Қан жүрекшеден→ қарыншаға → қарыншадан →артерия қантамырларына қарай ағады. Жүректің жұмысы – бірін-бірі ырғақты түрде алмастырып отыратын жүрек циклынан тұрады. Әр соғуы 3 кезеңнен тұрады: 1) жүрекшенің жиырылуы (0,1 сек); 2) қарыншаның жиырылуы (0,3 сек); 3) жүректің босаңсуы (жүрекше мен қарыншаның бір мезгілде тынығуы) (0,4 сек). Жүректің бір рет соғуына барлығы 0,8 сек уақыт кетеді. Ересек адамда жүрек қалыпты жағдайда минутына 70–75 рет соғады. Жүрекке күш түскенде соғуы жиілейді. Қарыншалар әрбір жиырылғанда қантамырларға 70–80 мл, яғни бір минутта 5–5,5 л қан өтеді. Жүректің өмір бойы тынбай жұмыс істесе де, шаршамауы тынығу кезеңінің болуына байланысты. Жүрек қабырғасындағы бұлшықеттердің қаңқа бұлшықеттерінен айырмашылығы: а) ет талшықтары шоқтанып орналаспай, бір-бірімен тор тәрізді жалғасып жатады; ә) жүрек бұлшықеттерінің жиырылуы бірыңғай салалы бұлшықеттердікі сияқты сыртқы тітіркендіргіштерге тәуелді емес (өздігінен еріксіз жиырылады); б) жүрек бұлшықеттерінің жасушалары 2 түрлі: 1) жиырылатын жасушалар; 2) жүректің өткізгіш жүйесін құрайтын жасушалар:
1) жиырылатын жасушаларда көлденең жолақты бұлшықет талшықтарына қарағанда митохондрийлері көп болады. Сондықтан олар тотығу деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Керісінше эндоплазмалық тор қаңқа бұлшықет талшықтарымен салыстырғанда нашар дамыған. Жүрек бұлшықеті жасушаларында ядросы дәл ортасында, миофибриллалары шет жағында қатарласа орналасады.
2) жүректің өткізгіш жүйесін құрайтын жасушалар импульстерді жүректің өз ішіне өткізеді. Бұл жасушалар өте ірі, түйіршікті эндоплазмалық торлары өте көп. Миофибриллалары мен митохондриялары аздау әрі ядролары ірі.
Жүректің ішкі бетіндегі ерекше жалпақ жасушалар қантамырлары мен лимфа тамырларының ішкі бетін астарлап жатады. Бұл жасушалар қанның қантамырлардың ішінде ұюына кедергі жасайды. Жүрек бұлшықетінің тағы бір қасиеті сыртқы тітіркендіруге тәуелді емес. Жүректе болатын импульстерге жауап ретінде ырғақты жиырылуға қабілетті. Бұл құбылысты жүрек автоматиясы (жүректің өздігінен жиырылуы) дейді. Жүректің өздігінен жиырылуын жүректің бұлшықетінде болатын ерекше бұлшықет жасушалары реттейді. Осының нәтижесінде ағзадан бөлініп алынған жүректе қозу ырғағы пайда болады. Электрокардиограмманың көрсеткіші жүрек бұлшықеттерінің жұмысын аңғартады. Мұның жүрек ауруларын анықтауда маңызы зор.