Сабақ тақырыбы: Түркі халықтарына тән ортақ ескерткіштер мен әдеби мұралар
Сабақ мақсаты:
білімділік: ежелгі түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі туралы, оларға тән ортақ ескерткіштер мен әдеби мұралар туралы терең мағлұмат беру
дамытушылық: сөздік қорын молайту,ойын еркін жеткізе білуге және тілін дамыту
тәрбиелік: : адамгершілікке, үлкенді құрметтеуге және ұлттық мұраны қастерлеуге тәрбиелеу
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, мазмұндау
Сабақты дидактикалық материалдармен қамту: слайд, қосымша материалдар
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиеті, тарих
Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1. Сәлемдесу
2. Сабақтажұмыс істеугежағдай жасау
3. Лицеистерді психологиялық тұрғыдан қарым-қатынасқа дайындау
4. Сабаққа дайындықты тексеру
5. Сабақтың жалпы мақсаты мен оны жүргізу жоспарын ашу
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. Термин сөздері бар мәтінді жазып, термин сөздеріне фонетикалық талдау жасау
ІІІ. Жаңа сабақ
«Ежелгі дәуір әдебиет» (VII-XIV ғғ.) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған әдебиетіміздің, ұзақ тарихына қатысты ескерткіштер, шығармалар аз емес. Олардың алғашқылары деп түркі ру-тайпаларына ортақ Орхон ескерткіштерін (VII ғ.), «Қорқыт» (VIII ғ.) және «Оғыз-наманы» (IX ғ.) атаймыз.
Ежелгі дәуір әдебиетін Мұхаммед Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұни тәрізді түркі халықтарының біразына ортақ ойшылдары, ғалымдары, ақындары жалғастырады (X-XII ғғ.) – Аталған ғұламалар түркі халықтарынан шыға тұра кезінде араб әдебиетін, араб ғылымын, сонымен бірге дүние жүзі ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан.
Ежелгі дәуір әдебиетінің негізіне қыпшақ тілінде дамыған кезеңінде (ХIII-ХVI ғғ.) «Кодекс куманикус», «Махаббатнама», «Жүсіп-Зылиха», «Гүлстан», «Домбауыл», т.б. қиссалар, дастандар, шежірелер, тарихи мұралар енеді.
І. Көне түркі әдебиеті. Орхон жазуындағы жәдігерліктер.
1. Орхон-енисей ескерткіштерінің зерттелуі
2. Түркілердің ежелгі діни ұғымдар мен наным-сенімдері
Кез –келген халық, ру, тайпа ұлт болу үшін оның басынан кешірген тарихы болады. Сол секілді түркі халқының да өзіндік тарихы бар. Түркі халқының дүние жүзіне халық болып танылуы ҮІ ғасыр ортасында басталды. Сол себепті де ежелгі дәуір әдебиеті ҮІ-ХҮ ғасырлар аралығын қамтиды деп жорамалдайды. Бұл кейінірек қазақ халқының құрамына енген қазақ ру, тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуіріндегі әдебиеті. Бұл ерте кездегі түрік, ру-тайпаларымен бірге жасалған ортақ әдебиеттің өзін 3 кезеңге бөліп қарастырамыз.
1. ҮІ-ІХ ғ. көне түркі әдебиеті ескерткіштері. Бұған орхон жазба ескерткіштері яғни «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» туралы құлыптастарға қашап жазылған жырлар, сондай-ақ, «Оғыз-наме» дастаны мен «Қорқыт ата кітабы», Әбу-Насыр Әл-Фарабидің әдебиет саласындағы еңбектері енеді.
2. Х-ХІІ ғ. әдебиет. Бұл қараханид түріктерінің тілінде жазылған әдеби ескерткіштер. Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашғаридің «Түркі тілінің сөздігі», А.Яссауидің «Даналық кітабы», А.Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», С.Бақырғанидың «Хакім ата», «Жұбан ана», «Әулие Мария» туындылары Х-ХІІ ғ. өмірге келген әдебиет нұсқалары.
3. ХІІІ-ХІҮ ғ. әдебиеті. Бұл кезең Алтын Орда не Хорезм дәуірі деп аталады. Бұл дәуірдегі туындылар түркі әдеби тілінің шағатай, қыпшақ диалектісі негізінде жазылған. Олар: «Кодекс куманикус», Хорезмидің «Мұхаббат наме», Н.Рабғузидің «Қисса сул Әнбия», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха», С.Сарайдың «Гүлстан бит түрк», Құтыбтың «Хұсрау-Шырын дастандары . Сонымен қатар Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қ.Жалайыридың «Жамиғ ат тауарих», З.Бабырдың «Бабыр наме» шығармалары осы кезеңнің үлгілері.
Көне түркі жазба ескерткіштері — әдеби мұра ретінде
1. Ескерткіштердің түрлері, олар туралы мағлұмат
2. Орхон ескерткіштері
3. «Күлтегін» ескерткіші. Идеясы, тақырыбы, Күлтегін бейнесі.
Географиялық, тілдік және графикалық ерекшеліктеріне қарай көне түркі ескерткіштері 3 топқа бөлінеді.
1. Енисей есерткіштері
2. Талас ескерткіштері
3. Орхон ескерткіштері
Енисей ескерткіштеріне Енисей өзені, Тува республикасы, Алтай, Хакас облысымен, Краснояр өлкесі территориясынан табылған ескерткіштер жатады. Енисей ескерткіштері көлемі жағынан 10-15 жолдар, кішілері 1-2-3 жолдардан тұрады. Енисей ескерткіштері Ү-ҮІІ ғасырды қамтиды.
Талас жазу ескерткіштеріне Талас өзені бойынан табылған 12 ескерткіш жатады. Талас өзені бойындағы Айыртам-Ой деген жерден (қазіргі Жамбыл облысы) 1896 ж. Әулие Ата уезінің бастығы Каллаур ғылымға үлкен жаңалық боп енген жазуы бар тас тапқан. Зерттеушілердің пікірінше Талас ескерткіштері ҮІІІ ғ. қамтиды.
Орхон ескерткіштеріне ҮІ ғ. аяғы мен ҮІІІ ғ. басындағы Орхон, Селенгі, Тола өзендері мен Минусинск ойпатынан табылған Құтлығ қаған (Онгин), Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Мойын Чор, Күллі Чор, Суджы ескерткіштері жатады.
«Онгин» ескерткіші 1891 ж. Монғолиядағы Онгин өзені бойынан Ядринцев тапқан. Бұл ең көне ескерткіштердің бірі. Мұнда екінші түркі қағанатын қайтадан қалпына келтірген Елтеріс қаған мен оның әйелі Елбіге туралы әңгімеленеді. Құтлығ Күлтегін мен Білгенің әкесі.
«Білге қаған» (683-734) ескерткіші 1889 ж. Монғолиядағы Орхон өзені бойындағы Эрдени Цэу монастырының жанынан Ядринцев тапқан. Білге қаған Қапаған қаған қайтыс болған соң таққа отырған Құтлығ қағанның үлкен ұлы. Ескерткіштегі жазуды жазған қағанның туысы Иоллығ Тегін делінеді.
«Тоныкөк» ескерткішін 1897ж. Селенгі өзені бойынан Д.Клеменц тапқан. Тоныкөк- үш қағанның , 692 жылы қайтыс болған Құтлығтың, 716 жылы қайтыс болған Қапағанның және 734 жылы қайтыс болған Білгенің әскери кеңесшісі болған. Ол табғаш елінде оқып, тәлім-тәрбие, әскери білім алған. Зерттеушілердің пікірінше Тоныкөк 716 жылдан кейін қайтыс болды деп жорамалданады. Ескерткіштегі жазуды жазған Тоныкөк. Әйтсе де жыр жазылу стилі, композициялық құрылымы, идеялық мазмұны жағынан «Күлтегінге» ұқсас. «Күлтегін» жырында негізгі нәрсе – Күлтегіннің ерлігі болса, «Тоныкөк» жырында автор сол шайқаста жеңіске Тоныкөктің ақыл-айласы арқасында ғана жеткендігін көрсетеді. Жырдың басты қаһарманы түркіелінің дана қарты Тоныкөк. Сондықтан жырда уағыз — өсиет, нақыл сөздер көп.
Мыс: Жұқаны бүктеу – оңай
Жіңішкені үзу – оңай
Қол қосылса күш өсер
Өлімнен ұят күшті
«Тоныкөк» 313 өлең жолынан тұрады. Жырдың жалпы оқиға желісінен зерттеушілер 14 циклын бөліп қарастырады.
1. Түркі халықтарының табғаштарға бағынышты болу тарихы
2. Аман қалған түріктердің бас қосып, бірігуі
3. Біріккен халықты басқаратын қаған сайлаудың қиындығы, қаған сайлаудағы Тоныкөктің ролі
4. Елтерісті қаған жариялауы
5. Оғыздардан тыңшы келіп, түркі елін шаппақ болғандығы
6. Түркі халқының жауларымен күрестің қиындығы және осы қиындықты жеңудегі тоныкөктір ролі
7. Оғыздармен болған соғыс туралы
8. Сегізінші циклдан бастап 14 циклға дейін түркілердің түрлі тайпалармен жүргізген соғыстары баяндалады. Ал 14 циклы бүкіл жырдың қорытындысы болып келеді. Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін соғысқандары айтылып, соның барлығында да жеңіске жеткендері, ол Тоныкөктің ақыл-кеңесінің нәтижесі екендігі баяндалады.
ІV. Үй тапсырмасы туралы ақпарат беру: Көне түркі жазба ескерткіштері туралы оқу.
V. Қорытындылау.
Қорыта айтқанда, Күлтегін, Білге Қаған және Тоныкөк ескерткіштері (Орхон-Енисей) – мазмұны мен түрі жағынан да, тілі мен көркемдету құралдары жағынан да, өлең құрылысы, композициясы жағынан да ежелгі түркі халықтарына ортақ көркем туындылардың үлгісі болумен бірге, ол қазақ әдебиетінің де асыл қазынасына енетін әдеби мұра.
VI. Бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |