Мүсірепов. Зауал! Зауал! Біз білетіндерден кімдер бар?
Рысқұлов (серігін қолынан тартып). Берірек жүр. Жақындасаң - өзің де танырсың, (Жар жағалап, лапылдаған отқа таяп келеді.) Әне, анау барқырап тұрғанды сен танымассың, Ғабит. Ол баяғы Нерон. Анау шешесі, оның жанындағы туған інісі... Нерон ол екеуін де өзі өлтірткен...
Мүсірепов. Туған анасын, туған бауырын аямаған. Олардың өліктерін баспалдақ етіп, мансапқа биіктеген. Содан не тапты?
Рысқұлов. Мансап та ауру. Мансапқорлар да нашақорлар сияқты. Мансаптың мастығы – нашақор мастығынан да қауіптірек. (Кенет серігін жеңінен тартып қалып.) Ал ана аруақты сен бірден тануға тиіссің!
Мүсірепов (селк ете қалып, сәл-пәл тағзым еткендей болып). Ста-а-али-ин! (Тұтығыңқырап). Бі-ір же-е-ңі қ-қ-қы-зыл, бір жеңі-і қа-а-ра. Қызыл жолақ үстімен Сталин ары-бері баяу басып, бірсыдырғы жүреді де қояды. Сталин жолдас император Неронға қарағанда құдайдай ғой.
Рысқұлов (мырс етіп). Нерон Сталиннің қолына су құюға жарамайды.
Шексіз ғалам музыкасы гуілдейді. Сол сәтте арғы беттен арпылдаған, әупілдеген, барақ жүн орнына жыбырлаған жылан шыққан, шарадай екі көзі от шашқан, танаулары үңірейген, ауызы арандай, өзі есектей ит әлдекімді қуалап шыға келеді.
Мүсірепов (үрейлене шегіншектеп). Астапыралла! Мынау не сұмдық, Тұрар аға?
Рысқұлов. Қорықпа! Бізге жете алмайды. (Басын шайқап). О, сорлы Филипп Исаевич... Анау Цербер осының-ақ соңынан қалмай қуалайды да жүреді.
Мүсірепов (жағасын ұстап, ішегін тартып). Өзіміздің Голощекин жолдас па?!
Рысқұлов. Дәл өзі! Тозақ төбеті Цербер осы байғұсқа бір сәт тыным таптырмайды. Жарық дүниенің өзінде-ақ бишараның даусы тамұқтан шыққандай шарылдап тұрушы еді, енді мүлде қақ- сауық болып алды.
Жар басында ақ жамылған түмен аруақ: «Цербер! Цербер! Айдақ! Айдақ! Бас! Бас!» – ден шуылдап тұрады. Ғарыш музыкасы шексіз ғаламның құрсағынан шығып жатқандай ыңыранады.
Достарыңызбен бөлісу: |