20-50-жылдарда репрессияларға қарамастан Қазақстан мәдениеті жетіліп, әдебиеттің дәстүрлі және драма жанрлары дами түсті. 20-жылдардың ортасына дейін Қазақстанда әуесқой театр топтары болды. Олардың ішінде ең танымал болғандары - Семей әуесқой театр тобы және Халықка білім берудің Орынбордағы қазақ институты. Институт негізінде 1926 жылы қаңтарда Қызылордада тұңғыш кәсіби қазақ театры ашылды. Онда М. Әуезов, Ж. Шанин, С. Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, З.Атабаева және басқа да дарынды драматургтер, режиссерлер және артистер жұмыс істеді.
Бұл кезеңде Қазақстанның тұңғыш кәсіби суретшісі Ә.Қастеев керемет туындылар жазды. Қазақ көркемсурет өнерінің қалыптасуы мен дамуы, Қазақстан көркемсурет мектебінің өзіндік даму жолы оның есімімен байланысты. Оның шығармашылығы 20-жылдардың соңында басталды. Ол жазған көптеген акварель туындылар «Ескі және жаңа тұрмыс» деген топтама ретінде белгілі. Суретші туындыларынан ұлттық ерекшелікке, адам жанына терең үңілуге, тарихқа, халықтың салт-дәстүріне деген шынайы көзқарасы анық байқалады. Оларда сомдалатын бейне шынайылығы суретші шығармашылығының езіндік ерекшелігі. Ә.Қастеев жазған мыңнан астам картиналар мен суреттер «республиканың көркемсурет қолжазбасы» деп бекер аталмаған. Ә.Қастеев туындыларында Қазақстанның жазира даласы суретшіге тән терең лирикамен бейнеленген.
Соғысқа дейінгі кезеңде Ә.Ысмайылов, X. Және К.Қожықовтар, Б.Сәрсенбаев, О.Таңсыкбаев сияқты қазақ суретшілері жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Соғыс жылдарында Қазақстанда ұлттық көркемсурет өнерінің дамуына зор үлес қосқан Украина, Белоруссия, Ленинград және Мәскеуден келген суретшілер жұмыс істеді.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстанның мәдени қызметкерлері де үлкен үлес қосты. Ғылым және өнер адамдарының шығармашылық еңбегі майдандағы кеңестік әскерлердің ерлігімен, жұмысшылар мен колхозшылардың тылдағы даңқты істерімен қатар Ұлы Отан соғысының ерлік тарихына өзіндік жарқын із қалдырды. Бұл кезеңдегі әдебиеттің негізгі тақырыбы - патриотизм және Отанды қорғау. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім», Ә.Тәжібаевтың «Ленинград» өлеңдері, 3.Шашкин, Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаевтың шығармалары көпке белгілі болды. Бірқатар жазушылар мен ақындар қолына қару алып, Отан қорғауға соғысқа аттанды. А.Жұмағалиев, Б. Бұлқышев, В.Чугунов соғыста ерлікпен қаза тапты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ 90-ға жуық ақындар мен жазушылар майданға кетті. Олар майдандас жауынгерлерге батырлықтың үлгісін көрсетіп, оларды өздерінің шығармашылығымен жауға қарсы соғысқа рухтандырды. Олардың қатарында Д. Снегин, Д.Әбілев, Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыровтар болды. Соғыс жылдары дарынды жастар Ж.Молдағалиев, Ә.Нүрпейісов, С.Мәуленов, Б.Момышұлы әдебиетке жауынгерлік рух, шығармашылық серпін берді. Кеңес халқының моральдық-саяси бірлігін күшейту ісіне Ғ.Мүсірепов, F.Мұстафин, С.Мұканов, М.Әуезов сынды қазақ көркем проза шеберлері аянбай еңбек етті.
Қазақстан өнер шеберлерінің бригадалары майданға аттанды, осындай 11 бригада майданда болып 870 концерт қойды. Госпитальдарда, шақыру пункттерінде, әскери бөлімшелерде, шекаралық заставаларда 15 мыңнан астам концерт берді. Жалпы концерттік ұйымдар 36,5 мың концерт қойып, оларды 9 миллионнан астам көрермендер тамашалады. Алматыда Орталық біріккен киностудия «Екі жауынгер», «Майдан», «Ол Отанын қорғайды», «Күт мені» және басқа да миллиондаған адамдардың азаматтық қалыптасуына, оларды патриотизмге тәрбиелеуге үлкен ықпал жасаған, адамдарды жеңіске үміттендірген ғажайып кинолар түсірді.