Субтропиктік климаттық белдеу материкті батыстан шығысқа қарай кесіп өтеді. Сондықтан бұл белдеуде де климат әр түрлілігімен ерекшеленеді. Белдеуге жазда тропиктік, қыста қоңыржай ауа массалары әсер етеді.
Белдеудің Жерорта теңізі маңындағы бөлігінде жаз өте ыстық, құрғақ болып келеді, ал қысы батыс желдерінің әсерінен жылы, жаңбырлы болады. Мұндай климат субтропиктік жерортатеңіздік деп аталады.
Белдеудің орталық бөлігінде таулы аудандарда биік таулық субтропиктік климат қалыптасады. Тынық мұхит жағалауларына субтропиктік муссондық климат тән.
Тропиктік климаттық белдеу материктің тек батыс бөлігін қамтиды. Бұл белдеуде тропиктік климат континенттік сипат алады. Оның басты себебі Үнді мұхитынан келетін ылғалды ауа массалары биік таулардың кедергі болуынан ішкі аудандарға өте алмайды. Сондықтан ауа температурасы жыл бойы жоғары, әсіресе жазда аңызақ, аптап ыстықтарға ұласады. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 200 мм-ге дейін, тіпті кейбір жерлерде бұл көрсеткіш 50 мм-ден де аз. Осы белдеу ыстық, құрғақ тропиктік континенттік ауа массаларының қалыптасу аймағы болып табылады. Мұнда Еуразияның аса ірі шөлдері орналасқан.