Сабақ барысы:
Кітаптар падишасы:
Тыңдаңыздар, балалар,
Менде қызық бәрі бар.
Кітаптардың сан алуан,
Түрлі-түсті сыры бар.
Алғашқыда кітаптар қалай пайда болған? Дүниеде әлі кітаптар пайда болмай тұрған кезде адамдар ертегі, аңыздарды ауыздан-ауызға айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Оларды алғашқы адам – кітаптар десе де болар еді...
Уақыт өте келе, адамдар сурет салу арқылы өз ойларын білдіре бастайды. Кейін таңба орнына әріптер шықты. Кітаптың шығуы жазу өнерінің шығуымен тікелей байланысты.
Арабтың «кітап» деген сөзі «жазу» деген мағынаны білдіреді. Кітап – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі.
Ежелгі заманда Мысыр, Шығыс елдерінде Грекия мен Римде кітап қыш тақталарға жазылған. Оның жұмсақ бетіне үшкір қалақшалармен жазулар жазылды. Қыш кептіріліп, арнайы пештерде күйдірілді. Осылайша қыш кітап дүниеге келді.
Кітап тас бетіне қашалып жазылған. Ашық аспан астында тұрған осындай тас кітаптар («Көне түркі руна жазбалары» кітабындағы суреттерді көрсету) да болған.
Мысырда суда өсетін папирус деп аталатын өсімдіктердің жапырақтарына жазулар жазылып, жұмыр таяқшаларға шиыршықталып оралды. Олар орама кітаптар деп аталады.
Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда Кіші Азия мен Пергам патшалығында шеберлер жануарлар терісінен жазу жазатын материал дайындады. Ол сол патшалық атымен «пергамент» деп аталды. Пергамент дәптершелер бір-біріне қаттала тігіліп, ағаш мұқабалармен қапталды. Енді түптелген, парақты кітаптар пайда болды.
Біздің заманымыздың ІІ ғасырда Қытай елінде қағаз жасалды. Орта ғасырда қолжазба кітаптар шыға бастады. Кітаптар іші әдемі суреттелген, мұқабалар алтын, күміс, бағалы тастармен әшекейленді. Қолжазба кітаптар саны аз, бағасы қымбат болды.
ХІ ғасырда Қытай өнертапқышы Би Шэн, ХV ғасырда неміс шебері Иоганн Гутенберг әріптерді металдан құйып, кітап бетін сол әріптермен теріп құрастырды. Бұл өнертабыс кітап басу ісін өркендетті.
Кейін кітап басу ісі автоматты машиналармен жүргізілді. Қуатты машиналар сағатына 4-5мың дана көшірме басып шығарады. Қазір баспалар компьютерлендірілген. Полиграфия комбинаттары жұмыс жасайды. «Атамұра», «Алматыкітап» т.б.
Халқымыз кітапты аса құрметтеген. Сондықтан «Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» - дейді.
Балдырған:
Оқулығың – құралың,
Жағар білім шырағын.
Баса алмайсың ешқашан,
Онсыз алға бір адым.
Оқулықты құрметте,
Күтіп ұста, кірлетпе!
Мына бізге табыс ет,
Дақ түсірмей бір бетке.
Бала би:
Айдын шалқар кейде бір,
Кітапты тұнған көл дерсің.
Ауадай қажет бейне бір,
Татпасаң нәрін шөлдерсің.
Балдырған:
Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын.
Шөлдеп келсем, ашып ап,
Білім нәрін жұтамын.
Жұмбақбай атай:
Бір сандық бар өзгеше,
Қолыңа алып жүресің.
Ішін ашып ақтарсаң,
Өмір сырын білерсің.
(Кітап)
Көлемі шағын, көп қырлы,
Қолдан-қолға өтеді.
Өмірдің талай мол сыры,
Ішіне сыйып кетеді.
(Кітап)
Қойған жеріңде жатады,
Қолыңа алсаң, өзіңе тіл қатады.
(Кітап)
Достарыңызбен бөлісу: |