Сабақтарына арналған оқу-әдістемелік құрал Павлодар (075. 8) Ббк 74. 6 я 73 А28



бет2/4
Дата06.11.2016
өлшемі0,75 Mb.
#1179
түріСабақ
1   2   3   4

Бірінші кезең (XIX ғасырдың екінші жартысы) музыкалық білім беру педагогикасының негізін салушы ғалым-ұстаздардың (А.Н.Карасев, С.И.Миропольский, Д.Н.Зарин, С.Т.Щацкий және т.б.) педагогикалық іс-әрекеттердің белсенділігі және музыкалық тәрбие берудің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін қарастыруға арналған бірқатар музыкалық-педагогикалық еңбектердің жарық көруімен сипатталады.


Музыкалық білім беру педагогикасының проблемаларын, соның ішінде музыкалық тәрбиенің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін анықтау ісімен айналушылардың бірі А.Н.Карасев болды. А.Н.Карасевтың «Ән айту әдістемесі»өз кезінде аса танымал еңбектердің бірінен саналған-ды. Әдістемеде ән айтуға үйретудің мақсаты және одан туындайтын нақты міндеттер, ән айтудың тәрбиелік маңызы анықталған. Автордың пікірінше ән айтудың мақсаты – балалардың музыкалық қабілеттерін, сонымен бірге дауыс, сөйлеу, тыныс алу органдарының іс-әрекетін белсендіру және қалыптасқан музыкалық қабілеттері мен іскерліктерін практикада қолдана білуге дағдыландыру. Ол нота сауаттылығын ашу жөнінде де құнды пайымдаулар жасады.

Музыкалық білім беру педагогикасы қалыптасуының алғашқы кезеңіндегі Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық тәрбие берудің жағдайы туралы объективті мағлұматтар жинақталған маңызды еңбектердің бірі С.И. Миропольскийдің «Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық білім беру туралы» кітабы еді. Автор еңбегінің негізгі мақсаты музыканың тәлім-тәрбиелік маңызын ашу және сол кездемүмкін болып есептелмейтін жалпыға бірдей музыкалық тәрбиені жүзеге асыру жолдарын қарастыру болатын.

XIX ғасырдың соңында музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына Д.Н. Зарин мен А.Л. Маслов өлшеусіз үлес қосты. Олар өздерінің музыкалық тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың музыкамен шұғылдануға деген әуесқойлығын, шығармашылық белсенділігін арттыру негізінде олардың музыкалық қабілеттерін дамытуға болатындығын дәлелдеп берді. Д.Н. Зариннің «Мектепте хормен ән салу әдістемесі» оқу құралында музыкалық қабілеттерді дамытудың бірқатар мәселелері қарастырылған. Оның пайымдауынша балалардың музыкалық белсенділігін арттыру музыкалық қабілеттерді дамытудың негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Автордың балаларға белгілі бір мәтінге немесе аяқталмаған музыкалық фразаны жалғастыра әуен шығарып аяқтау, музыкалық қабылдауды әнді орындау және оны импровизациялау негізінде ұйымдастыру музыка сауатын меңгеруде, дыбыстардың қатынасын, қозғалысын бейнелейтін әуендер шығару сияқты ұсынған шығармашылық тапсырмалардың, сонымен қатар музыкалық есту, ырғақты сезіну қабілеттерін дамыту, әнші даусының тәрбиесі, әнді үйрету, репертуар сұрыптау бойынша ұсынған әдістемелерінің практикалық маңызы зор.

Жеке тұлғаның музыка арқылы шығармашылық сапа-қасиеттерін дамыту мәселелері П.Л.Яровскийдің, В.Н.Щацкаяның ізденістерінде көрініс алған.

П.Л.Яровский (1877-1942) – көрнекті музыкатанушы, сазгер, пианист, қоғам қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы Мәскеу, Киев консерваторияларының профессоры. Оның бүкіл өмір жолы музыкалық тәлім-тәрбие жұмысын дамытуға арналған. Оның музыкалық-педагогикалық практикасында балалардың музыкалық мүмкіндіктерінің мейлінше ашылуына, шығармашылық қабілеттерін белсенділікпен дамуына ықпалын тигізетін өзіндік әдістемесі осы саладағы ізденушілерге үлкен қызығушылық туғызған еді. Автордың балалардың музыканы қабылдауы, олардың шығармашылық бастауларының көзін ашу міндеттерін жүзеге асыруда есту, сенсомоторлық түйсіктерді белсендіру бойынша ұсыныстары да назар аударарлық және өз заманындағы жаңашылдық болып табылады.

Музыкалық педагогиканың көрнекті өкілдерінің бірі – В.Н.Щацкая. Ол 1965 жылы Мәскеу консерваториясын бітіріп «Детский труд и отдых» балалар клубын басқарды.

В.Н.Щацкая мен С.Т.Щацкийдің «Бодрая жизнь» колониясындағы музыкалық тәрбиені ұйымдастыру тәжірибесі бүгінгі зерттеушілердің назарын өздеріне үнемі аударып келеді. Бұл тәжірибенің ерекше белгілері – ең алдымен сол кезеңде белең алған тәрбиедегі дөрекі жалтырақтық пен жаттандылыққа формализмге тосқауыл бола алатын амал-жолдарды іздестіру еді.

Екінші кезең (XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бірінші жартысы) ән-күйдің дербес пән ретінде оқытылуына және музыкалық білім мен тәрбие беру әдістемесінің жасалуына байланысты, музыкалық білім беру педагогикасының жаңа ғылым саласы ретінде қалыптаса бастауымен сипатталады. Сол кездегі көрнекті мемлекет қайраткері А.В.Луначарскийдің басшылығымен Халық ағарту комиссариаты жанында арнайы музыкалық бөлім ашылды. Сөйтіп, мектептерде музыкалық білім мен тәрбие мақматы мен міндеттері, талаптары айқындалып, музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің жүзеге асыру жолдары қарастырыла бастады. Ән сабағын оқытуға байланысты қойылатын талаптар күшейтіліп, білім мазмұнын сұрыптау қолға алынды, сабақ өткізу әдістемесін жасау және оқу құралдарын дайындау жұмыстары жоспарланды. Ән сабағын жүргізетін мұғалім даярлығы да назардан сырт қалған жоқ.

Мектептегі музыкалық тәлім-тәрбиенің мақсаттары мен мазмұнын анықтау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелері қарастырылған Н.Я.Брюсованың, музыка сабағын жобалау, құру мәселелерін талқылауға арналған М.М. Койранскаяның мақалалары да музыкалық білім беру педагогикасы теориясының дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбектер дейге болады.

Ресейде музыкалық педагогиканың дамып қалыптасуына музыкатанушы, сазгер, педагог. ССРО-ның академигі Б.В.Асафьев көп еңбек сіңірді. Ол ірі музыкатану мектебінің негізін салушы ретінде аса танымал ғалым, эстетика, музыка теориясы мен тарихы туралы кітаптардың сондай-ақ мектепте музыкалық тәрбие беру әдістемесі және оны ұйымдастыру проблемалары мен кәсіби-музыкалық білім беру жөніндегі салиқалы мақалалардың авторы.

Б.В.Асафьев өзінің еңбектерінде мектеп оқушыларының музыканы қабылдау қабілетін, музыкалық талғампаздығын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлді. Оның пайымдауынша музыка сабақтарында тек музыкалық шығармаларды тыңдаумен ғана шектелмеу керек, керісінше, олардың музыкалық қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту қажет, яғни музыканы практикалық жағынан меңгерту міндеттері қойылуы тиіс.

Б.В.Асафьевтің пікірінше, өнер туындыларының бағасы мен нарқын осы салада аз да болса шығармашылықпен әрекет етіп, соның жемісіне қуанып, шаттана білген адам ғана, байыптай алмақ. Бұдан оның өнермен шұғылданудағы шығармашылық іс-әрекетке ерекше мән бергендігін көреміз.

Музыканы тыңдап қабылдаудың психологиялық аспектілері, соның ішінде «музыкалық ұғым-түсініктер» негізінде музыкалық ойлауды дамыту, музыканы тыңдау барысында адамның белгілі бір сезімге бөленіп, сан қилы психикалық кейіпке түсіп қана қоймай, талдау, жинақтау, салыстыру нәтижесінде музыкалық материалдарды саралау, сұрыптау, баға беру сияқты ойлау процесінің жүріп жатқандығы Б.В.Асафьевтің назарынан сырт қалмаған. Оның музыкалық педагогика саласында қалыптасқан қағидалары сол кезеңде музыкалық тәрбиенің қалыптасуына өлшеусіз зор үлес қосты, әрі болашақта дамуына негіз болды.

Музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына шешуші роль атқарған бұл кезеңде тек ғылыми-әдістемелік өңдемелердің және музыкалық білім берудің мазмұнын, әдіс-құралдарын, ұйымдастыру формаларын қарастырған ғылыми-әдістемелік еңбектердің жарыққа шығаруларымен бірге, музыкалық білім беру проблемаларын шығармашылықпен, теориялық тұрғыдан ой таразылайтын батыл қадамдар жасалды.

Үшінші кезең (XX ғасырдың 50-90 жылдары) - музыкалық білім беру педагогикасының теориялық негіздерінің жасалуымен жәнеосыдан туындайтын Ресей, Қазақстан ғалымдарының ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстарының өріс алуымен ерекшеленеді.

Білім беру және тәрбиелеу процессі кезінде тұлғаның әлеуметтендірілуін қамтамасыздандыру қажет. Бұл жаңа ашылыстарды игеруді, өзіндік күн көруді үйренуді, мәдениеттің минимумдық негізін салуды білдіреді. Музыка туралы білім біздің заманымызда күннен күнге үлкен роль атқарады.

Егерде бұндай жұмыс нәтижесінде оқушылар музыка пәнінде эмоционалдық қанағаттанса, онда олар музыкаға деген сүйіспеншілікті бүкіл өмір бойы өткізе алады. Солардың біреулері болашақта композитор., біреулері - әнші, тағы біреулері – жақсы, музыканы сүйсіне тыңдайтын тындарман болуы мүмкін. Музыкалық тәрбиешілер жастарды осы 2-3 топқа қосылып кетулеріне себеп болу керек.

Музыка педагогикасының әдістемесін жасаушы, ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы О.А.Апраксина Ресейде алғашқылардың бірі болып орыс музыкалық педагогикасы тарихын зерттеумен айналысты. Музыка сабақтарының мектептің оқу жоспатымен оқытылатын басқа да пәндермен ұқсас жақтары бар. Алайда, О.А.Апраксина атап көрсеткендей, музыка сабақтарының өзіне тән айшығы оқу материалының мазмұнына, балалардың танымдық ерекшеліктеріне, жалпы, әсіресе арнайы музыкалық қабілеттерінің даму деңгейіне, қолданылатын оқу әдістерінің тиімділігіне, пайдаланылатын техникалық құралдарға, мұғалімнің жеке тұлғасына байланысты көрініс алады.

Автордың музыка мұғалімін даярлау проблемасына қатысты «Методика музыкального воспитания» оқу құралы музыкалық білім беру педагогикасындағы ең құнды еңбектердің бірі болып саналады. Осы мерзімде мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге сондай-ақ орта арнайы және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары бірінен соң бірі жарық көре бастады. Сол жылдары балабақша тәрбиешілері мен музыкалық жетекшілерге арналған «Музыкальное воспитание в детском саду» атта оқу құралы басылып шықты.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары музыкалық білім беру педагогикасы мәселелеріне қатысты пікірталастар өрби түсті. Пікірталастар біріншіден, сабақты «ән сабағы» немесе «музыка сауаты» тәрізді бөліктерінің немқұрайлылықпен, қалай болса солай бөлініп өтілетіндігі туралы күдік тудыратын қарама-қайшылықтардың беті ашылды. Көп кешікпей академик Д.Б.Кабалевскийдің тың көзқарастағы музыкалық-педагогикалық тұжырымдамасы өмірге келді. Аталған тұжырымдама автордың болашақ музыка мұғалімінің жаңа бағдарламасының жаршысы болған «Об основных принципах и методах программы по музыке для общеобразовательной школы» атты мақаласында және бірқатар кітаптарында көрініс тапты.

Музыка өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, танымдық, тәрбиелік функциялар атқарады. Бұл туралы Д.Б.Кабалевский былай деп тұжырымдағанды: «Адам жасаған өнер сол адам туралыжәне сол адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің байланысы осында жатыр… Міне сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш қуатын арттырып келеді».

Д.Б.Кабалевскийдің жетекшілігімен дайындалғанмузыка пәні оқу бағдарламасының жаңашылдығы бағдарлама мақсатында да айқын көрініс тапты. Егер бұған дейін музыкалық білім беру педагогикасының мақсаты балаларды музыка өнеріне тартып, оған деген қызығушылығын тудыру, белгілі бір көркемдік дағды, іскерлігін қалыптастыру болса, жаңа бағдарламада оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда теңдеусіз құрал болып табылатын музыканың адамның, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани өрісіне эмоционалды түрде ықпал ететін әсер-күшін пайдалану талабы қойылды. Сөйтіп, музыка пәнінің жаңа мақсаты – оқушылардың музыка және оның қоғамдағы ролі мен әлеуметтік қызметі жөнінде біртұтас ұғым-түсініктері негізінде музыкалық қабілетін қалыптастыру болып табылады. Жаңа мақсат жаңа міндеттерді нақтылауды талап ететіні белгілі. Сондықтан эстетика, психология, дидактика саласындағы қағидалары сондай-ақ Д.Б.Кабалевскийдің тұжырымдамасы негізінде музыкалық білім берудің басты үш міндеті қарастырылды.

Бірінші музыкалық міндет – оқушылардың музыкаға эмоционалды қарым-қатынасын қалыптастыру. Бұл міндеттің орнындалуы музыканы қабылдау негізінде жүзеге асырылады. Сөйтіп, оқушылардың музыкаға эмоционалдық ынта-ықыласын, музыкалық сезімін, музыканың сазын эмоционалды нәзік байыптау, білімді меңгеру, дағды, іскерліктерді иелену, музыканы тыңдап, орындауға деген белсенді талпынысын оятуға қажетті жағдай туғызылады.

Екінші музыкалық міндет – музыкаға деген қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұнда оқушылардың музыкалық шығармаларды саналы түрде қабылдау тәжірибесін жинақтау, музыкалық білімдерді күнделікті өмірде қолдана білу, музыкалық образдардың сипатын сезіну, даму логикасын байыптау, шығарманың өміршеңдігі мен идеялық негізін саналы түрде ұғып-түсіну қарастырылған.

Үшінші музыкалық міндет – музыканы орындау, әсіресе музыкамен әуестенудің ең қолайлы формасы ретінде хормен ән салу процесіндегі іс-әрекеттік, практикалық қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұл міндеттің шешімі оқушылардың музыкалық есту ұғым-түсініктерінің қалыптасуы мен музыкалық қабылдау процесінде орындаушылық дағдыларының дамуына байланысты.

Күнделікті музыкалық практикадааталған міндеттер бір-бірімен тығыз байланыста болуы тиіс және олардың қажетті деңгейде қалыптасуы оқушылардың музыкалық тәжірибе деңгейін мектеп оқушыларының музыкалық дамуының аралық сатыларындағы нәтижелерін анықтауға негіз бола алады. Жаңа бағдарламаның басты жаңашылдығы – музыканы оқытудың жүйесін және нақты сабақтарды құруға негізі болатын тақырыптық принципті ұстану.

80-ші жылдары сазгер-педагогтардың назарын болашақ музыка пәні мұғалімі даярлығы проблемалары өзіне назар аудара бастады. Осы бағытта Э.Б. Абдуллин, Л.Г.Рапацкая, Е.В.Николаева, Г.М.Цыпин және т.б. ғалым-педагогтар арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Аталған проблеманың көптеген аспектілері М.Х.Балтабаев, Р.Р.Джердималиева, С.А.Ұзақбаева, А.А.Қалыбекова, Т.А. Қышқашбаев, Ш.Б.Құлманова, Ө.К.Спанов және т.б. қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерінде көрініс тапты.
Сұрақтар мен тапсырмалар

1 Ежелгі кезеңдегі музыкалық тәрбие беру тәжірибесі музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына қандай роль атқарды?

2 А.Н.Карасев, С.И.Миропольский, Д.Н.Зарин, А.Л.Маслов, С.Т.Щацкий, В.Н.Щацкая т.б. ғалым-педагогтардың музыкалық-педагогикалық пікір қозқарастарының білім беру педагогикасындағы маңызы неде?

3 XX ғасырдың 30-жылдарында сыныптан және мектептен тыс музыкалық тәрбие жұмысының жандануына не себеп болды?

4 Б.Л.Яворский мен Б.В.Асафьев сияқты ғалымдардың музыкалық-педагогикалық көзқарастарындағы жалпы қағидалар мен өзіндік ерекшкліктерге сипаттама беріңіздер.

5 Д.А.Кабалевскийдің музыка-педагогикалық тұжырымдамасының тарихи мәні неде?

6 Ресей педагогикасымен тарихи тағдырлас Қазақстандағы музыкалық білім беру педагогикасының даму ерекшеліктері қандай?
Әдебиеттер: [10; 11; 12; 13; 14; 15; 16]
3. Қазақстандағы музыкалық білім беру педагогикасының дамуы мен қалыптасуы
Жоспары:

1) қазақ даласындағы музыкалық білім берудің Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде дамуы;

2) XX ғасырдың 20-80 жылдарында Қазақстанда музыкалық білім беру жағдайы;

3) XX ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстандағы музыкалық білім берудегі жетістіктер;

4) музыкалық тәрбиенің этнопедагогикалық негіздері.
Музыкатану, музыкалық білім саласындағы әдебиеттерде Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңнің өзінде қазақ даласында музыка өнеріне баулу, кәсіби шыңдау бойынша едәуір тәжірибе қалыптасқандығы мазмұндалған. Сазгерлікке, әншілікке, күйшілікке баулу отбасында, жастардың сауық-сайранында, мейрамдарда немесе арнайы кәсіби білім беру мектептерінде жүзеге асырылып келген. Одан кейінгі кезеңдерде Қазақстандағы музыкалық білім беру жұмысы бұрынғы Одақ көлемінде жүзеге асырылды.

Осы кезеңдегі музыкалық-эстетикалық тәрбие беру жұмысы профессор С.А. Ұзақбаеваның зерттеу еңбегінде жан-жақты талдауға алынған. Зерттеушінің «Өміршең өнер өрісі» атта еңбегінде осы жылдардағы музыкалық тәлім-тәрбие берудің тарихы, ерекшеліктері жан-жақты сипатталады. Автордың халық педагогикасы идеяларының дамуы мен қалыптасуына берген тарихи-педагогикалық сипаттамасы музыкалық педагогика проблемаларын зерделеуге қосқан аса маңызды үлесі болып табылады.

Өткен ғасырдың 20-жылдары Б.В. Асафьев, Б.Л. Яворский, В.Н. Щацкая сияқты орыс мәдениетінің аса көрнекті қайраткерлерінің бастамасымен Ресейде өріс алған музыкалық-ағартушылық қозғалыс Қазақстанда ойдағыдай жүзеге аспай қалды. Оған себеп елдегі ұлттық маман кадрлардың, талапқа сай материалдық базаның тапшылығы еді. Тіпті түрлі типтегі мектептер (жеті жылдық, тоғыз жылдық, шаруа жастары мектептері, I және II дәрежедегі мектеп-коммуналар, ауылды мекендерде екі жылдық, төрт жылдық, жеті жылдық мектептер, ФЗУ-лар т.б.) ашылғанымен, музыка пәнін оқытуды өз деңгейінде ұйымдастыруға септігін тигізе алмады. Ең алдымен музыка пәнінің арнайы бағдарламасының болмауы да үлкен кедергі болды. Алайда бұған қарамастан, балалар мен жастарға музыкалық тәрбие беру жұмысы тоқтап қалған жоқ. Республиканың түпкір-түпкіріндегі елді мекендерде, мектептерде түрлі музыкалық үйірмелер ашылып, көпшілік-насихат жұмыстары қызу жүріп жатты. Сөйтіп, халық таланттарының көзі ашылып, қазақ интелегенциясының қалыптасуына ықпалын тигізді. Музыкалық-эстетикалық тәлім-тәрбие бағытында бірқатар мектептен тыс мекемелер өз жұмысыг жандандыра бастады. Солардың бірі – 1920 жылы Орынбор қаласында ашылған Қазақ өлкелік тәжірибелік-эксперименттік мектеп-коммуна еді. Онда ән сабағы аптасына екі сағаттан жүргізіледі. Алайда, арнайы мамандар болмағандықтан, ән сабақтарын музыкалық білімді мамандар орыс тілінде жүргізді.

30-шы жылдары Одақ көлемінде кеңінен өріс алған мәдени құрылыс ісі Қазақстанда музыкалық білім беру ісінің дамуына үлкен септігін тигізді. Балалар музыка мектептерінің, техникумдар мен жоғары оқу орындарындағы жұмыстарды бір жүйеге келтіру ісі қолға алына бастады. Алматы қаласында 1932 жылы алғашқы музыкалық-драмалық техникумның және оның базасында А.Қ. Жұбановтың басқаруымен қазақ халық музыкасын зерттеу кабинеті және қазақ халық аспаптары жетілдіру бойынша музыкалық-эстетикалық шеберхананың ашылуы үлкен бастама болды. 30-шы жылдардағы тағы бір жетістік Қазақстандағы барлық мектептердің Ресейдің музыкалық білім беру бағдарламасымен оқытуға көшуі еді.

Алайда Қазақстанда оқулардың, оқу құралдарының, кәсіби мамандардың жетіспеуінен музыкалық білім беру артта қалып отырды. Бұндай кемшіліктерді жою мақсатында тәрбие жұмысының негізгі формасы ретінде үйірме жұмысына көп мән берілді . Барлық мектептерде музыка, хор, драма үйірмелері жұмысы жанданды. Сөйтіп, көркемөнерпаздар ұжымдары оқушыларға музыкалық тәлім-тәрбие беруде қыруар іс атқарды. Тарихта үлкен із қалдырған Ұлы отан соғысы елеулі нұсқан келтіргені белгілі. Осы кезеңде Ленинград, Киев, Мәскеу, Харьков қалаларынан эвакуацияланған өнер адамдарының талантты сазгерлері мен педагогтердің Қазақстан жеріне қоныстануы музыка мәдениеті мен білімнің дамуына маңызды ықпал тигізгені мәлім.

40-шы жылдары республиканың музыкалық өмірінде елеулі уақиға болды. Ол 1944 жылы Алматыда мемлекеттік консерваторияның ашылуы еді. Консерваторияға жоғары квалификациялы түрлі мамандықтағы кадрлар даярлау, қазақ, орыс, шетел музыкасы саласында ғылыми-зерттеу, әдістемелік жұмыстарды орындау, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау, өнер мен ағарту саласында мамандардың біліктілігін жоғарлату міндеттері жүктелді.

Осы кезеңде көркемөнерпаздардың олимпиадалары мен байқаулардың ұйымдастырылуы да оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесін жетілдіруге өз үлестерін қосып жатты.

Сонымен, соғыс және соғыстан кейінгі жылдары сыныптан тыс және мектептен тыс іс-әрекеттер осы бағыттағы жұмыстардың негізгі формасы болды. Ал музыкалық тәрбие мазмұндық жағынан бейбітшілік пен достық, бақытты өмір, патриоттық сипатымен ерекшеленеді.

50-ші жылдары ел еңсесі көтеріліп әлеуметтік-экономикалық жағдай біршама жақсарды. Осыған байланысты білім беру саласында елеулі жетістіктер бой көрсетті.

Жетіжылдық және жалпыға бірдей орта білім беру міндетті түрде жүзеге асырылатын болды. Политехникалық білім беруді одан әрі дамыту оқу-тәрбие жұмысының деңгейін жоғарлату, оқу-материалдық базасын нығайту күн тәртібіне қойылды. Жаңа оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары жарыққа шығарылды. Ең бастысы, оқушылардың жас ерекшелігін ескеру негізінде оқу-тәрбие жұмысын жақсартудың жолдары мен әдістері айқындала бастады.

60-шы жылдар 1962-1963 оқу жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің бұйрығына сәйкес халыққа білім беру жүйесінің қайта құрылуына байланысты жалпы білім беретін мектептердің бәрі жаңа оқу жоспары мен бағдарламасына көше бастады. Сөйтіп, ән-күй сабақтары бастауыш, сегізжылдық қазақ мектептерінің 1-7 сыныптарында 1 сағаттық апталық жүктемемен оқытыла бастады. Осындай өзгерістерге байланысты ән-күй пәнінің бағдарламасы қайтадан қаралды.

1962 жылы белгілі педагог әрі сазгер, көпреген балалар әндерінің авторы Б. Ғизатовтың қазақ тілінде дайындаған, үш бөлімнен тұратын «Мектептегі ән-музыка сабағының мұғалімдері үшін» атты әдістемелік құралы басылып шықты. Оның «Музыка сауаты» атты бірінші бөлімінде автор нота сауатын меңгерту жөніндегі жұмыс жүйесін қарастырды. Ал «Ән үйрену сабағы» атты екінші бөлімінде бір және екі дауыста ән салу әдістемесі, әнді орындау ережелері, сабақтардың үлгілері және мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулар берілген. Үшінші бөлімі Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сияқты күйші сазгерлердің, көрнекті орыс және қазақ сазгерлерінің шығармашылығын сипаттауға арналған.

Сонымен, Қазақстан мектептеріндегі музыка пәні мазмұнына бірен-саран қазақ әндері мен күйлері ендіріліп, толықтырылып отырғанымен, мақсат, міндеттері, құрылымы, мазмұны біртектес болды және Ресей бағдарламасы негізінде жүргізіліп келді.

80-ші жылдары барлық Одақтас республикалар сияқты Қазақстан да жаңа бағдарламаның бейімделген вариантын жасау ісі қолға алына бастады. Қазақ мектептеріне арналған бағдарламаны жасайтын авторлық ұжым құрылды. Оның жетекшісі Б. Ғизатовтың басшылығымен, ұжым мүшелері Р.Р.Джердемалиева, Г.Ж.Қарамолдаева 1984 жылдық қазан айында бейімделген жаңа бағдарламаны, хрестоматиялар мен фонохрестоматияларды жарыққа шығарды. Аталған авторлық ұжым бастауыш сыныптарға арналған бағдарламаны әдістемелік жағынан қамтамасыз етуде көп еңбек сіңірді.

90-жылдары республикада ұлттық музыкалық ерекшеліктер ескерілген, қазақ мектептерінің мұқтаждығын қанағаттандыра алатын жаңа оқу бағдарламаларын дайындау қажеттілігі өріс алып, қазақтың көркем мәдениеті арқылы оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәлім-тәрбиесін жетілдіру мен оқу орындарында жүзеге асыру жүйесінің болмауы арасындағы қарама-қайшылық шиеленісі түсті. Музыкалық білім беру саласындағы орын алған қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру қазақстандық ғалым-педагогтардың музыкалық-педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсендірді.

М.Х. Балтабаев – 100-ден аса мәдениеттану, фольклор, музыкалық-эстетикалық тәрбие мәселелерін қарастырған еңбектердің авторы. Ғалым-педагогтың «Қазақстанның дәстүрлі көркем мәдениеті» атты монографиясы, «Педагогикалық мәдениеттану» оқу құралы, жалпы білім беретін мектептердің 5-6 сыныптары үшін «Музыка», 10-11 сыныптар үшін «Өнер», балабақшалар үшін оқу бағдарламалары және әдістемелік кешені, жалпы білім беретін мектептердің бастауыш, орта, жоғары сыныптары үшін «Музыка» оқу бағдарламалары және әдістемелік кешені, жоғары оқу орындарының музыка факультеттері үшін арнайы курстардың оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары, бастауыш сыныптарға «Әсем саз», бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған «Елім-ай» оқулықтары, оқу құралдары жарық көрген.

М.Х. Балтабаев музыкалық-эстетикалық білім беру жүйесін жасауда дәстүрлі көркемдік мәдениеттің бай мүмкіндіктері толық пайдаланылуы қажет, сонымен бірге бүгінгі дәстүрлі білім мен тәрбие жүйесін жаңа сападағы деңгейге көтеру механизмін іздестіру бүгінгі күннің көкейкесті талаптарының бірі деп есептейді. Ол өз зерттеулерінде қазақтың ән мәдениетін, сәндік-қолданбалы мәдениетін, халықтық би мәдениетін, халақтық сөйлеу мәдениетін дәстүрлі көркем мәдениеттің жүйе құраушы компоненттері ретінде атай келе, оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесіне деген жаңаша көзқарасын ұсынады.

М.Х. Балтабаевтың жетекшілігіндегі авторлық ұжым «Елім-ай» ән-күй бағдарламасын дайындады. Бағдарламаның мақсаты – оқушылардың рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылатын музыкалық мәдениетін қалыптастыру. «Елім-ай» ән-күй бағдарламасының білімдік, тәрбиелік мақсат, міндеттері жеке тұлғаның дәстүрлі көркемдік тәрбиесінің өлшемдері мен көрсеткіштеріне сәйкес анықталған:

- халық өнері туындыларын қабылдау процесінде музыканы саналы түрде түсіну;

- ән салу, би, ойын, сурет салу, музыкалық аспаптарды шертуді қарастыратын орындаушылық іс-әрекет;

- қарапайым әндерді импровизациялау, би элементтерін түрлендіру, ән, ертегілерді драматизациялау, музыкалық ойындарының кейіпкерлерінің образдарын жеткізе білу.

Бағдарлама «Сарыарқа», «Тұлпар», «Аққу», «Елім-ай» сияқты тақырыптық құрылымда түзілген. Олар бастауыш білім берудің барлық кезеңдерінде логикалық байланысып, бірін-бірі толықтырып, әрі бірін-бірі байытып отыратын екі сағаттық апталық жүктеме арқылы жүзеге асады.

«Елім-ай» бағдарламасы қазақ халқының көркемдік шығармашылығының сан түрін кешенді түрде пайдалану негізінде бала психикасының түрлі жақтарына кешенділікпен ықпал етуді көздеді. М.Х. Балтабаев осы өнер атауының қай-қайсысын пайдалануда синхрондылықты сақтауды міндетті деп санамайды. Керісінше, білім берудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес, әсіресе бастапқы кезеңде кезекпе-кезең пайдаланудың тиімділігін атап көрсетеді.

Алайда респудликадағы жоғары оқу орындарында болашақ музыка пәні мұғалімдерін жоғарыда аталған талаптарға сай даярлауға қазіргі кезеңдегі мүмкіндіктер жоқтың қасы. Яки, бағдарламаны ойдағыдай алып шығатын, оның барлық міндеттерін шеше білуге қабілетті педагогикалық кадр даярлығы осы бағдарламаны қазақ мектептерінде кеңінен ендіруге кедергі болғандығын айтып өтуіміз керек.

«Елім-ай» - қазақ халық мәдениетінің өзара байланысы мен синкреттілігін ашып көсететін бағдарлама. Оның авторлары өскелең ұрпаққа өнер түрлерінің (ән, аспаптық, сәндік-қолданбалы, би, ауызекі-поэтикалық) мәні мен маңызын, олардың халық өмірінде алатын орнын түсіндіруді, шығармашылық мұраға деген сыйластықты көзқарасын, сондай-ақ балаларды осы өнер түріне қатысты іс-әрекеттерге тартуды мұрат еткен.

Оқушыларды қазақ халқының ерекше мәдениетіне, тартуға деген талпыныс А. Райымбергенов бастаған авторлық ұжым дайындаған «Мұрагер» атты музыка бағдарламасынан байқалады. Бағдарламаның мақсаты – қазақстандық патриотизмді, ұлттық рухани байлықтың мұрагері екендігін сезінетін, өз халқының салт-дәстүрін, өнерін, ана тілін білетін Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеу.

Аталған бағдарламаның басты ерекшелігі – балаларды домбыра шертуді нотасыз, ауыхша әдіспен үйрету және халық әндерін домбыраның сүйемелдеуімен орындауға машықтандыру.

Халық ән-күйін меңгерту қарапайымнан күрделіге қарай принципіне негізделген. Балалар бастапқыда қарапайым да жеңіл-желпі жаттығулар жасап, аса күрделі емес ән-күйлерді орындауға машықтандырылса, бірте-бірте күрделі шығармаларды орындауға үйретіледі. Білім мазмұнында ән, күй, жыр, терме, айтыстар, би, қолданбалы және сәулет өнерінен мағлұматтар беру де қарастырылған. Оқу жүктемесі аптасына үш сағаттан жоспарланған. Тағы бір айта кететін жайт, бағдарламаның құрылымдық жоспарында балаларды нота сауатынсыз домбыра тартып үйрету бағытының басым болуы.Бұл өз кезегінде бағдарламаның «Музыка» сабағынан гөрі домбыра үйрену үйірме жұмысына жақын екендігін, әрі апталық сағат санының типтік оқу жоспарына сәйкес емес екендігін көрсетеді.

Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ұлттық сана-сезімнің өсуі бастауыш мектепте ұлттық негізде музыкалық тәрбие беру бағытында бірқатар жаңашылдықтың дамуына ықпал етті. Нәтижесінде «Музыка» пәні бойынша «Елім-ай» (жетекші М.Х. Балтабаев). «Мұрагер» (жетекшісі А. Райымбергенов) сияқты бірнеше баламалы бағдарламалар өмірге келді.

Ендігі жерде оқушылардың туған халқының мәдениет негіздері жөніндегі білімі мен тәрбиесіне ықпалын тигізетін халықтың тарихы, өмір сүру болмысы, салт-дәстүрі ұғым-түсініктерін кеңейтетін, өзін ұлттың мүшесі және азаматы екендігін саналы түрде ұғынуын, отбасы мен мектептегі мінез-құлық нормалары жөніндегі ұғым-түсініктерін қамтамасыз ете алатын және типтік оқу жоспарына қойылатын ғылыми-теориялық, әдіснамалық талаптарға сай бағдарлама жасау қажеттігі белең алды. Ондай бағдарлама Ш.Б. Құлманованың, М.А. Оразалиеваның, Б. Сүлейменованың авторлық бірлестігі арқасында жарыққа шығып, Қазақстан мектептерінің игілігіне айналды.

Бағдарламада 1993 жылы 8 сәуірде жарияланған «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептеріндегі білім мазмұны тұжырымдамасы», мемлекеттік оқу жоспары және оқу бағдарламасына қойылатын дидактикалық қағидалар негізге алынған.

Педагогика ғылымында оқу жоспарын құрудың бірнеше амал жолдары қалыптасқан. Аталған бағдарлама осы спиралды құру жолымен құрастырылып және педагогика ғылымында білім мазмұнын құру, дайындау бойынша қалыптасқан ерекшеліктерді басшылыққа алған.

Ш.Б. Құлманова – жалпы білім беретін мектептердің музыка пәні бағдарламаларының көрнекті авторларының бірі. Ол XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы музыка пәні оқу бағдарламаларына және қазақ халық музыкасына негізделген типтік бағдарламаларға жасаған талдауы арқылы музыкалық педагогика тарихын зерделеуге және музыкалық білім беру мазмұнын анықтау жөніндегі педагогика ғылымының қағидаларына сүйене отырып, қазақстандық ғалым-педагогтардың ( М.Оразалиева, Б. Сүлейменова) қатысуымен музыка пәнінің типтік бағдарламасын жасап ұсынды. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы мектептерінде қолданыс табуда. Бағдарламаны әдістемелік қамтамасыз ету үшін әдістемелік тұрғыдан негізделген, түрлі нұсқаулар, хрестоматиялар, білім стандарты жарық көрді.

XX ғасырдың 90-шы жылдарында қазақстандық ғалымдар музыкалық білім саласында біршама еңбек етті. Солардың қатарында болашақ музыка пәні мұғалімінін даярлау проблемасына айтарлықтай үлес қосқан қазақстандық ғалым Р.Р. Джердемалиева музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығын әдістемелік білім, іскерлік, дағдылардың қалыптасуына, интелектуалдық тұрғыдан ойлауды дамытуға және педагогикалық іс-әрекеттегі шығармашылықты, музыкалық педагогиканың әдістемелік проблемаларын шешудегі жеке тұлғалық-құндылықты бағыттылығын айқындап алуға бағытталған жүйелі, тұтас процесс ретінде қарастырады. «Методическая подготовка учителя музыки» атты еңбегінде музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының алғышартын, функцияларын, әдіснамалық принциптерін, педагогикалық шарттарын атап көрсетеді. Музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының танымдық, мазмұндық, операционалды компоненттеріне сипаттама береді. Автордың «Основы методологической подготовки учителя музыки» бағдарламасының және «Организация самостоятельной работы студентов по педагогике музвоспитания» оқу құралының болашақ маман даярлау үшін де, музыка пәні мұғалімінің күнделікті іс-әрекетін ұйымдастыруда да маңызы зор. Бағдарламаның «Музыкалық педагогикалық білім беру жүйесіндегі әдістемелік даярлықтың ролі мен ерекшеліктері», «Музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының мәні мен мазмұны», «Музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығының негізгі дидактикалық және әдіснамалық принциптері» тақырыптары пән мұғалімінің әдістемелік даярлығының мәні мен тұтас құрылымы жөнінде саналы түсінік беру, әдістемелік міндеттерді шешуге қажетті әлеуметтік маңызды кәсіптік сапа-қасиеттерін дамыту, болашақ мамандардың музыкалық білім беру педагогикасының теориясы мен практикасында әдістемелік проблемаларды шығармашылықпен іштей мақсат етіп қоя білуге төселдіруге бағытталған.

Р.Р. Джердемалиева болашақ музыка пәні мұғалімінің әдістемелік даярлығы проблемаларын құрастырумен қатар, жалпы білім беретін мектептегі музыка пәні оқу бағдарламаларының жасалуына да үлкен үлес қосты. Ол 1977 жылы академик Д.Б. Кабалевскийдің жетекшілігіндегі авторлық ұжымның «Музыка» пәні бағдарламасын Қазақстан мектептеріне ендіруге байланысты қазақ мектептеріне лайықталған бағдарлама жасауға қатысты. Бұл бағдарлама Б. Ғизатовтың жетекшілігіндегі авторлық ұжымның (Г. қарамолдаева, Л. Мамизерова, А. Байментаева, Ө. Байділдаев) бірлестікте орындалған еңбегі болатын. Болашақ музыка пәні мұғалімінің даярлығын жетілдіру мақсатында республика көлемінде түрлі жарыс, конкурстар ұйымдастырылып, даярлық курстарын өткізді.

Болашақ музыка пәні мұғалімінің кәсіби даярлығында психологиялық-педагогикалық курстар маңызды роль атқарады. Осы пәндерді оқыту барысында студенттердің оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге кәсіби даярлығы проблемалары А.А. Қалыбекованың еңбегіінде көрініс тапқан. Зерттеуші өз еңбектерінде оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге даярлық ұғымының мәнін ашты. Болашақ музыка пәні мұғалімі даярлығының дамуындағы психологиялық-педагогикалық курстардың ықпалын және студенттердің кәсіптік қызығушылықтарын анықтау әдістемесін, оқушылырдың эстетикалық тәрбиесін жүзеге асыруға даярлықты қалыптастырудың басты факторларының бірі ретінде тұтастық тұрғыдағы ғылыми негізделген жоғары оқу орнында психологиялық-педагогикалық пәндерді оқытудың негіздемесін аталған даярлықты қамтамасыз етуге арналған педагогикалық тапсырмаларды сараптаған.

Музыкалық білім беру саласында Қазақстанның жалпы білім беретін мектептеріндегі музыка пәні оқу бағдарламаларын, әдістемелерін жасауға елеулі үлес қосқан – ғалым педагог Ш.Б.Құлманова. Ғалымның еңбегінде бастауыш сынып оқушыларын халық музыкасы арқылы тәрбиелеу мүмкіндіктерді олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін (қабылдау, зейін, ес, қиял, ойлау, ерік, сезім, дауысқа қатысты мүшелер: есту мүшесі, дауыс мүшесі, тыныс мүшелері) және музыкалық қабілеттерін (есту, ырғақ, музыкалық ес) ескерумен айқындалады. Автор оқушыларға қолайлы халық музыкасын белгілі бір өлшемдердің негізінде сұрыптауды ұсынады. Еңбекте қазақ халық музыкасы арқылы тәрбиелеу негізінде екі жақты процесс орын алатыны, ол, бір жағынан, оқушыларға өтілетін музыканы бейнелі түсіну мен меңгеруді, екіншіден оның мазмұнын әр түрлі дербес іс-әрекетте белсенді шығармашылықпен жүзеге асыруды бірлестіретіні жайлы мазмұндалады. Автордың қазақ халық музыкасының бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеудегі мәні мен ерекшеліктерін анықтауының музыка педагогикасы үшін маңызы зор. Олар: қазақ халық музыкасында болмыстың көркемдік-образдық және нақты-тарихи бейнеленуі, бейнелілігі, мәнерлілігі, интелектуалдығы, көпварианттылығы, ұжымдық сипаты. Ш.Б. Құлманованың тағы бір жетістігі - қазақ халық музыкасының жанрлық ерекшеліктеріне және оларды педагогикалық маңыздылығына қарай жүйеге келтіріп, мазмұндық сипаттама беруі; тұрмыс-салт музыкасы (тұрмыс әндері, салт күйлері6 тұрмыстық күйлер, тарихи әндер мен күйлер, лирикалық әндер мен күйлер, этникалық шығармалар, қобыз күй аңыздары, домбыра күй аңыздары), әлеуметтік теңсіздік ән, күйлері.

Қорыта айтқанда, музыкалық білім беру педагогикасының дамып, қалыптасу жағдайына көз жіберу, тұтастай алғанда, жалпы педагогиканың, психологияның, эстетиканың, музыкатанудың, мәдениеттанудың түйісер тұсында дамып, қалыптасқан ғылымиаралық, дербес ғылым саласының пайда болғанын айғақтайды. Музыкалық білім беру педагогикасының дамып, қалыптасу тарихын таразылау оның ғылым саласы ретіндегі мәні мен ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді.


Сұрақтар мен тапсырмалар

1) Қазақстанда музыкалық білім беру педагогикасының даму кезеңдерінің өзіндік ерекшеліктерін атаңыз.

2) Қазақстандағы алғашқы музыкалық білім мен тәрбие беру мазмұнына сипаттама беріңіз.

3) XX ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы Қазақстанда музыкалық білім мен тәрбие берудегі жетістіктерді атап көрсетіңіз?

4) Ресей мен Қазақстандағы музыкалық білім мен тәрбие берудің дамып, қалыптасудың түрлі кезеңдеріндегі білім мазмұнының айырмашылығы неде?

5) Д.Б. Кабалевскийдің музыка пәні бағдарламасын Қазақстан мектептеріне ендіру және оның бейімделген нұсқасына мазмұндық сипаттама беріңіз.

6)Қазақстандағы музыкалық білім берудің тарихи дамуының әр кезеңдерінде жарияланған музыка пәні бағдарламаларының мақсат-міндеттерін, басты идеяларын атап беріңіз.
Әдебиеттер: [17; 18; 19; 20; 21; 22]
4 Музыкалық білім беру педагогикасының өзге ғылымдармен байланысы
Жоспары:

1 Музыкалық білім беру педагогикасының философиялық ғылымдармен байланысы;

2 Музыкалық білім берудегі психологиялық білімдердің ролі;

3 Музыкалық білім беру педагогикасының адамды индивид ретінде қарастырушы ғылымдармен байланысы;

4 Музыкалық білім беру педагогикасының музыкатану, музыкалық білім берудің теориясы, тарихы, әдістемесі пәндермен арақатынасы.
Музыкалық білім беру педагогикасы – зерттеу аясы кең ғылым саласы. Зерттеу пәнінің кеңдігі өрісті болғандықтан оның мәнін тек өзге ғылымдармен байланысы негізінде ғана түсіндіруге болады.

Философия ғылымы жеке тұлға мен қоғам проблемесын қарастырады. Оның міндеті - әлеуметтік дамудың өте-мөте жалпы заңдылықтарын анықтау. Философиялық ғылымдар (диалектикалық және тарихи материализм, ғылымтану, әлеуметтану, этика, эстетика және т.б.) музыкалық тәлім-тәрбиенің мәні мен мақсаттарын анықтауға, оның адамның тұрмысы мен ой-санасына ықпал-әсерін дұрыс есепке алуға көмектеседі, тәрбие бағытын дұрыс жобалауға септігін тигізеді. Ғылым мен қоғамда болып жатқан уақиғалар жөніндегі мағлұматтармен қаруландырады.

Жаңа музыкалық-педагогикалық білімді екшеп алу философияның өзі зерттейтін ғылымтанудың жалпы заңдарына бағынады. Музыкалық-педагогикалық тәжірибенің таразылануы және жаңа педагогикалық тұжырымдамалардың жасалуы философияның теориялық негізіне жүгінеді. Философияның кездейсоқтық пен қажеттік, жалпы мен жеке, ерекше заңдар мен заңдылықтар, өзара байланыс пен өзара тәуелділік, даму және оның қозғаушы күштері сияқты категориялары қайсыбір музыкалық-педагогикалық ой- пікірлердің өзегін құрайды.

Педагогика сияқты музыкалық білім беру педагогикасы да өзінің барлық даму кезеңдерінде философиялық заңдылықтарға негізделеді және өз проблемаларын шешуге, жинақталған практикалық тәжірибесін сараптауда, сонымен қатар оларға баға беруге философияға сүйенеді. Психология ғылымы жетістіктерінің музыкалық білім беру педагогикасы үшін маңызы зор. Психология – психикалық процестердің және адамның тұлғалық сапа-қасиеттерінің даму механизімі мен заңдылықтарын қарастыратын, сондай-ақ жеке тұлғаның дамуын зерттейтін заңдарды жасайтын ғылым. Оқыту мен тәрбие бағытының қай-қайсысы болмасын адам психикасының дамуына негізделеді. Психологияның көптеген ғылыми-зерттеу әдістері музыкалық-педагогикалық проблемалардың шешімін іздестіруде кеңінен қолданылады.

Музыкалық білім беру педагогикасы музыка теориясы, музыка тарихы, музыкалық іс-әрекет психологиясы жөніндегі біліммен қаруландыратын музыкатану ғылымымен тығыз байланыста. Адамзат баласы көне заманнан бері музыканың тегі мен мәнін ұғынуға талпынып келді. Осылайша музыканы тануға деген қажеттілік музыка мәдениетінің интонациялық ерекшеліктерін жинақтаған сан түрлі трактаттарды, ілімдерді, теориялық тұжырымдамаларды өмірге әкелді. Музыкатанушылардың ғылыми ізденістері музыкалық құбылыстарды (музыка жанры, сазгерлердің шығармашылық өмірбаяны), музыкалық мәдени өмірдегі түрлі процестерді, музыканы орындау, музыка тыңдау іс-әрекеттерін, музыканың заңдылықтары және зерттеу әдістері кіретін күрделі иерархиялық және көпфункциялық жүйе ретіндегі музыка өнері мен музыка мәдениетін зерттеуге бағытталады.

Музыкалық білім беру педагогикасы жалпы және музыкалық психология ғылымымен ажырамас бірліктегі тығыс байланыста. Екеуінің зерттеу пәні бөлек болғанымен, объектісі ортақ, ол – даму үстідегі жеке тұлға. Музыкалық білім беру педагогикасының музыкалық психология теориясымен басты байлынысы алдымен категориялық аппататтарының ортақтастығымен сипатталады. Музыкалық білім беру педагогикасы музыкалық білім беру мен тәрбиелеу мәселелерін әр уақытта музыкалық-психологиялық ғылыми мәліметтерге сүйене отырып зерттейді. Егер музыкалық психология музыкалық қабілеттер (музыканы есту, музыкалық сезім, музыкалық ес), музыкалық іс-әрекеттер (музыканы тыңдау, хормен ән салу, музыканы орындау, музыкалық сауаттылық, музыкалық-ырғақтық қозғалыстар), музыкалық-психологиялық танымдық процестер (музыкалық сезім, музыкалық қабылдау, музыкалық ойлау, қиялдау және т.б.) және жеке типологиялық ерекшеліктер (темперамент, мінез, қабілет) жөніндегі білімдер мен қаруландырып, адам психологиясының даму заңдылықтарын зерттейтін болса, музыкалық білім беру педагогикасы музыкалық білім беру мен тәрбие берудің тиімді әдістерін, құралдарын анықтап ашады.

Музыкалық педагогика үшін физиологиялық білімдердің мәні зор. Өйткені физиология адамның биологиялық мәнін (жоғары жүйке жүйесінің жұмысы және жүйке жүйесінің типологиялық ерекшеліктері, сезім мүшелері мен қозғалыс аппаратының, қан тамыры мен тыныс алу жүйесінің қызметі) ұғыну базасын құрайды. Адамның дене күшінің дамуы, организмнің өмір әрекетінің, әсіресе жоғары жүйке жүйесі қызметінің заңдылықтары туралы білімдер түрлі музыкалық іс-әрекеттерді тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Музыкалық білім беру педагогикасы адамды индивид ретінде зерттейтін ғылымдармен (биология, анатомия, антропология, медицина) табиғи байланысады. Бұның өзі музыкалық білім беру педагогикасының әрқайсына өзіндік ерекшеліктер тән, әлеуметтік ғылымдар кешені мен өзара тығыз байланыста, өзара әрекеттестікте өмір сүріп қызмет атқаратын ғылым саласы екендігін танытады.

Музыкалық білім беру педагогикасының «Музыкалық білім беру тарихы мен теориясы» пәнімен табиғи байланысы – заңды құбылыс. Осы пәннің көлемінде қарастырылатын музыкалық білім берудің заңдылықтары, негізгі қағидалары жөніндегі білімдер музыканы оқытудың теориялық негіздерін меңгеру процесін зерделеу, музыкалық білімдердің тереңдігі мен беріктігін, жан-жақтылығын қамтамасыз етеді. «Музыкалық білім беру тарихы» пәні музыканы оқытудың теориясын және әдістемесін тарихи аспектіде қарастырады. Бұндағы білім мазмұнының тарихилық принципке негіделуі өткенді ұғып-түсінуге, болашақты болжауға септігін тигізеді. Өткендегіні зерделеу, оны бүгінгімен салыстыру қазіргі таңдағы музыкалық-педагогикалық құбылыстардың мән-маңызын, негізі даму кезеңдерін байыптауға, болжамдық ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.

Болашақ музыка пәні мұғалімінің даярлығында «Музыкалық-педагогикалық білім беру әдіснамасы» пәні бойынша меңгерілетін әдіснамалық білімдер үлкен роль атқарылады. Пәнді оқыту студенттердің кәсіби мақсатты бағытталған әдіснамалық даярлығын қамтамасыз етеді. Музыкалық білім берудің әлеуметтік, қоғамдық маңыздылығы, музыка пәнінің әдіснамалық мәдениетінің мазмұны, музыкалық білім беру педагогикасының басқа ғылымдармен әдіснамалық байланыстарының мәні жөнінде әдіснамалық түсінік береді. Музыкалық білім беру педагогикасымен байланысты философиялық, жалпы ғылыми және жеке ғылыми сипаттағы әдебиеттерге кәсіби талдау жасау, әдіснамалық білімдерді шығармашылық пен қолдану музыкалық білім беру процесін конструкциялау іскерліктері қалыптасады.

Музыкалық білім беру педагогикасы «Музыкалық-педагогикалық практикум» пәнімен байланысты. Оның мақсаты болашақ музыка пәні мұғаліміне оқушылардың барлық музыкалық іс-әрекетіне жетекшілік ету, оларды педагогикалық тұрғыдан ұйымдастыру бойынша практикалық дағдыларды меңгерту.

Соңғы кезде музыкалық білім беру педагогикасы ғылыми-техникалық аппараттық жүйе бойынша техниканың ғылыми жетістіктерін кеңінен пайдалана бастады. Аппараттық жүйе, жаңа оқу технологиялары педагогикалық әдебиет беттерінде жиі айтылып жүр. Оның себебі – техникалық ақпараттандыру бірте-бірте практикалық құбылыстарға молынан еніп, күнделікті білім беру практикасында берік орнығуы болып табылады.


Сұрақтар мен тапсырмалар
1 Музыкалық білім беру педагогикасының философия ғылымымен өзара байланысының мән-маңызы неде?

2 Музыкалық білім берудің теориясы мен практикасында музыкалық психологияның атқаратын қызметі қандай?

3 Музыкатану проблемаларының мектептегі музыка пәнінің оқу бағдарламаларында көрініс алуын ашып көрсетіңіздер.

4 Музыка өнерінің жастар ортасындағы әлеуметтік дәрежесіне баға беріңіздер.

5 Музыкалық-педагогикалық іс-әрекетте психологияның жалпы ғылыми принциптерінің жүзеге асырылуына мысал келтіріңіздер.
Әдебиеттер: [23; 24; 25; 26;27]
5 Эстетикалық тәрбие және ќазаќтыњ дєст‰рлі кµркем мєдениеті.
Эстетика (eisthetikos – сезiнерлiк, сезiмдiк) – философия ғылымының саласы; адам мен өзге дүниенiң арасындағы бағалық қатынастарының спецификалық көрiнiсi түрiндегi эстетикалық саладағы адамның көркемдiк, iс-әрекетiн зерттейдi. Эстетика өз алдына «эстетика» деген терминдi енгiзген немiс философы А. Баумгартен оны логиканы толықтыра түсетiн төменгi таным теориясы деп бiлдi. И. Канттың түсiнiгi бойынша, эстетика - «жалпы сезiнушiлiктi ережелерi туралы ғылым».

Қазақ халқының эстетикалық мәдениетi аса тереңде, көнезаманғы дәуiрден басталады. Қазақтар эстетикалық мәдениетiн негiзiнен 3 түрлi салада жасады; бiздiң заманымызға жеткенi де солар:



1) материалдық мәдениет саласында. Бұлар қолданбалы өнер саласының туындыларында кездеседi. Онда сонау қөне дәуiрiнде осы күнгi Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың творчествосында ортақ әдiс-тәсiлдер мен сырандар болғаны байқалады. Сол негiздiң өзiнде қазақтың киiз үйiнiң нобайы, өзiне ғана тән сипаттағы үй жиќаздары, киiм-кешектер, ерекше бiр стиль, жануарлардың, өсiмдiктердiң бейнесi, геометриялық, зооморфологиялық символикалық ою-өрнектер салынған.

2) көркем сөз творчествосының туындылары қазақ халқының эстетикалық негiзiн құрған ру, тайпалар мен олардың бiрлестiктерi (тайпалық одақтар) сол заман дәрежесiне сай дамыған рухани мәдениетке не болған оны қазақтың 15–18 ғасырлардағы ақын жырауларының шығармаларынан айқын көруге болады. Олардың творчествосы ұлттық эстетикалық мәдениеттiң қалыптасуына зор ықпалын тигiзудi. 3) Қазақ халқының қоғамдық саяси өмiрiндегi эстетикалық ой-пiкiрi. Бұл қазақ елiнiң көрнектi қоғам, мемлекет қайраткерлерiнiң әдебиетпен өнердiң айтулы, өкiлдерiнiң көзқарастарынан сөзедерiнен қалдырған рухани мұралынан көрiнер. Сол заманның ұлы ойшылдарының iшiнде Әл-Фараби ерекше орын алады. Ол Платон мен Аристотельдiң еңбектерiне сүйене отырып эстетиканың кейбiр проблемаларын талдады. «Музыканың үлкен кiтабы», «Поэзия өнерiнiң каноны туралы трактат», «Поэзия туралы кiтап» атты еңбектерiнде ол эстетиканың және өнер мен поэзияның проблемаларын карастырады. Қазақ халқының эстетикалық ой-пiкiрiнiң тарихы жөнiндегi деректер ақын, жыраулардың творчестволық мұраларында жиi кездеседi. Асан Қайғының, Доспанбет, Шалкиiз, Ақтембердi, Бұхар, Шал т.б. қазақ жырауларының жыр, талғауларында еңбекшi бұқараның ой-арманы мен эстетикалық ұғымдары шынайы бейнеленген. Қазақтың халық поэзиясында сұлулық пен әсемдiктi, ерлiктi, батырлықты жырлау басым болып келедi.

Музыка – адам сезiмiнiң нәзiк тiлi, яғни адамдардың бiр-бiрiмен эстетикалық тәрбие беруде адам өмiрiнде музыканың атқаратын рөлi аса зор. Сондықтан жатарымызды музыка мәдениетiне тәрбиелеу iсiн жан-жақты ойластырып, олардың музыкалық талғамын әрдайым дамытып отыруға мейлiнше көнiл бөлуiмiз керек.

Осы ретте жастардың музыкалық шығармалар жөнiндегi өскелең талап-тiлегiн барынша қанағаттандыру, олардың өнер сұлулығын терең сезiнген биiк талғамын тәрбиелеп отыру мәселелерi арнайлы сөз етудi қажет етедi. Олай дейтiнiмiз, жаңа заманның жасампаз адамдарының iзгiлiкке толы жан дүниесi, биiк парасаты, жан-жақты жоғары мәдениеттiлiгi, музыкалық мәдениетiмiздiң өнерпаздық қуатымен тәрбиелiк ықпалына да тығыз байланысты.

Халықымыздың музыкалық қоры өте бай, игерiлiп бiтпеген мол қазына. Атадан балаға мұра болған «Ќыз Жiбек», «Ер Тарғын» секiлдi әдеби мұраларға жаңаша бiр өң бiтiп, олар музыкалық шығармаға айналды. Ал бүгiнгi заман тудырған мұралар тiптi көп. Солардың қай-қайсысы да өмiрдегi оқиға, құбылыстардың, ренiш-қуаныш секiлдi адам бойындағы сезiмдердiң сырын ашады. Музыка үнiн естiгенде ерекше әсерленетiмiз де содан. Ат шабысты көзге елестететiн «Сарыарқа», «Адай» сияқты күйлердi естiгенде өзiң де бiр тұлпарға мiнiп ап жүйткiлiп бара жатқандай сезiнесiң.

Қазақ ұлтының өнер саласындағы қасиеттеп маңдайға басар мақтанышы – домбыра. Оның қос iшегiнен күмбiрлей төгiлген құдiреттi күй талайды тамсандырап, таңдай қақтырары шүбәсiз. Сондықтан бiз домбыра сыныбында оқитын студенттерге Құрманғазы мен Динаның қуатты күйлерiн үйретiп қана қоймай, оның мазмұнына, шығу тарихына, айтайын деген ойына терең бойлап, түсiнiп ойнауға баулуға тиiспiз.

Ең бастысы, «Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмiрге ғашық болып өседi» деген М. Әуезовтiң даналық сөздiн әсте естен шығармасақ, бүгiнгi студент ертең маман болған кезенде эстетикалық тәрбие берудегi музыканың рөлiне айрықша назар аударатыны сөзсiз.

Жас ұрпақтың бойына туған өлкесi мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттердi дарытуда музыка мен әдебиеттiң байланыстылығы ерекше ықпал жасайтыны белгiлi. Өйткенi, ол жас өспiрiмнiң рухани эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырып, көркемдiк сезiмталдығын арттырады, талғам өрiсiнiң дамуын зор үлес қосады.



Әр халықтың эстетикалық дүниетанымын, көркемдiк және материалдық мәдениеттiң құрайтын, өзiне тән өнер түрлерiне ерекшелiнетiн, музыкалық және ақындық қасиеттерiн, қабiлеттерiн, икемдерiн тәрбиелейтiн құрал – ұлттық аспаптар. Соның бiрi әрi бiрегейi домбыра. Мысалы, бесiк жыры, тұсаукесер, шiлдехана, сүндет той, тiлашар, тойбастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу, жұбату, жоқтау, жарапазан, батырлар мен махаббат жыры, қисса-дастан, толғау, айтыс, терме, ән, күй т.б. толып жатқан әдебиет пен өнер туындылар домбыра үнiмен ұрпаққа жетiп, жалғасып тауып отырады. Ата-баба ұстаған бұл киелi дамбыраны меңгеру арқылы өз даналықтарын өлместей мұра қылып, дамытпаған қазақ баласы кемде-кем десе болады. Өйткенi, осы домбыра аспабы негiзiнде талантты адамдар ауыз әдебиетiнiң негiзiн қалап, дамыта отырып бiзге жеткiзедi.

Ән, өлен, терме, өсиет, жыр, толғау, айтыс, т.б. түрлерi ой елегiн шымырлатып, адамгершiлiкке баулыды;

Мақал-мәтел, жұмбақ, қисса-дастан, ертегiлер жақсы мен жаманды ажыратуға үйреттi, ерлiк пен махаббатты жырлады, туған жерi мен егiн қорғауға үндедi;

Күй үнi адамның тiлi жетпейтiн iшкi жан дүниесiндегi ойын жеткiзiп, айнала әсемдiк әлемiн аялап қорғауға нәзiк сезiмен, көңiл-күйiн түсiнуге тәрбиеледi.

¦лы ұстаз халықтың өзi болды, шығармашылықпен айналысқан орындаушыларды өздерi сынап, бағалап отырды. Сал, серi деп ат қойып айдар тақты. Тойлар мен жиындарға қос ат жiберiп алдырып, әншi, күйшi жырауларды топ алдына шығарды.



Әр ұлттық өзiндiк жерi мен суы, тiлi мен мәдени ошағы, музыкасы мен поэзиясы, қолөнерi мен тарихына сай мiнез-құлқы да болады. Сондай мұраларға бай ел-қазақ халқы. Сақ, ғұн, үйсiн, қанлы, түрiк, дештi қыпшақ – бәрi-бәрi осы ұлан-байтақ, сахара даласында өмiр сүрiп, барлық мұрасы мен өнерiн дамытып отырады. Бұған Орхон-Енисей бойындағы рунылық сына жазудағы көптеген мақал-мәтелдiң төркiнi өз күшiн жоймай, бүгiнгi күнмен жалғасын табуы дәлел бола алады. Он үш пернелi, екi шектi домбыраны IV ғасырда Арал теңiзiнiң оңтүстiгiн ала орналасқан Хорезм маңындағы «Қой қырылған» деген жерде тасқа қашап салып кетуi – бiз үшiн өлместей мұра қылып қалдырған ата-бабаның ақылдылығы. Сондықтан тарих пен ауыз әдебиетiн домбыра аспабының негiзiнен iздеу және оны оқу құралы ретiнде пайдалану бүгiнгi жас ұрпаққа ана тiлiнiң маңызын жеткiзудiң ең тиiмдi жолы болар едi. Ал оны мақтап етiп зерделей түйiп оқыту, ұлттық сезiмiн ояту – сiз бен бiздiң мiндетiмiз. Өйткенi, ата-бабалардың нақыл сөздердi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дастан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқылы жеткенi мәлiм.

Қазақтың байырға даласында ән ырғағының күрделi күйлерiнiң төкпе, шертпе болып бөлiнуi де бiлiктiлiктiң белгiсi. Ана құрсағындағы сәбиге дейiн музыка үнi және сөз өнерiнен ерекше әсер алып, оны тындаған ананың тебiренуiне байланысты iштегi бала тәрбиеленген. Домбырада неше түрлi әуеннiң әсерiмен берiлген сөз маржаны адамды балқыта, елжiрете өзiне тартады.


6 Музыкалық педагогикадағы халықтық салт-дәстүрлер мұрасы.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында әлеуметтік-саяси, мәдени өзгерістермен ерекшеленетін қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне жоғары талаптар қойылып отыр.

Халықтық тәлімдік, тағылымдық тәжірибесі бүгінгі таңда да өз маңыздылығын, құндылығын жойған жоқ. Халық өнері соның ішінде ән өнері ғасырдан-ғасырға өмір шежіресі болып кетті. Оның халық өмірімен тығыз байланыстылығы, тарихылылығы, ұжымдық шығармашылдық сипаты, көркем образдылығы, философиялық ой тереңдігі, көпварианттылығы, сан алуан жанрлығы тыңдарманның эстетикалық идеялын, көркемдік қажеттілігі мен қабылдаушылығын қалыптастыруда ерекше жағдай жасайды.

Тұрмыс-салт әндері бесік жыры, балалар мен жастар әндері, еңбек, шаруашылық, кәсіп әндері, төрт түлік мал туралы әндер, диқан, егіншілік, аңшылық-саяткерлік әндері.

Қазақтың отбасылық әдет-ғұрып, тұрмыс салт әндері ұлттық өнердің бастау көзі. Музыкалық фольклор жүйесіндегі бұл байырғы жанрларда ғасырлар бойы қалыптасқан ырым ұғымдар сақталған. Қазақ халқының өмірнен үлкен орын алған ғұрыптық әндер жанрлық тақырыптар жағынан төмендегі салаларға бөлінеді: арбау-байлау әндері – «Бәдік», «Күләпсін», «Жарапазан»; үйлену тойларында айтысатын – «Жар-Жар» («Аужар», «Бике-ау», «Үкі-ау»), «Сыңсу» («Қыз сыңсуы», «Көрісу», «Қоштасу», «Сарын»), «Тойбастар», «Беташар»; нәрестенің дүниеге келуімен байланыстырылып айтылатын - «Бесік жыры» («Әлди бөпем», «Бала жұбату»); қайғы-қасрет, мұң-шер әндері – «Естірту», «Жоқтау» («Жылау», «Зарлау», «Дауыс айту», т.б.).

Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндерінің тарихы қазақ қауымы өз алдына жекелене бастаған (б.д.д. VІІ-V ғғ.) кезінде-ақ пайда болған. Әрине, ол кезеңнің музыкалы мәселелерін зерттеудің өзіндік қиындықтары жеткілікті. Көне үлгілердегі ән-өлеңдердің ауызекі түрде таралуы себепті олардың жазбалары сақталмады.

Қазақтың дәстүрлі алғашқы фольклоры заман елегінен өткен сайын мүлдем жоқ болып кетпегенімен, бастапқы қалпында сақталмай, үлкен өзгерістермен жаңарып, бізге жеткені мәлім. Антологияға енген ғұрыптық үлгілердің бәрі де әуендік, интонациялық, ырғақтық ладтық жағынан дами түскендігін көрсетеді (дыбыс көлемі тұрғысынан кеңейген). Ал өлең-мәтіндернде әр уақыттың жырын жырлайтын осы дәуірдің өмір тіршілігін суреттейтін сөздер кездеседі. Әдет-ғұрыптық әндердің көнелігі, біздіңше, олардың жанрлық жағымен байланыстылығында. Сондықтан да ғұрыптық үлгілердің ритуалдығын да нақты түрде, арбау-байлау, емдеу, үйлену салты, өмірге келу, өлікті жерлеу, т.б. салт-жоралармен біртұтас деп тұжырымдаймыз.

Арбау-байлау, емдеу ән-өлеңдері «Бәдік» пен «Күләпсан» белгілі бір аурудан адамды немесе малды емдеу үшін қолданылады. Бәдіктің айтылуын С.Сейфуллин былай түсіндіреді: «Адам ауырса, немесе мал ауырса, әйел-еркек жиналып, ауырған малды қамап алып, екі-екіден қосылып шулап өлең айтады. Өлеңді орындағанда ауру «иесін» қорқытып, «жын ойнағандай қылып ойнап айтады. Бұл өлеңді «бәдік» дейді». Бақсы балгерлік халықтың нанымы бойынша, әр аурудың өз иесі, тәңірісі бар, тілін тапсаң оны қуып, аластауға болады деп сенген.

Бәдік және бақсы сарындары ауруды емдеу кезінде ән-өлеңмен қатар, түрлі қимыл-қозғалыстармен, жора-жосық, би элементерімен қосылып, синкреттік сипатта әсер етеді. Емдік тәсілдердің қасиеті мен сиқырлы күші де осы ерекшелікте деп ойлаймыз.

Халықтың ән шығармашылығындағы синкретизмнің тарихилығы мен жалпы белгілері жөнінде фольклор зерттеуші Э.Алексеев былай дейді: «Синкреттік мәдениеттің негізгі белгісі көптеген халықтардың дәстүрлі фольклорында бүгін де көрініс тауып жалғасуда, поэзия мен музыка жеке-жеке бөлек өмір сүрмеген, олар тұтас бір дүниенің бөлінбейтін екі жағы болған».

«Жарапазан» әр ораза айында, «ауызашар» кезінде, сондай-ақ таңертең, кейде түн ішінде де айтылады. Жарапазанның өзін шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады. Алдымен орындаушы үй иесін мақтаудан бастайды. Одан кейін ислам дінінің негіздерін уағыздап, имандылыққа шақырады. Соңы бата берумен аяқталады. Жарапазанның негізгі мақсаты - ораза айында ислам дінін насихаттаумен бірге, халықты имандылыққа ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақыру болып саналады.

«Жарапазан» - рамазан деген сөзден шыққан. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айтқандарға құрт, май,бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам жүріп айтады. Бірі, жарапазан айтқанда екіншісі, қостаушы болады. Мысалы:

Айтушы:


Жарапазан айтушының сауалы бар,

Отыз күн ораза жауабы бар.

Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар,

Боз шұбар астымдағы, шу, жануар!

Қостаушы:

Жарапазан, жарапазан!

Алла, құдай би рамазан! (А.Байтұрсынов)

Жарапазанның ел арасында кең тараған нұсқасын және разы болғанда жарапазан айтушының батасымен танысыңыз:

Жарапазан:

Үйің, үйің – үй екен,

Үйдің көркі ши екен.

Ақ төбедей көрінген

Қандай байдың үйі екен?

Кірсін даулет,

Шықсын бейнет.

Қиын дейді қиямет,

Жақын дейді ақырет.

Ажалға құдай сабыр ет.

Былай жүрген сайтанның

Мойнына мінсін тауқымет!

Әдет-ғұрыптық әндері оындалған кезде әсерлі бимен, көңілді ойындармен өткізілетін және соларға байланысты сенімдер өте көне замандарда, адам баласы аңшылықтан-қарабайыр жер өңдеушілкпен және мал өсірумен айналыса бастаған кезде, б.з.д. V-ІV мыңжылдықтарда, ал кейбір жерлерде одан да бұрын қалыптаса бастаған.

Жар-жар – қыздың ұзатылу тойы аяқталып, үйден аттанар алдында орындалады. Әнді екіге бөлінген қыз бен жігіт топтары диалогпен айтады. Жігіттер бастап, қызды жат-жұртқа жаралғанын, жаңа тұрмыс құруының, жарын сыйлаудың, нәресте көрудің қызығын айтып, барған жерінде «құтты келін бол» деген тіліктер білдіреді. Ол жақта ата-енесінің барын ескертіп, қызды жұбатады. Әрбір өлең жолдарынан кейін «жар-жар» деген қайырма сөздер қайталанып отырады. Қыздар тобы ұзатылып бара жатқан қалыңдықтың атынан жігіттерге жауап береді. Жат-жұртқа барғанда елде қалған ата-анасын, туған жерін, туыстарын, құрбы-құрдастарын сағынатынын әнге қосады.

Қыздар айтатын «Жар-жардың» әуенінде әрқашанда мұңды сарын бірге жүреді. Өлең сөзі 11- буынды «қара өлең» үлгісімен, кейде 7-8 буынды жыр ағымымен келеді. Әуені шағын диапазонда айтылып, ырғақтық өлшемдік құрылымы қарапайым болып келеді.

«Жар-жар», «Сыңсулардың» т.б. түрлері өзге түрік–монғол халықтарының біразында бар. Қазақ жұртымен көршілес отырған туысқан қырғыздарда «Жар-жар», өзбектерде «Ер-Ер», қарақалпақтарда «Хәу-жар», татарлар мен әзірбайжандарда «Яр-яр» деп аталады.

«Сыңсу» - қазақтың салт-жорасы бойынша, ұзатылып бара жатырған қыздың ел-жұртымен, көрші-көлем, ағайын, туған-туыстарымен, құрбы-құрдастарымен қоштасардағы әні. Сыңсудың әуені мен өлең мазмұны жүрек тебірентерліктей мұңды сазымен, қайғылы, аянышты сезіммен әсер етеді.

«Тойбастар» - әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бойынша, қазақ халқының мәдени өмірінде ежелгі заманнан бері үлкен орын алатын той-томалақ қуанышы. Шілдехана, бесікке салу, қыз ұзату, келін түсіру жне басқа адам көңілі көтерікі кезеңдердің бәрі де той-жырымен өтеді. «Тойбастар» көбінесе қыз ұзату, келін түсіру жиындарында айтылады. Ән оның мәтініне қарай көңілді, құлпырып отырады. «Тойбастарды» әркім өз білгенінше әр түрлі әуенмен айтады, ал кейбір кезеңдерде арнайы ақын-өлеңшіні шақыртады.

«Беташар» - қазақтың ілгері заманнан келе жатқан келін түсіру тойындағы әдет-ғұрыптық әндердің бірі. Оны ақын, жырау, немесе осындайға бейімді бар ауылдың әншісі шырқатады. «Беташар» әні жоғары биік дыбыстан басталып, терме сарынында желдіртіп, қызу леппен көңілді де сергек саздармен орындалады. Өлең құрамы 7-8 буынды жыр үлгісінде дамиды. Ән үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде әнші жігіт келіннің көрік-келбетін жырлай келе, оған өсиет-өнегелі сөздер айтады. Екінші бөлімде, ата-енесімен, абысын-ажындарымен, қайынсіңілі, қайын-ағаларымен жеке-жеке таныстырып, әрқайсысын сәлем жасатады. Үшіншісінде, ақын келіннің жүзін көргендер үшін үлкендерден көрімдік сұрайды.

«Бесік жыры» - «Туғанда дүние есігін ашады өлең», - деп данышпан Абай жазып кеткендей, бала шыр етіп жерге түскеннен бастап өмр бойы ән ырғағына бөленіп жүреді. Нәрестенің дүниеге келуімен байланысты ырымдар: «Шілдехана», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», - бәрі де ән, өлеңсіз өтпейді. Бесік жыры барлық халықтарда бар. Оның түп тамыры тереңнен бастау алып, алғашқы қауымдық дәуірмен ұласады. Әуел баста ыңылдаған әуен ырғағында келетін бұл әннің алдымен музыкалық сазы пайда болғанда да, кейінірек мәтіндер қосылып, бас-аяғы бар шығармаға айналады. «Бесік жырлары» көбінесе 7-8 буынды, 11-буынды өлеңдермен, дыбыс қатары шағын көлемде, кейде бір, ал кейде қайырмасы бар екі бөлімнен тұратын қысқа-қысқа әуендермен қайталанады. Әуендік-интонациялық құрылымы, ырғақтық өлшемдік жағынан бесіктің тербелісіне сай бірқалыпты сарында үнделеді.


Сауалнама:

1 Қазақтың халық әндерінің қандай жанрларын білесіздер?

2 Үйлену тойларында қандай әндер айтылады?

3 Бесік жырларын білесіздер ме?

4 «Наурыз» мерекесінде қандай жанрдағы әндер айтылады?

5 «Бала жұбату», «Әлди-әлди» әндеріне сипаттама беріңіздер.




Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет