В.И. Ленин, – соғыста бірнеше айда жеңіске жетуге болады, ал мұндай мерзімде мәдени салада жеңіске жетуге болмайды.
Бұған анағұрлым ұзақ мерзім қажет әрі осы ұзақ мерзімге, өз жұмысыңды есептеп, асқан табандылық, қажырлық және жүйелілік таныта отырып бейімделу керек».
Сондықтан бұқара халықты мәдени тұрғыда өзгертуде, оның социалистік санасын қалыптастыруда мектептен тыс білім беру жүйесі – клубтар, кітапханалар, мұражайлар, оқу-үйлері мен басқа да мәдени-ағарту мекемелері шешуші фактор болып танылды.
Революцияға дейінгі Қазақстанда мәдени-ағарту мекемелерінің желісі өте әлсіз болды.
1914 жылы бүкіл өлкеде 98 мың дана кітап қоры бар небәрі 139 кітапхана, 2 драма және комедия театры, 3 мұражай, бірнеше киноқондырғы ғана болды.
Жаңа билік, ең алдымен, мәдени-ағарту мекемелерін бір орталықтандыру туралы шаралар қабылдады.
1918 жылы сәуірде Қостанай уездік Кеңесі «кинематографияның бүкіл шаруашылық аппаратымен» ұлт меншігіне алынғанын жариялады.
ҚазАКСР-і құрылғанға дейін мәдени-көпшілік іс-шаралармен депутаттар кеңестері мен олардың құрылымдық бөлімшелері айналысып келді.
Мектептердің жанынан мәдени-ағарту мекемелері екі себеп бойынша ашылды. Біріншіден, мамандардың жетіспеуі сезілді. Арнайы дайындықтан өткен мамандардың болмауына байланысты осы мекемелерге мұғалімдер тартылды. Екіншіден, мектептердің жанында кітапханалар мен оқу-үйлерінің болуы, оқырмандардың ең белсенді категориясы – оқушыларға кітап бойынша қызмет көрсету міндетін жеңілдетті.
1924 жылы мәдени-саяси ағарту жүйесін ұйымдастыруда жаңа өрлеу кезеңі басталды. Ол негізінен экономикалық жетістіктермен сабақтасты. 1928 жылы республикада 488,3 мың дана кітап қоры бар 236 кітапхана, 810 клуб мекемесі, 92 киноқондырғы және 6 мұражай болды.
1926 жылы ҚазАКСР-нің Халық ағарту комиссариаты алқасының жанынан шағын ұлттар кеңесі құрылды. 1927 жылы шағын ұлттар клубын Петропавлда құру туралы шешім қабылданады.
Отырықшы емес халықтардың, атап айтқанда, қазақтардың арасында мәдени-көпшілік және идеологиялық жұмыстар жүргізу үшін қызыл отаулар, жылжымалы кітапханалар, киноқондырғылар мен «қызыл керуендер» кеңінен пайдаланылды.
Шаруа және малшы үйі ең алғаш 1922 жылы пайда болды. Қалаға келген ауыл адамына мәдени-саяси қызмет көрсету осы үйге міндеттелінді. Мәселен, Семей қаласындағы шаруа және малшы үйінің құрамында кинотеатр, мұражай, кітапхана, клуб ұйымдастырылды.
1925 жылы 8 наурызда Жаркент қаласында К. Цеткин атындағы әйелдер клубы ашылды. Клубтың жанында анықтама бөлімі, балалар консультациясы, киім пішу және тігу шеберханасы, кітапхана, сауатсыздықты жою жөніндегі үш мектеп пен «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бастауыш ұйымы болды.
Мәдени-ағарту мекемелерінің мәртебесі бір деңгейде болмады. Уездік, қалалық мәдениет ошақтары басым жағдайда еді. 20 – 30-жылдарда жалпыұлттық ауқымдағы мәдени-ағарту орталықтары ашылды. 1929 жылы Қазақ АКСР-інің Орталық өлкелік мұражайы Қызылордадан Алматыға қоныс аударды
1931 жылы партиялық және мемлекеттік органдардың шешімімен Қазақстанның мемлекеттік көпшілік кітапханасы құрылды.
1938 жылдың өзінде-ақ кітапхананың кітап қоры 1 млн-ға жуық дананы құрады. 1936 жылы КСРО ХКК жанындағы Өнер істері жөніндегі бүкілодақтық комитеттің қаулысымен Қазақ КСР-інің Орталық мұражайына Мемлекеттік Третьяков галереясынан және КСРО мемлекеттік мұражайынан 627 картина мен бұйымдар тарту етілді.
Ұлы Отан соғысының қарсаңында елімізде мектептен тыс білім берудің осы жүйесі қалыптасты: бүкіл республика бойынша
4 мыңға жуық көпшілік кітапхана, 5 мыңнан аса клуб мекемесі,
1,3 мың тұрақты және көшпелі киноқондырғы болды. 1938 жылы республиканың саяси-ағарту саласына 17,1 млн сом бөлінді.
Бірақ Ұлы Отан соғысы кезінде 4 жылдың ішінде республикадағы мәдени-ағарту мекемелерінің желісі 1621 бірлікке кеміді. Мәдени-саяси ағарту жүйесінің қызметі идеологияландырылған сипат алды.