаған ортадағы заттардың әдемiлiгiн, табиғаттың әсемдiгiн және осы әдемiлiктердi көрiп сезiну арқылы өзiнiң шығармашылық қабiлетiн жетiлдiре алады. Әрине бұл қабiлеттiлiк пен тәрбиені әрбір оқушыға дарыту, бір ғана сабақтың нәтижесінде жүзеге асырылмайды, оған уақыт қажет, сондықтан бұл өз ретiмен жүретiн процесс. Бейнелеу өнерi сабағында әрбір оқушы өздерiнiң көру, есте сақтау, ойлау және қиял түйсiктерi арқылы берілген тапсырмалардың немесе тақырыпқа байланысты табиғат құбылысының түрлі қасиеттерiн бейнелеуге мүмкiндiк алады.

Біздің қолданып жүрген бейнелеу өнерiнің әдiстемелiк нұсқаулары мен оқулықтарында осындай ерекшеліктер ескерілуі қажет. Біздің жаңа оқулықтарымыздағы тапсырмалар бiр ғана бағытта жазылуда, ол балаға тек бейнелеу өнері тапсырмаларының түрлерi бойынша сурет салғызуды үйретуге арналған. Қазiргi талап бойынша мектеп мұғалiмдерiне, балалардың жас ерекшелiктерiнің ғылыми негіздеріне, байланысты берілетін тапсырмалардың көлемі мен мазмұнын және оқыту жолын көрсететiн оқу құралдары қажет. Балалардың салған суреттерін зерттеген орыс ғалымы В.Бакушинский балалардың сурет салуды меңгеруі, ата тегіне байланысты, егерде ата тегінде суретші болмаса, ондай балалар ешуақытта сурет салуды меңгере алмайды, оларды үйретіп қажеті жоқ десе, бастауыш сынып оқушыларына, тек еркiн тақырыпқа байланысты тапсырмаларды ғана берген дұрыс, өйткені жас балаларға сурет салудың техникаларын ерте үйретiп қажетi жоқ, немесе бастауыш сынып оқушыларының кейбір салған суреттерiн құр «шимай сызық» деп баланың суретiне немқұрайлықпен қарап келгенімізді білеміз. Атақты орыстың психологы, оқушылардың сурет салу мүмкіншіліктерін зерттеген Е.И.Игнатьев осындай пiкiрлердiң пайда болуының басты негiзi, ол баланың салған суреттерiнiң ғылыми негiздерiн толық түсiнбеушiлiктен дейді. Жалпы орта мектепте пән мұғалiмнiң басты назары сурет салуға икемi бар балаларға ғана аударылып, орташа, төмен балалар ескерілмей қалуда. Бұл мәселенің әртүрлі себептері бар, біздің ойымызша, негізгі себебі болашақ бейнелеу өнері және сызу мұғалімдерін дайындауда бейнелеу өнеріне байланысты шығармашылық психология, баланың сурет салудағы психологиялық ерекшеліктері, бейнелеу өнеріне байланысты ғылыми негіздерінің терең оқытылмайтындығы. Астана қаласының Білім басқармасының бастығы Т.Бимендинаның келісімімен және Астана қаласында эстетикалық бағыттағы №61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз Ұ.Арқабаеваның қолдау көрсетуімен, 2009 жылы қараша айында бейнелеу өнері сабағын оқытуды жетілдіру, мектеп ұстаздарын ғылыми жұмысқа бейімдеу, ғалымдар мен әдіскерлерді бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхана аштық.. Зертхананың 3 жылдық жоспары жасалды. Зертханаға жоспар бойынша Қазақстандағы бейнелеу өнерін оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми жұмыстарымен танымал ғалымдар, мектеп ұстаздары, магистранттар мен студенттер қатыстырылды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 3-4 курстарының студенттері осы зертхана арқылы арнайы педагогикалық практикаларын өтеді. Жыл соңында арнайы зертхананың отырысы өткізіліп, онда зертхананың әрбір мүшесі жылдық есбін береді. Әрбiр денi сау бала бейнелеу өнерiн орта мектеп деңгейiнде толық меңгерiп шыға алатынын бiздiң жүргiзген көп жылғы ғылыми – iзденiс жұмыстарымыздың нәтижелерi де дәлелдеп бердi. Бұл жерде мына мәселенi есте сақтауымыз қажет, біріншіден, орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту тапсырмалары болашақ кәсiпқой суретшiлер дайындауға арналмаған, екiншiден, ондай мiндеттi мектеп деңгейiнде шешуге ешқандай да мүмкiншiлiк жоқ, дегенмен, жалпы орта білім беру стандартының талабына сәйкес білім беруге міндеттіміз. Болашақта жалпы орта бiлiм беру жүйесiнiң 12 жылдыққа көшуi туралы дайындық жұмыстары, басқа пәндер сияқты, бейнелеу өнерiн оқытудың жаңа ұлттық бағдарламасы мен жаңа буын оқулықтарын дайындауды мiндеттеп отыр. Қазiргi жахандану заманында Бейнелеу өнері сабағына аз сағат бөлінуі, мектептерде бейнелеу өнерi сабағының толық пән ретiнде жүргiзiлмей қажетсiз сабақ ретiнде қалып қоятыны, сабақты арнайы білімі жоқ мамандардың жүргізуі өкiнiштi жағдай. Біздің мектеп пәндеріне деген көзқарасымыз саясатпен санасып қалатын сияқты, қоғамда техникалық білімді жетілдіру керек десе, мектепте техникалық мамандыққа қажетті пәндерге қосымша салат беріліп жатады. Мысалы, адам денесіндегі мүшелерінің әрқайсының орындайтын, атқаратын өз міндеттері бар, егерде денесінің бір мүшесі кем болса, ол адам мүгедектер қатарына жатқызылады. Міне мектептегі оқытылатын пәндердің барлығы да осындай адамға білім, тәрбие беруде қажетті деп санауымыз керек. Өнер сабақтарына мән бермеуімізден, бiз болашақ жастарымыздың рухани, адамгершілік сезімдерінің таяз болуына қандай ықпал жасайтынымызды сезбеймiз. Орта мектептерде өтiлетiн басқа сабақтар мен қатар бейнелеу өнерi де толық жүйелi түрде жүргiзiлуi тиiс – ол қазіргі өмiр талабы. Көркемдiк тәрбие беруде бейнелеу өнерiнiң тағы бiр негізгі атқаратын мiндетi – ол әрбiр баланың бойына мәдениеттілікті қалыптастыру, табиғи қабiлетiн дамыту, соған қолдау жасау, болашақта суретшi мамандығын меңгермесе де, өмiрге қажетті қандай да болмасын мамандықтың білікті маманы болып шығуына ықпал жасау.

Бейнелеу өнерінің қоғамға, жеке адамның білікті маман болып қалыптасуына қаншалықты үлесі бар екендігі туралы көп мысал келтiруге болады. Атақты Кеңес одағының 3 дүркiн батыры, ұшқыш Иван Кожедуб мектеп қабырғасында сурет сабағының дұрыс жолға қойылуының арқасында, сурет салуды жақсы меңгергендігі, көз өлшемінің қалыптасуына көп әсер беріп, жаумен соғысу кезiнде көз өлшемiнің көп көмегi тигенiн үнемi мақтанышпен есiнен шығармаған. Аты әлемге танымал авиаконструктор А.С.Яковлев те осы бейнелеу өнерiнiң арқасында жеткен жетiстiктерiне байланысты: мен тағы бiр нәрсе үшiн мектепке дән ризамын, онда сурет салу жақсы жолға қойылған болатын. Сурет сала бiлгенiм, менің болашақ мамандығымды таңдауыма себеп болды дейді. Өйткенi инженер-конструктор әлде қандай машина жасауды ойластырған кезде, ол өзiнiң болашақ туындысын егжей-тегжейлi көз алдына келтiруге тиiс және оның бейнесiн қарындашпен қағаз бетiне түсiре бiлуi керек. Белгілі географ А.Половкин тiптi «география және сурет салу» деп аталатын бiр тұтас кiтап та жазған екен. Осындай бейнелеу өнерiнiң өмiрге қажеттiлiгi, адамды ауыруынан емдеуде қолданыс тапқаны туралы айтылған хирургтардың және тағы басқа да мамандық иелерiнiң ойлары дәлел бола алады. Бейнелеу өнерінің қоғамдағы маңыздылығына келетін болсақ, бейнелеу өнері әр салада тиімді қолданыс тауып жатыр. Қазiргi кездерi сурет салғызу арқылы ауыруды емдеу, психотерапиялық әдiстердiң бiр түрi ретiнде пайдаланылып келеді. Адамның мінезінде қандай психологиялық ауытқулар бар екенін анықтау үшін де, сурет салғызу арқылы зерттеу жұмыстары кейінгі кезде көптеп жүргізілуде. Бейнелеу өнерін меңгеру, әрбiр оқушының сурет салудағы біліктілігін дамытып қоймай, адамның рухани және ұлттық сана-сезімін қалыптастырады, жалпы егемен еліміздің өркендеп дамуына зор әсерін тигiзедi.

Сондықтан орта мектепте бейнелеу өнерiн оқыту кезiнде тәрбие мен оқытудың бiрлiгi, тек педагогикалық жағын емес, адамның мәдени құндылығын мағыналы түрде арттырады.

Ал қазiргi уақытта жастардың бойында кәсібилік, белсенділік, креативтік, бәсекеге қабілеттілік, патриоттық, экологиялық тәрбиелердi қалыптастыру әр мемлекеттің басты міндеті. Осы міндеттердің орындалуына себебін тигізетін пәндердiң бiрi - бейнелеу өнерi. Сондықтан орта мектепте бейнелеу өнері сабағының өз деңгейiнде жүргiзiлуiне мән беріп, асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Сапалы өтілген бейнелеу өнері сабағынан жастарымыз қоғамдық орындарда мәдениетсіз қылықтарға бармайды, нашақорлық індеті белең алып отырғанда бейнелеу өнерінің қосымша үйірмелерінің қажеттілігі қазір өте маңызды. Мысалы, бейнелеу өнерімен айналысатын оқушылар, сая бақтардағы жақсы нәрсенi сындырып кетуге, көпшілік орындарда шемішке шағуға, түкіруге, әдемi заттың бетiн сызуға, бүлдiруге, былапыт сөз айтуға бармайды, қарапайым мәдениеттiлiктерден жұтаң болмайды. Бейнелеу өнерi сабағында пән мұғалімі оқушыларға сурет салғызуды ғана үйретумен шектелмей, тәрбиелік мағынада үнемі әңгіме айтып отыру қажет. Бейнелеу өнері бойынша оқытудың жаңа технологияларын кеңінен қолдануға іздену жұмыстары жоспар бойынша «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертханасында жүргізіліп жатыр.

Бейнелеу өнерінің туындылары қоғамда эстетикалық тәрбиенiң негiзгi құралы болып есептелiнедi. Лувр, Эрмитаж, Орыс мұражайы, А.С.Пушкин атындағы Бейнелеу өнерінің мұражайы, Третьяков галереясы, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнерінің мұражайларындағы ертеден бастау алған Бейнелеу өнерiнің ғажайып туындылары, оның орындалысы, шынайлылығы, қолданған бояулардың үйлесімділігі, әсемдiгi адам баласын осы уақытқа дейiн тамсандырумен келедi. Бұл бейнелеу өнерінің киелілігі.

Қазір батыстың жеңіл мазмұнды, сапасы төмен, мағанасы жоқ, композициялық шешімі таяз, бейнелеу өнерінің заңдылықтарын сақтамаған жұмыстарына еліктеген өзінше «туынды» деп атап жүрген жұмыстарға еліктеу белең алуда. Көрмелерде осындай жеңіл жұмыстарға мән бере бастаған сияқтымыз. Сондықтан орта мектеп қабырғасынан бастап, бейнелеу өнерiн оқыту мен ұйымдастыруды жетілдіруіміз қажет. Ол үшін, мектептегі Бейнелеу өнерi сабағын басқа мамандықтың мұғалімдері өткізуге тиым салынуы керек, бейнелеу өнері сабағына бөлiнген сағаттарды математика, тiл сабақтарын терең оқыту үшін, қосымша сағат ретiнде пайдалануға жол берілмеуі қажет.

Қоғамда қалыптасқан Бейнелеу өнерi мұғалiмiне деген көзқараста көңiлдi көтермейдi. Мектепке келген Бейнелеу өнерінің мұғалімі, ол сол мектептiң тегiн безендiрушiсi, оның қолынан бәрi келедi, мектеп аралық көрмеге қатысуда, сол мектептiң намысын қорғап, барлық жұмысына жауап беретін жалғыз мұғалiм. Мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындалуына, тұрмыс жағдайына, шығармашылықпен айналысуына уақыты болмайтынына біз мән бере қоймаймыз. Әрбір жаңа сабаққа дайындалуға мұғалiмнiң уақыты жетiспейтiндiктен, сабақ сапасыз, қызықсыз өтiледi. Көне грецияның суретшiлерi мен ойшылдары сурет салу тек қана қол өнердi дамыту үшiн ғана қажет емес, жалпы бiлiм мен тәрбие беруге қажет деп есептеген. Бейнелеу өнерiнің балаларға жастайынан эстетикалық тәрбие беретiн құрал екенiн дамыған елдердiң барлығы түсiнген, оның iшiнде жапон елi және батыс еуропа елдерi күнi бүгiнге дейiн оған көп көңiл бөлетiнiн жиi ұйымдастырып отыратын балалардың көрмесiнен айқын көруге болады. Шет елдерде балалардың суреттерiнен халықаралық деңгейде көрме ұйымдастырылып тұрады және оны тамашалауға өнер сүйер қауыммен бiрге ғалымдар, жазушылар, кәсiпқой суретшiлерде қызығушылық танытады, оның өзiндiк себебi бар. Бұдан жалпы бейнелеу өнерiнiң оның iшiнде балалар суреттерiнiң өмiрдегi алатын орнының ерекше екенiн түсiнуге болады. Ресейдiң өзiнде балалардың суретiне деген көзқарас ерекше. Бала суретін зерттеуге арналған екi ғылыми зерттеу зертханасы Кеңес одағы кезiнен бастап, әлi күнге дейiн жұмыс iстеп келеді. Бірінші зертхананы педагогика ғылымдарының докторы, Ресей бiлiм академиясының академигi В.С.Кузин, екiншiсiн Кеңес одағының халық суретшiсi, академик Б.Неменский басқарады. Зертханаларда балалар суреттерiн зерттеп жүрген атақты ғалымдар мен тәжiрибелi әдiскерлер еңбек етедi. Алға қойған мақсаттары – бәсекелестiк негiзiнде бейнелеу өнерiн оқытуға байланысты жаңа оқыту әдiстемесiн дайындау, оны ғылыми негiзде дәлелдеп, түрлi оқулықтар, оқу-әдiстемелiк нұсқаулар мен оқу бағдарламаларын құрастыру, арнайы бөлінген мектептерде тәжiрибелер өткiзу арқылы министрлiктiң қолдауымен оқу процесіне қолданысқа енгiзу. Осындай мәселенi қолға алу мақсатында біздің «Жас суретші» зертханамыз жұмыс істеп жатыр.

Бейнелеу өнерi сабағын бастауыш сыныптарда оқытудың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Егемендiк алғаннан бастап, бейнелеу өнерiн орта мектептерде оқытуға арналып жазылған жаңа буын оқулықтар басылып шықты. Бұл оқулықтардағы берiлген тапсырмалардың көпшілігін балалар көшiрiп салу жолымен орындайды. Қазіргі таңда біз балалардың өздері ойлап шешім жасай алатын тұлға етіп тәрбиелеуіміз қажет екенін ескеретін болсақ, бұндай тапсырмалар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуғак ері әсер береді. Оқушыларға арналған арнайы жұмыс дәптерлерiнде мысалы, затқа қарап салу тапсырмаларын 4 түрлi кезең арқылы салу және оны қандай бояу түрлерiмен бояу қажет екендiгiн көрсететiн бейнелеу жолдары ұсынылған. Осы көрсетiлген тапсырмаларды орындаған оқушылардың жұмыстарына талдау жасау барысында, сыныптағы оқушылардың көпшiлiгi тапсырмаларды ешқандай ойланбастан, қалай болса солай, сол қалпында көшiре салатынын аңғардық. Бұның негізгі себебi, 4 түрлі кезеңмен салудың жолдарын оқушылар не үшiн қолдану керектiгiн толық түсiнбеуінен. Сурет салу кезінде оқушылар қосымша сызықтарды қолдану арқылы бейнелеуді толық білмейді. Қосымша сызықтарды қолдану заңдылықтарын балаларға тек сабақ жүргiзушi мұғалiм ғана түсiндіре алады, мысалы, тақтаға жаңа тапсырманы орындау жолдарын мұқият түсiндiру барысында. Оқушының сурет салуға қызығушылығын оятуда, кейбiр балаларға дайын суреттен қарап көшiрiп салудың да тигiзетiн пайдасы бар екенін Ресей ғалымдары дәлелдеген. Көшіріп салу әдісін үнемі қолдануды әдетке айналдырса, баланың қиялы, ойлауы, еске түсiру процестерi және жеке даралық қабiлеттерi дамымай тежелiп қалатын көрінеді. Белгiлi балалар суреттерiн зерттеушi орыс психологы Е.И.Игнатьев балалардың көшiрiп салуға дағдылануын зерттеу нәтижесінде мынадай қортындыға келген. «Егерде орта мектепте балаларға сурет салуды үйрету тек көшiрiп салу жолымен жүргiзілетiн болса, онда балалардың жалпы қабiлетi бастапқы мектепке келгендегi деңгейiнде қалып, жоғары көтерiлмейтiнiн анықтаған». /2 /

Бұл жерде басты ескеретiн мәселе, ол бейнелеу өнерi сабағындағы тапсырмаларды орындау, басқа оқитын пәндерге қарағанда шығармашылықпен жүзеге асырылатынын және сабақты жүргізудегі қолданатын оқыту әдiстемесi айрықша болатынын түсiну. Сурет салуды жетілдіруде маңызды мәселенің бірі, сыныптағы оқушылардың қабiлетiне қарай тапсырма құрастыру, бiз қазiргi оқулықтарда арнайы көркем өнер мектептерiнiң өнерге бейiмi бар балаларына арналған күрделі тапсырмаларын оқулыққа енгіздік, бұдан тапсырмалардың бірізділігі бұзылды және күрделендiрілдi. Осындай мәселелердi жаңа оқулық дайындау барысында қайталамас үшiн, авторлар оқу құралындағы тапсырмаларды балалардың жас ерекшелiктерiне байланыстыра білуі қажет. Мектеп мұғалiмi балалардың сурет салу қабiлеттерiнiң ғылыми негiздерiн түсiнiп, баланың салған суретiн бағалау кезiнде оның табиғи мүмкiншiлiгiн ескерiп, әрбiр салған баланың суретiн шығармашылық туынды ретiнде қарауын басты назарда алуы ең негізгі талап болып саналады. Әрбiр сыныпта өтiлетiн бейнелеу өнерi пәнiндегi затқа қарап салу, тақырыпқа байланысты композиция орындау, сәндiк сурет сабақтарында берiлетiн тапсырмалар, бiр-бiрiмен өзара байланыста болуы басты шарт. Осындай талаптарды жоғары деңгейде орындау пән мұғаліміне тікелей байланысты. Қазіргі ұлттық білім беру жүйесіне қойылып отырған мәселелерді айқындау мақсатында сәуір айының соңында Астана қаласында 2008 жылы ашылған эстетикалық бағыттағы түңғыш №61 орта мектепте Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қалалық Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірлесе отырып «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасы-Қазақстандағы көркем білім беруді жетілдірудің негізі» атты тақырыпта Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткіздік.

Конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхананың меңгерушісі С.Ә.Аманжолов және №61 орта мектептің директоры, суретші-ұстаз Ұ.Н.Арқабаева ұйымдастырды.

Конференцияға Астана қаласының Білім басқармасының бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің әдіскері Асаинова Н, Астана қалалық Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының жетекші маманы Дүйсенбинова Б.С., Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, З.Ш.Айдарова, Қазіргі заман мұражайының қызметкері, Бейнелеу өнері және сызу магистрі П.Сүйіндікова, Технология және бизнес колледжінің оқытушысы А. Жантілесова, Бейнелеу өнері кафедрасының профессоры, ҚР еңбегі сіңген білім қызметкері, ҚСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі И.Ш.Ачилов, доцент, п.ғ.к. Т.К.Самұратова, аға оқытушылар Г.А.Байтышев, Ш.І.Пірімбаев, Астана қаласының №63 орта мектебінің бейнелеу өнері, сызу және технология сабақтарының мұғалімі А.Х.Байделдинов, Астана қаласының №37 орта мектебінің бейнелеу өнері, сызу және технология сабақтарының мұғалімі Қ.Әбжаппаров, № 61 орта мектептің мұғалімдері: Е.К.Түсіпханов, М.М.Ахметжанов, Л.И.Малгаджарова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 2 курс магистранты Ұ.Мамбетова, 1 курс магистранттары Амандық Т., Якубова М. және Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 1 курс студенттері Габбасова С., Жумагереев А., О.Есентай, 2 курс студенттері К.Буянжорғал, Д.Рамазанова, Е.Жолдас, Самосеевич М., А.Адай, 3 курс студенттері: С.,Әбілқайыр, Мухажанов Б., Г.Сымағұл, 4 курс студенттері: Жалын Буырхан, Ахметжанова А., Касимова К., және 6,8,10 сынып оқушылары қатысты. Конференцияның ерекшелігі сол, бұнда алғаш рет ғалымдар, мектеп ұстаздары, магистранттар, студенттер мен мектеп оқушылары бір деңгейде қатысып, өз ойларын еркін жеткізе білді және Кеңес одағынан келе жатырған қалыптасып қалған әдет, мінбеге шығып ешкімге қажетсіз тақырыпта баяндама жасап, жұрттың ұйқысын келтіретін дәстүр өзгертілді. Конференцияда орта мектептердің ұстаздары қолданып жүрген авторлық оқытудың жаңа технологиялары, білім сапасын көтеруге байланысты ғалымдардың пікірлері кеңінен тыңдалды. Ғалымдар қазіргі білім беру саласына қойылып отырған талаптарға байланысты мәселелердің ғылыми негіздеріне тоқталса, мектеп ұстаздары оқу процесін ұйымдастырудағы жаңа бағыттары мен бейнелеу өнері, сызу, технология және дизайн мұғалімдерін дайындау қажеттігі туралы ойларын ортаға салды. Магистранттардың көтерген ойлары негізінен бейнелеу өнерін оқытудың жаңа педагогикалық технологияларына, қазіргі технология, дизайн сабақтарын өткізуде бейнелеу өнері сабағының мұғалімдеріне қойылатын талаптарға байланысты болды. Студенттер қазіргі мектепте өтілетін үздіксіз практикаларды ұйымдастырудың тиімді жолдары жайлы сөз көтерді. Мектеп оқушылары болса, жоғары сыныптарда бейнелеу өнерін оқытуды жалғастыру қажет екендігі жайлы ойларымен бөлісті.

Конференция соңында студенттер мен мектеп оқушыларының шығармашылық көрмесі ашылды, «Жас суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертхананың жоспары және орындайтын жұмысымен және сол мектепте жұмыс істеп жатырған кәсіби суретші Г.Телғозиеваның жеке шеберханасымен, сурет, кескіндеме, мүсін үйірмелеріне арналған шеберханалармен танысты. Конференцияда көтерілген мәселелер бойынша қаулы қабылданды. Қатысқан ғалымдар мен оқытушылар бейнелеу өнеріне байланысты осындай конференцияны дәстүрлі түрде өткізіп тұруға осы білім ордасын ұсынды.

Орта мектептегi бейнелеу өнерi пәнiнiң мұғалiмi, әсіресе ұлттық мектептің мұғалімі өте жауапты және маңызды міндеттерді атқарушы. Пән мұғалiмi сурет салуды үйретумен қатар, халқымыздың ұлттық шығармашылық туындыларын талдай бiлудi, сол арқылы балалардың көркемдiк талғамын, ұлтжандылық сезімін қалыптастырады. Күндегi өмiрде ұлттық өнеріміздің қол өнер туындыларын қанша тұрып байқап қарағанмен, кейде ересек адамның өзi, сол тамашалап тұрған өнер туындысының мағанасын өз деңгейiнде толық түсiне алмайды. Өнер туындысын түсінудің маңыздылығы неде деген сұрақ тууы мүмкін. Қазiргi уақытта батыс өнеріне деген жастардың қызығушылығы, бейнелеу өнерiнiң неше түрлi бағыттарына еліктеу етек алып отыр, сондықтан өнер туындыларын дұрыс талдай бiле отырып оған баға беру, ол өмiр талабы.

Дамыған 50 елдiң қатарындағы елдермен бiрге iргелi ел болуға, ұлт болып қалуымызға, мемлекеттiк тiлдi, халқымыздың тарихын, мәдениетiн, өнерiн бiлетiн, қазақтың жанын ұға алатын, елiнiң саясатынан хабардар өз саласының бәсекеге төтеп бере алатын нағыз маманын дайындау қазiргi елбасымыздың өнер, білім салаларына қойып отырған негізгі талабы. Ендеше осы қойылып отырған міндеттерді шешуде балаларды өнермен сусындататын бейнелеу өнерi пәнi мұғалiмдерiнiң ғылыми, оқу-әдістемелік бiлiмі мен кәсiптiк деңгейлерi өте жоғары болуы басты шарт. Міне осы талаптарды атқаруда «Жас суретші» зертханасы айтарлықтай өз үлесін қосады деп ойлаймын, әрине оған барлығымыз жұмылып қызмет істеуіміз қажет.


Қолданылған әдебиеттер

  1. С.Ә.Аманжолов. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. ЕҰУ, -2010. 320б.

  2. Игнатьев Е.И. Психологияи зобразительной деятельности детей. М.-1961



З.Ш. Айдарова

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА

жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТӘРБИЕ БЕРУДЕ МӘДЕНИ

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беретiн мектептерi тұжырым­дама­сында: «Жалпы бiлiм беретiн мектептiң мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу және әрбiр шәкiрттi тұлға деп санау, оның жан-жақты дамуына мүмкiншiлiк жасау» – деп көрсеткен.

Қазақстандық бiлiм берудiң ұлттық моделi әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, көп деңгейлi әрi үздiксiз бiлiм беру сипаттарымен ерекшеленбек. Қазақ халқының мәдениетi мен өнерi, қазақ жерiнде тұратын өзге халықтар өнерi мен мәдениетiнiң бiрлiгi ұлттық өзiндiк сананың дұрыс қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Сонымен қатар, ол өзiне ең жақсысын, әлемдiк көркем мәдениеттiң озығын, өскелең ұрпақтың оқуы мен тәрбиесiндегi әлемдiк тәжiрибесiндегi оң жетiстiктерiн өзiне алуы тиiс.

Білім және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы (БМБҰҰ) шешiмi бойынша «Бiлiм беру, ең алдымен сананы дамытудың факторы болуы қажет деп көрсетiлген. Адам өмiрiне қажеттi мақсатты құрастыратын моральдық, рухани, эстетикалық байлықтар ең алдымен ескерілуі тиiс. Осы байлықтардың iшiнде адамның абыройы, жақынына сүйiспеншiлiгi, табиғатпен үйлесiмдiлiгi әрбiр жаңа дәуiрде дамып, жаңаруы және iске асырылуы қажет»,– деп көрсетiлген. Сондықтан көзделген мақсатты iске асыруда гуманитарлық бiлiм маңызды роль атқарады. Мектептегi бiлiм беру үрдiсiн гуманизациялауға байланысты ғалым М.Ж. Жадрина былай деп жазады: «Қазiргi заманның басты мәселесi адамдық тұлғаны сақтап қалу болып табылады. Қоғамдағы өнегелiлiк тәрбиенiң былыққа батуы, тұлғаның мәдениеттен, бiлiмнен жат болып кетуi ақыл-парасаттың және жалпыадамзаттық қызығушылығынан пайда табу жолының биiк тұруы, адам үстiнен және оның рухани құндылықтарынан техниканың үстемдiк етуi, бiлiм беру аймағының адамға оның тұлға ретiнде туылуына әсер етуiн төмендеттi. Бұл тығырықтан шығудың жолы, бiлiм берудiң ғылыми, технократтық моделiнен, мәдени модельге бағытталып, бiлiм беру үрдiсiн гуманизациялауға яғни iзгiлендiруге ерекше көңiл бөлу қажет».

Ұлттық мәдениетiмiздi танып бiлуге, оны бағалауға Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев пiкiрлерi тұжырымдамалық негiз болып табылады. Ал М.О. Әуезов, Е.Б. Бекмаханов, М. Ғабдуллин, С.А. Қасқабасов, Ә. Марғұлан, Б.Р. Қазыханова, Б. Байжiгiтов, Н. Сәрсенбаев және т.б. зерттеушi ғалымдар еңбектерiнде бұл мәселелер одан әрi дамытылды.

Ерте кезде қол өнер кәсiпшiлiгiнде шеберлiк өнерi шеберден оқушыға, көбiнесе күнделiктi тiршiлiктегi iс-әрекеттер арқылы әкеден балаға тiкелей ауысып отырған. Ендiгi жерде керiсiнше – адамға жаңа өндiрiс сипатына тез бағытталып, жаңа бiлiктiлiктер мен дағдыларды жылдам үйренiп, әрдайым жаңа технологияны меңгерiп, жаңа ақпараттық заман көшiне iлесу қажет. Сондықтан адамның «көзi, миы, қолы» бiргелiкте, мiндеттi түрде қозғалыста және үйлесiмдi түрде дамуы қажет. Оқушының қандай кәсiптi меңгеруi алдын-ала мәлiм емес, бiрақ оны ерте кезден яғни мектепке дейiнгi жастан бастап шығармашылық әрекеттерге дайындау қажет, өйтпеген жағдайда көру мен саусақтар қимылының даму қабiлетi төмендейдi, ол қанша жерден зерделi де ынталы болғанымен бәрi бiр кез-келген iсте өз мүмкiндiгiн толық игере алмайды.

Ежелден бастап-ақ, адамдар жасалған бұйымдарды өздерiнiң күнделiктi қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн ғана емес, сұлулық заңына сай шығармашылықпен айналысуды мақсат етiп қойған. Сәндiк қолданбалы өнердiң тағы бiр саласы адамның өзiн тiкелей безендiрумен, яғни киiм-кешек үлгiлерiн көркемдiкпен орындау және зергерлiк бұйымдар жасаумен байланысты. Сәндiк бейненi бiлдiрудiң мәнi бiр ғана нәрсенi көрсету емес, халық өнерiндегiдей – батырлар, аруларға тән және жалпы түр-тұқым белгiлерiн, туыстық, рулық таңбалардың мағынасын ажыратып, ашады. Көркемдiк талғамның жетiлуiне, әсемдiктi түсiнiп, қабылдауға және оны өз қолымен жасай бiлуге үреткен тәлiмдiк тағылымдар адамзат тарихының барлық кезеңiнде маңызды мәнге ие болып келген.

Кешегi кеңес заманындағы бейнелеу өнерiнiң даму бағыты мен мазмұны, сыртқы формасы, жеткен деңгейi коммунистiк идеология тұрғысынан анықталып келдi. Адамды идеологияның құлы еткен социалистiк қоғамда саясат үшiн жасалынған әртүрлi үлкен көлемдегi көрiктемелер (картиналар) мен мүсiндер мұражай­лардан көрме залдарынан ғана орын алып, халықтың тұрмыстағы қолдануынан шығып кеттi. Бұл адамдардың бейнелеу өнерiн түсiну қабiлетiнiң өсуiн тоқтатып, көркемдiк талғамы мен эстетикалық ләззат алу мүмкiндiгiн төмендеттi. Ендiгi жерде Елiмiздiң тәуелсiз жағдайында мәдениеттану саласы жаңа бағыт алуда.

Республика көлемiнде мәдениет, этномәдениет және ұлттық мәдениет тұрғысында зерттелiп отырған проблема әлi де болса педагогика ғылымында қажеттi деңгейде көрiнiс тапқан жоқ. Бұл мәселе төңiрегiнде ғалым зерттеушілердің А. Сейдiмбек, С.Қ. Қалиев, Қ. Жарықбаев, М.Х. Балтабаев, С.А. Ұзақбаева, С. Қазыбаевалар­дың ғылыми еңбектерiнде айтылған.

Көшпелілер мәдениетiнiң ерекшелiктерi жайында А.Х. Марғұлан былай деп жазады: «Мәдени дамудың хронологиялық бiрiздiлiгi ғимараттық құрылыс типтерi мен мәдениетiндегi бiр-бiрiнен айырмашылығы бар әртүрлi уақыттағы ескерткiштерде дәлелдендi. Мәдени дамудың бiрiздiлiгi андронов мәдениетiнiң ескерткiштерiнде, мысалы, Орталық және Солтүстiк-Шығыс Қазақстанның барлық территорияларында кездесетiн ертедегi және кейiнгi андрондарда өте айқын көрiнедi». Сондай-ақ А.Х. Марғұланның «Қазақтың сәндiк қолданбалы өнерi» атты құнды еңбектері және М.С. Мұханов­тың «Казахские домашние худо­жественные ремесла» атты зерттеу еңбектерi арқылы қазақ халқының мәдени мұрасының қазынасын толықтырып қана қоймай, ұлттық өнер тарихын зерттеуге мол үлесін қосты.

Ғасырлар бойы бірнеше зұлматты басынан кешірген қазақ халқы бүгінгі күнге дейін ұлттық киімдерін сақтап қала алды. Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнеріндегі ұлттық киім кешектердің сәнділігімен бірге табиғи-материалдық құндылығы да ерекше. Қазақтардың киімдері үшін негізгі материал мақта-мата мен жүн маталар, былғары, тері, елтірі пайдаланылды. Ұлттық киімдерде көшпелі тұрмыстық, атақ-шен және жастық жағынан иерархиялық сатылар, эстетикалық талғам ерекшеліктері көрініс тапты. Бірақ, еуропалық киім үлгілеріне еліктеу басымдылығы табиғи шикізаттан дайындалған сәнді де құнды ұлттық киімге деген көзқарасты өзгертуге алып келді. Осы орайда жазушы Антуан де Сент-Экзюпери ұлттық киiм ерекшелiктеріне байланысты «Кiшкентай ханзада» атты кiтабында ханзаданың Б-612 деп аталатын басқа планетадан келгенiн, ол планетаны алғаш рет түрiк астраномы ашқанын былай деп суреттейдi. «Астроном өзiнiң ашқан ғажайып жаңалығы жайлы Халықаралық астрономиялық конгрессте баяндады. Бiрақ оған ешкiм сенбедi, оның бар себебi, ол түрiктiң ұлттық киiмiн киiп, баяндама жасаған болатын. 1920 жылы сол астроном европалық ең соңғы модаға сай киiм киiп баяндама жасағанда бәрi онымен келiстi. Үлкендер осындай халық!» [18,378].

Қазiргi Қазақстан мен Орта Азия территориясындағы ертедегi тайпалар өмiрiн бейнелейтiн, тасқа қашап жазған құнды, деректi суреттер мен жазулар жиi кездеседi. Бұл сияқты тастарға қашалған жабайы аңдар, хайуа­наттар, адам бейнелерi, аңшылық, садақ тарту, желектi найза ұстау, жыртқыштан қорғану, ертедегi адамдардың киелi түсiнiктерi, әдет-ғұрыптары мен дәстүр көрiнiстерi аң аулап, мал баққан ертедегi тайпалардың тұңғыш жазуы болып табылады. Бұл ертедегi сурет жазуы немесе пиктографиялық жазу.

«Байырғы көшпеліліердің өмір салты дүниеге әкелген мал құлағына ен салу, малдың санына күйдіріп таңба басу, әр рудың өзіндік таңбасының болуы, тіптен денелеріне қара күйе сіңіру арқылы таңба салу сияқты қасиеттер ең алдымен белгі берушілік, хабар білдірушілік, ажыратушылық міндет атқарған» [13,324]. Мұндай тiршiлiк етудiң көпғасырлық ерекше ритмi жайлы халықтың тiлi мен көркем шығармаларында әлi күнге дейiн жаңғыруда. Қазақтардың эпос, фольклор, ән, әуен, би, сәндiк өнерi мен бейнелеу өнерi, сәулет өнерi – бәрi де өзiнде үзiлiссiз қозғалыс пен орын ауыстыруды және олардың кеңiстiк пен уақытқа деген өзiне тән ерекше қатынасын таңба етiп қалдырды.

Мәдени мұраларға қатысты өткенімізге ой салсақ, Майқы биден тараған Көркембек деген елге аты шыққан тас қашау өнерiнiң шеберi болған. Бұл жайлы ХVIII ғасырда өмiр сүрген, бiлiм мен өнер iздеп Бағдат, Мысыр, Рум, Шам т.б шаһарларды кезiп оқыған Қазыбек бек Тауасарұлы өз еңбегiнде құнды-құнды мәлiметтер жазып қалдырған. Әулиеата маңында бүтiн тастардан бедерлеп, үш тас сарай қашап салған. Қолымен тасқа нақыш ойып, бүгiнгi күнге жеткiзген Көркембек, Қожахмет сағанасын тұрғызған шеберлердей өз есiмiн ойып жазбаса да Қазақ тарихының куәсiндей бiзге де жеттi. Сурет, кескiндеме, графика өнерiнен эстетикалық ләззат алған Қазыбек бек өзi сурет сала алмаса да көргенiне риза болып былай деп жазады: «Екi жылдың iшiнде сәулет өнерiнен де, әуез өнерiнен де ұстаз жалдап оқыдым... Мен тек Рафайiл, Тидзиан, Леонардо да Винчи, Микеланджело Симони сияқты кереметтердiң өнерiне сүйсiнумен ғана шектелдiм». Дүниеге келген әрбiр жаңалық сол күйiнде қатып қалмайты­нын ойға алсақ, ертедегi сурет жазуы да сол пайда болған күйiнде қалып қойған жоқ, ол өмiрге икемделiп өзгерiп, өрiстей түстi. Осы жазудың негiзiнде ұғымды бiлдiретiн жазу, символикалық немесе идеографиялық жазу пайда болды. Ертедегi сурет жазуларымен қабаттаса келетiн ай мен күн, алуан таңба нұсқалары, рулық таңба белгiлерi және бұлардың соңын ала бiраз кейiнiрек замандағы өрнектi пiшiнмен оюлап салынған бейнелi суреттердi де идеографиялық жазуға қосамыз.

«Аң» стилiндегi мотивтер қазақ өнерiнiң дамуындағы барлық кезеңдерге сiңген дәстүр болып саналады. Жұмбақ сиқырлы сыр немесе дiни дәстүрлер емес, сезiмдiк-практикалық әрекет, бiлiм мен ұғымдар тәжiрибесi көшпелiлердiң жартасқа салған суреттердегi анималистiк өнерiнде тiрiледi. Белгiлi оғыз эпосы «Қорқыт кiтабында» Салор-Қазан жылқы мен түйе баққан малшыларды, иттердi қорқытқан қасқырға: «қараңғы түнек басқан сәтте сен үшiн күн шығады; қар мен жаңбыр жауса да сен батыр сияқты қасқайып тұрарсың». Адам – құшақ жетпес әлемнiң орта шенi, ол жоғалып кететiн кiшкентай ғана нүкте емес, бiрден құшағың жетпейтiн кеңiстiгi, ұшы-қиыры жоқ шексiз даласы мәңгi көк аспан сияқты сондай құшақ жетпес, күштi. «Мен – күштiмiн, мен ғана тағдырды өзгерте аламын, далада туғандардың – күшi де мықты» – дейдi тау мен дала баласы көшпелi Энкиду. Адамзат мәдениетi тарихының жарқын беттерiнен яғни ерекше скифтiк стильден палеолит, мезолит және неолит дәуiрлерiндегi алғашқы қауым өнерiндегi аң стилдерiн көремiз. Әлемді шығармашылықпен қайта өзгерту адамзат әрекетінің басты мақсаты. Көркемдік танымның өзі – көзге көрінетін және сезілетін әлемге алып келетін ашық жүйе болып табылады.

Профессор М.Х. Балтабаевтiң еңбегiнде Қазақ мәдениетiнiң даму процесiндегi дәстүрлер мен сабақтастық проблемасы жете зерттелген. Ғалым ұсынған жүйелi принцип ұлттық мәдениеттi көп өлшемдi және көп деңгейлi сипаттағы бiрлiк ретiнде және концеп­туалды объект ретiнде қарастырады. Қазақ мәдениетiнiң оның iшiнде көркем мәдениетiнiң дамуына талдау жасай отырып ғалым этномәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтардың кiрiгу процесi мен деңгейiн мәдени мұра ретiнде анықтайды. Олардың жетiстiк жақтары мен терiс жақтарын аша отырып мәдени интеграция­лау­дың керi факторларына талдау жасайды: «Қазақ халқының ұлттық мәдениетiнiң ассимиляциялануы яғни бiр халықтың екiншi халық­қа сiңiсiп кетуi; оның қалаулы iрiктелген топқа және жалпы қалың халықтыққа бөлiнуi; евроцентристiк құндылықтарды пайдалану­дың үстемдiгi болып отыр».

А. Сейдiмбек өзiнiң зерттеу еңбектерiнде кеңес одағы аясында­ғы мәдениеттануда 60-70 жылдардан бастап аксиологиялық және дезаксиоло­гия­лық көзқарастардың бел алуын яғни, жеке адамнан бастап тұтас қоғамға дейiн «мәдениеттi» немесе «мәдениетсiз» деп қарабайыр бөлiкке бөле салу үрдiсi сол кездегi үстемдiк құрған империялық-социалистiк идеологияның пиғыл болмысы екендiгiн ашық айтады. «Жұмыр жердiң бетiндегi жалпыадамзаттық мәнi бар этикалық қалыптарды (норма), моральдық қасиеттердi, рухани мұраларды бағалау тұрсын, тұтас бiр елдiң талғам түсiнiгi еш уақытта бедел бола алмайды. Нағыз ұлт болып қалыптасқан елдiң өмiр салтынан бастап, рухани болмысына дейiн төлтума қасиетiмен дараланады. Яғни, нағыз мәдениет ешкiмдi қайталамайды, ешкiмге елiктемейдi. Елiктеудiң шын аты қайталау. Рухани сұғанақ (плагиат) болған ел, бiрiншiден, өзiнiң болашағынан айрылса, екiншiден, өзгенiң асылын малшылайды» – деп жазады өз еңбегінде.

С.А. Ұзақбаева «Мәдениет», «этномәдениет» және «ұлттық мәдениет» ұғымдарының ара қатынасын айқындауда этникалық мәдениет – бұл халықтың тыныс-тiршiлiгi үрдiсiндегi ерекшелiк­тердi сақтаушы ең бiрiншi негiз, төл, бастау, мұны жоғалтқан, ұмытқан халық «өз келбетiн» өзге этностан ерекшелiгiн жоғалтады»,– деп тұжырым жасайды. Өнертану мәселелерi бойынша Ә. Марғұлан, Н. Нұрмұхамбетов, К. Мұратаев, Қ. Телжанов, және т.б. ғалымдардың ғылыми зерттеу еңбектерінде кеңiнен қарастырылады.
Мектепте бiлiм берудi жетiлдiрудiң негiзгi бағыттары мәселесiн қарастыруда ғалым А. Қ. Құсайынов былай деп жазады: «ХХ ғасырда қоғамдық өмiрдiң барлық саласының негiзiнде «Ғылым – өндiрiс – бiлiм» макромоделiнiң болғаны белгiлi. Мәдени саладағыдай, бiлiм беруге деген жаңа қатынас және онымен байланыста туындаған бiлiм берудiң жаңа парадигмалары «мәдениет – бiлiм – тарих» бiрлiгiне негiзделген жаңа мәдени макромодельдi енгiзуге жол ашты». Мұның бәрi бiлiм жүйесiнде оның жаңа гуманитарлық парадигмасын қалыптастыруға алып келедi. Жалпы бiлiм беретiн мектепте бүгiн бiз графикалық сауаттылықты ғана дайындау емес, мәдениетті тұлға дайындауға мiндеттiмiз. Бүгiнгi бiздiң жаңа қоғамның даму деңгейiнде қарапайым сауаттылықпен шектеле алмаймыз. Өйтпегенде, өнер құндылығын жат қылықтарға алмастырып алу, оның әлеуметтiк-эмоционалды тәжiрибесiн сабақтан тыс шеттетiп, мектептегi оқыс жағдайларға алып келедi.

Қазiргi замандағы индивидттiң өзбеттiлiгi, субъективтiлiгiнiң басымдылы­ғы бiлiмнiң жалпымәдени фундаментiн, негiзiн бекiтуiн, әртүрлi әлеуметтiк, экологиялық және т.б. мiндеттер мен шындықты саналы жағымды-мақсатқа айналдыруды шешу үшiн өзiнiң дербес күшiн iске қосу бiлiктiлiгiн дамытуын талап етедi. Жаңа заман талабына сай, нұсқауды күтпейтiн, бiрден жобалық-конструктивтiк және рухани-дербес тәжiрибемен өмiрге араласып, кiрiсiп кететiн шығармашылық тұрғыдан қалыптасқан маман қажет болады, қазiргi таңдағы теориялық бiлiм беру бұл қызметке «бейiмделмеген». Бұған мысал, бiрiншi кезекте жаңа ұрпақты әлеуметтiк мәдени өркендеудегi сабақтастықты қамтамасыз ететiн тәжiрибенiң негiзгi түрлерiнiң жиынтығы идеясының көрiнiсi iске асырылатын бiлiм мазмұнының культурологиялық моделi. Бiлiмдiк теориялық бiлiм беру парадигмасы шегiнен шығуға ұмтылыс, бiлiм мазмұнын сандық емес сапалық қатынаста кеңейту бұрыннан қолға алынып келе жатқан мәселелердiң бiрi.

Бейнелеу өнерінде мектеп оқушылары қажетті білім, білік, дағдыларды меңгерумен қатар, кейбір ерекше қасиеттерді қалыптастыруды тиіс, Оларға ең алдымен нақты өмір құбылыстарын бақылауда көре білу, «қырағы көзге» ие болу, оларға белсене және қызыға жауап қату жатады. Бейнелеу өнері шығармалары тек бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге олар белгілі бір мазмұндық ойды, түрлі сезімді, дүниетанымды білдіреді. Бейнелеу өнерінде не бейнеленгені ғана маңызды болып қоймайды, мұның қалай, қандай көркемдік құралдармен бейнеленгені де маңызды мәнге ие. Бұл композиция, сурет, пластикалық форма, калорит, жарық пен көлеңке, салу мәнері және т.б. мәнерлеу құралдарын қамтиды.

Бейнелеу өнерінің заңдылықтарына (композиция, сурет, пластикалық форма, калорит, жарық пен көлеңке, салу мәнері және т.б. мәнерлеу құралдары) педагогикалық ұстанымдардың қатарына мәдениет диалогы ұстанымы да жатады. Мәдениет диалогы ұстанымын оқыту мазмұнына ендіру дегеніміз – бағдарлама мазмұнын өз елiнiң мәдениетi мен өнерiнен бастау алатын жалпыадамзаттық көркем мәдениетке қарай жетелеу.

Мектеп оқушыларына жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйене отырып гуманистiк тәрбие беру бүгiнгi күннiң басты мiндетi болып отыр. Адамзаттық құндылық мәселелерiн алдыңғы қатарға шығарудың жаңа дүниетанымы рухани мәдениет пен өнегелiлiктi қайта құрумен сипатталады. Құндылық дегенiмiз «қоршаған орта объектiлерiн олардың адам және қоғам үшiн жағымды және керi мағынасын (қоғам өмiрiндегi және табиғат құбылыстарында бекiтiлген игiлiк, қайырымдылық пен зұлымдық, әсемдiк пен ұсқынсыздықты) айқындайтын арнайы әлеуметтiк анықтама. Субъектiге қатысты құндылық, оның қызығушылығының объектiсi ретiнде қызмет етедi, ал оның санасы үшiн қоршаған ортадағы бұйымдар мен құбылыстарға практикалық қатынасын бiлдiру, заттық және әлеуметтiк болмыстағы күнделiктi бағдар ролiн атқарады.

Эстетикалық құндылық тек құбылыстарды ғана сипаттаумен шектелмейтiн сондай-ақ оларға баға берiп, оларды қоштайтын немесе сынайтын, олардың жүзеге асуын немесе жойылуын талап ететiн және осыған орай өзiнiң сипатына сай нормативтi бола алатын қоғамдық сана формасы ретiнде де (әдiлдiк пен әдiлетсiздiкте) көрiне алады. «Құндылық» ұғымы философияда, социологияда және педагогикада ең негiзгi ұғымдардың бiрi болып табылады. Жалпы адамзаттық құндылықтар iшiнен озық ойшылдар, философтар және педагогтар адам құқығын, еркiндiгi мен оларға сай келетiн оның тәрбиесi мен бiлiмiн әркез бiрiншi орынға қойған. Халықтың өмiрiнде жалпыадамзаттық құндылықтарды бекiтуде қоғамның тарихи дамуында заңды нәтижелер бар. Адам құқығының өнегелi күшi басқа жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты мыңжылдықтар бойына жинақталып, адам мiнез-құлқының негiзгi мотивациясы мен реттеушiсi қызметiн атқарды. Сонымен қатар әрбiр халықта бұл үрдiс мәдени қатынаста өз көрiнiсiн тауып, тұлғаны әлеуметтендiру жолына қатысы бар өзiнiң ұлттық ерекшелiктерiне, дәстүрiне ие болды.

«Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл әртүрлi халықтардың, әртүрлi дiндердiң, әртүрлi кезеңдердiң рухани мақсатын жақындастырып, туыстырады. Олар сол себептi де жалпыадамзаттық деп аталып ХХ ғасырдың аяғында адам құқығы жайлы Бiрiккен ұлттар ұйымының ООН құжатында өз көрiнiсiн тапты. Жалпыадамзаттық – бұл әрбiр адам, оның еркiндiгi мен адамдық деген ажырамас та пәк кiршiксiз құқығы. Тұлға құндылығы – жалпыадамзаттың рухани негiзi».

Бейнелеу өнерi сабақтарында оқушылар жан-жақты бiлiм, бiлiктiлiктi меңгередi, көне мәдени тарих, сәулет өнерi, табиғат әсемдiгi мен құбылыстары мен әртүрлi халықтардың сәндiк қолданбалы өнерiнiң ұлттық ерекшелiктерге толы өнерi жайлы мағлұматтар алады. Осылайша оқушылар өздерiнiң ата-аналарымен бiрге бейнелеу өнерiнiң қызықты бiлiм мазмұнын бiрнеше жылдар бойы жинақтайды, нәтижесiнде отбасы өмiрiнде де рухани мәдени атмосфера орнайды.

Адамзаттың бүкiл тарихи дамуын, мәдениетiнiң өсу деңгейiн көрсететiн бейнелеу өнерi пәнi қосымша пән ретiнде емес басқа пәндер қатарында, өз деңгейiнде жүргiзiлуi қажет. Мектеп оқушыларының жалпы дамуына, шығармашылық қабiлетiнiң артуына, Көркемдiк-эстетикалық дамуының толық қалыптасуына бейнелеу өнерiнiң қосар үлесi зор.

Қоғамдық сананың көне формасының бiр түрi - өнер. Өнер объективтiк шындықты көркемдiк бейнелер арқылы бейнелеп көрсетедi. Көркемдiк бейне құбылыстарды нақтылы сезiмталдықпен, барынша ерекше, типтiк тұрғыдан ашып көрсетедi. Былайша айтқанда, ол жалпылық пен жекенiң, объективтiк пен субъективтiктiң материалдық және идеялықтың диалектикалық ерекшелiгiнiң бiрлiгi болып табылады. Көркем қыяпат немесе бейне негiзiнде нақтыланған көрініс, сондай-ақ дара, дербес, нақты адам кейiптерi арқылы көпшiлiкке белгiлi, түсiнiктi типтердi, құбылыстарды сомдап, бейнелейдi, жаманнан жирендiрiп, жақсыға елiктетедi. Қазiргi таңда өнегелi-патриоттық тәлiм-тәрбие беру саласына ерекше назар аударыла бастады. бiздiң қоғамның, мәдениетiмiздiң өнегелi тәрбие беру жағының нашарлап, дағдарысқа ұшырауының қазiргi жағдайы жасырын емес. Өнер, танымдық және өзiн-өзi танудың тәсiлi ретiнде, әлем жайлы, ондағы адамның орны жайлы тұтас ұғым қалыптастырушы тәсiл ретiнде қызмет ететiнi баршаға мәлiм.

Мектептегi өнер – бұл бiз соңына дейiн түсiнiп болмаған және өте аз қолданатын тәлiм-тәрбие қаруы, рухани күш. Рухани жiгерсiздiк – бұл адамдағы қызығушылықтық тапшы­лы­ғы, бұл адамдар бойында жағымды қасиеттердiң дамымауын көрсетеді. Жағымды қылықтар критерийлерінiң «ғылыми техникалық ғасырдың» ғылыми интеллект жетiстiктерi­мен араласып, оған сай көзқараста болуына мәдениет, өнермен сусындау едәуiр ықпал етедi. Осы мәселе төңiрегiнде халықаралық «Бөбек» қорының төрайымы С.А. Назарбаева өзiнiң болашақ ұрпақ тағдырына деген ой-толғанысын былай деп жеткiзедi: «Бүгiнде «тiршiлiк көзiн» рухани негiздерден iздегенiмiз абзал. Бұл түсiнiктiң астарында не жатыр? Менiңше, адамның Жаратушыға, адамның табиғатқа және адамның адамға деген қарым-қатынасы терең мағыналы екендiгiн түсiну басты мәселе… Үстiрт берiлген рухани тәрбие адам бойында құлықсыздықты, жауапсыздықты қалыптастырады. «Байлық» пен «кедейлiк» туралы әртүрлi көзқарастың мәнiн тәрбие мен рухани бағыттардан iздеу қажет».

Сонымен қатар, рухани мәдениеттiң ең маңызды элементi тiл. Тiл – бұл адам тәжiрибесiн жинақтап, бiр-бiрiне жалғастырып берiп отыратын мәдениеттiң объективтiк түрi. Екiншi маңызды элементi – оның танымдық-құндылық жүйесi. Құндылық – бұл адамның тiлегiн, қажетiн және мүддесiн қанағаттандыратын зат пен құбылыс сипаты. Құндылық субъектiнiң (адамның) өз қажетiн қоршаған дүние заттарын өзiне сәйкес ұғыну салдарынан қалыптасады» – деп жазады өз еңбегінде Ш. Ибрахим.

Қазiргi жағдайда құлықтылықтың, өнегелi тәрбиенiң құлдырауы, жас­өспiрiмдер арасындағы қылмыстық iстердiң өсу тенденциясы байқалған кезде, мектеп оқушыларына тәлiм-тәрбие беруде мәдени құндылықтар негізінде қалыптасқан көркемдiк-эстетикалық пәндердiң мәнi арта түсуде. Өнер пәндерi рухани мәдени тұлға қалыптастырып, шығармашылық белсендiлiгiн арттыруға, ең бастысы осы пәндер арқылы Отанға деген азаматтық сүйiспеншiлiк сезiмiн, ары мен өнегелi абыройын тәрбиелеуге бағытталған. Жаңа бiлiм бағдарламасында, оқушы ең алдымен отандық мәдениеттi зерделеуге, содан кейiн барып әлемдiк, шетел өнерi мен мәдениетiн зерделеуге бағытталуы әркез ескерілуі қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет