С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Жетінші тарау. Меншікке қарсы қылмыстар



бет9/29
Дата31.12.2019
өлшемі1,81 Mb.
#55020
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29

Жетінші тарау. Меншікке қарсы қылмыстар.
Меншікке қарсы қылмыс деп-мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып немесе залал келтіру қаупін тудырумен байланысты қылмыстық кодексте көзделген нысандар арқылы жасалатын қасақаналық немесе абайсыздық іс-әрекеттерді айтамыз. Меншікке қарсы қылмыстардың топтық объектісі меншік иесінің иелену, пайдалану немесе оған билік ету құқығын құрайтын меншікке байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады. Осы топқа кіретін қылмыстардың тікелей объектісі-меншіктің нақты бір нысаны-мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің немесе басқа ұйымдардың, жеке тұлғалардың меншігіне қол сұғу болып табылады. Меншікке қарсы қылмыстардың затына адам еңбегі арқылы жасалған кез келген материалдық дүниелер, заттар жатады. Осыған байланысты адамның ақыл-ойы, идеясы, заттық белгісі болмағандықтан осы қылмыстардың заты болып табылмайды. Сондай-ақ заттық белгісі жоқ болғандықтан электр немесе жылу энергиясы да меншік затына жатпайды.

Меншікке қарсы қылмыстардың затына-ақша, бағалы қағаздар, сондай-ақ азаматтық айналымнан алынбаған басқа да қозғалмалы немесе қозғалмайтын мүліктер жатады. Жер қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, республикалық бюджет қаражаты, мемлекеттік қазына, алтын, алмас, валюта қоры, мәдениет және табиғат ескерткіштері меншік затына жатпайды. Меншікке қарсы қылмыстардың объективтік жағы кінәлы адамның бөтеннің мүлкін өзінің немесе басқа адамның пайдасына заңсыз, тегін айналдыру үшін құқыққа қайшы түрде алып қоюы арқылы сипатталады. Меншік иесіне немесе өзге де иеленушіден кінәлы адамның бөтеннің мүлкін өз иелігіне заңсыз алуын алып қою деп білеміз. Меншікке қарсы қылмыстардың объективтік жағы негізінен белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асырылады, тек қана бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру құрамының кейбір тәсілдері ғана әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады.

Меншікке қарсы қылмыстардың көпшілігі материалдық қылмыс құрамын құрайды, олардың объективтік жағы заңда көрсетілген үш элементтен: құқыққа қайшы іс-әрекеттерден; қылмыстық құқықтық норма диспозициясында көрсетілген мүліктік зиян ретіндегі зардаптан; сондай-ақ құқыққа қайшы әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады.



Меншікке қарсы қылмыстардың субъектісі болып 14-ке толған адамдар танылады. Меншікке қарсы қылмыстар іс-әрекеттің істелу тәсіліне және қылмыстық ниетке қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Ұрлық (175-бап)
Ұрлық дегеніміз -бөтен мүлікті жасырын алу, меншік иесінің еркінен тысқары жағдайда, заңсыз болып табылады. Объективтік жағынан ұрлық бөтеннің мүлкін жасырын түрде алумен ұштасады. Бөтен мүлікті, жасырын алу екі түрлі-объективтік және субъективтік белгілер бойынша анықталады. Адамның ешкімге сездірмей, білдірмей әрекет істеуі арқылы мүлікті жасырын алуы-объективтік белгіге жатады. Ұрлық жасаған адамның мүлікті меншік иесіне немесе өзге иеленушіге сездірмей, жасырын алудамын деген сезімі және осы тәсілмен оны жүзеге асыруды тікелей тілейтіндігі субъективтік белгіге, яғни кінәлының бөтен мүлікті жасырын алуға байланысты іс-әрекетке деген психикалық көзқарасын білдіреді. Осыған байланысты жәбірленуші үйде болмауы себепті оның пәтеріндегі заттарын алу, жәбірленушіге сездірмей оның қалтасына түсу, мас адамның, ұйықтап жатқан адамның немесе өте жастығына, психикалық аурулығына, басқадай аурулық жағдайларына байланысты олардың заттарын алу ұрлық болып табылады. Егер мұндай реттерде жәбірленуші немесе басқа адам бұл әрекеттерді көріп қалып, ол жағдайды кінәлы адам сезгенімен қылмысты іс-әрекетін одан әрі жалғастырса, онда оның әрекеті тонауға, ал қылмысты әрекетті кінәлы адам күш қолданумен немесе қолданбақшы болып жалғастырса қарақшылыққа ауысып кетуі мүмкін. Заңдылық құрылысына қарай ұрлық материалдық құрамға жатады. Сондықтан да қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі-қылмыстың қоғамға қауіпті зардабы-мүліктік залал келтіру болып табылады. Осыған байланысты кінәлының бөтеннің мүлкін алуымен бірге, оған билік етуге нақты мүмкіндік алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Мекеме, ұйым аумағынан немесе күзетілетін объектілерден мүлікті, затты жасырын алып шығу әрекеті ұрлық жасауға оқталғандық деп саналады. Осындай тәсілмен ұрланған заттарды күзетілетін объектілердің аумағынан алып кетуге қасақана көмектескен күзетшілер осы қылмысқа қатысушылар ретінде танылады. Егер адам ұрлыққа дайындалу іс-әрекеттерін немесе ұрлық істеуге тікелей бағытталған дайындалу әрекеттерін тоқтатса, не жасырын түрде алған ұрлық затын күзетілетін объектіден, аумақтан шықпай тұрып, осы қылмысын ақырына дейін жеткізу мүмкіндігі бола тұрса да оны істеуден өз еркімен бас тартып, ұрланған затты қайтарса онда кінәлының әрекеті қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту деп танылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ұрлық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам бөтеннің мүлкін жасырын түрде заңсыз, тегін алу арқылы меншік иесіне немесе өзге иеленушіге материалдық залал келтіретінін біледі және сондай тәсілмен сол залалды келтіруді тілейді. Қылмыс пайдакүнемдік ниет және сондай мақсатпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі болып-14-ке толған адамдар танылады. Қылмыстық заңда ұрлықтың ауырлататын және өте ауырлататын құрамдары көрсетілген. Олар мыналар:

а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;

б) бірнеше рет;

в) тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық-ауырлататын, ал мынадайы:

а) ұйымдасқан топ;

б) ірі мөлшерде;



в) ұрлық не қорқытып алушылық үшін бұрын екі немесе одан көп рет сотталған адам жасаған ұрлық-өте ауырлататын ұрлық құрамдары болып табылады. Бірнеше рет жасалған ұрлық Қылмыстық Кодексте көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады Бұрын істеген қылмысының аяқталғаны немесе қылмысқа даярланғандығы, оқталғандығы я болмаса қылмысқа кез келген рөлді атқаруға бірлесіп қатысуы да қылмысты бірнеше мәрте істегендік деп танылады. Созылмалы, жалғасқан қылмыстар бірнеше рет жасалған қылмыс деп саналмайды. Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайларға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық.

Тұрғын жай дегеніміз адамдардың тұрақты немесе уақытша тұруына арналған немесе олардың демалуға, мүлікті сақтауға, адамдардың басқа да мұқтаждықтарын өтеуге арналған (қойма, балкон, әйнектелген дәліз) құрылыстарды айтамыз. Адам тұруға арналмаған құрылыстар тұрғын жай деп танылмайды. Мысалы: шаруашылық қоймалары, мал қамайтын сарай, погреб ж.т.б. Қызметтік немесе өндірістік үй-жай дегеніміз адамдарды немесе материалдық игіліктерді уақытша немесе тұрақты орналастыруға арналған құрылыстар болып табылады. Бұған жататындар: зауыт, цех, корабль, сақтық кассалары, мұражай, байланыс бөлімшесі, магазин, театр, оқу орындары, спорт құрылыстары ж.т.б. Қоймаға-тұрақты немесе уақытша материалдық игіліктерді сақтайтын, қоршалған немесе қоршалмаған күзетпен қамтамасыз етілген, сондай-ақ осы мақсатқа қызмет ететін арнаулы (сейф, вагон, кассалық ақпараттар, контейнер) сияқты объектілер жатады. Көрсетілген объектілерге заңсыз деп тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатымен кіруді айтамыз. Бұл жерде бөтеннің мүлкін ұрлау мақсаты көрсетілген объектілерге заңсыз кірудің итермелеуші күші болуы керек. Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға өзінің қызмет бабына немесе атқаратын жұмысына, сол объектілерге яки біржолғы кіруге заңды негізгі болуына байланысты кіріп, ұрлық жасау заңсыз кіру ретінде саналмайды. Ұрлықтың аса ауырлататын түрі ұйымдасқан топпен жасалған ұрлық болып табылады. Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйымдасқан топ жасаған ұрлық деп танылады. Ұрлықтың аса ауырлататын тағы бір түрі-ұрлық не қорқытып алушылдық үшін бұрын екі немесе одан көп рет сотталған адам жасаған ұрлық болып табылады.
Алаяқтық (177-бап)
Нарықтық экономика жағдайына және кәсіпкерлік қызметтің кең өрістеуіне байланысты талан-тараждың ең көп тараған нысаны алаяқтық болып табылады. Алаяқтың заты бөтеннің мүлкі немесе бөтен мүлікке құқық алу болып табылады. Объективтік жағынан алаяқтық бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе бөтен мүлікке құқықты алу заңда көрсетілген екі тәсіл арқылы алдау немесе сенімге қиянат жасаумен жүзеге асырылады. Осы қылмысты жасағанда жәбірленуші мүлікті қылмыскерге оған сеніп өз қолымен тапсырады. Алаяқтық жолмен алдау дегеніміз-шындыққа жатпайтын фактілерді көрінеу бұрмалап, жалған хабар беру, мәлімдеме жасау, жалған құжаттар көрсету арқылы өзін құқық қорғау органының қызметкері етіп көрсету, әртүрлі келісімдер бойынша бұйымның, заттың саны, сапасы, бағасы жөнінде көрінеу шатастыру, жалған сенім хаттар көрсетіп, басқа біреуге тиесілі қаражатты немесе мүлікке құқықты алу, осындай әдіспен: Біреудің үйін, көлігін және басқа мүлкін сатып, айырбастап жіберу, т.б. болып табылады. Мұндай реттерде жасаған құжаттарды пайдалану, алдаудың бір тәсілі болып табылғандықтан кінәлының іс-әрекеті Қылмыстық Кодекстің 325-бабымен қосымша саралануға жатпайды. Алаяқтың жалған құжаттарды пайдалануы көп реттерде заңсыз зейнетақыны, жәрдемақыны, басқа да төлемдерді алуда жиі пайдаланады. Кінәлы адам осы құжаттарды пайдалану арқылы алаяқтықпен алдауда өзінің жасы, денсаулық жағдайы, еңбек стажы, орташа айлық, жылдық табысы туралы жалған мәліметтер енгізеді. Алаяқтың екінші бір тәсілі-сенімге қиянат жасау болып табылады. Сенімге қиянат жасау деп кінәлы адамның меншік иесімен немесе мүліктің өзге де заңды иеленушісімен пайда болған әр түрлі сенімге негіз боларлық қатынастарды пайдалану арқылы олардың мүлкін заңсыз иеленуі немесе иеленуге құқық алуы болып табылады. Мысалы, кінәлы адамның әр түрлі азаматтық-құқықтық келісімдерді пайдалануы: тұрмыстық прокат шарты, сауда-саттыққа қарыз берушілер, белгілі бір жұмысты істеуге, бағып-қағуға міндеттемелік шарттар болып табылады. Осындай сенімге ие болу арқылы олар жәбірленушіге қарсы алаяқтық әрекеттер істейді. Алаяқтың құрамы-материалдық. Оның субъективтік жағының міндетті белгілерінің бірі қылмыстың зардабы-меншік иесіне мүліктік залал келтіру болып табылады. Бұл қылмыс кінәлы адамның иелігіне мүліктің заңсыз өтуіне байланысты немесе кінәлының жәбірленушінің мүлкіне заңсыз құқық алған уақытынан бастап аяқталған деп сараланады.

Субъективтік жағынан алаяқтық тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі және қылмыс пайдакүнемдік ниет және мақсатпен орындалады. Бұл қылмыстың субъектісі де ұрлық субъектісімен бірдей.


Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу

немесе ысырап ету (176-бап)
Иеленіп алу немесе ысырап ету-кінәлы адамға тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салудың бір нысаны болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе ысырап ету белгілерімен сипатталады. Осыған байланысты бұл жерде талан-тараждың екі нысаны: иеленіп алу немесе ысырап ету құрамдары туралы сөз болып отыр. Иеленіп алу дегеніміз-кінәлының өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзінің пайдасына заңсыз айналдыруы мақсатымен оған заңсыз иелік етуі болып табылады. Мұндай ретте иеленген мүлік кінәлының билігінде болады. Ол меншік иесіне негізсіз қайтарылмайды немесе бөтен адамға берілмейді. Мүліктің жоғалуы, іріп-шіріп кету, жойылуы, басқа адамның ұрлауы нәтижесінде меншік иесіне қайтарылмаса, онда бұл иеленіп кетуге жатпайды.

Иеленіп кетуді бөтеннің мүлкін уақытша пайдалана тұрумен шатастыруға болмайды. Егер өзіне мүлік сеніп тапсырылған адам оны заңсыз пайдалана отырып, оны заңды иесіне қайтаруға немесе оның құнын төлеуге деген ниетте болса,онда оның әрекеті иеленіп кету емес. Ысырап етуге кінәлы адамның өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті заңсыз және тегін өзінің пайдалануы немесе басқа біреуге беруі, сыйлауы, сатуы, қарызға беруі және т.б. әрекеттері жатады.



Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену мен ысырап етудің негізгі айырмашылықтары мынандай: сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленуде кінәлы адам бөтеннің мүлкін жөнсіз, негізсіз, заңға қайшы әрекеттермен ұстап тұрады, иесіне қайтармайды, ал ысырап етуге осы аталған мүлікті әр түрлі жолмен талан-таражға салуы, пайдаланып кетуі, шашылып-төгілуі, рәсуә болуы, тегін немесе ақысын алып тарату жатады.

Иеленіп алу мен ысырап етудің ортақ белгісі: екі қылмыс құрамы бойынша да кінәлы адамға мүлік уақытша сеніп тапсырылады; мүлікті талан-таражға жасау үшін бұл ретте кінәлы адамдар өздеріне берілген мүлікке иеліктерді қылмысты әрекетке пайдаланады.Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық нысаны арқылы сипатталады. Кінәлы адам өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленетінін немесе ысырап ететінін сезеді және өз әрекеті арқылы меншік иесіне мүліктік залал келтіргенін күні бұрын біледі және сондай залалдың болуын тілейді. Бұл жерде кінәлы адам пайдакүнемдік ниетті басшылыққа ала отырып, заңсыз бөтеннің мүлкі есебінен пайда табу мақсатында көздейді. Қылмыстың субъектісі болып арнаулы субъект-талан-таражға түскен мүлік өзіне заң, шарт, контракт негізінде немесе қызметтік жағдайына байланысты сеніп тапсырылған мүлікке құзыретті адам танылады.
Тонау (178-бап)
Ұрлыққа, алаяқтыққа, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап етуге қарағанда тонау талан-таражға жататын қылмыс нысандарының қауіпті түрі болып табылады. Тонаудың тікелей объектісі болып бөтеннің мүлкіне қол сұғу болып табылады. Сонымен бірге тонау көп объектілі қылмысқа жатады. Сондықтан да оның қосымша тікелей объектісі болып жеке адамның денсаулығы, бостандығы да жатады. Тонау объективтік жағынан белсенді әрекет күйінде бөтеннің мүлкін ашықтан ашық талан-таражға салу арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да тонаудың объективтік жағының ерекшелігі-қылмыстың істелу тәсіліне, кінәлының бөтеннің мүлкін ашықтан ашық талан-таражға салуымен ерекшеленеді. Ашықтан-ашық талан-таражға салу деп танылу үшін біріншіден меншік иесі немесе өзге де иеленуші, сондай-ақ басқа да адамдар кінәлының құқыққа қайшы әрекеттерін көріп тұрумен бірге оның қылмыстық мәнін сезінуі қажет, екіншіден кінәлы адам осы жағдайларды сезіп, көріп тұра отырып, соған қарамастан қылмысты әрекет істеуі қажет. Егер кінәлы адам талан-таражды жасырын түрде жүзеге асыру ниетінде болып, бірақ қылмысты істеу кезінде көзге түсіп қалса, соған қарамастан ол өз әрекетін ары қарай жалғастырса, онда оның істеген әрекетін тонау деп бағалау керек. Мұндай ретте, яғни ұрлықтың тонауға ұласып кетуі-мүлікке толық иелік еткенге дейін жүзеге асырылуы мүмкін. Тонаудың жиі кездесетін түрі бөтеннің мүлкін жәбірленушінің көзінше оған күш қолдану ниетінсіз тартып алып қашу болып табылады. Тонау бөтеннің мүлкіне иелік етумен бірге оған өзінің қалауынша толық билік жүргізу мүмкіндігін алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бөтеннің мүлкін ашықтан ашық иеленуге бағытталған, бірақ толық іске аспаған әрекет тонауға оқталғандық деп танылады. Бөтеннің мүлкін қасақаналықпен немесе бұзақылық ниетпен бүлдіру, я болмаса осы мүлікке өзінің нақты немесе болжамалы құқығын өз бетінше жүзеге асыру мақсатымен, сондай-ақ оған уақытша пайдалану ниетімен иелік ету тонау деп қарастырылмайды. Тонаудың субъектісі болып 14-ке толған есі дұрыс адам танылады. Субъективтік жағынан тонау тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатымен сипатталады. Тонаудың тағы бір ауырлататын түрі-тұрғын, қызметтік, өндірістік үй жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған қылмыс құрамы болып табылады. Мұндай ретте кінәлы адам тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін тек қана ашықтан-ашық талан-таражға салу ниетін басшылыққа алады. Тонауды оған ұқсас қылмыс құрамдарынан ажырата білу керек. Тонау ұрлықтан мүлікті алу тәсіліне байланысты ажыратылады. Тонау күш қолданбау арқылы да істеледі, ал қарақшылықтың объективтік жағының міндетті белгісі күш қолдану болып табылады. Сондай-ақ тонаудағы күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті емес, ал қарақшылықтағы күш қолдану әрдайым қауіпті. Тонаудың құрамы материалдық құрамға жатады, ал қарақшылық формальдық қылмыс құрамына жатады. Яғни қарақшылық шабуыл жасаған уақыттан бастап зардаптың болған болмағанына қарамастан аяқталған қылмыс деп танылады. Тонауда қорқыту және мүлікке иелік ету бір мезгілде жүзеге асырылады, ал қорқытып алушылықта бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді қорқыту арқылы талап ету болашақтың ісі болып табылады. Тонауды бұзақылықтан ажырата білген жөн. Тонауда бөтеннің мүлкі кінәлының пайдасына ашықтан-ашық тегін алынады, ал бұзақылықта меншікке қол сұғу бұзақылық ниетпен бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы жүзеге асырылады.
Қарақшылық (179-бап)
Қарақшылық-талан-таражға салудың ең қауіпті түрі болып табылады. Қылмыстық заңда «қарақшылық, яғни бөтен мүлікті талан-таражға салу мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау» деп анықталған. Қарақшылықтың қауіптілігі бөтеннің меншігіне қол сұғумен бірге, осы қол сұғудың өте қауіпті тәсілі-шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданумен немесе тікелей күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқанында болып табылады. Қылмыстың бұл түрінің қоғамға қауіптілігінің көтеріңкі жағдайы оның екі бірдей объектісі-меншікке және адамның өмірі мен денсаулығына бір мезетте қылмысты қол сұғуы арқылы сипатталады. Қарақшылықтың объективтік жағы адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау арқылы белгіленеді. Осыған орай қарақшылықтың объективтік жағы негізінен екі әрекет арқылы: шабуыл жасау және күш көрсету арқылы жүзеге асырылады. Шабуыл жасау деп кінәлы адамның жәбірленушіге кенеттен, оның қарсылығын тойтару мақсатында өте үрдіс түрде күш қолдануы болып табылады. Шабуылға ашық түрде жасалған зорлық әрекеттерінен бөтен жәбірленушіні ту сыртынан ұру, тасада тұрып оған оқ ату, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына қауіп келтіретін жағдайда оған қатты әсер ететін, уландыратын немесе жындандыратын нәрселер беру арқылы оны есеңгірететін жағдайға келтіру сияқты әрекеттер жатады. Өмірге, денсаулыққа қауіпті күш қолдануға адамның тыныс жолдарын бекіту күш қолдануға адамның тыныс жолдарын бекіту, биіктен жерге тастау, жүріп бара жатқан немесе тұрған көліктен итеріп жіберу немесе жәбірленушіні уландыратын немесе оның нерв жүйесіне қатты әсер ететін нәрселер қолдану жатады. Күш қолданудың осы түрлерін қолданудың өзі жәбірленушінің денсаулығына ешқандай зиян келтірілмегеніне қарамастан қарақшылық әрекеті ретінде сараланады. Қарақшылықтың құрамын күш қолданумен бірге адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданамын деп қорқытумен де ұштасқан әрекеттер құрайды. Мұндай ретте қорқыту шын мәнінде адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы және қарсыласқан жағдайда ол қорқытудың нақты іс жүзіне асатынына жәбірленушінің ешбір күмәні болмауы керек. Қарақшылықтағы күш қолдану бөтеннің мүлкіне иелік етудің құралы болып табылады. Сондықтан да күш қолдану иелік етуден бұрын жүзеге асырылады. Егер кінәлы адам бөтеннің мүлкін жасырын ұрлап, бірақ қылмыс істеген жерде көзге түсіп қалып, қашып құтылу мақсатымен жәбірленушіге күш қолданса, онда оның әрекеті қарақшылық емес, ұрлық және жеке адамға қарсы қылмыс ретінде сараланады. Қарақшылық шабуыл жасаған уақыттан бастап, оның бөтеннің мүлкіне иелік жасағанына немесе жасамағанына қарамастан аяқталды деп саналады. Сондықтан да қарақшылық құрамы заңда формальдық құрам ретінде қарастырылған. Қарақшылық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен сипатталады. Қарақшылықтың субъектісі болып 14-ке толған есі дұрыс кез келген адам танылады. Осы 179-баптың 2-тармағында көрсетілген алдыңғы 3 ауырлататын белгілер ұрлықта немесе тонауда айтылған ауырлататын белгілермен мәні бірдей. Бұл жерде қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданумен жасалған қарақшылыққа ғана тән әрекеттердің мәнін ашу керек.

Бұл жерде қылмыстың құралы: а) қару; б) қару емес, бірақ қару ретінде пайдаланылатын заттар болып табылады. Қаруға атылатын және суық қарулар жатады. Атылатын қаруға тапанша, автомат, пулемет, гранотомет, мылтық, гранат, мина және басқа жарылатын заттар жатады. Аңшылық мылтығы, газ пистолеті және баллондар қаруға жатпайды, бірақ қарақшылық істеуде қару ретінде пайдаланылғанда осы құрамның ауырлататын түрін құрайды. Қару ретінде пайдаланылатын заттарға жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын, соның көмегімен олардың өмірін жоятын, оларға дене жарақатын келтіреиін кез келген заттар жатады. Мысалы, балта, тас, балға, отвертка, лом, темір, шоқпар, пышақ, сақал, мұрт алғыш ж.т.б. Осы заттардың алдын ала қарақшылық қылмысын істеуге бейімделуі немесе қылмыс болған жерден кездейсоқ табылып, кінәлының пайдалануы қылмысты саралауға ешбір әсер етпейді. Ең бастысы осы көрсетілген заттар қарақшылықта жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп келтіретін қару ретінде қолданылуы қажет. Қаруды немесе басқа заттарды қолдану деп кінәлының оны адамның денсаулығына зиян келтіру үшін шын мәнінде пайдалануы немесе шабуыл барысында оны дереу қолданбақшы болып қорқытатын әрекеттерді істеуі болып табылады. Іске жарамсыз қарумен немесе қарудың макеті арқылы жәбірленушіге оның өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақатын салу ниетінсіз қорқыту қару қолданған қарақшылық деп саналмайды. Қарақшылық шабуыл жасаған уақыттан бастап аяқталған деп саналады, ал қорқытып алушылық бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе мүліктік сипаттағы басқа да іс-әрекеттерді жасауды талап еткен кезде аяқталған деп саналады.


Талан-тараждың түрлері.

Ерекше құнды заттарды талан-таражға салу (180-бап)
Қазіргі қолданылып жүрген Қылмыстық кодексте бөтеннің мүлкін ұсақтап талан-таражға салғаны үшін қылмыстық жауаптылық көрсетілмеген. Мұндай іс-әрекет әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады. Тонау немесе қарақшылық жасағанда талан-таражға салынған заттың құнына қарамастан ондай іс-әрекет қылмыс деп танылады. Талан-таражға ұшыраған мүліктің бағасы мемлекеттік өткізу бағасымен, егер мүлік нарық немесе комиссиялық бағамен алынса, осы бағалармен есептелуі қажет. Талан-таражға түскен заттың бағасы белгісіз болса, онда оның бағасы сарапшының қорытындысы бойынша анықталады. Қазіргі жаңа Қылмыстық кодексте талан-тараждың ерекше түрі-ерекше құнды заттарды талан-таражға салуды қылмыстың затының ерекшелік белгісіне байланысты жеке құрам ретінде бөліп қараған. Талан-тараждың осы түрінің заты болып ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттар танылады. Бұларға археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған ерекше заттар, көркемдік маңызы ерекше заттар (картиналар, скульптуралық шығарма, әр түрлі нәрселердлен жасалған көркем бұйымдар), көне кітаптар, сирек қолжазбалар, архивтер, сирек кездесетін коллекциялық байланыс маркалары, көне мәнеттер, ордендер, ғылым немесе мәдениет үшін аса құнды құжаттар жатады. Заттар мен құжаттардың ерекше тарихи, көркемдік немесе мәдени жағынан құндылығы, олардың ақшалай бағасымен бірге тарихи, ғылыми немесе мәдениет үшін және бар немесе жоғына байланысты сарапшылық қорытындысы арқылы анықталады. Қылмыс объективтік жағынан ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени жағынан құнды заттар мен құжаттарды талан-таражға салу, талан-тараждың тәсіліне (ашық, жабық, күш қолдану арқылы, алдау немесе сенімге қиянат жасау) қарамастан жүзеге асырылады. Мұндай әрекеттерді істеу ұрлық, алаяқтық, иеленіп кету немесе ысырап ету, тонау я болмаса қарақшылықпен жасауы да мүмкін. Ерекше құнды заттар мен құжаттарды талан-таражға салу сол заттарға кінәлы адам толық иелік еткен уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қарақшылықта бұл қылмыс шабуыл жасаған сәтінен бастап аяқталған деп есептеледі. Осы көрсетілген қылмыс құрамын-ұрлық, тонау немесе қарақшылық нысандары арқылы істеген 14-ке толған адам осы қылмыстың субъектісі болып танылады, ал талан-тараждан басқа нысандармен осы қылмысты істеген жағдайда-қылмыстың субъектісі болып-16-ға толған азаматтар танылады. Көрсетілген қылмыс құрамы субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік мақсатпен жүзеге асырылады. Ерекше құнды заттар мен құжаттардың бұзылуы немесе бүлінуі деп дұрыс сақтамаудан олардың тарихи, ғылыми немесе мәдени құндылықтарының едәуір тозуы, іске жарамдылығының кемуі, оларды бұрынғы қалпына келтірмесе немесе қайта өңдемесе, түзетпесе пайдалануға жарамайтындығын айтамыз.
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет