Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық-құқықтық мәртебесі
Президенттік институты Қазақстан Республикасының конституциялық құқығында маңызды орынға ие болады. Қазақстан Республикасы Конституциясында анықталған мемлекеттік билік органдарының жүйесі президенттік институтынан басталады, себебі қолданыстағы заңдылық қазақстандық мемлекттілік даму президенттік республика бағытында екенін нақты бекітті.
Қазақстан Республикасындағы президенттік басқару нысанының өзіндік ерекшеліктері бар. Ресейлік және қазақстандық құқықтанушылар Қазақстан “жартылай президенттік” басқару нысаны бойынша дамуда деп санайды. Себебі, конституциялық- құқықтық ғылымда таза президенттік басқару нысаны түсінігіне президент мемлекет басшысы болып қана қоймай, сонымен қатар біртұтас атқарушы-өкімдік билікті басқаратын нысан ретінде танылуы жатады. Президенттік республиканың классикалық үлгісі болып АҚШ-тары табылады. Бұндай басқару нысаны 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған.
“Жартылай президенттік” республикада президент тек қана мемлекет басшысы болып табылады. Басшысы Премьер-Министр болып саналатын Үкімет Парламент алдында жауапты. Бұндай модель Ү-ші Француз Республикасының Конституциясында қарастырылғанмен, іс жүзінде Парламентте Франция Президентін қолдаушылардың көпшілігімен үкімет өз қалаулары бойынша құрылады.
Қазақстанның президенттік басқару нысаны бойынша дамуының келесі негіздері бар. Біріншіден, Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылатындығы бекітілген. Екіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті Үкіметке қатысты көптеген өкілеттіктерге ие болады және Үкімет оның алдында жауапты.
Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесінің негіздері Қазақстан Республикасы Конституциясының ІІІ-ші бөлімімен және 26 желтоқсан 1995 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының Президенті туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті мемлекет басшысы және оның ең жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады. Мемлекет басшысы ретінде ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды және ел ішінде әрі халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік етеді. Президент халық бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады.
Республика Президенті билікті бөлудің мемлекеттік механизмінде ерекше орынға ие болады. Ол заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының ешқайсына жатпайды, тек “арбитр” негізінде мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін және мемлекеттік органдардың барлығының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.