дәріс: Жүрек- қан тамыр аурулары. Гипертония,. Стенокардия, Инсульт, Миокард инфарктісі.Алғашқы дәрігерлік көмек.
Жоспар
Жүрек ауруларының жиі кездесетін түрлері
Артериялық гипертония немесе артериялдық гипертензия
Жүректің ишемиялық ауруы
Миокард инфарктісі, алғашқы дәрігерлік көмек
Стенокардияның белгілері мен симптомдары
Инсульт,белгілері алғашқы дәрігерлік көмек
Қазіргі уақытта жүрек және қан тамырлары ауруы өте жиі кездеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әрбір төртінші ер адам жүрек инфарктынан, әрбір жетіншісі - миға қан құйылуынан қайтыс болады. Сондықтан да бұл аурулар XX ғасыр сырқаты деген атақ алып отыр.
Осы сырқаттардың негізгі себептері, одан сақтану шаралары туралы арнайы газет-журналдар, радио-теледидар арқылы хабарлар беріліп тұрғанымен, халықтың көбі әлі де бұл дерттің алдын алу шараларына мән бермей келеді. Басы ауырып, балтыры сыздағанша, ауру асқынып денені меңдеп алғанша өз денсаулығына көңіл бөлмейтіндер елі де аз емес. Өкінішке орай, бұл кезде асқынған сырқатқа ем қону да қиынға түседі.
Қазіргі уақытта қан тамырлары ауруларының ең жиі кездесетіндері оның жолдарының тарылуынан немесе біржола бітелуінен болатын инфаркт ауруы. Халыққа тарап кеткен ұғымдай, инфаркт тек жүректе ғана емес, бүйректе, көк бауырда, мида, бұлшық еттерде, қан тамыры жүйесінің кез келген жерінде болуы мүмкін. Бірақ солардың ішінде ең жиі кездесетіні және өмірге қауіптісі жүрек инфаркты.
Аурудың пайда болып, бойды жайлауына көп жағдайлар әсер етеді. Ол ішкі және сыртқы ортадағы факторлар, мешкейлік, арақ-шарапқа құмарлық, шылым шегіп никотинмен улану, қимыл-қозгалыстың тапшылығы, физикалық құбылыстар, қоршаған ортаның ластануы, ашу-реніш, қайғы-қасірет, жұқпалы ауруларға жиі шалдығу, тұқым қуалаушылық т. б.
Жүрек-тамыр ауруларының көпшілігі қан айналымының тапшылығына, жетіспеуіне әкеп соғады. Қан айналымы үш кезеңнен тұрады, әрқайсысын дәрігерлер белгілеріне қарай айырып, қажетті ем қолданылады. Адам тіршілігінде жүрек-қан тамырлардың атқаратын ролі ерекше. Бүкіл организм тек сол жүрек соғуының арқасында қажетті қоректік заттармен, оттегімен қамтамасыз етіліп, өндірілген, денеге керексіз заттар шығарылып отырады. Жүрек кенеттен ауруға шалдықса, бүкіл денеде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Адамның бойында әлсіздік, көңілсіздік, құлықсыздық, керенаулық пайда
болады. Жүрек ауруы тез қартайтады, тіпті жүрек ауруының кейбір түрі ажалға душар етеді.
Жүрек аурулары, әр түрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек және қантамыр жүйесі қызметі бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Жүрек ауруларының жиі кездесетін түрлері:ревматизм, гипертония, жүрекақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыр неврозы, миокардинфарктысы, гипотония, т.б. Жүрек ақауы – жүрек қарыншалары мен жүрекшелерінің арасындағы қан өтетін саңылау тарылып, жүрек қызметінің бұзылуы. Мұның туа және жүре пайда болатын түрлері бар. Туа пайда болған жүрек ақауы көбіне ұрықтың дамуы кезінде, жүректің қалыпты жетілмеуінен болады. Жүре пайда болатын жүрек ақауы, негізінен, баспа, мерез, т.б. аурулардың асқынуынан болады. Бұл жағдайда жүректің ішкі қабаты қабынып, қақпақшалар беріштеніп, кішірейіп, жүрекше арасындағы саңылауды толық жаба алмайды. Сондықтан қарынша жиырылғанда қан жүрекшеге қайта құйылып, оны кернеп әлсіретеді. Қан айналысы бұзылып, жүрек қызметі нашарлайды. Адам алғашқы кезде ауруын сезбейді. Ауру асқынған кезде науқас ентігеді, жүрегі қағып, шаншып, қан айналысы төмендейді, қол-аяғы ісінеді. Жүрек және қан тамыр неврозы – жүрек және қантамыр жүйесі қызметінің бұзылуы мен зақымдануы. Бұлар үш топқа бөлінеді. Бірінші тобы – жалпы невроз (неврастения, истерия, т.б.). Бұл кезде жүректің соғуы бұзылады. Клиникалық белгісі: адамның беті қызарады, сұрланады, басы ауырады. Екінші тобы – гипертония, гипотония аурулары. Бұл аурулар мидың жүрек пен қан тамырының жұмысын реттейтін жүйке орталығы қызметінің бұзылуынан, сондай-ақ, ми қыртысының ауруға шалдығуынан пайда болады. Үшінші тобына вегетативтік жүйке жүйесін зақымдап, кейін ми қыртысына таралатын жүйке аурулары жатады. Ауру көбіне адамның жеке органдарында дамып, кейін жұлын және симпатикалық жүйке жүйесінің басты бөлімдеріне таралады. Бұған Меньер, Рейно аурулары, Вольфра– Паркинсон – Уайт синдромы, бас сақинасы, стенокардия, жүрек аритмиясы, жүрек тосқауылдары, т.б. жатады. Бұлардан басқа да Жүрек Аурулары бар. Мысалы, Жүрек демікпесі; қ. Демікпе.
Жүрек пен қантамырлар жүйесінің аурулары әр түрлі жағдайларға байланысты.
Бұлшықеттерге ауыр күш түсіретін жұмыстар - жүрек бұлшықеттеріне зақым келтіріп, жиырылу әрекетін төмендетеді. Жүрек бұлшықетін қанмен жабдықтайтын қантамырларды қанқатпа бітеліп, оттегі мен қоректік заттарды тасуға кедергі жасайды.
Өте қауіпті жұқпалы ауруды қоздырушылардың бөлетін уы қанмен жүрекке жетіп, жүрек бұлшықеттерін зақымдайды.
Қалқанша без гормонының не аз, не көп бөлінуі ырғақты жиырылуды бұзады.
Жүрек қақпақшалары бактериялармен зақымданғанда жабылмай, жүрек жиырылғанда қанның кері ағуына әсер етеді. Жүрек - қантамырлары аурулары жүйке жүйесіне де байланысты.
Қазіргі кезде өте жиі кездесетін аурудың бірі - жүрек инфаркті, дәлірек айтсақ миокард инфаркті дедік. Бұл жүрек қан тамырларының бір бөлігінің ұйыған қанмен бітелуі не кенет түйілу салдарынан жүрек бұлшық етінің, не тканінің бір бөлігінің өлуі. Жүрек қан тамырларының кенет тарылуы, не склероз болып өзгерген тамырдың тығындалуы, оны қоршаған кішкене тамырлардың шамасының келмеуі осындай қайғыға әкеп соғады. Бұл неліктен болатын жағдай? Оған итермелейтін күш көп. Мәселен, көптен елемей келген қанның қысымы, қан ұюының жоғарылауы, ашу-ыза, реніш, қатты назалану, шамадан тыс ауыр жұмыс, алкоголь мен никотин улары. Инфаркт өзінің зақымдаған шеңберіне, бүлінген тамырдың кеңдігіне, арнасына қарай әр түрлі болады. Жансыз ошақ кең жайылып, үлкен болады немесе көлемі орташа, ал тагы бірде көзге әрең көрінетін микроинфаркт болады.