Дақылдардың азот тыңайтқыштарына қажеттілігін анықтау әдістемесі. Азот тыңайтқыштарының мөлшері төмендегі формула бойынша есептелінеді (В.Г.Черненок,1997):
ДN ә.з. кг = (Nопт - Nфакт)*К*ТКылғ, мұнда [2]
ДN - азот тыңайтқышының енгізу мөлшері, кг/га ә.е.з.;
Nопт – дақылға қажетті топырақтың 0-40 см қабатындағы N-NO3-тің оңтайлы мөлшері, мг/кг;
Nфакт - топырақтың 0-40 см қабатындағы N-NO3-тің нақты мөлшері, мг/кг;
К - 7,5 кг-ға тең топырақтың 1 мг N-NO3 тыңайтқыш эквиваленті, атап айтқанда, бұл 1 кг топырақтағы N-NO3 мөлшерін 1 мг-ға арттыру үшін енгізілуге тиісті азот тыңайтқышының кг көлемі;
ТКылғ - ылғалдандыруға байланысты түзету коэффициенті.
ТКылғ төмендегі формуламен есептелінеді:
; мұнда [3]
ЖШ ф - ауыл шаруашылығы жылы ішіндегі нақты (болжамдалған) жауын-шашын, мм;
ЖШ н - нормативтік жауын-шашын = 275 мм
Ауыспалы егіс дақылдары үшін азот тыңайтқыштарының мөлшерлерін анықтағанда, алдыңғы дақылға енгізілген тыңайтқыштар мөлшерінің соңынан әсер етуін ескеру керек. Солтүстік Қазақстан топырағының шайылмайтын су құбылымы (режімі) жағдайында азот тыңайтқыштары 2 жыл ішінде өнімге оң әсерін тигізеді (әсер ету және соңынан әсер ету жылы). Сонымен бірге, енгізілген тыңайтқыштардың ықпалы арқасында топырақта "экстра" азоттың пайда болуына байланысты олардың әсер етуі тепе-тең.
Егер топырақтағы Р2О5 мөлшері фосфор тыңайтқыштарын енгізгеннен кейін де оңтайлыдан төмен болса, онда азот тыңайтқыштарының мөлшерін топырақтың фосформен қамтамасыз етілуін ескере отырып не диагностикалық кесте, не мына формула бойынша анықтау керек (Черненок В.Г,1997):
ДN = (1/3 Рфакт - Nфакт)*К*ТКылғ, мұнда [4]
1/3 Рфакт - N-NO3-тің оңтайлы деңгейінің көрсеткіші, Р2О5-тің нақты жеткен деңгейі үшін, мг/кг.
Бұл фосфордың жетіспеуі кезінде де өсімдіктер үшін 2,5-3 аралығындағы фосфор мен азот арасындағы оңтайлы арақатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Оның маңыздылығы көлемінен кем емес.
3-тақырып. ФОСФОР ТЫҢАЙТҚЫШТАРЫ
1. Фосфор тыңайтқыштарын жіктеу.
2. Фосфор тыңайтқыштарының физикалық, химиялық қасиеттері, топырақпен әрекеттесуі, сіңірілу түрлері, өсімдіктер үшін сіңімділігі және оны анықтайтын факторлар.
3. Солтүстік Қазақстан топырақтарында фосфор тыңайтқыштарының тиімділігі, оларды қолдану ерекшеліктері (ауыспалы егістегі енгізу орны, мерзімі, әдістері және технологиясы).
4. Солтүстік Қазақстан үшін келешегі бар фосфор тыңайтқыштары.
5. Дақылдардың фосфор тыңайтқыштарына қажеттілігін анықтау әдістемесі.
Фосфор тыңайтқыштарын құрамында фосфор элементі кездесетін кендерден өндіреді. Фосфор кендері құрамындағы фосфор мөлшеріне қарай өте бай (35% P2O5) және өте кедей (5-10% P2O5) болады.
Фосфор кендері шығу тегіне қарай екі негізгі топқа бөлінеді: апатит және фосфорит. Әлемдегі фосфор кендерінің негізгі қоры Марокко, АҚШ және Ресейде орналасады.
Апатит – түссіз жасыл немесе сары-жасыл түсті минерал, құрамында P2O5 мөлшері 42%-ға дейін болады. Апатит кристалдары жоғары мықтылығымен ерекшеленеді.
Фосфорит – кальций фосфаттарына аса бай шөгінді көне тау жынысы. Аморфты немесе кристалды болып келеді. Фосфорит құрамына қоспа ретінде кварц, әк, құм, саз т.б. минералдар және органикалық заттар кіреді.
Біздің елімізде фосфориттің ірі кендері Жамбыл – Қаратауда және Ақтөбе облысында тараған. Қаратау фосфоритінің құрамында 29,6-35,6% P2O5 болады.
Фосфор тыңайтқыштары ерігіштігіне және өсімдікке сіңімділігіне қарай үш топқа жіктеледі:
1. Суда еритін фосфор тыңайтқыштары - жай суперфосфат, қос суперфосфат, байытылған суперфосфат, суперфос (бұл тыңайтқыштардағы фосфор өсімдікке жақсы сіңімді).
2. Әлсіз қышқылда еритін фосфор тыңайтқыштары – преципитат, фторсызданған фосфат, томасшлак, мартенді фосфатшлак, балқытылған магний фосфаты, термофосфаттар (бұл тыңайтқыштардағы фосфор өсімдікке сіңімді).
3. Күшті қышқылда еритін фосфор тыңайтқыштары - фосфорит ұны, вивианит (бұл тыңайтқыштардағы фосфор көптеген өсімдіктерге қиын сіңімді).
Достарыңызбен бөлісу: |