Ұлт намысын жыртып алаңға шыққан жалын жүрек жастарымыздың арасында Чайковский атындағы Музыка училищесінің студенті Ләззат Асанова желтоқсан құрбанына айналарын білмеген болар. Ар ожданы озбырлықпен тапталып, жапа шеккен Ләззаттың қазасы әлі күнге жұмбақ.
9- оқушы: Ләззаттың анасының жоқтауы: Оу, көздің жасын бұлайын,
Жүректі жеді – ау уайым.
Саған ғұмыр бермеді – ау
Жарылқағыш құдайым.
Мынау неткен зар заман,
Жүректіге тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға
Зауал келсін Алладан.
Құлыным менің қор болды –ау?!
Заманың сенің зор болды –ау?!
Желтоқсанның қайғысы
Сан анаға сор болды – ау?!
Заманына қайқайып,
Қарсы тұрған боташым.
Алтын сақа асықтай
Алшы тұрған боташым.
Дәл өзіңдей қыз туған
Менде арман бар ма екен?!
10-оқушы:
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн.
Әділдік пен шындықты
Өтірік жала жапқан күн
Надан жасаған сұмдықтан
Адамдар азап шеккен күн,
Қасқалдақ ұшып көлінен
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
Ән. 2- жүргізуші:
Жерлесіміз, Ербол Сыпатаев Талдықорған облысы Панфилов ауданының Ленин атындағы совхоздың екінші бөлімшесінде туып өскен. Ол – Энергетика институтының ІІ курс студенті болатын. Ербол бір үйдің жалғыз баласы еді. 1986 жылдың 18-желтоқсанында кешкі сағат 20 00 – де ауруханаға бас сүйегі мен иығынан ауыр жарақаттанған Ерболды әкеледі. Ол есін жимастан қайтыс болды. Біздер Ербол ағамыздың жастық жігері мен ерлігін мәңгі есімізде сақтап, аруағына бас иеміз.
11 – оқушы «Түрме жыры»
Тор темір жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша
Сұм дүние, бұл жағынан неге алмайсың,
Ауылдағы жақсы екен ғой салған әнім
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмің,
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім
Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік,
Күніне ұстатады үш тілім нан
Өлмейтін саған ішер осы нәсіп.
1- жүргізуші:
1991 жылғы 12 желтоқсандағы «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-дегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлығына байланысты Қазақ КСР-нің 65 бабымен Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Түгелбай Тәшенұлы, Қайыргелді Күзембайұлы, Жамбыл Тайжанұлы ақталды.
12 – оқушы:
Көзіңнен айналайын төңкерілген,
Көрікті қабағыңмен көмкерілген,
Жанарың алға ұмтылып атылып тұр
Сұмдардың өткеліндей өңменімен.
Бұл күнде осы бейнең қайда жатыр,
Үстінде топырақтан ба шатыр?
Жазықсыз, жас тәніңді қинағанда
Япырмау, қайда болдым мен бір пақыр?
Ақиық ақын болып кетер ме едің,
Туғаннан «Халқым» дедің «Ұлтым» дедің.
Ұшқанша көкірегіңнен ақтық демің,
Сол сәтте тірлігіңді көрсем егер
Жолыңа құрбан болып кетер едім.
13 – оқушы:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ар намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Ән. 1- Жүргізуші:
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.
.
2- Жүргізуші:
Бабалар өлер,
Балалар келер,
Аналар берер тіршілік.
Гүлденер дала,
Түрленер қала,
Бұтаққа жаңа бүр шығып.
Хор:
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.