Білім беру жүйесіндегі жүргізіліп отырған реформалау — қазіргі күннің талабы.
Реформалауды жүзеге асырудың жаңа бір сипаты, ол қазіргі уақыттағы оқыту мен тәрбие беру процесіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу болып отыр. Оқу — тәрбие процесіндегі жаңа педагогикалық технология дәстүрлі оқыту процесін мүлдем жоққа шығаруға болмай, керісінше, оны дәстүрден тыс әдіс-тәсілдермен, жаңа мақсат-міндеттермен байыту болып табылуы керек.
Жаңа педагогикалық технология дегенді — тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы деп түсінетін болсақ, ол — педагогикалық жүйенің басты мақсаты: жан-жақты дамыған немесе өздігінен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру;
— осыған орай, қытай даналығы «оқушы құйып толтыратын ыдыс емес, ол жағатын шамшырақ» деп пайымдауын еске түсіруге болады.
Оқытушы жүйелеп оқыту материалдарын пайдалану арқылы оқушыға алған білімін өз еркімен саналы түрде, шығармашылық тұрғыда дамыта алатындай әсер етуі қажет.
Білім жүйесін реформалаудағы алға қойылған мақсат-міндеттерді орындау барысында бейнелеу өнерін оқытудың маңыздылығы ескеріліп, басқа пәндермен бірдей деңгейде қарастырылуда.
Бейнелеу өнерін оқытудағы жаңа педагогикалық технологияларға тоқталатын болсақ, ол — соңғы техникалық құралдармен жабдықталған, шығармашылық ізденістен туындаған дәстүрлі және дәстүрден тыс әдіс-тәсілдердің жүйелі бірлігі.
Бейнелеу өнерін оқыту тәжірибесінде қолданып жүрген бірқатар дәстүрден тыс әдіс-тәсілдерді атап айтсақ, олар — ойын, сайыс, көрме, соның ішінде:
тірілген туынды — туынды оқиғасын кеңістікте көрсету;
мазмұн мен көңіл-күйді көшіру — музыканы жазықтықта бейнелеу;
ұйықтап тану — жұмулы көзбен көріністі, белгілі бір бұйымды ұстап тану және оны мүсіндеу;
ауада сурет салу — белгілі бір бейне ізін ауада сызып көрсету;
ауызша сурет салу — музыканы, өлеңді ауызша суреттеу.
Сабақ жүйесіне енгізілген дөстүрден тыс әдіс-тәсілдер оқушылардың бойында шығармашылық ізденіске деген құштарлықты арттырып өзіндік образ, өзіндік іс-әрекет жобасын құрауға мүмкіндік жасайды. Қоршаған ортадан, үлкен өнер туындыларынан сұлулықты көріп қана қоймай, оны өз бетімен іздеуге ұмтылуға баулиды. Бейнелеу өнерінің сезімдік әсерін түсініп, оған қызығушылығы артады. Өзінің және өзгенің жұмысына құрметпен қарап, саналы түрде талдап баға беруге, өнерді өз өмірінің құрамдас бір бөлігі ретінде көруге тәрбиеленеді.
Б. М. Неменский өз еңбектерінде мұндай сабақтарға енгізілген дәстүрден тыс әдіс-тәсілдер оқушылардың арасында бір-бірімен шығармашылық бірлікті, оқытушы мен оқушының арасында ортақ бірлікті қалыптастырады деген.
Бейнелеу өнері және оның әдістемесі пәнінде «Портрет» тақырыбына сабақтың өтілуі. Өткізілетін сабаққа тоқталсақ: онда сабақ мақсаты — портрет жанры туралы түсінік беріп, портретті бейнелеу тәсілдерін үйретіп, шығармашылық, өнертану қабілеттерін дамытуға болады.
Сабақ барысында қайта өрлеу дөуірінің ұлы суретшілері Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти, қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхат Қастеевтің портреттік шығармалары кең қолданылып, портрет жанры, портретті бейнелеу тәсілдері жөнінде түсінік беріледі.
Дәстүрлі сабақтарда портретті натурадан немесе елестету арқылы бейнелеу тапсырылатын болса, ал бұл сабақта машықтық жұмысқа жоғарыда көрсетілген суретшілер туындыларындағы композицияны, қимылды пайдалану арқылы өзіндік жаңа образ бейнелеу. Мысалы: Рафаэльдың «Мадонна Темпи» атты туындысындағы ана образын әр оқушыға өз анасының образында бейнелеу ұсынылады.
Бұл ұсыныс оқушылардың біріншіден, ұлы суретшілер шығармаларының композициялық құрылымына, түсінік шешіміне, орындау әдісіне талдау жасауларына мүмкіндік туғызады. Екіншіден, ақ қағаз алдындағы кедергілерді тез жеңіп, суретшілер шығармаларын бағытқа ала отырып, жаңа образ жасауларына көмектеседі. Үшіншіден, шығармашылық, икемділік дағдымен қатар өнерсүйгіштікке, өнер танушылыққа тәрбиелейді, баулыйды.
Осы тәсілді табиғат көрінісін бейнелеуде, тақырыптық бейнелеу сабақтарында қолдануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |