Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың Үкімет сағатында «Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясаты туралы» сөзі
(Астана қ., 2017 жылғы 25 желтоқсан, ҚР Парламенті Мәжілісі)
Құрметті Владимир Карпович!
Қадірлі депутаттар!
Еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына сыртқы қолайлы жағдайлар жасау, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғау Сыртқы істер министрлігінің жұмысында негізгі басымдықтары болып табылады.
Біз Мемлекет басшысының «5 институционалдық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Отанымыздың дамуына өз үлесімізді қосудамыз.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманғы Азия әлемнің саяси және экономикалық орталықтарының біріне айналуда, оның жаһандық рөлі жақын келешекте тек өсе беретін болады. Бұл ретте, азиялық ірі және шағын елдермен достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамыту біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді.
Осы орайда, бүгін Сіздердің алдарыңызға шығып, Қазақстан Республикасының азиялық бағыттағы сыртқы саясаты туралы егжей-тегжейлі баяндағым келеді.
* * *
Құрметті депутаттар!
Бүгін өз баяндамамда мен әдейілеп кең азиалық бағытқа тоқталғым келеді. Және бұл кездейсоқ емес.
Біріншіден, Азия – 4 млрд.-тан аса халқы және жаһандық экономикада 34% үлесі бар, зор қуатпен дамып отырған өңір.
Бүгіннің өзінде осы кең ауқымды өңірдің 7 мемлекеті әлемнің 20 ірі экономикасының тобына (Қытай, Үндістан, Индонезия, Сауд Арабиясы, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония) кіреді.
«Жел соққан кезде қоршау емес, диірмен салу керек»,-деген сөз бар. Бұл - Қазақстан үшін шексіз нарық, ол 2030 жылға қарай әлемдік Жалпы ішкі өнімнің 42 %-ын құрайды.
Екіншіден, Еуразияның орталық құрлықтық хабы ретіндегі Қазақстанның табиғи орны дамудың жаңа көздерін табу үшін барлық геоэкономикалық әлеуетті пайдалануға мүмкіндік береді.
Біз Азиядан Еуропаға транзит қызметін көрсету үшін көлік логистикасындағы басымдықтарымызды пайдалануға ниеттіміз.
Үшіншіден, Азия шығыстық менталитетті ескере отырып, жаһандық дамудың жаңа үлгісін ұсынады.
Жаңа геосаяси истернизация термині Шығысқа тән бірлесіп даму мен ұжымшылдықты бейнелейді.
Осының бәрі ескеріліп, Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясатының тұжырымдамасында сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықты жандандыру арқылы Азия елдерімен қарым-қатынастарды нығайту белгіленген.
Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыртқы істер министрлігі сыртқы саясаттың экономикалық құрамдас бөлігін нығайту бойынша институционалдық трансформация жүргізді.
Достарыңызбен бөлісу: |