«Рухани жаңғыру» жолы кезек күттірмейді.
ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушісі Виктор фон Герн «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды, ақкөңілділігімен және қонақжайылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет» депті.
Қазақтың кезеңге толы қатпарлы тарихынан әлгі асыл қасиеттерді мысықтілеу миссионерлердің шебер пайдаланғанын көресіз.
«Қонақжай» деп кең қолтық қазақтың қолтығына су бүркіп, «ұлттар лабароториясын» қолдан жасады. Қырым мен қытайдан, ормандай орыстан қоныс аударушылар ағылды. Өз жерімізде азшылыққа ұшырадық. Ел тізгінің жат жұртқа бердік.
«Ақкөңіл» қазақ кеңестік идеологияға қатты сенді. Коммунизмге тез жетеміз деген утопия жетегімен орыс тілін тез үйренуге талап қылды. Жетпіс жылда тілін, дінін білмейтін «ауру» буын қалыптасты.
Абырой болғанда Азаттық таңы атып жанымызды сақтап қалдық. Ата-бабаларымыз «Е құдайым, өз еліме ие өзімді би ете гөр, өз малыма өзімді ие ете гөр» дейтін күндерге жеттік. Бүгінде батпандап кірген сорды, мысқалдап шығарып жүрген жайымыз бар.
Соның бірі білімдегі проблемалар. «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті», - деп ғалым Мекемтас Мырзахметұлының дабыл қағуы орынсыз емес. Білім саласындағы аралас мектептер қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға кедергі болып отыр. Бүгінгі Қазақстанда 7514 орта бiлiм беретiн мектеп бар. Қазақ мектептерінің саны - 3845, орыс мектептері - 1673. Аралас мектептер (қазақ-орыс) - 2083 . Сондай-ақ 65 өзбек мектебі, ұйғыр тiлiнде тәрбиелейтін 14 мектеп бар.
Қазақстанда мемлекет құраушы қазақтар саны 63 пайызды құрайды. Өз елінде тұрып аз ғана басымдыққа ие қазақ балаларының 25 пайызы орыстілді мектептер мен аралас мектептерде білім алуда. Бұл дегеніңіз таяу арада туған тіл тұғырға қонбайды дегенді білдіреді. Аудан, қала орталығынан орыс мектеп-интернатын ашып, ауылдағы аралас мектепті азайтпасақ балақтың биті басқа шығатын күнде алыс емес.
«Тіл жоқ жерде, ұлтта жоқ» десек, тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Таяуда қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы (бұдан әрі- БДМБ) деректер осыны дәлелдейді.
Біріншісі, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының зерттеу деректері бойынша «қазақстандық патриотизмді» маңызды құндылық ретінде сауалнамаға қатысқандардың 13 %-ы ғана атап көрсетті.
Екіншісі, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы білім алушылар арасында отбасылық қарым-қатынасты анықтау мақсатында әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізді.
Зерттеу деректері бойынша ата-аналардың 62 %-ы өз балаларына жеткілікті уақыт бөлмейді, 43 %-ы балаларының проблемаларына аз мән береді екен. Тәрбиедегі бұл олқылық әлем назарына ілігіп отыр. Таяуда Американың https://www.usnews.com/news/best-countries/kazakhstan) жаңалықтар сайтында «Бала тәрбиесіндегі үздік елдер» рейтингін жариялады. Сегіз түрлі көрсеткіштердің нәтижесі бойынша Қазақстан соңғы 73 орынды орынды иеленді- деп жазады.
Осындайда, дамыған 50 елдің қатарына кіретін елдің өскелең ұрпағы қалайша намыссыз әрі тәрбиесіз болды? –деген орынды ой туады.
Отыра қалып ойлансақ тәрбиенің бір ұшы - трайбализмге барып тіреледі екен. Еліміздегі жалпы білім жүйесінде тәрбиенің бірыңғай ортақ модулі жоқ. Әрине, ұлттық тәрбиенің «жілік майын шағып ішкен» ғалымдар бар. Бірақ олардың жобалары жолда қалып, жоғарыда кімнің «көкесі» бар соның жобасы өтіп кетеді.
Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды»- деп білім беру саласына тәрбиенің жаңа бағыт-бағдарын айқындап беріп отыр. Бірақ, жуырда қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған БДМБ-сы осыны ескерілмеген.
БДМБ-да негізгі міндеттердің бірі - «жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» болып бекітілген. Елбасы айтқан ұлттық құндылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы еніп отыр. Жоба алыстағы Америкадан алынған көшірме. Жобадағы жалпы адамзаттық құндылықтар шетелдік данышпандардың аузымен айтылады. Тіпті, мешітке барсақ та осындай жағдай. Жалпыдамзаттық құндылықтарды құлақ естіп, көз көрмеген әлдебір арабтың атынан айтылады. Қазақ халқында адалдық, еңбекқорлық, әділдік сияқты құндылықтарды айтатын адам жоқ сияқты. Бұл тұтас ұрпақты тура жолдан адастыру деген сөз.
Неге біз мешіт пен мектепте жалпыадамзаттық құндылықтарды Ұлы Абайдың атынан айтпаймыз. Оның асыл сөздері тұнып тұрған құндылық емес пе?!
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар.
Еңбегің мен ақылың екі жақтап»
Бұл жерде кемеңгердің өзі жұртқа сенбей ата-бабадан қалған асыл мұраға сен деп тұрған жоқ па?!
Менің ойымша, Елбасы айтқан ұлттық кодты сақтау үшін мешіт пен мектепте құндылықтардың барлығы Абай ілімінен алынуы керек.Біз бұны бүгіннен бастап қоғам болып қолға алуымыз керек. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2020 жылға арналған бағдарлама мынадай шараларды қамтығаны қалаймын:
1. Латын қарпіне көшу.Төл дыбыстары жаза алмайтындардын жолын кесу. Ондайлар үшін ұлттық құндылығымыздығ құны көк тиын болды. Сонымен қатар, орыстардан дайын дүниені көшіріп алып көпіре сөйлетін жартыбас популистердің көзін жою үшін.
2.Білім беру жүйесіне ұлттық құндылықтарға негізделген бірыңғай тәрбие жобасын енгізу. Орта білімдегі ұлттық құндылықтары қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде болады. Мектеп қабырғасында білім алушылар ата мен әже, әке мен ана, аға мен жеңге мектебінен өтіп ұлттық құндылықтары қалыптасуы керек.
3. Отбасылық құндылықтарды қалыптастыратын ата-аналдар қауымдастығын құру. Егер баласы ұлттық құндылықтарға құрметсіздік танытып, халықтың ашу ызасын тудырса, ата-ана әкімшілік айыппұл төлеп, әлеуметтік желілер арқылы қоғамнан кешірім сұрасын. Бұл қадам бала тәрбиесіндегі үлкен олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі деп ойлаймын.
«Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі». Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны айрықша.
Ел Үкіметі осыны жедел қолға алмаса "Айта-айта Алтайды. Жамал апай қартайдының» өзі болмақ.
Байқас Болат Бақытбекұлы
Достарыңызбен бөлісу: |