Мүсірепов (Рысқұловқа). Сонда Голощекин жолдастың шыбыны мәңгі-бақи шырылдаумен бола ма?
Рысқұлов. Мәңгі-бақи. Ара-арасында сәл-пәл тәнәпіс бар. Қазір өзің де көресің...
Цербер арсылдап қуалап келеді. Голощекин шырылдап қашып барады. Кенет алдарынан Сталин шыға келгенде, Цербер қалт тұра қалып, тек ырылдай береді. Голощекин барып, Сталиннің аяғына тығылады. Сталин Церберге трубкасын кезеп-кезеп қояды.
Мүсірепов. Ойпыр-ой, жарықтық Сталин-ай! Тозақтың төбеті де бата алмай қалды-ау. Енді Голощекин жолдас құтылды ғой бәледен?..
Рыскұлов. Жоқ, Ғабит, қателесесің. Филип Исаевич баяғы өзің білетін жағымсыз дауыспен зар қағып, ана кісінің мазасын май ішкендей қылады. Содан соң оны Сталин «Кет» деп куып жібереді. Аңдып тұрған Цербер тағы да қуалайды.
Мүсірепов (сыбырлап, Сталинді меңзеп). Ана кісі тамұқтың тақсіретін тартқан адам сияқты емес қой. Немене, тамұқтан да тайсалмай ма?
Рысқұлов (жайдары күліп). Ой, Ғабит-ай, соншама сұңғыла болсаң да, қазаққа тән аңқаулығың қалмайды. Оу, Иосиф Виссарионович жарық дүниенің өзінде тамұқ орнатып, соның тағында отырған кісі емес пе!
Мүсірепов (мекірене күліп). Е, бәсе, тамұқ ол кісіге таңсық емес екен-ау.
Рысқұлов. Ол тозақтың өзінен ләззат алады.
Мүсірепов (Рысқұловтың иығына тығылыңқырап). Қарайды біздің жаққа...
Рысқұлов. Тамұққа түскелі бері жар жағалап, осы біздің жақтан бір көз алмай, ары-бері теңселіп жүреді де қояды.
Мүсірепов (әнтек таңқалып). Онысы несі екен?
Рысқұлов. Ретін тапса, біздің жақты да тамұққа айналдырып жібермек.
Мүсірепов. Тағы да сойқан соқпаса игі еді...
Рысқұлов (жайбарақат). Соқпайды. Көрдің бе мына шыңырауды? Екі жағалаудың арасын біріктіріп тұрған тек мына қыл көпір. Сталин одан өте алмайды. (Шырылдаған дауысқа елең етіп.) Цербер Голощекинді әлі куалап жүр.
Мүсірепов. Жарық дүниеде тозақтың отын тұтатқан Голощекин ғана емес сияқты еді-ау. Жандайшаптары бар еді...
Рысқұлов (мырс етіп). Е, әлгі, Құрамысов сияқтылар ма? Олардың адымы тым қысқа ғой. Цербер оларды тістеп алып, әлдеқашан отқа лақтырып жіберген. Әне, анау алаудың ішін анықтап қарашы: бір-біріне от шашып жүр.
Мүсірепов. Адамдар тамұқта да бір-біріне от шашып ойнайды деген осы екен-ау! (Кенет ойына бірдеңе түскендей). Ойын демекші, қайтсақ қайтеді, Тұрар аға...
Достарыңызбен бөлісу: |