Мұғалімнің қорытынды сөзі: Қазақ халқының көкірегінде шер болып қатқан, туған жерінен, елінен, жұртынан айырылып, ен далада жосып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңін басынан өткерген шақта бір қарт баласына:
Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын сен қаласың.
Ойран болған орданың орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағарсың – деген екен. Бүгінгі таңда сол қарттың баласы болмасада ұрпағы егеменді ел болып, сол ойран болған орданың орнында отау тігіп, отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, еліміздің көк байрағын желбіретер, ата – бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз.
Елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік болып, егеменді елдігіміз ұзағынан болсын дей отырып бүгінгі «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» атты ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығы құтты болсын!