Өзін - өзі тану пәнінен ашық сабақтың жоспары. Тақырып: Сүйіспеншілік - өмір негізі Құндылық: Сүйіспеншілік Қасиеттер: Сүйіспеншілік, аялау, жақсы көру Сыныбы: 5Ә Мұғалімі: Кенжина Арайлым Темірғалиқызы
Сабақ мақсаты:оқушыларға қарым - қатынас жасаудың маңыздылығын түсіндіріп, сүйіспеншілік құндылығының мәнін ұғындыру Міндеттері: • жақсы көру, сүйіспеншілік ұғымдарының адам өміріндегі мәнін түсіндіру; • сүйіспеншілікпен қарым - қатынас жасауға баулу; • оқушыларды туған елін, жерін, ата - анасын сүюге тәрбиелеу.
Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі: Тыныштық сәті: Су асты патшалығына ойша саяхат.(Жайлы, баяу музыка қойылады) Көзімізді жұмып және бірнеше рет терең тыныстап, денемізді бос ұстаймыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз. Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайлап отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан - жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы - берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл орасан сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз. /бірнеше секунд үнсіздік/. Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз. Сыныпқа оралыңыз және өз орыңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз. - Рахмет. Кім өзінің әсерімен бөліскісі келеді? Тыныштық сәті барысында толық тыныштық сәтін сезінді.
2. Үй тапсырмасын тексеру: Алтын жүректі анамыз С.Назарбаева апамызға арнаған тілектерін ортаға салып айтып, сыйға тарту.
3. Дәйексөз: «Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді» В. Белинский Ананың қолы ең қасиетті, аялы қол, ол нені болса да атқара алады. Ананың жүрегі ең сенімді және сезімтал жүрек, оның сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді, оның көзінен еш уақытта еш нәрсе де қалтарыс қалмайды. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан - ана. 4. Әңгімелеу(Мұғалімнің сыйы) «Ана махаббаты» (аңыз әңгіме) Төле бидің алдына бір балаға таласқан екі әйел шешім сұрап келеді. Екеуі де «бала менікі» деп бет бақтырмайды. Біреуі «бұл баланы мен тудым, бесіктегі жатқан шағында ұрлап кеткен еді. Бұны пәлен жеріндегі алақандай қалынан таныдым» десе, екіншісі «Ұрлаған түгім жоқ, 9 ай көтеріп тапқан ұлым» десе керек.
Сонда Төле би қолына қылыш алып «Бұл баланы екеуіңе қақ бөліп берейін» деп баланы қақ бөлмекші болады. Баланы 9 ай көтердім деген әйел бұл әрекетке міз бақпастан қарап тұрса, «ұрлатып алдым» деген әйел «Ойбай-ай, шаппаңыз! Қайда жүрсе де аман жүрсін!» деп жер тізерлеп отыра кетеді. Сөйтіп би баланы өз анасына қайтарып береді.
Сұрақтар:
1) Екі әйел Төле бидің алдына не үшін таласып келеді?
2) Төле би қолына қылыш алған кездегі мақсаты не еді?
3) Оқиғианың сонында не жеңеді?
Қорытынды: Байқадыңыздар ма, балалар, оқиғаның соңында әділдік риясыз махаббаттың жағына шықты. Өйткені риясыз сүйісеншілік қана барлығын жеңе алады.
5. Шығармашылық жұмыс Сынып түстер әдісі арқылы 3 топқа бөлінеді. Әр бір топ өздерінің сүйіспеншілік туралы түсініктерін, оның өмірдегі көрінісін плакатқа коллаж арқылы жасайды.
3 топта газет-журналдардан сурет қиып алып, желіммен жапсырады.
Қорытынды: Осы шығармашылық жұмыс барысында біз шабыттана түстік. Өз арман-қиялымызды жарыққа шығара алдық. Ең бастысы біз бір-бірімізге деген сүйіспеншілік пен сыйластық таныта отырып, ортақ нәтиже шығара алдық. Ендеше әр күнде осы бір сүйіспеншілік сезімін жүрегімізде сақтап жүрейік.
6. Топпен ән айту «Ана-Аке» Абдіжаппар Әлқожа
1) Жанашырым - ана, дара шыңым- ана Бар асылым - ана, шуағымсың. Бағбанымсың - әке, зор бағымсың - әке Қорғанымсың- әке, шырағымсың.
Қайырмасы: Ана - аяулым өзіңмен мақтанамын Ана - мен сені меккеге апарамын Ана - баланың қолдағың бақ талабын, бұлағымсың.
2) Өмір берген маған, көңіл бөлген маған Сенім берген маған айкүнімсің. Қамқорларым дана, сүйенішім дара, Әке менен ана байлығымсың.
Қайырмасы: Ана - аяулым өзіңмен мақтанамын Ана - мен сені меккеге апарамын Ана - баланың қолдағың бақ талабын, бұлағымсың.
Әке - бір жылы сөзіңе шаттанамын Әке - мен сені меккеге апарамын Әке - биікке самғайды баптағаның, шынарымсың әке
Қайырмасы: Ана - аяулым өзіңмен мақтанамын Ана - мен сені меккеге апарамын Ана - баланың қолдағың бақ талабын, бұлағымсың.
Әке - бір жылы сөзіңе шаттанамын Әке - мен сені меккеге апарамын Әке - биікке самғайды баптағаның, шынарымсың әке
7. Үй тапсырмасы Өз сүйіспеншіліктерін кімге, неге білдіретіндерін гүл кескіндеріне бейнелеп көрсету.
8. Соңғы тыныштық сәті Енді көзімізді жұмып осы сабақта айтылған ойлар мен істерді ой елегінен өткізіп көрейікші. Барлық айтылған жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне апарып орналастырайық. Енді көздеріңді аша қойыңдар. Осымен біздін сабағымыз аяқталды. Бүгінгі күндеріңіз қуаныш әкелсін.