Алғашқы компоненттің баяндауышы мыналар, мынау, мынадай, сол сияқты жалпылауыш мəндегі сөздерден, сілтеу есімдіктерінен жасалған түсіндірмелі мəнді сөйлемдер болса, келесі компонент оның мəнін ашып, предикаты секілді қатынаста тұрады. - Мұстафаның оларға қолданған шаралары мыналар: байталдың төрт сирағы төрт жылқы, бір жылқы – барлығы бес жылқы (С.Мұқанов). Саған ашып айтарым сол: (не?) мен осында қаламын (Ə.Əбішев). Саған қояр шартым мынадай: шаршадым деп айтпайсың.
Предикаттық қатынастағы құрмалас сөйлемдердің алғашқы компонентінің баяндауышы көбінесе сындық, сапалық мəнде (есім баяндауышты) болады да, оның мəні келесі компоненттерде ашыла түседі. - Əйелдер қызық: олар мықты жігіттің бойынан осалдық, осал жігіттің бойынан мықтылық іздейді. Шындық та у, бірақ ол өлтірмейді, емдейді (Қ.Мырза Əли). Оның бұтақтарының жиілігі сондай: бір ай нөсер жауса да, түбіне тамшы тамбайды (О.Бөкеев). Сақал-мұрты бар демесең, түптеп келгенде, осы Омардың өзі де жетім (Ғ.Мүсірепов). Алғаның жаман болса, көңілің жарым. Түрі жуас көрінгенімен, мінезі жаман. Мінезі жайсыз болса да, өзі сөзге тоқтағыш.
Достарыңызбен бөлісу: |