Сабақта диалогтік оқытудың маңызы
Қараманова Қиғаш Төлеуқызы
Қызылорда қаласы
№ 235 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Оқытудың реттілігін қалай құрылымдау керек? Диалогтік оқытудың қандай маңызы бар?
Қазіргі таңда оқу мен оқытуда оқушылардың белсенділігін арттыруда олардың білім алуы, өзін – өзі бағалауы, өзгенің пікірімен санасу қасиеттерін есепке алу, танымдық өсуінде өте маңызды рөл атқаратынын көреміз. Осы орайда оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мақсатында сабақ кезінде диалогтік оқытудың түрлерін қолдану тиімді деп ойлаймын.
Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатынын атап көрсетеді. (МАН, 39 – бет)
Сабақ үдерістерінде «оқушы мен оқушы» және «мұғалім мен оқушы» арасында жүйелі түрде диалог жүретін болса, онда әрбір оқушы өз ойларын еркін жеткізуге, қорытып шығаруға, сонымен қатар мұғалімдер оқушылардың пікірін тыңдай отырып өтілген тақырыпты қандай деңгейде түсінгенін аңғаруға болады. Сондықтан да, сабақ беретін пән аясында «оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулі қалай жүзеге асқандығы туралы ашып көрсеткім келді.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған тақырыптар бойынша сабақты ұйымдастыру, жаңа материалды меңгерту, бекіту, бағалау, қорытынды рефлексия диалог арқылы жүзеге асады. Бұл оқу үдерісі нені оқу керектігін түсінуі арқылы көрініс табады. Осы орайда мектеп тәжірибесінде өткізілген сабақтарда тұлғааралық байланысты орнату мақсатында «шаттық шеңбері», «жүректен – жүрекке» ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыра отырып , қолайлы орта орнатып, оқушылардың оқуы мен атқарылатын жұмыс түрлерінің нәтижелері сапалы болуына жағдай туғызу.
Тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша бірінші сабақтағы Оразақын Асқардың «Достық» өлеңінде жаңа сабақ тақырыбын ашу мақсатында интербелсенді тақтадан «достық» туралы бейнежазба көрсету арқылы түрткі, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтар техникасын пайдалана отырып:
М: Бейнежазба не туралы деп ойлайсыздар?
А есімді оқушы: Достық туралы
М: Бейнежазбаның негізгі айтар ойы недеп ойлайсыздар?
А. есімді оқушы: Достықтың адам үшін маңызды екендігі
М: Қаншалықты маңызды екендігін ашып айтып беріңізші?
Бұл жерде Қ. есімді оқушы ойланып қалды. Сондықтан мен басқа оқушыларға қарап, «Көмектесе алатындарың бар ма?» деп сұрақ қойғанымда:
Ж: есімді оқушы: Достықтың маңыздылығы: қиын сәтте қасыңнан табылса, айтқан сырыңды көпшілікке шашпаса және де адал болса, - деп жауап берді. Осы сұрақтар арқылы сабақтағы оқушы мен мұғалімнің әрекеттестігі басталғандай болды.
Ал, Қ. Мырза Әлидің «Бірінші рет балға ұстаған балаға» сабағын сұрақ – жауап арқылы бастадым:
М: Ал, балалар, берілген қағаз қиындыларын құрастырғанда қандай суреттер арқылы топқа біріктік деп ойлайсыңдар?
Н. Есімді оқушы: «Балға, балта, ара, шеге» - деп жауап берді.
М: Ендеше, осыларды бір сөзбен айтқанда қалай атаймыз?
Е. есімді оқушы: Құрал – саймандар деп атаймыз – деп жауап берді.
Түрткі сұрақ: Ендеше, құрал – саймандарға тағы нелерді жатқызуға болады?
С. есімді оқушы: «кемпірауыз, күрек, кетпен, тырма» - деп жауап берді.
Сынақтан өткізу сұрағы: Оларды қалай және қайда пайдаланамыз? Мысал келтіріңізші?
С есімді оқушы ойланып сәл кідірді де, күрекпен жер қазамыз деп қысқа жауап қайтарды.
Қайта бағыттау сұрағы: Ал, кәнекей, Саятқа көмектесе алатындарың бар ма?
Д. есімді оқушы: Мысалы, арамен ағашты аралаймыз, балғамен шегені қағамыз. Балтамен ағаш, отын жарамыз. Бірақ, барлық құрал - саймандарды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, жұмыс жасау керек деп ойлаймын - деп жауап берді.
Тізбектелген сабақтар топтамасындағы М. Дулатовтың «Қош келдің, Наурыз» мәтіні мен Ө. Ақыпбековтің «Наурыз» өлеңінде «Наурыз» бейнежазбасын көрсете отырып, « мұғалім мен оқушы» арасындағы диалогті өрбітуге сұрақтар техникаларын пайдаландым:
М: Жыл басы қай айдан басталады?
Р. есімді оқушы: Наурыз айынан
М: Неліктен наурыз айында басталады деп ойлайсың? Мысалы, біз жылдың басын қаңтар айынан бастадық емес пе?
Сол кезде Р. есімді оқушы ойланып қалды. Сыныпта тыныштық орнап, барлық оқушы: «шыныменде біз неге қаңтардан бастаймыз» дегендей ойда қалды.
М: Рамазанға көмектесе алатындарың бар ма?
Ж. есімді оқушы: Иә, жыл басын қаңтар айынан бастаймыз. Бірақ, наурыз айы бүкіл түркі халықтарының мерекесі, күн мен түн теңеледі. Жаңа күн басталады, сондықтан біз жыл басын наурызда тойлаймыз, - деп жауап берді. Дегенменде, оқушылар арасында бейнежазбадан, әр түрлі суреттерден тақырыптарға байланысты пікірталас туындап, өтілетін сабақтың тақырыбының ашылуына себепкер болды. Сабақтың тақырыбы ашылғаннан кейін оқушылардың арасындағы әңгімелерден кейін мақсатын айқындау қиынға түспейді. Сондықтан мақсатқа байланысты жасайтын жұмыстарымыздың әрі қарай нәтижелі шығу үшін оқушыларға табыс критерийлерін ұсынамыз. Табыс критерийлеріне байланысты оқушылар өзін – өзі реттей отырып, әрбір беріліп отырған тапсырмаларды орындау барысында көрініс табады. Тізбектелген сабақтар топтамасында өтілген тақырыптар бойынша топтық жұмыстар жүргізілді.
Диалогтік оқыту барысында оқушылар берілген тапсырма төңірегінде жетістіктерге қол жеткізу үшін бір – бірімен пікір алмасады. Мерсердің зерттеуіне сәйкес, әңгімелесу оқушылардың оқуының ажырамас бөлшегі болып табылады және әңгімелесудің үш түрі бар: әңгіме – дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме (МАН, 40 – бет).
Оқушылардың алғашқы әрекеттерінен ортақ келісімге келе алмай жатқан топтарды бақылай отырып, әр топтың жанына барып жасайтын жұмыстары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырдым. Сондықтанда оқушылардың алғашқы сабақтарға қарағанда келесі сабақтарда берілген тапсырмаларды орындау барысында өзін – өзі реттеп жұмыс жасауға терең бойлап, өз ойларын айтуға дағдыланды.
Тізбектелген сабақтар топтамасындағы екінші сабақта 1 – топқа берілген: Қ. Мырза Әли өмірі мен жазған шығармалары туралы жазу. Бұл тапсырма бойынша постерге әр оқушы ойларын тұжырымдап қосып айтуға үйренгенін байқауға болады. В деңгейлі оқушыны бақылап отырған Т. есімді мұғалімнің бақылау парақшасынан:
Жанеля
|
Қадыр Мырза Әли- ақын
|
Анеля
|
Иә. Ол – Қазақстанның халық жазушысы емес пе? Жаңа апай ақынның өмірбаянымен таныстырған кезде мен жазып алғанмын.
|
Анель
|
Хатшы Дәулет жазып отырсың ба, айтқан сөздерді.
|
Дәулет
|
Мен барлығын жазып отырмын.
Бибінұр интернеттен қарап, қандай шығармалары бар екен соны көріп жіберші
|
Жанеля
|
1935 жылы туып, 2011 жылы қайтыс болған.
|
Бибінұр
|
«Нұр», «Түн кірпігін ілмеді», «Қысылу» өлеңдері бар екен
|
Анеля
|
Постерге осының барлығын жаза отырып, өзіміздің кітаптағы «Қысылу» өлеңінің бір шумағын жазып қойсақ қайтеді.
|
Осы жерде оқушылардың ұтымды жауаптарын бақылай отырып, сыни ойлаудың ұтқырлығы мен диалогтік оқытудың өздігінен ықпалдасып жатқандығын байқауға болады.
Топтағы рөлдердің де өзара қызметтері болғандықтан , бұл жерде оқушылардың өзін –өзі реттей отырып, жұмыс жасауына көп көмегі бар екендігі көрініп отырды. Әр сабақ сайын болып жатқан тапсырмаларды орындауда үйренгенін келесі сабақтарда толықтырып отыруға мүмкіндік алады. Өйткені, бір – бірінің болған қателіктерін келесі сабақтарда болдырмауға үйренеді. «Метатану» деп индивид қалай ойлайтынын,
оқитынын қадағалау, бағалау, бақылау, кейінгі оқу үдерісінде мұндай ойлаудың нәтижелерін саналы қолдану үдерісі ретінде сипаттауға болады. (МАН, 32 – бет). Яғни, бұл жерде мұғалім оқушылардың оқу ептілігін дамытып, көмек беріп, әрбір оқушының іс – әрекеттерін бақылай отырып, жұмыстың жүйелі жүруіне ықпал жасап отыру керек. Мұғалім әңгімеге арқау болатын ақпарат беріп отырады. Оқушылар бойында білім мен түсінік қалыптасады. Сондықтан да әр топтан шыққан баяндамашылар постерді қорғау барысында алған ақпараттарын ары қарай толықтырып, оқушыларға құрдастар тілімен жеткізуге үйренеді және оқушылардың қойған сұрақтарына жауап бере отырып, сөйлеу дағдыларын қалыптастырады.
Ал, бақылаушы рөлінде отырған оқушылар бір - бірін шынайы бағалауды үйренеді. Әр топ бір – бірінің жұмыстарын «екі жұлдыз, бір ұсыныспен», «мадақтау сэндвичімен» формативті бағалаған кезде алдыңғы болған сабақтарға қарағанда үшінші, төртінші сабақтарда біршама бағалауға үйренгендіктері көрінді. Бірінші сабақта 4 – топқа: Адал достық пен амал достықтың айырмашылығын түсіндіріп айтып беру тапсырмасы берілген. Оған 1 – топтың берген бірінші жұлдызы: «Адал достық дегенді ашып көрсеткенсіңдер», екінші жұлдызы: «суретті әдемі салғансыңдар», ұсынысы: «Жазған кезде қара бояумен емес, ашық түспен жазсаңдар әдемі болар еді» - деп жазып бағалаған. Бірақ негізінде ол постерде ешқандай сурет салынбаған. Тек топтастыру әдісін пайдаланған. Мұнда бағалаудың шынайы болмағанына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырдым. Ал, үшінші сабақта топтық жұмыста 3 – топқа: Ағаштың қасиеті мен пайдасы туралы айту тапсырмасына берілген. Сол топқа келесі топтың берген бірінші жұлдызы: «ағашты салып, оның жемісі ретінде ағаштың пайдасы мен қасиетін жаза білгенсіңдер. Керемет!», екінші жұлдызы: « Бір тал кессең, он тал ек – деген
қорытынды сөздеріңде мақал – мәтелді қатыстыра отырып жазыпсыңдар. Жақсы», ұсынысы: «Әлде де болса тек оқулықтағы сөздермен шектелмей, өмірмен байланыстырып толықтырсаңдар» - деп жазып, бағалапты. Бұл екі сабақтағы бағалауларды салыстыра отырып, оқушылардың арасында шынайы бағалаулардың қалыптасқанын байқауға болады. Бұл оқу үдерісі оқушы мен оқу материалын қосатын «көпірді салуға» негізделгенін байқатады.
Тізбектелген сабақтар топтамасында берілген тақырыптарда жұптық тапсырмаларға шығармашылық, кеңейтілген, құзыреттілік тапсырмалар берілді. Мысалы, бірінші сабақта шығармашылық тапсырма мақал – мәтелдердің жалғасын табуда балалар ешқандай қиындықсыз орындап шықты. Өйткені алдында топтық жұмыста мақал – мәтелдер айтылып жатты. Сондықтан да оларға оңай болған сияқты. Алты мақал – мәтелге: толық – 7 жұп жауап берсе, 4 жұп төртеуіне жауап берген. Бағалаған кезде «Бағдаршамның» қызыл түсін көтерген жұп болған жоқ. Бұл жұптық жұмыста «оқушы мен оқушы» арасындағы диалогтің оншалықты өрбімегені байқалды. Екінші сабақта кеңейтілген тапсырмалар алынды. Бұл жерде оқушыға үш кесте берілген. Оқушылардың арасында сыни ойлау қалыптасып, диалог өрбіп, өзара келіспеушіліктер болып жатты. Бірінші кестені сәйкестендіруді орындағанда оқушылар бір – бірімен ойласа отырып орындап шықты. Бұл тапсырманы орындауда барлық жұп бірдей қатысты. Екінші кестені толтыруда 10 жұптың бесеуі, үшінші кестені – 4 жұп қана толық орындап шықты. Мұнда оқушылар материалды «есте сақтау» және «түсіну» ұғымдарының әртүрлі әдістері бар екенін мойындап, мағынасын ажырата алуға үйренеді. Мұндай әдістерді игермеген оқушыларды мұғалімнен көмек сұрап жатты. Бұл жұптық жұмыс дайын үлгі жауап арқылы бағаланды. Үшінші сабақта «Бес жолды өлең» құрастыру болды. Осы тапсырмада оқушылардың қаншалықты сыни ойлана отырып, жұбында қалай талқылай алатындығы байқалды. А. есімді оқушы мен С. есімді оқушының арасында:
А. есімді оқушы: бірінші зат есім болады.
С. есімді оқушы: Ағаш деп жазайық.
А есімді оқушы: Екінші екі етістік болу керек. Оған өседі, өнеді
С. есімді оқушы: Енді үш сын есім жазайық: жасыл желекті
А есімді оқушы: әдемі, саялы
С. есімді оқушы: түйінді сөз жазу керек
А есімді оқушы: «Ағаш тамырымен мықты» - деп алайық.
С. есімді оқушы: Ағаш сөзіне синоним сөз: орман болсын. Өйткені, ағаштан орман құралады емес пе? – деп жатты. Яғни, бұл жерден «оқушы мен оқушы» арасындағы даилогті көруге болады.
Тізбектелген сабақтар топтамасындағы төртінші сабақта жұптық жұмысқа құзыреттілік тапсырмасында «иә/жоқ» деген жауаптың бірін белгілеп, соны дәлелдеп жазып шығу керек болатын. Бұл тапсырмада кейбір оқушылардың бірінің сөзін бірі дәлелдеп айтып жатқандығын байқауға болады. Ал, кейбір оқушылар арасында келіспеушіліктер туындап жатты. Мысалы, Н. есімді оқушы мен Ж. есімді жұп арасында:
Ж. есімді оқушы: Тышқан өте кішкентай ғой, мүмкін піл тышқаннан қорқатын шығар.
Н. есімді оқушы: Иә, мен мультфильмнен көргенмін. Тышқан, қоян, ұлуды белгілейік.
Ж. есімді оқушы: Сонда әкесінің жылы тышқан жылы болады ғой.
Н. есімді оқушы: Дұрыс. Ал, қоян қорқақ болғанмен, өте сақ болады.
Ж. есімді оқушы: Артына қарамаса да бәрін сезе ме?
Н. есімді оқушы: Сақ болған соң, артына қарамай – ақ бәрін сезіп қоятын шығар.
Ж. есімді оқушы: Ал, енді « сиялы уын шашатын» жәндік қайсы?
Н. есімді оқушы: Бұл жерде жәндік деп тұр, жануар десе басқасын белгілер едік. Сондықтан ұлуды жазайық – деген жұптар арасындағы диалогтің өрбігені байқалды. Сондықтан да диалогтік оқытудың бала үшін маңыздылығының бар екенін айта кету керек.
Достарыңызбен бөлісу: |