Ресурстар:
|
Мультимедиапроектор, Мемлекеттік рәміздер бейнеленген плакат, ҚР Мемлекеттік Әнұранның дыбыстық жазбасы, И.Ескендір «Көк Тудың желбірегені» әні, «Ту», «Әнұран», «Елтаңба», «Бәйтерек», «Алтын адам» сөздері жазылған үлестірме парақшалар, флип-шарт, түрлі-түсті маркерлер, «Мемлекеттік ту» тақырыбына таныстырылым, түрлі-түсті қағаздар, қайшы, желім, мемлекеттік рәміздегі бейнелердің элементтері бар суреттер (қыран, жұлдыз, күн, шаңырақ, қанатты тұлпар), жапсырмалар, өрнек жапсырмалар, «Орындап көр» айдары тапсырмасына арналған ту үлгілері.
|
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көгілдір түсті матадан жасалған. Оның ортасында 32 сәулесі бар күн орналасқан. Күннің астында көкте шарықтаған қыран құс бейнеленген. Ағашсабына бекiтiлген тұста – ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Автордың түсіндіруі бойынша ту жобасымен жұмыс істеген алты ай уақыт ішінде қазақ халқының тарихын, әдебиетін оқып, көп ізденген. Ту идеясы тарихтан, ұлттық мәдениеттен алынған. Бiрыңғай көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашанда бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде – көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн – қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн – уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс – бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Сақтар, ғұндар, қыпшақтар туды жауынгерлік рухтың белгісі деп ерекше қастерлеген. Олар туда әскердің күші, киесі болады деп сенді. Сол себепті тудың құлауын әскердің жеңілуі деп түсінді, бүкіл әскер болып шайқастарда әскер туын қорғады. Ту алыстан айқын көрінуі үшін ашық, көк, қызыл, сары, жасыл, ақ түсті маталардан жасалынып, кейде бір туда екі-үш түс қатар қолданылды. Тудың әр түсі көшпелілердің төл мәдениеті ретінде белгілі бір ұғымды білдірді. Абылай ханның туы ақ түсті болған. Ақ түс тазалықтың, әділдіктің белгісі саналады. Абылай хан көрнекті мемлекет қайраткері, үш жүздің басын біріктірген атақты хан, қолбасшы және елші ретінде танылды.
|
Сабақты Ибрагим Ескендірдің орындауында «Көк Тудың желбірегені» әнін тыңдаудан бастауға болады. Бейнебаяннан әнді тыңдап болғаннан кейін:
«Ән тыңдағанда қандай сезімде болдыңдар?» «Бүгінгі сабақ не туралы болады деп
ойлайсыңдар?» – деген сұрақтар қою арқылы сабақ мақсатын ашуға жетелеңіз.
Жауабы: Ту туралы.
Суреттерге қара. Оқушыларға оқулықта берілген суреттерге назар аударып, сұрақтарға жауап беруді ұсыныңыз. Оқушылардың жауабын сабаққа қатысты деректі материалдармен толықтырыңыз. Оқулықтағы 1-мәтінді өз бетінше оқуға беріңіз.
Кел, анықтайық! Бұл айдар бойынша жұптық жұмыс ұйымдастырыңыз. Оқулықтағы суреттерге назар аударып, берілген сұраққа жауап берсін. Оқушылардың сұраққа жауап беру барысында тиісті лексиканы дұрыс қолдануына көңіл бөліңіз. Оқушылардың мақтаныш сезімін ояту үшін 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшыларды марапаттау сәті бейнеленген қысқаша бейнебаянды тамашалатыңыз. «Еліміздің туын биікке көтеру үшін қандай үлес қоса аласыңдар? Сен өзің не істер едің?»,– деген сұрақтар қойыңыз. Өз елінің туына құрмет көрсету – азаматтықтың көрінісі екенін айтып қорытындылаңыз.
Кел, ойланайық! Бұл айдарды «Жаужүрек мың бала» фильмінен үзінді көрумен бастауға болады. Алдымен оқушыларды үш топқа бөліңіз. Әр топқа тапсырма беріңіз. Бірінші топ фильмде қолданылған музыканы зерттейді, екінші топ қолданылған декорацияны, үшінші топ кейіпкерлер іс-әрекетін бақылайды. Үзіндіні қарап болған соң, әр топтың бір -бір оқушысынан шағын топ ұйымдастырыңыз. Бір оқушы фильмнің музыкасын, екіншісі декорациясын, үшіншісі адамдардың әрекеттерін сипаттайды. Оқушылардың міндеті – бұл фильм мақалдың мағынасын қалай ашатынын түсіндіру. Бұл жұмыс түрі байқампаздықты дамытуға көмектеседі. Оқушыларға ерте заманда қазақ халқы үшін тудың мәні қандай болғаны, ал қазіргі кезде тудың маңыздылығы қалай өзгергені туралы қорытынды жасатыңыз. Отан қорғау әр жігіттің қасиетті борышы екені туралы тұжырым жасауға бағыттаңыз. Оқулықтағы 2-мәтінді өз бетінше оқуға беріңіз.
Сен білесің бе? Оқушыларға Абылай ханның портретін көрсетіңіз. Абылай қазақ халқының басынан кешкен қиын-қыстау заманда өмір сүргені, он бес жасынан бастап жоңғарларға қарсы жорықтарға қатысқаны туралы әңгімелеуден бастаңыз. Абылай ханның тарихтағы ең басты еңбегі үш жүздің басын қосып, бір ту астына жұмылдыруы екенін атап өтіңіз. Оқушылардың біріне мәтінді мәнерлеп оқуды тапсырыңыз. Ақпаратты «Жеті жебе» әдісі бойынша жүйелеңіз. Портреттің айналасында жеті жебенің суретін жасаңыз. Оқушылар әр жебеге тарихи тұлға Абылай ханды сипаттайтын сөздерді жазсын.
Жауабы: Батыр, ержүрек, ақылды, әділ…
Орындап көр. Тапсырманы топта орындатыңыз. Әр топ өз туы қандай болатынын ойластырып, алдын ала дайындалған түрлі-түсті қағаз, жапсырма, маркер, өрнек жапсырмалар қолданып жасайды. Оқушылардың жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін, тазалықты сақтауларын мұқият қадағалаңыз. Орындалған жұмыстарды «Сөйлейтін қабырғаларға» іліңіз. Әр топ өзі жасаған туларын таныстырып қорғайды. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.
Ойлан
«Тусыз бірлік болмайды, қарусыз жігіт болмайды» деген мақалды қалай түсінесің?
Әр елдің мемлекеттік рәміздері болады. Олар – елтаңба, ту және әнұран. Қазақстанның рәміздері мемлекетіміздің тарихы туралы әңгімелейді. Олар еліміздегі барлық адамдарды біріктіреді.
|