Кеше өзім студент, аспирант болған Қазақ мемлекеттік универсиетінде енді ұстаздық етпекпін. Доценттің міндетін атқарушы. Оқытатын пәндерім: кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы және драматургиядан арнаулы курс.
20-40 жылдар әдебиетіне қатысты тарихи, мұрағаттық, баспасөз материалдарын қарастырып, драматургия бойынша диссертация жазғандықтан екі пәнді оқыту аса қиынға түспеді.
Қинаған сабақ – “Әдебиет теориясы”. Қазақ тілінде университетке арналған оқулық жоқ. Қ.Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” орта мектеп көлемінде мағұлмат береді, Е.Ысмайыловтың “Әдебиет теориясының мәселелері” (1942) деген атпен Мұхтар Әуезов редакциясымен шыққан кітабы тиым салынған еңбектер қатарында темір торда жатыр.
Орыс тіліндегі В.Томашевский, Л.Тимофеев, Г.Поспелов, Ю.Лотман, В.Жирмунский секілді авторларға сүйенесің. Американ ғалымдары Р.Уэллек пен О.Уорренн бар.
Іздене келе өзбек И.Сұлтанов, башқұрт К.Ахметзянов, татар Ғ.Ибрагимов зерттеулерінің, оқулықтарының сорабына түстік. Қиысатын тұстар мол.
Ұстазым, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жасырын сандығында сақталған Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” кітабымен танысқаннан кейін жаңа бір кеңістік ашылып кеткендей болды. Әдебиеттануда, қалыпты поэтикада, стилистикада қолданылатын негізгі термин, ұғым, категориялардың қазақша дәл атауы ғажап дәлдікпен, анық, айқын берілген екен. Солардан алған тамаша сөздерді сыздықтатып еңбектерімізге кіргізе бастадық. Сол үшін қуғындалған күндер де болды. Ол уақыты келгенде шертілетін ұзақ қайғылы хәл.
Университеттің филология, журналистика факультеттері студенттеріне арналған “Әдебиет теориясы және эстетика” деген жалпы курсты оқыту үшін көптеген еңбектерді қарастырып, ой қорытып, көктей жазып, дәріске Мұхтар Әуезов романдарын кезінде қағазға түсірген стенографияшы Данаш Байқадамованы шақырдық. Сөйтіп, көп ізденістен кейін дүниеге келген зерттеудің бір бөлімі “Әдебиеттің даму сипаты” деген атпен “Күретамыр” (1973 ж.) монографиясына енді, “Өнер алды – қызыл” кітабы (1974 ж.) болып басылды.
Әдебиеттің теориялық проблемалары: дәстүр жалғастығы, түрлі мектептер, бейнелілік табиғаты, аударма, жанр, стиль, ағым, әдіс бірлігі, шығармашылық сыры, суреткер даралығы секілді сан алуан мәселелерді пайымдаған “Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму” монографиясы 1986, 1991 жылдары екі рет басылды. Осы кітаптың өңдеп, түзетіп, толықтырып жасалған “Сөз өнерінің эстетикасы” деген жаңа нұсқасын оқырманға ұсынып отырмыз.