Білімділік: Ақын поэзиясының мазмұны мен мәнін ұғындыру, ондағы азаматтық, отаншылдық рухын сезіндіру. Тілдік, көркемдік ерекшелігіне талдау жасата отырып, оқушыларға ақынның өз бейнесі мен Исатай тұлғасын таныту.
Дамытушылық: Оқушыларды өзіндік ізденіске жетелеу, дәлелді пікір, тұжырымды ой айтуға үйрету, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік: Азаматтық тәрбие беру, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру.
Сабақтың түрі
Аралас
Сабақтың әдісі
Сұрақ-жауап, салыстыру, талдау, мәнерлеп оқу, сөздікпен жұмыс, ой толғаныс т.б.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Балалар, Махамбет шығармашылығымен танысамыз. «Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес» деп М.Әуезов айтып кеткен. Ал, Фариза Оңғарсынова:
Махамбет! Махамбет! Білмеймін, жел ме, сел ме, Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме Әділетсіз дүниенің қабырғасын, Махамбетше сөгер жан кездесер ме…- деп толғанады.
Иә, он алты жасында Беріш руының жезтаңдай ақыны атанған Махамбетті бүгінгі ұрпақ кім деп таниды? Ой бөлісіп көрейік.
Махамбеттің өзі туралы жырлаған өлеңдері: 1. Мен, мен, мен едім.
2. Менің атым – Махамбет.
3. Мен – кескекті ердің сойымын.
4. Әй, Махамбет жолдасым.
5. Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны.
6. Ұлы арман.
7. Мұнар күн т.б.
«Мен, мен, мен едім» өлеңін оқып, тыңдап өлеңнің астарына үңілу, мұндағы «МЕН-нің» мағынасын ашу: Махамбет өлеңдерінде «Мен» сөзі жиі қолданылады. Ондағы «Меннің» мәні ерекше. Бұл өлеңдегі «Меннің» астарында мол сыр бар. Мағынасы терең. Мұндағы «Мен» – Махамбеттің бүкіл болмысы, Махамбетттің күрескерлік әлемі, Махамбеттің батыр жүрегі. Осы «Мен» арқылы оның ісі, күрескерлігі, ерлігі, елге деген махаббаты, елдің тәуелсіздігіне деген жауапкершілігі, дұшпанына деген ыза-кегі көрінеді.
МЕН – елін Еділдің бойы ен тоғайға қондырсам деген асыл арман иесі.
МЕН – кескілеспей басылмайтын, боз ағаштан биік батыр.
МЕН – ойшыл, дана. Елі мен жері үшін мазаланған тұлға.
МЕН – ғұмыры күйзеліспен, құсалықпен өткен жан.
Махамбеттің асқар таудай аға тұтып, ерге тірек, халыққа көсем санаған, аруағын ардақтап өткен адамы – Исатай.