Вена қантамырлары (латынша «vena» – қантамыр, сіңір) – мүшелер мен ұлпалардан көмірқышқыл газына, зат алмасу өнімдеріне, гормондарға және т. б. қаныққан қанды жүрекке тасымалдайды. Артерия қантамырларына ұқсас веналардың да қабырғасы 3 қабаттан тұрады. Артерияларға қарағанда веналардың бұлшықет қабаты нашар жетілгендіктен қабырғасы жұқа, жұмсақ, серпінділігі аз болады. Вена тамырларының бір тобы терінің астына жақын орналасқандықтан, тарамдалған көк түсті тамырлар жай көзге айқын байқалады. Әсіресе қарт адамдарда бадырайып анық көрінеді. Артерияларға қарағанда веналарда қан қозғалысы баяу.
Вена қантамырлары орналасқан орнына байланысты теріге жақын жатқан және тереңде жатқан деп екі топқа бөлінеді. Веналық қантамырларымен қанның ағуына сол қантамырлардың жанындағы бұлшықеттердің жиырылуы да көмектеседі. Денеден жиналатын вена қаны алдымен ұсақ вена қантамырларына жиналады. Ұсақ вена қантамырлары өзара қосылып, ірі вена қантамырларын түзеді. Ең соңында бүкіл денеден жиналатын вена қантамырлар жоғары және төменгі қуысты вена қантамырларына айналады. Бұл екі вена қантамырлары вена қанын оң жақ жүрекшеге әкеледі.
Өкпеден келетін 4 өкпе вена қантамырлары сол жақ жүрекшеге артерия қанын тасиды.
Вена тамырларының ерекшелігі – ішінде жарты ай тәрізді қақпақшалары болады (63-сурет). Ол қақпақшалар қанның жүрекке қарай қозғалуына әсер етпейді, тек кері ағуына кедергі жасайды.