Сабақ түрі: зерттеу-ізденіс сабағы Сабақтың әдіс-тәсілдері: есім-акроним,топтастыру, ізденушілік



Дата28.06.2017
өлшемі204,17 Kb.
#20348
түріСабақ
Сабақтың тақырыбы: Есім сыры

Сыныбы :6



Сабақтың білімділік мақсат: Оқушыларға антропонимия ғылымы туралы мағұлмат беру, бүгінгі күні балаларға қойылған есімдердің сырын анықтау;
есімдер ұғымына талдау жасау,мағұлмат беру.

Дамытушылық мақсаты: оқушылардың есімге байланысты ұғымдарын толықтыру, өзін-өзі тануға, білуге, ізденуге үйрету

Тәрбиелік мақсаты: ойын ашық айта білетін, өзін құрметтейтін, азан шақырып қойған есімін құрмет тұтып, ата – анасының үмітін ақтайтын азамат тәрбиелеу.

Сабақ түрі: зерттеу-ізденіс сабағы

Сабақтың әдіс-тәсілдері: есім-акроним,топтастыру, ізденушілік,

Сабақ көрнекілігі: интерактивті тақта,

Сабақтың басты кезеңдері:
● Аталмыш мәселе бойынша материалдармен танысу;
● Бақылау, зерттеу, сауалнамалар жүргізу;
● Қорытынды жасау;
Күтілетін нәтиже:
● Есімінің сырын білу арқылы өзін – өзі тануға жол ашу
1.Ұйымдастыру

-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі сабақтарыңа сәттілік тілеймін.

Алдымен экранға назар аударайық.

-міне , балалар видеода айтылғандай есім адам үшін ең маңызды– Адам есімі келешек тағдырына қаншалықты ықпал етеді?


– Аттас адамдардың көбісінің мінез – қылығы неліктен бір – біріне ұқсас?

Осы сұрақтарға жауап, антропонимия ғылымы туралы мағұлмат алу, бүгінгі күні балаларға қойылған есімдердің сырын анықтау;есімдер ұғымына талдау жасау, мақсатында «Есім сыры» атты тәрбие сағатын өткізгелі отырмыз.



Есім сыры неде?

Бұл ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдардың зерттеу жүргізіп келе жатқан жұмыстарының бірі. Соның нәтижесінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды.


Қазақ тіл білімінде антропонимия деген термин бар. Антро+пос – «Адам, оним//онима – «Есім», «Ат» деген сөз. Ендеше, антропоним дегеніміз – «Кісі есімі», антропонимика дегеніміз – ономастиканың кісі есімдерін зерттейтін саласы.       Тал бесіктен жер бесікке енгенше сенімен бірге өмір сүретін – есім.  Ғылым тілімен айтқанда, «айрықша тілдік таңба». Жалқы есімдерсіз адамзат қарым-қатынасы болуы мүмкін емес, тіпті елестетуде қиын.   Антропонимдер – кісі аттарынан тұратын жалқы есімдердің ірі разряды. Антропонимдер кісі аты, әкесінің аты, тегі, лақап аты, бүркеншік аты, криптоним (жасырын аты), қосымша аты және т.б. сияқты кластарға бөлінеді. Антропоним формуласында, атау беру уәжінде, атау құрлымында байқалатын әр халықтың өзіндік атау беру дәстүрі бар. Кез-келген халықтардың антропонимдік қоры (антропонимдер жиынтығы) құрамы жағынан әр түрлі болып келеді. Әр халықтың атау тізімі шектеулі, сондықтан бір атқа бірнеше адам ие болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңда/3-тарау. 9 бап/ Әрбір бала туған сәтінен бастап аты, әкесінің аты, тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқылы делінген.

Қазақ есімдерінің басым тобы халқымыздың өткен замандардан бастап күні бүгінге дейін мәдени-тарихи өмір бейнесін анық көрсетеді.



Мал шаруашылығымен байланысты есімдер:

Бота, Бұқа, Аққозы., Құлыншақ, Жылқыбай, Қозы т.б

.


Табиғат құбылысы мен Аспан жұлдыздарына байланысты есімдер,

Таубай, Боран, Толғанай, Айым, Шолпан, Есекқырған, Үркер, Нұрсұлу, Нұржан, Айсұлу, Күнай, Айжарық, Таусоғар, Айтуар, Күнтуар т.б. т.б.

Жабайы аңдардың, құстардың ,төрт түлік малға байланысты есімдер

Арыстан, Түлкібай, Лашын т.б. Арыстан, Бүркіт, Жолбарыс, Қойшыбай, Жылқыбек, Нартай, Малбағар, Жылқыайдар, Ақбота, Жанбота, Түйебай, Бурабай т.б.


Асыл металдар мен қымбат заттар атауларына байланысты есімдер


Алтын, Болат, Маржан т.б.

Өсімдік аттарына байланысты


Қызғалдақ, Райхан, Раушан, Гүлжан т.б.

Жеміс-жидек атауларымен байланысты:

Алма, Мейіз, Анар, Жаңғақ т.б.


Туыстық атаулармен байланысты


Атабек, Баба, Туғанбай, Жиенбай т.б.

Жер-су аттарына қойылған есімдер

Алатау, Еділ, Орал, Алтай, Есіл, Ертіс, Kөлбай, Ілебай, Kегенбай, Орал т.б.


Үй-жиһаздарымен, мүліктерге байланысты:

Шара, Табақбай, Айнагүл т.б.

Түрлі тағам аттарына байланысты есімдер

: Айранбай, Шырынбай, Шекер, Сүттібай т.б.



прецедентті есімдер дегеніміз поэтикалық шығармалардағы, фольклордағы келтірген кейіпкерлердің есімдері.

.


. Мысалы, мифтік бейнелер: Әзірет әли, пайғамбарлар (Дәуіт, Мұса, Сүлеймен), Қанбақ шал, Қыдыр ата;

Ел аузындағы есімдер: Асан қайғы, Аяз би, Қорқыт, Қобыланды, Толағай;

Қасиетті пірлер мен әулиелер: Бибі Фатима, Қожа Ахмет Иассауи, Ұмай ана;

Тарихта болған тұлғалар: Абылай хан, Қасымхан, Есет батыр;

Әдеби мәтіндердегі персонаждар: Дайрабай, Мырқымбай (Б.Майлин), Судыр Ахмет (Ә.Нұрпейісов);

Ойдан шығарылған аттар: Алтай, Қамбар, Шығайбай, Тоңқылдақ т.б.;




басқа тілден енген есімдер

Элеонора, Замира, Мария, София, Сания, Света, Клара, Лаура, Жания, Жанна, Лиза, Мая, Зоя немесе Артур, Ануар, Арслан, Руслан, Эрнс, Тимур, Мадьяр, Илья т.б

Тарихи қайраткерлердің, хандардың, белгілі ақын-жазушылардың, атақты батырлар құрметіне байланысты

Шынғысхан, Махамбет, Қазыбек, Сәкен, Жамбыл т.б

Сан есіммен байланысты

Бірбай, Біржан, Бесбай, Жетібай, Сегізбай, Елубай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай, Мыңбай


Дүние есігін жаңа ашқан сәби үшін дұрыс есім қою өте маңызды. Исламда есім қоюға үлкен мән беріледі, өйткені адамның азан шақырылып қойған есімі оның тағдырына тікелей байланысты. Хадисте: «Қиямет қайымда әркім аттарымен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар. Олай болса, жақсы ат қойыңдар», – делінген . Азан шақырып ат қою (Азан шақырып, қазанның құлағын қағып aт қою) - мұсылмандықты қатаң ұстанатын ортада нәрестеге ат қоюды рәсімдейтін ғұрыптың ерекше түрі. Ата-ананың біреуі (көбінесе әкесі) баланы басын құбылаға қаратып, қолын ұстайды. Ат қоятын молда намазын өтеп, Азан шақырып, баланың оң құлағына ата-анасы таңдап қойған есімді айтады. Нәрестені қолына ұстап тұрып ұл баланың оң, қыз баланың сол құлағына «мұның аты - .., сенің атың - ...» деп үш мәрте айқайлап айтады да, келесі құлағына Құраннан сүрелер оқиды. Бұл рәсім үш рет қайталанады. Рәсім аяқталарда дұға оқылады, қатысқан туысқандары балаға, оның ата-анасына тілектер айтып, үлкендер бата береді. Мұндай ескі салт бойынша, ат қою рәсіміне жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балата қойылған атты үш қайтара қайталап, жұртқа жария етеді.


/ «Азан шақырып ат қою» видео /

Лақап аттар

Лақап аттар адамның дене бітім, пішін тұлғасына және психологиялық ерекшелігіне қарай, кейде істейтін кәсібіне лайықты қойылып отырады. Баланың сәби кезінде қойылған лақап аты оның есейгенде де сақталуы мүмкін. . Лақап ат адамның екінші бір ресми аты, жеке адамның екінші, қосымша аты қызметін атқарады. Мәселен, І.Есенберлиннің «Алтын құс» романында кейіпкер өзінің сүйікті әжесі туралы: «Бірақ мен есі білгелі осы қарт әжемнің қолынан газет, журнал түскенін көрген емеспін. Сондықтан болу керек, келіндері, қыздары оны «Газет - апа» деп атап кеткен. «Газет - апа » деген лақап ат әженің оқымыстылығынан қойылған ат емес, адамдардың аталушы объектіге деген жылы да мейірбанды қарым-қатынасын білдіреді.

1. Адамның бет-әлпет түріне, көзі, шашына байланысты: Қаракөз, Ақбала, Айша, Қарақыз т.б.

2. Адамның жүрісі, тұлғасы мүсіне байланысты: Жорға, Жұмабай, ұзын Ахмет, Құлагер т.б.

3. Адамның дене-мүшесінің кемдігіне байланысты: Бүкір, Сақау, Шолақ, Kекеш.

4. Мінез-құлық, бейімділік әрекетке, ерекшелік қасиеттерге байланысты: Найзағай, Асан, Жүрдек , т.б.

5. Негізгі кәсібі, қызмет бабына байланысты етікші Ахмед, мұғалім Оспан, қойшы Аман, дәрігер Нұржан т.б. [47, 59 б.].

Мысалы біздің ауылда да қосымша, лақап аттары бар адамдар бар. Кейбір адамдардың шынайы аттарын да білмейміз. Пошта Совет, әкім Қайыртай, Бока мұғалім, Шопи, Бәсө, Бөстек, Бейсек, т.б


-оқушылар біздің әрқайсысымызда жанама лақап аты, бүркеншік аты, криптоним (жасырын аты), қосымша ат бар. Сол қосымша аттарыңды ортаға салып көрелік.

«Менің жанама есімім» -ортаға салу /оқушылар жанама есімдерін айтады/
«Лақап есімдер» видео


  • Қосымша мәлімет .Кейбірде жанама есімдер азан шақырылып берілген есімдердің орнын басуы жиі кездеседі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Абай деп оны әжесі атаған.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Мұса Байжанұлының екі есімі болған. Бірі: Жаяу Мұса , екіншісі Мырза кедей. Жаяу Мұса дегені ауылдарды кезіп сайран салып, ән айтып жүргенде жалғыз атын сұлтан Мұстафа Шорманұлы алып қойған. Сөйтіп ол Жаяу Мұса болып кеткен. . Ал Мырза кедей дегені – кедей болса да, қолы ашық адам болғандықтан.

Балуан Шолақтың шын аты – Нұрмағамбет. «Шолақ» деп ол оң қолы күйіп, шолақ болған соң атанған.

ХХ ғасырдың көрнекті ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың шын есімі – Мұхаметжан болған.

Мысалы академик Қаныш Сәтбайұлының шын есімі – Ғабдұлғани.

Сазгер – Шәмші Қалдаяқұлының өзінің есімі де, әкесінің есімі де басқаша. Өзінің шын аты – Жәмшид. Әкесі Әнәпия аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кеткен. Мысалы: әнші Күләш Бәйсейітова – Гүлбаһрам, биші Шара Жиенқұлқызы – Гүлшара. Қоңыр – ұлы жазушы М. Әуезовтің бүркеншік есімі

«Еркін әңгіме» /оқушылар ат қоюға байланысты қосымша мағұлматтар айтады./

Мирас: Есім таңдауда халық түрлі сенімге сүйенген. Бұл үрдістің көрінісін халық ауыз әдебиеті шығармаларынан кездестіруге болады. «Алдар көсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, Алдар көсенің неге осылай аталғаны жөнінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Алдар көсенің әкесінің есімі Алдан екен. Шынында да ол өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан зәрзап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иеміз соны түсінген ғой, Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бастағаннан ешкімге есесін жібермейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті». Алдар көсенің есіміне байланысты ертегіде көрініс тапқан сенімге бұл бір ғана дәлел.

Бағымбек: «Қырықтың бірі қыдыр» деп санайтын халқымызда сәбиге есім таңдауды бейтаныс адамнан да өтінетін ғұрып бар. Атақты Дина күйшінің есімін қариялар ауылға сусын ішуге бұрылған жолаушыға қойдырғаны туралы жазушы Сәуірбек Бақбергенұлы жазды.

Әсем: Қазақ халқы ежелден мал шаруашылы­ғымен айналысқандықтан жан-жануар­ларға, оның ішінде үй жануарларына байланысты есімдерді көптеп беріп отырған. Кенесары ханның есімі қойылуы туралы қызық уақиға бүгінгі күнге жетіп отыр. Болашақ хан өте кішкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбиді қолына алып: – Өзі кенедей кіп-кішкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.

Ақерке: Түске байланысты жаңа туған бала­ға ат таңдау бұрыннан бар. Ақсақ Те­мір­дің де есімі түске байланысты беріл­ген. Ақсақ Темірдің әкесі түсінде түр-келбеті арабқа ұқсас бір жас жігіт жақындап келіп оған семсер ұстатады. Семсер қылышты алдып онымен ауаны тілгілеп сермей бастайды. Әлгі семсердің сәулесімен бүкіл әлем жарыққа бөленді. Бұл түсті әулие әмір Күләлға жорытады. Әмір Күләл түстің аян екенін, Құдайдың оған бүкіл әлемді билеп, барлығына ислам дінін қабылдатып, жерді қараңғылық пен адасушылықтан құтқаратын ұл сыйлайтынын айтты. Түсі рас болып ұл берді. Ұлы дүниеге келісімен бірден Шамсуддин шайқыға апарады. Ол келгенде Құран оқып отырған шайқы бір сөздерге тоқталды. Бұл сөйлемде Темір сөзі кездесетін болғандықтан, оның атын Темір деп қояды».

Бекзат: Туған балаларды Үшкемпір, Төрткемпір, Бескемпір деп жоралғыға қатысқан кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақалдарды да шақыратын болған. Әйгілі ақын КененӘзірбайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап есімінТөрткемпірбіршал қойғаны белгілі. Кейін сол қызы өскен соң мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң атын Төрткен деп өзгерткен.

Бекжан: Кейбірдесәбилерге елді мекен, жер-су аттарына байланысты есім қоятын болған. Ақын Абай Құнанбайұлының төртінші атасы Торғай Айдосұлының есімі «Ақтабан шұбырынды» заманында Сыр бойына босып, ауа көшкенде Торғай өзенінің бойында дүниеге келгендіктен берілген.

Қарақат:Ақын Жамбылға есім берілуі де жер атына байланысты. Жыр алыбымен өте жақын қатынасқан жазушы Сәбит Мұқанұлы 1946 жылы: «Жәкең Шу өзені­нің бойындағы Жамбыл тауының етегінде туғандықтан әкесі атын Жамбыл қойыпты» деп жазды.

Аяжан:Туған жерге байланысты

ат қою әдеті жиырмасыншы ғасырда да жалғастығын тапқанын 1922 жылы туған атақты ақын Сырбай Мәуленұлының:

Сыр бойында туған соң,

Сырбай қойды атымды, –

деген өлең жолдары да дәлелдейді

Мұғалім:

Қазақтарда сонымен қатар өзге халықтардан сіңген есімдер өте көп. Айтылуы да, естілуі де әдемі, өзге тілде жақсы мағына беретін есімдерді қою соңғы жылдары кең танымал. Әсіресе, қазақтарда ежелгі түркі, араб, Иран есімдері көп. Мысалы, ежелгі түркі есімдері: Едіге («жақсы»), Ораз («байлық, сәттілік»), Манас («Сұмдық алып»), Бөкей («батыр, мықты»).

Араб есімдері: Абылай («ата, әке»), Аида («сыйақы, пайдалы»), Әсел («бал»), Әмина («сенімді»), Асхат («бақытты, сәтті»), Ғазиза («сүйікті, қымбатты»), Ғани («бай»), Данияр («жақын, таныс»), Динара («күміс ақша»), Жамал («әдемі, тартымды»), Қадір («құрметті»), Қайрат («күшті, қуатты»), Мәлік («патша»), Мұхит («мұхит, қоршаған орта»), Мұхтар («ерекше, таңдамалы»), Рәзия («сүйікті, тартымды»), Сәбит («нық, сенімді»).

Иран есімдері: Айдана («ақылды, дана»), Айнагүл («таза, мөлдір»), Ахан («темір»), Бақтияр («ба-қытты, қалаулы»), Бибігүл («Гүл шашқан ханым»), Дана («данышпан, ақылды»), Жәния («нәзік жанды»), Раушан («көрнекті, ашық-жарқын»), Рүстем («батыр, ержүрек»).

Қазірде түрік (Айлин, Әмина, Айша), ұйғыр (Ділназ, Гүзел, Адель, Гүлзар, Арслан), татар (Замира, Зухра, Мунира, Насима) аттары қазақтар арасында кең таралған.

Біздің әрқайсымыздың есімдеріміздің де өзіндік мағынасы бар. Енді осыған тоқталалық./ оқушылардан есімдерінің мағынасын сұрау/

Мұғалім:

-қазақ халқында балаға 3 күн ішінде ат қойған. Ерекше жауапкершілікпен қараған. Бізге де осы жауапкершілік жүктелсе қайтер едік.

Екі топқа «Ат қойыңыз» атты тапсырма беріледі. Екі топ өз білгендерінше ат қоюлары керек.

1-топқа


  1. Балаға артық саусағына қарай ат қою.
    2. Балаға тіл - көз тимейді деген ниетпен ат қою.
    3. Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін ат қою.
    4. Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге ат қою.
    5. Бала - шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қою.
    6. Бұрын - соңды болған қару - жарақ аттарына байланысты ат қою.
    7. Елдің ардақты азаматтарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туылған балаға ат қою.

8.Болашақта болуы мүмкін есімдер

2-топқа
1 . Ислам дінінің әсеріне байланысты ат қою.


2. Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қою.
3. Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға ат қою.
4. Мұрат - мақсатыма жеттім - ау деген ниетпен ат қою.
5. Соңғы балаға ат қою.
6. Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты ат қою.
7. Ұлы жоқ үйде қыз туғанда ат қою.

8. Болашақта болуы мүмкін есімдер

Мысалы


  1. Балаға артық саусағына қарай ат қою.
    Есімдері: Артық, Артықәлі, Артық - бай, Қосекен.
    2. Балаға тіл - көз тимейді деген ниетпен ат қою.
    Есімдері: Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.
    3. Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін ат қою.
    Есімдері: Тасболат, Тастемір, Шымырбай.
    4. Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге ат қою.
    Есімдері: Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл т. б.
    5. Бала - шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қою.
    Есімдері: Жанұзақ, Жүзбай, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Ұзақбай.
    6. Бұрын - соңды болған қару - жарақ аттарына байланысты ат қою.
    Есімдері: Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай, Шоқпарбай т. б.
    7. Елдің ардақты азаматтарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туылған балаға ат қою.
    Есімдері: Абай, Абылай, Сәкен, Төлеби, Ыбырай т. б.
    8. Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай ат қою.
    Есімдері: Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл.
    9. Ислам дінінің әсеріне байланысты ат қою.
    Есімдері: Ғали, Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Сүлеймен.
    10. Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қою.
    Есімдері: Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал,
    Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар т. б
    11. Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға ат қою.
    Есімдері: Лекер, Шалабай, Шалабек.
    12. Мұрат - мақсатыма жеттім - ау деген ниетпен ат қою.
    Есімдері: Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат.
    13. Соңғы балаға ат қою.
    Есімдері: Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай.
    14. Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты ат қою.
    Есімдері: Арыстан, Бота, Ботагөз, Бүркіт, Қойшыбай, Сандуғаш т. б.
    15. Ұлы жоқ үйде қыз туғанда ат қою.
    Есімдері: Болған, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, т. б.

Қызықты мағұлматтар



  • Мәселен, әлемдегі ең ұзын есім Үндістан азаматының еншісінде. Оның аты 1478 әріптен тұрады. Есімін толық айтып шығу үшін 10 минут уақыт керек екен.

  • Ал ең қызық фамилия 19 ғасырда өмір сүрген француз азаматында болған. Қызықтығы сол, оның фамилиясы – 1792, яғни тек сандардан құралған. 1792 текті сол адам өзінің төрт баласына жылдың алғашқы төрт айының атын қойған.
    Нәтижесінде, балаларының толық аты – жөндері (яғни аты мен фамилиясы) – Қаңтар 1792, Ақпан 1792, Наурыз 1792 және Сәуір 1792 болып тіркелген.

  • Сондай - ақ, Испанияда өтетін қызықты есім иелерінің съездіне қатысушылар арасында «Екі келі күріш», «Мен картопты жақсы көремін» есімді адамдар да кездескен.

  • Қазақ халқында адам аты өмірінде бір-ақ рет қойылады. Ал енді кейбір елде адам баласының өсіп-өнуінің әрбір сатысына қарай ат қойылып отырады. Мұндай дәстүр көршілес Қытай Халық Республикасында әлі күнге дейін сақталған.

  • Сазгер,шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі өз балаларына Мақпалжүніс, Бекзатсаттархан, Шәмшіқалдаяқ, Мұхтаршахан атты есімдер берген.

Болашақта осы есімдер сәнге айналып жатса еш таң қалмаңыз:


Селфигүл, Селфибек, Ретрихан, Айфонгүл, Инстабай, Вконтактбек, Вайфайхан, Фейсбек, Блогбай .




«Қар көшкіні.»

Оқушылар шеңбер құрайды. Әрбір қатысушы өз есімін атап,оған бастапқы әріптен басталатын бір сын есімін/эпитет/ қосады. Мысалы, «Айнаш» есімі Аәріпінен басталады, яғни Айнаш өз есіміне алғыр не ақылды т.б сын есімді қосады.алдындағы оқушылардың аттары эпитеттерін қайталап шығуы керек. «Алғыр Асан, думанды Дәмеш, сымбатты Сәуле, ал мен сабырлы Салтанатпын» /оқушылардың мұқият тыңдау мен есте сақтау,зейн қою қасиеттерін іске қосу қажет/

Адам есіміне тағдыры жасырылған ба?

Есімдегі әріптердің мән-мағынасы туралы талдау жасап көрелік.

А-Ә – күш, билік, салтанат;

Б – биік сезімге бейімділік, тұрақтылық;

В – тұрақсыздық, жүйеліліктің жоқтығы;

Г – құпиялылық, болмашыға мән берушілік, тиянақтылық;

Д – көпшілдік, ақжарқындық, кінәмшілдік;

Е – өмір сүруге бейімділік, сөзге құмарлық;

Ж – өзіне деген сенімсіздік, маңыздылық, ішкі сырына беріктік;

З – материалдық тұрғыдан қанағаттанбаушылық, жоғары сезімталдық;

И – нәзік руханилық, әсерленгіш, бейбітшіл;

К-Қ – төзімділік, күйгелектік

Л – әртістік, ұсақшылдық, қисын, әр нәрсені ойлап табушылық;

М – қамқоршылдық, ұялшақтық, еңбексүйгіштік;

Н – шығармашылық амбиция, денсаулыққа мән берушілік, алғыр ой;

О – ерекше сезімталдық, құпия толғаныс;

П – қарапайымдылық, жалғыздық, идеяның молдығы, сыртқы түріне мән беру;

Р – өзіне деген сенімділік, үнемі шиыршық ату;

С – билікке құмартушылық, кінәмшілдік;

Т – идеал іздеушілік, сезімтал шығармашылық тұлға;

У – жараланғыш, үркектік, …, интуиция;

Ф – жұмсақтық;

Х –заңға бағынғыштық, сезімнің екіұдайлығы;

Ш – қызғаншақтық, әзілқойлық;

Ы – іспен көрінушілік;

Я – өз орнын бағалай білушілік, зиялылық, шығармашылық бейімділік.
Әрбір әріп белгілі бір санға сәйкес болады. Ал әрбір санға Күн жүйесіндегі белгілі бір планета ықпал етеді. Сіз өз есіміңіздің қай планетамен байланысты екендігін, оның мінезіңіз бен тағдырыңызға қаншалықты әсерін білу үшін тым болмаса атыңыздың бастапқы әрпінің сәйкес санын біліп алуыңызға болады.

Практикалық жұмыс «Әріп----сан---планета»

Әрбір әріп белгілі бір санға сәйкес келсе, әрбір сан белгілі бір планетаның ықпалына бағынады. Адам өз есімінің қай планетамен байланысты екенін төмендегідей тәсілмен анықтай алады.


Осы кесте бойынша әрбір адам өз есімінің тиесілі санын анықтап, сол арқылы қай планетаның мінезі мен тағдырына қаншалықты әсер ететіндігін білуіне болады. Әрбір есімнің санына сәйкес планеталардың ықпалына орай адам бойында қалыптасатын ерекше қасиеттер

А-Ә-1

Е-5

Л-2

Р-2

Х-5

Ы-І-1

Б-2

Ж-2

М-4

С-3

Ц-3

Ь-1

В-6

З-7

Н-Ң-5

Т-4

Ч-7

Э-6

Г-Ғ-3

И-Й-1

О-Ө-7

У-Ұ-Ү-6

Ш-2

Ю-7

Д-4

К-Қ-2

П-8

Ф-6

Щ-9

Я-2

САЛТАНАТ

3+1+2+4+1+5+5=21=2+1=3 саным 3 Планетам Юпитер

1. Күн: көсем, тәкаппар, астамшыл.

2. Ай: сезімтал, шығармашылыққа бейім, қиял кеңістігі мол, парасатты.

3. Юпитер: кеңпейіл, оптимист, тілтапқыш, идеалист.

4. Уран: тікмінез, бірбеткей, өзімшіл, жұмысқа тиянақты, адамдармен тез достасады.

5. Меркурий: көпшіл, епті, бастамашыл, сыншыл, мойымаушылық.

6. Шолпан: сезімтал, сүйкімді, тәкаппар, іскер, жолы болғыш.

7. Нептун: жұмсақтық, сезімтал, ымырашыл, қайырымды, философ.

8. Сатурн: сырты суық, іші жұмсақ, прагматик, бірбеткей, сақ, өз еңбегіне сүйенеді, сенім            артуға болады.

9. Марс: қайратты, қызба, басынан сөз асырмайды, қысымға төзбейді, өзімшіл, тек өзіне сенеді.

Міне біз аспан әлемінен есімімізді байланыстыратын өз планетамызды таптық.



.Есім әріптерінен басталатын сөйлем.

Оқушылар өз есімдерінің бастапқы әріптерінен сөйлем құрады. Мысалы , Асқарбек есімінен

Ақсақал сірескен қабағын ашып, риза болып еміреніп кетті.

Тапсырма қиындау болғандықтан оқушылар келтірген сөйлемдердің құрылымы мен мағынасына аса сын көзбен қараудың қисыны жоқ. Жұмыстың басты мақсаты -танысу, көңіл-күйді көтеру.



Рефлексия / «артқа қарау»/

Постер

Есім:


-есім сырларын білдік

-азан шақыру туары мағұлмат алдық

-өз есімімізді құрметтеуіміз керек

-лақап ат қойғанға қарсымыз.

-мағынасыз есімдер берілмесе

-өз планетамызды анықтадық.


«Рахмет» жаттығуы

Оқушылар дөңгеленіп, көздерін жұмып тұрады. Ойша сол қолдарының алқанына бұгінгі сабаққа дейінгі біліктіліктері мен білімдерін салуды, оң қолдарынның алақандарына осы сабақтан алған білімдері мен тәжірибе, сезімдерін салуды ұсынамын. Одан кейін екеуін қосып «Рахмет» деп 3рет айту керек.



Үйге тапсырма «Есім-акроним»

Әр оқушы өз есімінің бастапқы әріптерінен өзін сипаттайтын /немесе өзіне тән/ сын есімдер /эпитеттер/ келтіруі керек.

Мысалы: Д-дархан, А-арманшыл, Н-намысшыл, А-асқақ

Тапсырма орындалғаннан кейін, әр оқушы өз жазғандарын жариялайды


Қорытынды
       Біздің дана халқымыз «Балаға қандай ат қойылса, оның болашағы, тағдыры да соған байланысты болған», - деген. Кісі есімін таңдауда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін, ұлттық атауларға қайшы келетін есімдерді қоймаған жөн. Сондықтан да еліміздің ертеңі болатын бөбектерімізге есім таңдауда жаңылмай, тілдік мағынасына, қолданысына қөңіл бөліп, дұрыс таңдау жасай білейік.        

Сабаққа қолданылған Әдебиеттер мен материалдар

1.Қазақ энциклопедиясы

2. Anamenbala.kz

3. «Ырымға байланысты ат қою» Айгөлек журналы 1992ж

4. Уикипедия «Атты неге азан шақырып қояды?

5. youtube. Com «Азан шақырып ат қою», «Ат қоюдың адам өмірінетигізер ықпалы» видеолары

ШҚО, Тарбағатай ауданы

Үштөбе ауылы

«Өкпеті» орта мектебі



Сынып жетекшісі Қошыманова Салтанат Тунгатовна

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет