Көлденең жолақты ет ұлпасы (лат.textus muscularis striatus ) — қаңқа бұлшықет ұлпасы және жүрекет ұлпасы болып екіге бөлінеді. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы (лат. textus muscularis striatus sceletalis) — қаңқаның, тілдің, жұтқыншақтың, өңештің алдыңғы бөлігінің, көмекейдің, көз алмасының, құлақтың, көкеттің бұлшықеттерін құрайды. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасының ет талшықтары миосимпласттардан тұрады. Миосимпласт сыртынан сарколеммамен қапталған. Сарколемма өз кезегінде екі қабат қабықтан: сыртқы негіздік жарғақтан және ішкі плазмолеммадан тұрады. Бұлшықет талшықтарының сопақша келген мыңдаган ядролары миосимпласт цитоплазмасының шеткі жағында, сарколемманың астында жатады. Ал миосимпласттың жалпы органеллалары ядролардың маңайында орналасады. Миосимпласттарда агранулалы эндоплазмалық тор жақсы жетілген. Олар бір-бірімен өзара ілмектері арқылы жалғасып, байланысып жатады. Бұларды саркоплазмалық тор деп атайды. Митохондриялар миофибриллалардың аралықтарында орналасады. Миосимпласт саркоплазмасында энергия көзінің қызметін атқаратын гликоген дәншелері, липидтердің майда тамшылары және тыныс алу пигменті — миоглобин болады. Бұлшықет талшықтарының арнайы органеллалары — миофибриллалар миосимпласт ядроларын саркоплазмага қарай шетке ығыстырып, цитоплазма орталығының көп бөлігін алып жатады. Олар ет талшығының ұзын бойын бойлай орналасады. Миофибриллалардың орташа диаметрі 1-2 мкм. Миофибриллалар ретімен және кезегімен орналасқан жиырылғыш протеиндер — актин және миозин жіпшелерінен құралған. Соңғы аталған протеинді жіпшелерден миофибриллаларды құрап, оларды бекітіп ұстап түратын телофрагмалар мен мезофрагмалар құрылымдарын — титин және небулин протеиндері құрайды. Телофрагма (Z-сызығы) миосимпластқа көлденең орналасып, миофибриллалардың құрылымдық бірлігі саркомерлерді шектеп, оларды бір-бірінен бөліп тұрады. Телофрагманы құрайтын протеиндер молекулаларының торы миосимпласт сарколеммасымен байланысып, миофибриллалар үшін тіректік қызмет атқарады. Телофрагманың қалындығы 100 нм. Миофибрилланың көрші екі телофрагма аралығындағы саркомердің қақ ортасында мезофрагма (М-сызығы) орналасады. Мезофрагма да жоғарыда аталған протеиндерден түзілген. Бұлар да тіректік қызмет атқарады. Мезофрагмадан телофрагмаға қарай миозин миофиламенттері, ал телофрагмадан мезофрагмаға қарай актин миофиламенттері бағытталып кездесіп, бір-біріне жанаса кіріп, біраз аралықта параллельді орналасып, кірмелер түзеді. Миофибриллаларды құрайтын миозин мен актин филаменттерінің өзара орналасу орындары ерекше. Диаметрі 10 нм, ұзындығы 1,5 мкм әрбір миозин филаментін, диаметрі 5 нм, ұзындығы 1 мкм алты актин филаменті қоршап жатады. Тек миозин филаментінен құралған М-сызығының екі жағындағы ақшыл аймақты Н-жолақ деп атайды. Телофрагма аймағында миосимпласт сарколеммасы ішке қарай қатпарлана еніп, көлденең түтікшелер (Т-түтікшелерді) түзеді. Олардың құрамына негіздік жарғақ кірмейді. Актин миофиламенттері — изотропты (I) ақшыл дискілерді, миозин миофиламенттері — анизотропты (А) күңгірт дискілерді қүрайды. Осы ақшыл және күңгірт дискілер кезектесе орналасып, миофибриллалардағы миосимпласттың (ет талшықтарының) көлденең жолақтарын жасайды. Себебі, миосимпласттағы барлық миофибриллалардың кезектесе орналасқан ақшыл және күңгірт дискілері бір деңгейде жатып, ет талшығының көлденең жолақтарын түзеді. Ет ұлпасының "көлденең жолақты" деп аталуы осыған байланысты. Көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы ерікті жиырылады. Миосимпласттар бір-бірімен жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар (эндомизий) арқылы байланысып, ет талшықтарының шоғырларын түзеді. Ет талшықтары шоғырлары бір-бірімен өзара қалыңдау келген дәнекер ұлпалық аралықтармен (перимизий) байланысып, бұлшықеттерді құрайды. Бүлшықеттер сыртынан дәнекер-ұлпалық қабықпен (эпимизий) қапталған. Құрылысы жағынан бұлшықеттер — паренхималы мүше. Оның паренхимасын — ет талшықтары, ал олардың аралығындағы қан, лимфа тамырлары мен жүйкелер өтетін дәнекер ұлпалық аралықтар мен ет қабығы (эндомизий, перимизий, эпимизий) бұлшықеттің стромасын құрайды.