Ревматизмдік аурулар — деп дәнекер тіннің жүйелі зақымдануымен сипатталатын, клиникада буындар синдромымен (буындардың ауырып ісінуімен) байқалатын сырқаттарды айтады. Қазіргі уақытта осы топта сексеннен артық аурулар бар. Ревматизмдік аурулардың жеке патология есебінде өз алдына бөлініп шығуы Америка ғалымы П. Клемперердің (1941) атымен байланысты, ол осы аурулардың негізінде коллаген талшықтарының бұзылуы жатады деп оларды коллаген аурулары деген топқа кіргізген болатын.
Ревматизмдік аурулардың басым көпшілігіне тән морфологиялық өзгерістер бірнеше кезеңнен тұрады. Бұған: 1) мукоидты ісіну; 2) фибриноидты ісіну; 3) гранулематоз; 4) склероз кіреді.
Патогенезі.
Ревматизм тобына кіруші аурулардың көпшілігі аутоиммундық сырқаттар қатарына жатады. Олардың негізгі белгісі — организмде өз тіндеріне қарсы бағытталған антиденелердің пайда болуы. Осы аурулардың шығуында иммундық жауапты басқарушы HLA (адам лейкоциттерінің антигені) кешенінің маңызы өте зор. Осы антигендер жасушалардың құрамына кіріп, белгілі бір гендермен белгіленеді. HLA гендері және олар түзетін антигендер жасушалардың «өзін» және «өзгені» анықтап білуіне жәрдемдеседі. Бұл үдеріс бірнеше себептерге байланысты бұзылады: 1) HLA — антигендері мен микробтар арасындағы ұқсастыққа байланысты организмнің микробтарға қарсы антидене түзбеуі және осы антигендердің ағзадан шығарылмауы: 2) қарама-қарсы түзілген антидененің, HLA-ның белгілі бір антигендермен әсерлесіп, организмнің өз тінін зақымдауы.