С. К. Игибаев қазақстан тарихының өзекті мәселелері Актуальные проблемы истории Казахстана Монография



бет25/55
Дата20.06.2023
өлшемі0,8 Mb.
#179000
түріМонография
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   55
Байланысты:
Монография. Игибаев С.К.(1)
лекции Програмные навыки менеджера, 8 SAT 3 term -
КӨКЖАРЛЫ КӨКЖАЛ БАРАҚ БАТЫР

Көкжарлы Көкжал Барақ батыр XVIII ғасырда қазақ жерін, елін сыртқы жаудан қорғауда дарынды қолбасшылығымен, ерлігімен көзге түскен тарихи тұлға. Абылай ханның саясатын қолдап, Қытаймен cаyда жүргізуде қазақ елінің пайдасын қорғап, Қытай өкілімен келіссөз жүргізген. Көптеген шығармаларда, архив құжаттарында Көкжал барақ батыр жөнінде деректер айтарлықтай бар. Бұл мақалада Барақ батырдың батылдығы, ерлігі, шығу тегі зерттелген.


Түйін сөздер: XVIII ғасыр, қазақ жері, Көкжарлы, көкжал, қолбасшы, тарихи тұлға.
Қазақ халқының тарихында кең байтақ жерін, еркіндік сүйгіш елін қорғаған хандар мен билер, батырлар өте көп. Бұрынғы дәуірлерге көз жүгіртпей, XVIII ғасырға келсек, жерін жаулап алушы жоңғарлармен жан аямай күресіп, қол бастап, жасақ құрып, ерлік көрсеткен, жерін, елін азат еткен батырлардың есімдері халық шежіресінде, көрші мемлекеттердің архивтерінде жақсы сақталған. Қазақ халқының бірлігін сақтап, жауға тойтарыс беріп, халқының күресін ұйымдастырушы, кемеңгер хан, ержүрек Абылайдың, оның көрнекті қолбасшылары Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы (1680-1778), Қаракерей Қабанбай (Ерасыл) Қожағұлұлы (1691-1769), Көкжарлы Көкжал Барақ Шүрекүлы (1701-1771) және тағы басқа батырлардың азаттық жолындағы, жерін, елін қорғаудағы орындары әрқайсысының бөлек. XVIII ғасырдың 20-40-жылдары қазақ елі қыспақта тұрғанда: батысы Ресей, оңтүстік шығыста Цин империясы, күшті жоңғар мемлекеті, оңтүстікте Орта Азия хандықтары, батырлар бұл қыспақтан шығаруда ерлік көрсетті.
Кеңестік дәуірде, тоталитарлық жүйеде қоғам қайраткерлерінің, батырларының халқына сіңірген еңбегін толыққанды, объективті негізде айтуға, жазуға мүмкіндік болған жоқ. Барлық тарихи оқиғаларды тек таптық тұрғыдан қарастыруға міндеттеп, халықты тек кеңестік жүйені дәріптеуге итермеледі. Жас буын өзінің тегін, арғы атасын білуден қала бастады. Үлкен буын жастардың келешегіне зиян тигізбеу үшін ашық айтпады, «рушыл», «ұлтшыл» «топшыл» деген кеңестік бағалардан қорықты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тарихтың «ақтаңдақтары» ашылуда. Көрнекті қоғам қайраткерлері, халықтың батырлары жөнінде әртүрлі деңгейде көптеген ғылыми конференциялар өткізіліп, қомақты еңбектер, тарихи романдар, мақалалар баспадан шығып, жарық көруде.
Көкжал Барақ батыр - өз кезінде елінің қалқаны, халқының айбынды тірегі болды. Ол ата тегі қазақтың тоғыз таңбалы найманының Ергенекті найман атты буынынан, оның ішінде Көкжарлыдан, Өтей руынан тарайды. Ергенекті найманның құрамында Көкжарлыдан басқа Бура, Сарыжомарт, Терістаңбалы аталар бар. Көкжарлының құрамына Өтей, Өтеміс, Жәрімбет, Қаратай, Андағұл, Жәрке, Мұңайтпас рулары кіреді. Көкжал Барақ қазақтың жері, оның тәуелсіздігі үшін жанын аямай жаулармен күрескен батыр: жоңғар, қалмақ, қытай, қырғыз, қоқандықтармен.
Көкжал Барақтың әкесі Шүректің, оның інісі Шонаның тарих беттерінде іздері қалып, істері, қоғамдағы орындары көп шығармаларда жызылған. Шүрекұлы Барақ батыр 1701 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысында Қызылсу-Шар өңірінде өмірге келген.
Президент Н. Ә. Назарбаев: «Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый болмаған. Ол әрдайым ел қамын ойлайтын ерлердің жанқиярлық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек», - деген (қараңыз Н. Назарбаев / Егемен Қазақстан, 2004 жылғы 9 шілде). Осындай ерлердің, батырлардың бірі - елін ойлаған, жерін жаудан қорғаған Көкжарлыдан шыққан Көкжал Барақ батыр. Қытайдың 1758 жылғы ақпан айындағы император Цяньлун жылнамасында: «Көкжарлы найманның 1000 отбасы Барақ батырдың билігінде», - делінген.
Жоңғариямен көп жылға созылған күрес 1757 жылы жоңғарлардың толық күйреуімен, ал 1771 жылы Еділ мен Жайық арасын қалмақтардан тазартып, оларды қуып, бұл жерлерді қайтадан өзінің қонысына айналдыруымен аяқталды. Жоңғардың соңғы Хунтайшысы Әмірсана 1757 жылы 28 шілдеде Ресейге паналап барады. Осы жылдың 21 қыркүйегінде Тобольскіде шешек ауруынан қайтыс болады. Жоңғар мемлекетінің күйреуіне Көкжал Барақ батырдың да тікелей қатысы бар. Барақ әйгілі Аңырақай, Буланты, Шыңғыстау, Шаған, Шорға, Сібе шайқастарын басынан кешірген. Аягөз жазығы, Алакөл жағалауы, Тарбағатай баурайында жоңғарларға қарсы ұрыстарда ерлігімен көзге түскен.
1758 жылдың күзінде Барақтың қолбасшылығымен қазақтың бес мың әскері, Қошқарбайдың басшылығымен төрт мың әскер Таулы Алтайға басып кірген, осыдан бастап қазақтардың шабуылы алтайлықтардың, ойраттардың қонысына күшейді. Осы жылдың қазан айының екінші жартысында орыс өкіметіне, қазақтардың Катунь өзені бойында көшіп жүрген қалмақтардың Менко басқарған аймағын талқандағаны, оларды тұтқындағаны мәлім болды. 1759 жылдың қаңтарында Сібірдің қорғаныс шептерінің қолбасшысы төмендегідей хабар алған: қазақтың үш мыңнан тұратын қолы, көптеген тұтқындармен, Таулы Алтайдан түсіп, Ертістен өткен және қазақ әскерінің жартысы Алтай тауларында қыстауға, сол жерлерді мекендеуге қалғаны, - жөнінде.
Батыр Барақ басқарған қазақтар 1760 жылғы қысқы жорығында Таулы Алтайдың оңтүстігіндегі Чуй аңғарында қоныс тепкен, Ресей мемлекетімен Қытайға да бірдей салық төлейтін - екісалықтылардың және Қытайдың Цин империясының боданында тұрған Зайсан Чадактың аймағына басып кірген. Барақ Зайсан Чадакты шайқаста жеңіп, қалмақтарды өкшелей қуып, Кобдо өзенінің жоғарғы аңғарына, бассейніне дейін жеткен. Қытай шекарасына қазақтардың енгені жөнінде Қытайдың Улясутайдағы Цзяньдзюні немесе шекара қолбасшысы Пекинге мәлімдеп, қазақтардың бетін қайтару үшін оларға қарсы жорыққа аттануға рұқсат сұраған көрінеді. Император сабырлылық көрсетіп, өзінің өкімімен Орта жүз қазақтарының солтаны Абылайдың ордасына, болған жағдайдың мән-жайын толық біліп келуге, елші жіберуді бұйырған. Оның нәтижесінде Цин өкіметі батыр Барақтың Кобдо аймағына басып кіргені рас екенін біліп, анықтаған, император Хунли (Цяньлун) Абылайдан Чадактың әкімшілігіндегі аймаққа жорық жасамауды, қолға түскен тұтқындарды қайтаруды талап етті. Ұранхайларды шапқан бұл адамдардың қазақтар екені даусыз, делінген. 1760 жылғы 4 сәуір. Барақ батырды ұстап беру туралы Қытай патшасының жарлығынан [1, 47-б.].
1761 жылы күзде Қытайдың қоластындағы қалмақ-уранхайлар қазақ жеріне еніп, ауылдарды тонап, мыңдаған жылқысын айдап кетеді. Барақ батыр тез арада қазақтарды жинап, екі мың сарбаздарымен тонаушыларды Қытай шекарасында қуып жетіп, шекарадағы салынған Қытайдың төрт бекінісін (редутын) талқандап, малдарын артығымен қайтарып алып, жүзден астам адамды тұтқындап, оларды қазақтарға таратып береді [2, 78-б.]. Император Цяньлун (1736-1796) 1761 жылы Абылай, Әбілмәмбет жіберген Жолбарыс солтан басқарған елшілерін қабылдап, қазақтың батыр Барағына кешірім жасауға келіскенін айтады.
Галдан-Церен (1727-1745) өмірінің соңғы жылдары Жоңғария мен Қытай арасында шиеленістің күшейе бастағанына байланысты қазақтармен бейбіт саясат жүргізді. XVIII ғасырдың 40-жылдарында қазақтар ойрат билігінде болған өз жеріне еніп, шығыс, оңтүстік шығыс бағытында қонысын кеңейте түседі.
Жоңғарияда Лама-Доржиға қарсы (1750-1753) тақ күресі басталғанда, күштері талқандалып, елінен, жерінен айырылып қазақтарға қашып келген Даваци мен Амурсана нойондарды Абылай қабылдап, өлімнен алып қалады, Лама-Доржидің әскерімен шайқасады. Абылайдың қолдауымен Даваци (1753-1755), соңынан Амурсана (1755-1757) Жоңғарияның тағына отырды. Абылай және қазақтың билері мен батырлары бірде Давациді, соңынан Амурсананы әскери күшпен қолдай отырып, қазақтың бұрынғы мекенін толығымен босатуға кірісті. 1758-1759 жылдары қазақтар Алтай тауын мекендей бастады. Күршім, Қаба, Нарын, Бұхтарма өңірлері қалмақ пен ұранхайлықтардан тазартылды.
Зерттеушілер О.В. Боронин, А.Ю. Быков Ресей архивтерінің «Архив внешней политики Российской империи» (АВПРИ). Ф. 113) және «Зюнгорские дела» (oп. 1, 113/1, 1788 г. д.2.л.. 113 об.) құжаттарына сүйене отырып, 1758 жылы батырлар Барақ пен Қошқарбайдың, Катонның жерін жоңғарлардан босатқанын, соның арқасында бұл аймақтарда қазақтардың қоныстана басталуын сөз етеді [3].
Қазақ хандары мен сұлтандары, батырлары Қытайға елші жібергенде Алтай мен Тарбағатай өлкесі қазақтың бұрынғы мекені екенін жиі айтқан. Мысалы, Абылай хан мен Әбілпейіз солтан Цин патшасы Цяньлунға 1757 жылы тамыз айының 30-жұлдызында елшісін жіберіп, оған: «Тарбағатай біздің бұрынғы көшіп-қонып жүрген жеріміз еді. Өзіңіз ілтипатыңызды білдіріп, осы жерді бізге берсеңіз», - деген. Ал Циньлун патша Абылайханға жазған жауап хатында: «Егер сендер Әмірсананы ұстап берсеңдер, мен ол жерлерді сендерге берер едім», - деп саудаласқан [4, 13-14 бб.].
Барақ батыр оңтүстік-шығыста да қазақ жерін кеңейтуге тырысқан. 1766 жылғы сәуір айындағы Қытайдың құжатында Көкжарлы Барақ батыр бастаған қазақ ауылдары қыс қатты, қар қалың болуына байланысты, жайылым іздеп, Үржардағы Қытай шекарасынан өткені туралы айтылады.
Барақ батыр көптеген шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткен. Ол қазақтың жері, елінің тәуелсіздігі үшін жанын аямай, жоңғарлармен ғана емес, 1756-1759,1760-1761 жылдары Қытай әскерімен, 1770 жылы қырғыздармен, 1770 жылдың аяғы, 1771 жылдың жазында Еділден жер ауа қашып, бұрынғы Жоңғарияға, Ілеге, шама келсе Алтайға бекінбекші болған торғаут-қалмақтармен соғысқан. Қазақтың оңтүстік Жетісу жерін, Шығыс Қазақстан өңірін - Алтай, Тарбағатай, Ертіс бойын жаудан тазартуға көп үлес қосып, атағы әйгілі, есімі ұранға айналған батыр.
Барақ батыр тек соғыста ғана ерлік көрсетуші қолбасшы ғана емес, қазақ халқының пайдасын ойлап, оны халықаралық деңгейде шешуде белсенді қатысқан қайраткер, саясаткер. Айталық, 1759 жылы 11 тамызда Көкжал Барақ батыр Қытайға бағынышты Қалқаның (Моңғолияның) орынбасары Тарбағатай мен Борохожир бағыттарының бақылаушысы генерал Цебденжабпен сөйлескен кезде Үрімжінің қазақ-қытай саудасына алыс, бір айдай уақыт кететінін, ыңғайсыздығын айтқан. Онымен қатар сатылатын жылқының құнының төмендігін және жылқыға айырбасталатын Қытай маталарының сапасыздығын баса айтқан. Саудадан түсетін пайданың аздығынан - деп ескерткен Барақ батыр, біздің елдегі адамдардың барлығы Үрімжіде сауда істегісі келмейді. Біздің қазақтар анау-мынауды көп білмейді және табиғатынан емін-еркін жүруді ұнатады.
Барақ, сөз кезінде көсеміміз Абылайға қытай-қазақ саудасы жөнінде Қытай патшасының атынан хат жолдауды сұрап, оны өзі жеткізетінін білдірген. Қытай мен қазақ арасындағы «жылқыға жібек» саудасын реттеу жөніндегі Барақтың және басқа да қазақ қайраткерлерінің ұсынысы Цин патшасына ой салды. Қазақ саудасына Үрімжінің шалғай болғандығынан Іле жерінде - Құлжада, Тарбағатайда - Шәуешекте сауда жәрмеңкелері ашылды. Сонымен қатар, Қытай императоры Нусан есімді шенеунікке жылқының құнын өсіріп, қазақтарға біраз пайда қосуды бұйырған.
Ш. Уәлиханов 1858-1859 жылдары Шығыс Түркістанға құпия жасаған саяхаты кезінде Қытаймен сауда жүргізгенде Ресейге Қоқан бағытына қарағанда, Құлжа мен Шәуешектің пайдалы екенін байқаған. Шоқанның көрегендік ұсынысының арқасында «Тарбағатай келісімі жасалынды және Құлжада, Чугучакта консулдық ашылды» [5, 527б.]. Ол тарихта 1864 жылғы Шәуешек хаттамасы деп аталады.
Қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уалиханов (1835-1865) қазақ халқы бірде-бір көрнекті оқиғаны немесе бірде-бір атақты, халқына қызмет еткен данышпандарын ұмытпайтынын айта келіп былай деген: «Біреулер оларды төгілген жырмен, өлеңмен мадақтап, халықтың санасында мәңгілік қалдырса, екінші біреулері - атақты сыбызғышы немесе қобызшы олардың істерін мәңгілік өлместей күйменен әйгілі етіп, буыннан буынға жеткізеді» [6, 157б.].
Көптеген шығармаларда, мақалаларда, архив құжаттарында Көкжал Барақ батыр жөнінде мәліметтер айтарлықтай бар. Ғалым Иван Григорьевич Андреев (1744-1824) Барақ батырдың көрнекті тұлға болғанын, Көкжарлы руынан екенін жазған [7, 73-б.].
Біржан сал (1833-1891) мен Тастанбекқызы Сараның айтысында найманның, арғынның рулары, олардың ізгі адамдары, батырлары, оның ішінде Барақ батыр жөнінде шумақтар бар [8, 17-б.]. Біржан мен Сараның айтысы, мөлшермен, 1854 жылы болған.
Ш. Уәлиханов қазақ пен қырғыз арасында болған соғыста Көкжал Барақ батырдың қатысқаны жөнінде біраз мәліметтер келтіреді: «Найманның солтаны Барақ (Кукджал) немесе анығырақ Көкжал Барақ, немесе жалды-Барақ - нақтырақ: жалдылау немесе Көкжалды Барақ қырғыздарға шапқыншылық жасады. Ешқандай қарсылық кездестірмеген соң, бақыттан дандайсып, өзін бейғам ұстады, және күшіне паңданып, қырғыздардың қасиетті Қошқар-ата зиратын қорлады. Оның қатігездігіне ызаланған қырғыздар жиналып, құпия келісіп, оның тұрағына түнде шабуыл жасады. Жеңілмейтін Барақ ешқандай қарсылықсыз, тұрағын тастап қаша жөнелді және оны Ілеге дейін қуды. Ойда жоқта қашқанын қырғыздар қасиеттің болысқаны дейді. Қырғыздардың Барақты жеңгеніне байланысты өлеңнің үзіндісінде: «Қашан жалды Барақ қашқан кезде, қашан Байпақ би өлген қезде», - делінген [9, 78-б.].
Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1868-1931) «Қазақ шежіресі» атты қолжазбасында Абылай (1711-1781) кезіндегі батырлар мен билер жөнінде былай деп жазған: «Абылай ханның кезінде қазақтардан мынандай батырлар шықты: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек. Шақшақүлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ. Ол: «жауларын талай рет жеңіп, қашырды. Сондықтан да Барақтың аты атақты, әйгілі болған», - деген [10, 69-б.]. Сәкен (Садуақас) Сейфуллин (1894-1937) жорыққа Барақ батыр мінген кер атты өлеңмен сипаттайды:
«Жөнелді аузын ашып керше таңлақ,
Ырғиды, құйын соққан бейне қаңбақ.
Не құмай, не бұлдырық, не қаңбақ деп,
Айтарсың қарамасаң әбден аңдап» [11, 60-б.].
Бәдел (Бәделқожа) Тұрсынбаев (1905-1967), ақын, жазушы, Күршім ауданы Батпақтыбұлак ауылында өмірге келген. Бәделқожа Тұрсынбаев - «Көкжал Барақ» атты дастанның авторы. Дастанның үзіндісі 1945 жылы Күршімнің «Социалистік еңбек» деген аудандық газет бетінен жарық көрген. Мен 2006 жылы 30 қаңтар - 2 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Ұлттык Ғылым Академиясының (ҚР ҰҒА) Орталық ғылыми кітапханасының қорына тапсырылған «Барак батыр, Абылай» деген нұсқасымен, үзіндісімен де танысып, олардың арабша жазылған нұсқасынын көшірмесін түсіріп, үзіндісін қолмен көшірін алдым. Б. Тұрсынбаевтың дастанында қазақтардың Ертістен өтіп Алтайға, Ертістің жоғарғы ағысына қайта серпіліп оралғанын, жоңғарларды жеңгенін, қалмақтармен соғыста қазақ зиялыларының бір ауыздығын, Күршім өлкесін азат етуде батыр Барақтың рөлін, ұйымдастырушылық қабілетін, ерлігін тиянақты көрсеткен.
Көкжал Барақтың ерлігін, шығу тегін зерттеуде көп еңбек еткен КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, айтыскер ақын, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында дүниеге келген, 1992 жылы қазанның 17-18-і күндері Күршім ауданы Теректібұлақ ауылында Көкжал Барақ батырдың туғанына 290 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан Қалихан Алтынбаев (1927-1998) еді. Қ. Алтынбаевтың айтуынша, Барақ батыр Бұланты (1728), Аягөз (1730), одан кейінгі Ақшәулі, Аңырақай, Шыңғыстау (Шаған), Сібе, Толағай, Шорға соғыстарының бәріне қатысқан. Қ. Алтынбаев сөзін былай қорытындылайды: «Осындай халық қаһарманының есімі әлі күнге елеусіз жатқанына қатты қынжыламыз. Шынында, ол бүкіл Найман елі бойынша Қабанбайдан кейінгі екінші тұлға ғой. Өткенімізді қадірлей білейік, ағайын!» (Алтынбаев Қалихан. Қазақтың Көкжал Барағы // Дидар. Өскемен, 1991. – 30 қараша).
Ақатай Сәбетқазы Нұржақияұлы (1938-2003), философия ғылымдарының докторы, қазақ философиясы тарихы және ұлттық мәдениет салаларының маманы, саясаткер, Күршім ауданының Ақсуат селосында дүниеге келген. Сәбетқазы Нұржақияұлы «Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ» атты мақаласында «Көкжал» Барақтың алыс-жақын тұқымдарының хабарларына қарағанда, батыр 1701-1702 жылдары Жарма өзені бойында туған. Қазақтың Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттык күресіне ерте 15-16 жасында қатысады. Барақтың Дос деген ұрпағынан тарайтын Күршім ауданы Бурабай ауылының тұрғыны Айтқожа Тоңашановтың 18 шілде 1984 жылғы мәліметіне қарағанда Барақ Алатаудың «Қызыл Шілік» асуында қаза болды, - ден жазған, - Рауан газетінде, 1992 ж., 8-қыркүйекте.
Қасым Қайсенов (1918-2006), Қазақстанның халық қаһарманы, Қалихан Ысқақ (1914 жылы қыркүйекте өмірден кеткен), мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, Қабдышаар Әміреұлы (1923 -желтоқсан 2014) - Көкжал Барақтың алтыншы ұрпағы, подполковник, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі бірігіп жазған көлемді мақалада батырдың шығу тегіне толық анықтама берген: Көкжал Барақ Шүрекұлы 1701 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Қызылсу-Шар өзені маңындағы Көкжар деген жерде өмірге келген. Руы - найман. «Көкжал» - қосалқы есімі. Көкжелкеден бастап құймышаққа дейін тұтасқан жалы болған екен. Мақаланың авторлары Көкжал Барақтың тарихи тұлға екенін, батырдың жауды қырып-жоюда тек қара күштің адамы болмағанын, көрінген қалмаққа қылышын сермеп, шоқпарын кездемегенін жазған. Күршімнің Қаражартас аталатын түбегінен бір ауыл қалмаққа жер бергені айтылады [12].
Қ. Аманжолов, генерал А. Тасболатов «Қазақстанның әскери тарихы» шығармасында, Көкжарлы Көкжал Барақ батыр мыңдықтан әскер құрған 29 сардардың қатарында үшінші тұр. Олар: 1. Қаракерей Қабанбай; 2. Қанжығалы Бөгенбай; 3. Көкжарлы Көкжал Барақ; 4. Керей Жәнібек; 5. Шанышқылы Бердіқожа» [13, 135-б.].
Өлкетанушы М.А. Клушников «Камни Барака» атты көлемді мақаласында, аудандық «Заря» газетінің бетінде 1992 жылдың 10, 14 қаңтарында жарық көрген, одан бұрын 1984 жылы «Коммунистический труд» газетінде шыққан, Ертістің жоғарғы ағысынан бастап Шығыс Қазақстанның жері Зайсан, Марқакөл өңірлері, қалмақтардың келуінен жарты мың жыл бұрын, қазақтың әке-бабаларының мекені болғаны туралы баяндайды. Қазақтардың өзінің жері үшін күрескенін айтады. Қабанбай, Көкжал Барақ бастаған қазақтар Шығыс Қазақстанның жерін жоңғарлардан, қытайлардан тазартқаннан кейін «Батыр Қабанбай өзінің қара керейлерімен қара Ертісті мекен етті, батыр Көкжал Барақ Ертістің тармағы, Күршім өзенінің орта ағысын мекеніне айналдырды», - деп жазды М. Клушников.
Батырдың ұрпағы, полковник Совет Мәкенүлы Жанбосынов (1939-1999) мақаласының, шығармасының мазмұны өзінің жеріне, еліне, оның азаттығын паш ететін ұғымға, ұлттық салт-санаға, халқы үшін жанпида болған, үзеңгіден қан кешіп, ерлікпен елін, жерін қорғаған ержүрек бабаларымыз Қаракерей Қабанбай, Көкжал Барақ, Ер Қаптағай, Жәнібек, Малайсары және тағы басқа ел қорғаны болған батырларды мадақтайтын патриоттық сезімге толы [14, 89-б.].
2009 жылы «АН Арыс» баспасынан көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» атты тарихи романы екі кітап болып шықты: тарихи роман - дилогия, әрқайсысы 416 беттен тұратын. Бұл романда Қабанбай батырдың жорықтағы ерлігі жан-жақты көрсетілген. «Көкжал Барақ бастаған сол қанат әскер Қалбаның қалың бұйратын жаудан арылтып, Ертісті өрлей жылжыған...» [15, 379-380-бб.]. Барақтың Аңырақай (1730) соғысында да көзге түскені жазылған. Абылай хан Жоңғардың ханы Әмірсанаға әскери қолдау көрсеткен кезде қазақ сарбаздарының Алтынемелдегі шайқастағы қимылы суреттелінген: «Сонау бір тұста Барақ пен Баян батырлардың да жігіттерге жол ашып, қанды шайқастың қызу ортасында жүргені байқалады. Әсіресе, қызып алған Көкжал Барақ топ ішінде көк тұлпармен қоянша бұлтарып, алдаспанын оңды-солды сілтегенде қимылына көз іслеспейді» [15, 77б.]. Романда Абылайдың оңтүстікте қазақтың жері, елі, қалалары үшін Қоқанмен болған жеңімпаз соғысын сипаттай келіп, соғыс кезіндегі қазақ қолбасшыларының орнын да көрсеткен: «Маңдайда Көкжал Барақ, оң қолда - Олжабай, сол қолда - Қойгелді батыр тұратын болды» [16, 292-б.].
Қайсенов Зейнолла Әбдікәрімүлы, Қайсенов Азамат «Найман шежіресі». Екінші кітап. - 271 беттен тұратын, көнекөз қариялар естеліктерінің негізінде жазылған шығармасында Барақ пен Танаш батырлардың қазіргі Ұлан ауданы Алғабас ауылына қарсы орналасқан Абылайкит қорғанына шабуыл жасап, одан жоңғарларды қуып, Тарғын, Тайынты бойына ығыстырғанын әңгімелейді. Жаудан босаған соң Тарғын өзенін, Уранхай өзенінің бойын Қожамбет, Жиенбет рулары мекендей бастады. «Ал Танаш, Барақ Аманастың үстінде, Тайынты бойында, Самар ауданының Тикоп, Акирек деген жерлерінде қатты ұрыстар жүргізе отырып, қалмақтарды бұл өңірден қуған» [17, 250-б.].
Күршім аудандық газетінің бетінде батыр ұрпақтары Советхан Қалиғожиннің, Танаш Қайырбаевтың мақаласы жарияланды. Бұл мақалада Барақтың шығу тегі, ерліктері жөнінде айтарлықтай мәліметтер келтірілген.
Құрмет Рахимов - Барақ батырдың ұрпағы, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, «Родился в Курчуме» деген 351 беттен тұратын өте маңызды, құнды монографияның авторы; сонымен қатар Барақ батырдың немере інісі Өтей Жангелдінің ұрпағы Мұхаметқалым Шаяхметов (1920-2010) - Ұлы Отан соғысының ардагері, жоғары білімді тарихшы, жазушы, өлкетанушы, қоғам қайраткері, «Ғасырлар асулары» «Фолиант» баспасынан 2006 жылы шыққан ағылшын тіліне де аударылған монографияның авторы; Өтейұлы Қожағұлдан тараған Нуриманұлы Төлеген Кінәсілов, батырдың ұрпақтары Нұрлан Әскетаев, Еркін Ануарбеков, тағы басқа да қоғам қайраткерлері, еліне белгілі азаматтар Көкжарлы Көкжал Барақ есімін мәңгілік етуде көп жұмыс атқарды.
Шекербану Рахметолдақызы Жақыпова, Күршім ауданының төл тумасы, Көкжал Барақ батырдың 290 жылдық мерейтойын тойлауға байланысты дайындық жұмыстарына тікелей қатысып, Көкжал Барақ батырдың суретін салуға суретші Мәулен Смағұловпен бірге көп еңбек еткен. Шекербану Жақыпова өзінің тартымды шығармаларында Көкжал Барақ батырдың ерлігін паш етеді, жас буындардың жерге, суға деген отансүйгіш сезімін өлеңмен, әдеби тілмен жоғары көтеруде [18, 304-б].
Ұлтаралық ынтымақ, елдегі тыныштық, әлеуметтік тұрақтылық - Қазақстанның қарқынды дамуының негізі.
Көкжал Барақ батыр - Ұлы даланың өз кезіндегі тарихи тұлғасы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   55




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет