Көрнекі құралдар:ертегі суреттері, слайдтар, оқулық, дәптер, сюжетті суреттер, ақ қағаз, көк қағаздан қиылған тамшылар мен дария.
Сабақтың барысы: Армысың, шапағатты күніміз!
Армысың, мейірімді жеріміз!
Армысың, Табиғат анамыз!
Әдеппен бас иер баламыз!
Қайырлы таң, қайырлы күн баршаға,
Қош келдіңіздер, біздің сабаққа!
«Сәлемдесу» ойыны.
Балалар, қане, бір – бірімізбен ерекше амандасайық. Қазір біз сіздермен ойын ойнаймыз, қимылды тез жасауларың керек. «Бастаймыз» деген белгі берілгенде, мен қалай амандасу керек екенін айтамын, сонда сендер бір біріңмен тез тез амандасасыңдар. Әр адаммен әртүрлі амандасасыңдар. Сонымен, көзбен... қолмен... иықпен... құлақпен... тіземен... өкшемен... арқамен.
Мұғалім: тақырыпты есептер шығару арқылы табу
– Балалар, «Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі» деп қазақ бабамыз айтқандай, біздің бүгінгі сабағымыз «Жақсылық жасай білейік» деп аталады. Жақсы сөз жарым ырыс. Жақсы сөз естісең, жаның жадырап сала береді. Жақсы сөз ашу шақырмайды, жүрегіңді жылытады, тек қана жақсылыққа жеткізеді, бақытқа кенелтеді, қуанышқа бөлейді.
Әңгімелесу.
• Балалар, жақсылық деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
• Жақсылық жасау деген не?
• Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?
• Жаман адамның бойында қандай қасиеттер болады?
• Өздеріңнің жақсылық істерің туралы естеріңе түсіріп айтып беріңдер?
- «Жақсылық жасау» дегенді қалай түсінесің?
- Өзің қандай жақсылық жасай аласың?
- Жақсылық жасауды қайдан үйрендің?
- «Жақсы ісің алдыңнан шығады» дегенді қалай түсінесің?
Жақсылық жасау дегеніміз өздерің айтқандай адамдарға, айналаға, табиғатқа, қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір - біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Олардың бір - біріне деген сыйластығы артады. Жақсылық жасау - адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау - биік адамгершіліктің белгісі.
Жақсылық жасау – адамдарды қандай қуанышқа бөлейді деп ойлайсыңдар?
- Жақсылық жасау үшін адам бойында адамшылық, жанашырлық, мейірімділік сезімдері мен жылы жүрегі болуы керек. Сонда ол жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдетке үйренеді. Қолынан келгенше ешкімді де, ешнәрсені де бөліп жармай, бәріне бірдей жақсылық жасауға ұмтылады. Біз де сондай болуға тиіспіз. Әлемдегі барлық адамдар тек қана жақсылық туралы ойлап, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, онда әлемде тыныштық, ынтымақ орнайды, адамдар бақытты өмір сүреді.