С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет6/97
Дата15.11.2022
өлшемі1,93 Mb.
#158238
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға 2
ввя лекции, ввя лекции, Дуйсеналыы Аружаан., Презентация 6, psih obsh i dov, Әлеуметтанудың рөлі, Еңбең түбі береке, Еңбең түбі береке, Еңбең түбі береке
Пысықтау үшін сұрақтар
1. Грамматиканың зерттеу нысаны не?

  1. Сөздің анықтамасы қандай?

  2. Сөздің дыбыстық жағы мен мағынасы арасындағы байланыс қандай байланыс деп аталады?

  3. Сөздің лексикалық мағынасына қандай белгілер тән?

  4. Тілдің грамматикалық құрылысы қандай ұғымдармен байланысты?

  5. Грамматиканың салалары қандай, олар нені зерттейді?

Әдебиеттер:

  1. Қазақ тілінің грамматикасы. І.Морфология. А.,1967. 1-7-беттер.

  2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 5-12-беттер.

  3. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 85-91-беттер.

  4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 4-12-беттер.

  5. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 4-11-беттер.



ІІ. Грамматикалық ұғымдар

  1. Сөздің грамматикалық сипаты.

  2. Басты грамматикалық ұғымдар:

а) грамматикалық мағына;
ә) грамматикалық форма;
б) грамматикалық категория.
3. Сөз формалары.


Сабақтың мақсаты
Сөздің грамматикалық сипатын анықтай отырып, одан туындайтын басты грамматикалық ұғымдарды ұғынып, олардың әрқайсысының ерекшеліктерін түсініп, шегін айқындай білу.

Сөз тілде сөйлеу процесі арқылы өмір сүреді. Сөздің сөйлеу процесінде басқа сөздермен әр түрлі қатынастарының негізінде пайда болатын ішкі мәндері, оның көрінісі болатын сыртқы түр-тұлғасы, солардың барлығы негізінде сөйлемдегі қызметі, т.б. тілдің грамматикалық құрылысымен байланысты болса, оның өзіндік ерекшеліктері тағы сол сөздің грамматикалық сипатымен анықталады.


Ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, грамматикалық форма және грамматикалық категория жатады. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер сол ұғымнан туындайды.
Грамматикалық мағына – сөздің жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына арқылы олардың әрі жалпылық, әрі ортақтақ қасиеті негізінде сөздер грамамтикалық топтарға топтасады. Осыдан грамматикалық мағынаның мынадай ерекшеліктері байқалады. Біріншіден, лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына одан кейін пайда болады, атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, содан кейін сөйлеу процесінде сөздердің бір-бірімен әр түрлі қарым-қатынасқа түсуі арқылы және сөздің сөйлемде жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы үстеледі. Екіншіден, лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөзге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болғандықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан топтауға негіз болады. Мысалы, үй, кітап сөздері лексикалық мағыналары жағынан ешбір жақындығы жоқ сөздер болса, грамматикалық мағыналары жағынан бір топтағы сөздер, екеуі де заттық мағынаны (зат есім) білдіреді. Үшіншіден, сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөзде біреу де, бірнешеу де болуы мүмкін. Кел, балалар, оқылық! деген сөйлемнің бір өзінде мынадай грамматикалық мағыналар бар. Кел – лексикалық мағынасы – ауыс мәндегі келу қимылы, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіру, 2) салттық мән, 3) бұйрық мағына және 2-жақ арнайы. Балалар: лексикалық мағынасы – белгілі жасқа (оқу жасына) байланысты адам, грамматикалық мағыналары: 1) жалпы заттық мағына, 2) адамға байланысты және бір адамға ғана емес, белгілі жастағы адамдарға түгел қатысты. 3) бір емес, көп екендігі. 4) соларға қаратылу. Оқылық : лексикалық мағынасы – оқу іс-әрекеті, грамматикалық мағыналары : 1) жалпы қимыл, іс-әрекет, 2) сабақтылық мән, 3) ниеттік мән және І жақ көптік ұғыммен байланысты, т.б.
Осыдан көрінетіндей, грамматикалық мағына белгілі жолдар арқылы беріледі. Соның бірі – грамматикалық форма. Грамматикалық форма, бір жағынан сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі болып табылады. Яғни белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі, оның бір түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта –ым,-ім,-м, 2-жақта -ың,-ің,-ң, сыпайы - ыңыз,-іңіз, -ныз,-ңіз, 3-жақта –сы,-сы,-ы,-ы, тұлғалары арқылы беріледі. Міне, осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады. Әрине, грамматикалық мағынаны білдірудің басқа да грамматикалық формасыз тәсілдері, мысалы, лексикалық мағынаның жалпылануы, сөздердің сөйлеу процесінде бір-бірімен таза аналитикалық қарым-қатынасқа түсуі, т.б. тәсілдер де бар.
Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жүрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.
Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, зерттеулерде грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық мағынаны түр-түрге бөлмей қарастырып келді.
Рас, осыған дейін грамматикалық мағына мен грамматикалық форма деген ұғымдарды әрдайым бір нәрсенің ішкі жағы, мазмұны мен сыртқы жағы, тұлғасы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп анықтап келдік. «Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайдың (Ы.А. - ҚҚТ, 18), «Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана грамматикалық мағына жайында сөз ете аламыз. Керісінше белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажетң- (А - ГТН, 16) деген пікірлер осыған дәлел. Бұл екі ұғымды осындай балама мәнде, бір нәрсенің екі жағы ғана (біреуі ішкі мазмұны, екіншісі сыртқы түрі) деп түсіну тіпті де дұрыс емес, өйткені олар (грамматикалық мағына мен грамматикалық форма) әр уақытта бір-бірімен балама, сай бола бермейді. Лексикалық мағынаның абстракцияланып жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ақ берілетінін жоғарыдан байқадық. Мысалы, тау, тас, үй, көл және бала, қыз, әке, сияқты сөздердегі жалпы заттық мағына, алғашқы топтағы сөздерде жансыз (нелік) заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты (кімдік) заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігінде ешбір күмән жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесі арқылы, сөздердің қосарлануы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен дауыс ырғағы (интонация) т.б. арқылы грамматикалық (дұрысында қатыстық грамматикалық) мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ. Сондықтан да грамматикалық форма арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде әңгіме жалпы грамматикалық мағына атаулы емес, грамматикалық мағынаның бір түрі болып табылатын категориялық грамматикалық мағына жайында ғана болу керек.
Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз табының) түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын, парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары (форма тудыратын журнақтар мен жалғаулар) жатады. Өйткені олар сөз табының парадигмалық сипаттағы тұлғалары, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұрады.
Мысалы, Тыңда, дала, Жамбылды дегенде, тыңда етістігі бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы (сен тыңда) тұлғасында тұрғанын, ол бір жағынан, белгілі форма, (нөлдік) форма – сен тыңда - өзіне қатысты сөзбен байланысынан көрініп тұр; түбір тұлға емес, түбірде бұйрықтық, 2-жақтық, жекешелік, анайылық мағына жоқ) арқылы көрініп тұр, екінші жағынан, осы тұлғаның өзі белгілі түрлену жүйесінің, парадигмалық бірліктің (бұйрық райдың жекеше анайы 2-жағы жалпы бұйрық райдың, ал бұйрық райдың өзі жалпы рай жүйесінің) бір көрінісі болып табылады да, сол жүйенің әрі тектес, бірыңғай, әрі одан ерекшелігі бар қарсы мәнді көрсетеді. Сондықтан да бұйрық райдың жекеше, анайы 2-жағы мағынасы мен формасы (нөлдік) сол жүйенің біріншіден 2-жақ жекеше, сыпайы және анайы, көпше тыңда-ңыз, тыңда-ңдар, тыңда-ңыздар, екінші жағынан 1,3 – жақтағы мағыналары мен тұлғалары арқылы парадигмалық жүйе құрайды. Ал бұның өзі жалпы рай категориясының парадигмалық жүйесін құрайды. Сондай-ақ Жамбылды зат атауы тұлғасы жағынан табыс септік болса, мағынасы жағынан тыңдау қимылының тура объектісі мәнін білдіріп, септік жалғау жүйесінің, бір жағынан, атау, ілік, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктік мағыналарының бір тектес түрі, екінші жағынан оларға қайшы мәнді білдіріп, өзгеше форма арқылы берілуі бір түрі болып тұр. Ал бұндай ерекшелік тыңда деген түбірде жоқ. Сөздің негізгі түбірі -тың да -да жаңа сөз тудырушы қосымша. Бұл жерде жүйе, парадигмалық тек грамматикалық мағына ғана үстеп тұрған жоқ, ол жаңа сөз жасап тұр, сондықтан тыңда деген етістіктегі жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның абстракциялануы, жалпылануы арқылы пайда болған.
Сөйтіп, қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік, жіктік) және форма тудыратын жұрнақтар (сын есімнің шырай тұлғалары, етіс, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, рай, шақ, есімше, көсемше, тұлғалары) жатады.
Грамматикалық форма, бір жағынан, сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің жолы болып табылады. Яғни белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі я оның бір түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта -ым, -ім, -м, 2-жақта анайы -ың, -ің, -ң, сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңіз, -ңыз, 3-жақта -сы, -сі, -ы, -і тұлғалары арқылы беріледі. Міне осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады.
Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма байланыста, бірлікте болады. Бұл екеуі әр кез тепе-тең бола бермесе де, олардың сәйкестіктері, яғни тілдік құбылыстың бірі ішкі мазмұн жағы болып, екіншісі оның сыртқы көрінісі - түр жағы болып келуі тілдің грамматикалық құрылысының басты бір сипаты болып табылады. Міне, грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың жүйелері және парадигмалық (түрлену) сипатынан және солардың жиынтығы ретінде грамматикалық категория туып қалыптасады. Демек, ең алдымен, грамматикалық категория грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың бірлігінен тұруы керек. Бірақ бір я бірнеше грамматикалық мағына бір я бірнеше грамматикалық форма арқылы берілсе, сол екеуінің бірлігі әр кез грамматикалық категория болып таныла бермейді. Айталық, меншіктілік мағына –ның,-нің, дың,-дің, -тың,-тің қосымшасы арқылы беріледі. Бірақ бұл екеуінің бірлігі (ілік септік) жеке грамматикалық категория бола алмайды. Белгілі бір грамматикалық категория болудың келесі шарты – грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың бірлік қасиеті жүйелі және парадигмалық сипатта болуы керек. Яғни грамматикалық категория әрі тектес, ыңғайлас грамматикалық мағыналардан тұрып, әрі өз ішінде бір-бірімен қарама-қайшылықта, өзгешелікте болып, ерекшеліктердің әрқайсысы жүйелі түрдегі түрлену (парадигмалық) тұлғалары, формалар арқылы көрініп, бірлікте болуы керек. Мысалы, ілік септік қана емес, түгел септік жалғаудың түрлену жүйесі немесе тәуелдік жалғау жүйесі осындай. Айталық, тәуелділік мағына жалпы ортақ бір грамматикалық мағына. Ол өз ішінде жақтық мағынаға байланысты бір-біріне қарама-қайшы үш түрлі қайшылықтан тұрады. Солардың әрқайсысы бөлек-бөлек грамматикалық формалар арқылы беріледі. Міне, осы қайшылықтардың бірлігі, грамматикалық мағына мен формалар жүйесінің тұтастығы грамматикалық категория болып танылады да, белгілі топтағы сөздердің (сөз табының) грамматикалық, лексика-грамматикалық ерекшелігі болып табылады.
Мысалы: Қалқаманның мақсұтын Мамыр білді (Шәкәрім).
Қалқаманның. Мағыналары: 1) зат атауы, адам, кісінің аты (жалқы есім), оны білдіріп тұрған – Қалқаман бөлігі;
2) меншіктілік мағына (мақсұтын меншіктеп тұр) оны –ның жалғауы білдіріп тұр.
3) тәуелдік мағына 3- жақ, оны – ы тәуелдік жалғауы білдіріп тұр.
Мамыр. Мағыналары: 1) зат атауы, адам, кісінің аты (жалқы есім), оны білдіріп тұрған – Мамыр бөлігі.
2) қимылдың, іс-әрекеттің иесі, 3-жақ, оны білдіріп тұрған – атау септігі (формасыз тұлға).
Білді. Мағыналары: 1 қимыл (іс-әрекет), оны білдіріп тұрған – біл бөлігі.
2) сабақтылық мағына, табыс септікті сөзді (мақсатын) талап етеді.
3) өткен шақ мағынасы, оны –ді жұрнағы білдіріп тұр.
4) 3-жақтық мағына, оны формасыз 3-жақ жіктік жалғауы (ол яғни Мамыр білді, -ал мен білді –м, сен білді -ң болар еді) көрсетіп тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет