Мақсаты: Мәтіндердің түрлерін сипаттау. Академиялық бағытта жазылған мәтіннің ерекшеліктерін жіктеу. Академиялық хаттың ерекшелігін талдау.
Академиялық хат және оның ерекшелігі. Кез-келген оқырман қалауына орай түрлі жанрдағы мәтіндерді оқиды. Мәтіндердің түрлерін шартты түрде академиялық және академиялық емес деп 2 бөлуге болады:
Академиялық – рефераттар, баяндамалар, ғылыми мақалалар, оқулықтар, ғылыми пікірлер, авторефераттар, диссертациялар, ғылыми жобалар және т.б. осы бағытта жазылған жұмыстардың өз мақсатына және зерттеу әдісіне қарай құрылымдары мен жазылу жүйесі әр түрлі болады.
Жоғары оқу орындарында оқытылатын әрбір пәннің ғылыми бағытына қарай өзіндік зерттеу әдісі мен тілдік ерекшеліктері бар. Мысалы, экономикалық бағытта жазылатын оқу құралын алатын болсақ, оның негізгі мақсаты оқу үдерісіндегі жаңа терминдер мен ғылыми жайттарды мысалдар арқылы оқырмандарға түсіндіру.
Академиялық мәтін белгілі бір тақырыпты түсіндіруге бағытталған күрделі құрылымда жазылады. Академиялық бағытта жазылатын жұмыс ғылыми мәлімет беруге бағытталады.