АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАРИХНАМАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ ҮЛЕСІ
Атақты тарихшы, академик М.Қ. Қозыбаев (1931-2002 жж.) Қазақстан тарихының «ақтаңдақ беттерін» азайтуда, оны жоюда айтарлықтай еңбек етті. Тарих ғылымының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы жүлденің, Қазақстан Республикасы жүлдесінің және тағы басқа жүлделердің лауреаты Манаш Қозыбаевтың басқаруымен 80-нен астам ғалымдар диссертациялық жұмыстарын қорғап, докторлық және кандидаттық дәрежелерге ие болды. Көрнекті ғалым 800-ден астам еңбектердің авторы. Атақты ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың еңбектерінде Қазақстан тарихының күрделі мәселелері, ақтаңдақтары ақиқат тұрғысынан шешіліп қана қоймай, халықтың ұлттық санасының оянуына, қалыптасуына, елге, жерге, отанға деген сүйіспеншіліктің жоғарғы деңгейге көтеріліуіне үлкен әсер ететін сезімдер, толғамдар айтарлықтай көп. Манаш Қабашұлының отанға, оның тәуелсіздігіне деген сезімі өте ыстық және терең. Осы әсерімді мен өз сөзіммен жеткізе алмар едім? Сондықтан Манаш ағаның сөзімен қайталаған жөн болар. «Жауды шаптым ту байлап» еңбегінде автор былай дейді: Отан жан азығы, пенденің түп қазығы екендігі қазағыма қанмен дарыды, Отансыз адам - суалған өзен, құлазыған дала екендігін көрді олар. Отансыз өмір, бықсыған көмірдей сан ұрпақты ащы түтінге қамады. Отан, - ошағым ғой маздаған, пырағым ғой өзегімді өртеген, қуатым өмірімді жалғаған, - деп талай ата-бабаларымыз арманға бөленді. Отан берік қамалы, таудан ескен самалы екенін білген ел азаматы «Отан» деп толғанды. «Отан» деп ұрыс шебіне долданды. «Отан» деп жауын жермен жексен етті, не өз қанын сел етті, көздің жасын көл етті.
Тәуелсіздікке байланысты толғамда, Манаш Қабашұлы былай деп айтады: Тәуелсіздік халқымызға аспаннан түскен құдіреттің сыйы емес. Ол ғасырларға созылған ата-баба қанды жорығының, дабылды-дауылды күресінің заңды жалғасы. Осы айтылған түйінді ұғымды Манаш Қабашұлы қазақ халқының ұзақ уақыт бойы, он алтыншы ғасырдың аяғынан 1990 жылға дейін өзінің жері, елі, тәуелсіздігі үшін табанды күресінің, ұлт-азаттық қозғалысының нәтижесі екенін дәлелдейді. Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысын жеті кезеңге, белеске бөліп қарайды. Тәуелсіз ел болдық, еңсеміз көтерілді, Ту тіктік, оны шайқалтпай ұстау елге сын. Тәуелсіздіктің негізі - елімізді іргелі ел қылу, халқын серпілту, тұрмысын шалқыту, мәдениетін көгерту - деп жазды ғұлама ғалым. Осындай халық пиғылын президент Н. Назарбаев мемлекеттің негізгі страдегиялық бағытына жатқызды: бірінші - қауіпсіздік, екінші - экономиканы әрі қарай дамытып, халықтық тұрмысын жақсарту, үшіншіден - елде тұрақтылықты, тыныштықты сақтай отырып, қоғамды және оның басқару жүйесін дамыту (Казахстанская правда. 22 октября. 2004 г.) Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы-саралық, ұлтаралық татулықты, ынтымақты ұсыну саясаты - ақ жол, деп бағалады Манаш Қозыбаев. Тәуелсіз, егемен елдің азаматы - арлы, зейінді, пейілді, патриот жан. Қазақ елінің перзенті өз Отанын қорғауға дайын болу керек. Ол үшін, - деді Манаш Қабашұлы, - тек білім, өнер аз, ден саулығы күшті, білікті, білекті болуы абзал. Американың бір солдаты басқа елдің 10 солдатымен тең. Олар санымен алмайды, сапасымен алады. Бізде батыр, батыл, адал перзент өсіруіміз керек.
Манаш Қабашұлы тәуелсіздік жөніне өз пікірін былай білдірді. Біз тәуелсіздіктен ұлтаралық үйлесімді, татулықты, халық-аралық бейбітшілікті күтеміз.
Біздің болашағымыз - XXI ғасыр.
Манаш Қабашұлының «Майдангер студенттер» және басқа да көптеген көрнекті көлемді шығармаларында патриоттық сезім, жастарды Отанын, жерін, елін сүюге, адал еңбек етуге, оқуға, білімге, ұлт аралық сыйластықты сақтауда тәлім, өсиет боларлық ұғым, толғамдар, нанымды, жүректі тебірентіп, оған үлкен ой салатын нақыл сөздермен жазылған.
2000 жылы Манаш Қабашевич Қозыбаевтың бас редакторлығымен «Жаңа замандағы Қазақстан» баспадан шығып, жарық көрді. Кітаптың «Ресейге қосылу немесе империя билігін амалсыздан мойындау проблемалары» бөлімінде М.Қ. Қозыбаевтың қазақ елінің Ресейге «қосылу» ұғымына берген түсіндірмесі келтірілінген: «М. Қозыбаев «қосылу» термині тарихи үрдістің мәнін дәл білдірмейді, күштеу негізінде болған қорлаушылық мәні бар деп есептейді. Оның пікірінше, Қазақстан негізгі объектіге қосылған субъекті рөлінде көрінеді. Кезінде империялық кеңселерде жасалып, кеңестік ресми тарих ғылымында қабылданған термин іс жүзінде «басып алу», «агрессия», «жаулап алу» деген терминдердің баламасы болып көрінеді» [1, 18 б.].
Шынында да, Кіші және Орта жүз қазақтары XVIII ғасырдың 30-шы жылдарынан Ресей империясының құжырында бодандықта болды деген ресми мәліметтерге қарамастан, бағыныштылықтың белгілері болғанымен, Ресей мен Қазақ хандарының қарым-қатынастары XVIII ғасырдың соңына дейін протектораттық негізде жүргізіліп жатты. П.И. Рычковтың (1712-1777), 1896 жылы Оренбург баспасынан шыққан «История Оренбургская (1730-1750) - атты еңбегінде Қазақстанның Ресейге «қосылу» ұғымынан көрі протектораттық ұғым басымырақ. 1730 жылы 8 қыркүйекте Уфаға келген Әбілқайыр (1693-1748) ханның елшілерінің сөзін П.И. Рычков жазбаша жеткізген. Елшілердің айтуынша, - дейді П.И. Рычков, олар жоңғар әміршісі және оның қалмақтарынан зәбір көруде, егер ұлы мәртебелі патша-ханымның қамқорлығында (протекциясында) болсақ, бір кездерде өздерінің барлық иеліктерін қалмақтардан қайтарып аламыз деген. XIX ғасырдың 20-жылдарының басына дейін қазақтың мемлекеттік басқару жүйесі сақталынды. XVIII ғасырда қазақ хандары көрші мемлекеттермен сыртқы саясатын Ресейге жалтақтамай жүргізе берді. Халық жиналысы - құрылтай, немесе съезд-сейм өзінің жоғарғы рөлін сақтап қалды, билердің кеңесі ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде өз міндетін атқарып тұрды. Ресей отаршылдық саясатын іске асыра бастағанда, қазақтар жерінен айырылса да, бодандықтағы мемлекеттерге тән салықты қазақтар Ресейге төлеген жоқ. Орынбор өлкесінің бірінші губернаторы И.И. Неплюевтің (1693-1773) қазақ жеріне басқыншылық шабуылдарының күшейуіне байланысты Әбілқайыр ханның билігіндегі Кіші жүз қазақтары 1743-1744 жылдары Ресей шекараларын шабуылдап, 1746 жылы ақпанда Ресей бодандығындағы Еділ қалмақтарына жорық жасап, көптеген адамдарын тұтқындаған. Абылай сұлтан (1711-1781), 1771 жылдан бастап хан, Жоңғарияның ханы Лама-Доржидан (1750-1753) Орта жүзге, Абылайға қашып келіп, паналаған жоңғардың нойондарын (княздерін) Даваци мен Амурсананы, Бангжурды, барлығы 20 адамды жоңғар ханына да, елші жіберіп сұраған Ресей мемлекетіне де бермеген. Тарихшы В.Я. Басиннің пікірі бойынша XVIII ғасыр мен XІХ ғасырдың басында қазақтарды Ресейдің «боданы» ретінде қарастырудың дұрыс емес екендігін айтып, Ресей мен Қазақ арасындағы қарым-қатынастар протектораттық институтының пішіні вассалдық элементтермен үйлестіріліп жүргізілінген [2, 260]. Ф. Энгельс (1820-1895) 1858 жылы 3 қарашада «New York-Daily Тгіbunе» №5471 газетінде жарияланған мақаласында XIX ғасырдың 30-жылдарының басында қазақ жүздерінің Ресей империясының тікелей құрамдас бөлімі болмағандығын жазған. Көремен-монарх Ұлы Петрдің, - деген Ф. Энгельс, - 1717 жылы Хиваны жаулауға жіберген экспедициясы сәтсіздікпен аяқталды. Осы оқиғадан кейін Ресей көп уақыт бойы Түркістан даласының тыныштығын бұзған жоқ, бірақ осы кезде Еділ мен Орал өзендері аралығын орыс казактары қоныстанды, Орал өзені бойында казактардың әскери қоныстары салынды. Бұған қарамастан, осы өзеннің арғы жағында «Ресейдің үш ордаға немесе қырғыз тайпаларына жүргізген билігі сырт көріністі ғана, шарттылы («чисто номинальной»), және орыс керуендері қырғыздар жағынан да, хивалықтар жағынан да, 1833 жылы Орынборға бас қолбасшылыққа генерал Василий Перовский тағайындалғанша, тоналынды» [3, 615-616 б.]. Академик М.Қ. Қозыбаевтың «қосылу» ұғымына айтқан пікірін жалғастыра отырып, XVIII ғасырдағы Қазақ - Ресей қатынастарын протектораттық негізде тереңірек зерттеуіміз қажет.
М. Қозыбаев Қазақстан жерінде Кеңес үкіметінің орнау тарихнамасын зерттей келе, Кеңес өкіметін орнатуда солдаттардың қатысқанына көңіл бөлген [4, 174 б.]. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы кеңестік жүйені қабылдауға әзір болмаған. Осыған орай көрнекті мемлекет қайраткері, 1919-1921 жылдары РКП(б)-ның Түркбюро Орталық Комитетінің мүшесі, Түркстанда Кеңес үкіметің орнатуға қатысқан, социализм жөнінде өз түсінігі бар, өзбек, қырғыз, қазақ халықтарының жағдайын өз көзімен көріп, мақсаттарын білген Георгий Иванович Сафаров (1891 - 27 шілде 1941/42) «Колониальная революция (опыт Туркестана) атты еңбек жазған, бұл шығарма 1921 жылы Москваның баспасынан шыққан. Осы еңбегінде мұсылман халықтары үшін революцияның түбірлі сұрағы - ол ұлттық тәуелсіздік, «оларға ұлттық тәуелсіздік нандай қажет болды» [5, 102 б.], деген. Өзін өзі әскери борыштан босатып, кейін қызыл гвардияшылар қатарында болған Орта Азия мен Қазақстанның жеріндегі солдаттардың халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын Г. Сафаров ашына көрсеткен. Г.И. Сафаровтың айтуынша Кеңес үкіметі Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан жерінде салтанатты түрде бірден орнамаған, ол «шашылып, тек азғантай қалалар мен станцияларда «оазистердей» болған» [5, 121 б.]. Мұстафа-Шоқай-оглы (1890 - 27 желтоқсан 1941) Орта Азия мен Қазақстан халықтарының еркіндігі, теңдігі жолында күрескен қайраткер Ресейдің шет аймақтарын мекендеген ұлттарда Қазан төңкерісінің колониалдық жолменен жүргенін нанымды, дәлелді деректердің негізінде жазған. Қазан төңкерісі кезінде мұсылмандардың қорғаныссыз қалғанын М. Шоқай Түркстанның Халық Комиссариаты Кеңесінің бастығы, орыс большевигі Сорокиннің сөзімен баяндайды: «Мұсылмандардан барлығын тартып алуда, тартып алып қоймай, оларды өлтіруде. Біздің солдаттар қорғаудың орнына тонап және өлтіруде... Кишлактарда (жергілікті селоларда) халық ланкестікке ұшырап, қашуда. Қарақшылар тобының қатары өсуде. Мүмкін, кімде-кім қарсылық білдіріп, айтатын шығар, - мыс - бұл партия емес, Қызыл армия зорлық көрсетіп, жәбірлеуде. Бірақ партия басқарушы. Барлық партия органдарының билеушілері партиядағы жолдастар, оған қарамастан олар жағдайды жақсартуға қимыл жасап, ешқандай шара қолданбайды. Олардың жақтауымен барлық жерде маскүнемдік пен бұзақылық өршіп тұр, әрине, партия мұндай кінәға жауапты» [6, 26-27 б.]. М. Шоқай Қазан төңкерісінің 10 жылдығына Москваға келіп, Түркстанда аздап болған француз делегаттарына революцияның салдарын айта келіп, қорытындылады: «Түркстандағы Кеңес өкіметі ең алғашқы құрылғанынан осылай» [6, 29 б.]. Кеңес өкіметі Қазақстанның кейбір жерінде салтанатты орнады деген ұғым шындықтан алысырақтау.
XX ғасырдың 90-жылдарының басынан, тоталитарлық жүйенің үстемдігінің әлсіреуіне байланысты ғалымдар ұлт-азаттық қозғалыстардың мәселелерін зерттеп, көтере бастады, оның ішінде Қазақстанда да. 1990 жылы 27-28 шілдеде Қазақ КСР-ы Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты мен «Вопросы истории» журналының редакциялық алқасы «Отаршылдық жағдайдағы ұлттық қозғалыстар: Қазақстан, Орталық Азия, Солтүстік Кавказ» тақырыбына М.Қ. Қозыбаевтың басқаруымен Бүкілодақтық «Дөңгелек үстел» ұйымдастырды. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар Ресей империясы құрамындағы халықтардың патша өкіметіне, отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық күрестердің келелі мәселелерін жаңаша, қазіргі талаптарға сай зерттеудің қажеттілігін айтты. Тарих, археология және этнография институтының директоры, академик М.Қ. Қозыбаев өзінің кіріспе сөзінде, «тоталитарлық режимнің идеологтарына шындықтың қажеті болмады, олардан тек жалпылай бас иіп, тыңдауды, оның ішінде өзінің ұлттық-мәдени құндылықтары және дәстүр-салтынан да бас тартуды талап етті» деп көрсетті [7, 5б.].
М.Қ. Қозыбаев Алматыдағы Желтоқсан (1986ж.) оқиғасының мазмұны мен құндылығын ашып, дұрыс ғылыми баға берді. «Халықтың демократиялық қозғалысы, - деп жазды академик, - қоғамның ұранын алға тартып, келешекке ұсыныс енгізді. Одақтас республикалардың құқықтарын кеңейтуді, орталықталған билікке және жоғарыдан диктаттық басқаруға қарсылық білдірді, мұның соңы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ұлттық саясатының қағидаларын қайта қарауға әкелді. Осыған байланысты қозгалыс ұлттық-азаттық сипатта» [8, 32б.], деп тұжырымдады. М.Қ. Қозыбаев мұрағат құжаттарын кеңінен пайдалануының негізінде Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңуде Қазақстанның орнын, үлесін тиянақты көрсетті және Ұлы Отан соғысына байланысты баспадан шыққан кейбір шығармаларда орын алған асыра сілтеушілікті де қатты сынады. «Соғыс кезінде Қарағандыда кадрлардың тұрақсыздығы бірнеше азайды деген пікірмен келісуге болмайды. Шындығында жағдай басқадай болған. Жұмысшы күшінің жетіспеушілігі тек Қарағанды бассейінінде ғана емес, басқа жерде де кадрлардың тұрақсыздығы жоғары болды» [9, 12 б.]. 2000 жылы М.Қ. Қозыбаев «Отечественная история XX века: мифы и реальность» атты құнды мақаласын жариялады. Бұл мақалада Ұлы Отан соғысы кезіне байланысты да тарихтың келелі мәселелері көтерілген [10].
Академик М.Қ. Қозыбаев, Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін тарихнамалық деңгейде зерттеуде, бұрын ашылмаған ақтандақтарды ашуда теңдесі жоқ, үлесі үлкен, ғалым.
ӘДЕБИЕТТЕР
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бестомдық. 3. – Алматы «Атамұра», 2010.
В.Я. Басин. Россия и казахские ханства в XVI-XVIII вв. (Казахстан в системе внешней политики Российской империи). Алматы: Наука КазССР, 1971.
Ф. Энгельс. Продвижение России в Средней Азии / К. Маркс и Ф. Энгельс. Сочинения. – Изд. 2-е. – М., 1958. – Т.12.
М.К. Козыбаев. История и современность. – Алма-Ата: Ғылым, 1991.
Г.И. Сафаров. Колониальная революция (Опыт Туркестана). Қайта шығарылуы. – Алматы: Жалын, 1996.
Мустафа Чокай-оглы. Туркестан под властью Советов (К характеристике диктатуры пролетариата). – Алма-Ата: «Айқап», 1993.
Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 85 жылдығына арналған «Академик Манаш Қозыбаев және отан тарихының өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары. 15 қараша. Семей, 2016. – Б. 10-13.
Достарыңызбен бөлісу: |