Алматы қаласы,
«Бөбек» ҰҒПББСО
«Өзін - өзі тану» гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі
Жетписбаева Ләззат Жұмашқызының
2 «А» сыныбында
Республикалық деңгейде өткізген
өзін - өзі танудан ашық сабағы
ӨЗIН-ӨЗI ТАНУ САБАҒЫНЫҢ ЖОСПАРЫ
Мектеп : «Өзін-өзі тану» гимназиясы Мерзiмі:1.03.17ж № 23
Мұғалiм : Жетписбаева Ләззат Жұмашқызы Сынып : 2 «А»
Оқушылар саны:16
Тақырып: Жүрек жылуы
Құндылық:Сүйіспеншілік
Қасиеттер: мейірімділік,қайырымдылық, жанашырлық
Сабақтың мақсаты: оқушыларды сүйіспеншілікпен өмір сүрудің маңыздылығын жеткізу арқылы сүйіспеншілік құндылығының мәнін ашу.
Сабақтың міндеттері:
Білімділік: оқушыларға «жүрек», «жүрек жылуы» ұғымдары туралы түсінік беру.
Дамытушылық: оқушыларды ізгі қарым-қатынас жасауға баули отырып, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін дамыту.
Тәрбиелік: оқушыларды мейірімділік, қайырымдылық жанашырлық қасиеттеріне тәрбиелеу.
Ресурстар:
(құралдар, мәлiметтер)флипчарт, плакаттар, бояу, шар, жүрекшелер, оқулық, дәптер.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi.
Құрал-жабдықтарын түгендеу
Тыныштық сәтi.
Оқушыларды 3 топқа бөлу.(кездейсоқ бөлу арқылы)
1-топ- «Қайрат» - «Храбрость»- «Bravery»
2-топ - «Ақыл»- «Ум»- «Wit»
3-топ- «Жүрек»- «Сердце»- «Hear»
«Үш- ақ нәрсе адамның қасиеті- ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» -деп Абай атамыз айтып өткендей 3 топқа бөліндік.
5 «Т» ұстанымын еске түсіру.
Тәртіп
Талап
Тыныштық
Тазалық
Татулық
- Тәртіп болса, талап болады,онда өзіңде және айналаңда тыныштық болады.Тыныштық болса, тазалық болады.Тазалық болған жерде татулық болады.
(барлығы хормен айтады)
Тыныштық сәтi.
Нұрға бөлену
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды
тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет!
Үй тапсырмасын тексеру.
- Үйге қандай тапсырма берілді?
(88-бет «Жай ғана әжей» Валентина Осееваның ізімен) рөльге бөліп ойнау.
Талқылау сұрақтары:
Абзалдың бойынан қандай жақсы қасиеттер байқалады?
Ал Айнұрдың түсінігі туралы не айта аласыңдар ?
Абзалды «жүрегі жылы» бала деп айтуға бола ма?
Сендер осындай оқиғаға кездессеңдер қалай істер едіңдер?
Басқаларға көмегің тиген жағдайда қандай сезімге бөленесің? Неліктен?
Айналаңдағыларға қалай қуаныш сыйлауға болады деп ойлайсыңдар?
Дәйексөз.
«Сүйіспеншілік - жүректе»
Халық даналығы
1.Дәйексөзді хормен оқыту
2.Ұлдарға оқыту.
3.Қыздарға оқыту.
4.Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
5.Қорытынды
Таза жүрек, ақ жүрек, ашық жүрек деген қасиетті ұғымдардың мәнін ашқызу.
- Ендеше, бүгінгі сабақта біз «Жүрек жылуы» жайлы әңгіме қозғаймыз.
- Жүрек дегеніміз не?
/адамның дене мүшесінің қажетті бір бөлігі,ағза /
Жүрек адамның өзегі, дәні саналады. Адам Жүрекпен жетіледі, бойындағы бар игі қасиет Жүректен шығады. Жүрек қандай болса, адам да соның ыңғайымен қалыптасады.
- Жүректің жылуы дегенді қалай түсінесіңдер?
-Сүйіспеншілік қайдан шығады?
- Жүрегі сүйіспеншілікке толы адамның жылуы мол болады.Ондай адам мейірімді, қайырымды, жанашыр болып келеді.Ендеше, бүгінгі сабағымыздың құндылығы- Сүйіспеншілік екен.
Сергіту сәті
Мынау менің жүрегім
Бәрі осыдан басталған
Мынау басым ақылды
Бәрін осы басқарған
Мынау менің оң қолым
Мынау менің сол қолым
Барлық істі атқарған.
Әңгiмелеу.
Асқан асыл сыйлық
Ертегі
Ілгері заманда Отырар шаһарында бір саудагер болыпты.Оның үш қызы бар екен.
Күндердің күнінде саудагер алыс елдерге сауда жасауға аттанбақ болады да, үш қызын шақырып:
Ал шырақтарым, мен алысқа сапар шеккелі отырмын.Сендерге не сыйлық әкелейін, қалауларыңды айтыңдар, - дейді.
Әке, маған бір тізбек ең асыл маржан әкелерсіз, - дейді үлкені.
Ал маған, - дейді ортаншысы, - көйлектік ең әдемі жібек әкел.
Екі қызының айтқанын тыңдаған саудагер сүйікті кенже қызынан:
Ал, саған қандай сыйлық әкелейін? – деп сұрайды.
Жан әке, егер сіз аман-сау оралсаңыз, содан артық сыйлық болмас.
Әкесі кенже қызының сөзіне дән риза болыпты.
Талқылау сұрақтары:
Сендерге қай қыздың жауабы ұнады?Неліктен?
Кенже қызды+ң жауабынан қандай қасиеттерді байқадыңдар?
Бұл қасиеттер қандай құндылықтың көрінісі?
Адамдар неліктен сүйіспеншілікті жүрекпен байланыстырады?
Өздерің ата-аналарыңа қандай тілек тілер едіңдер?
Балалардың жауаптарын мұғалім толықтырады
5.Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.
Топтық жұмысқа 7 минут беріледі. Топтық жұмысты жариялау.
1-топ- «Қайрат» тобына - «Сүйіспеншілік» үйіне құндылықтың көрінісі болып табылатын қасиеттерді жазыңдар.
2-топ - «Ақыл» тобына- Мысал әңгімедегі қыз қай ойын жүзеге асырғаны дұрыс екенін тауып, жағдаятты шешіңдер.
Мысал әңгіме
Оқушы қыз мектепке жиналып жатқан. Апасы оған «достарымен бөлісіп жесін» деп, бір қорап кәмпит ұсынады. Алайда қыздың басына небір ойлар келді. Оның бір ойы: «кәмпитті мені ғана жақсы көретін балаға беремін»деді.
Енді бір ойы: «кәмпитті маған жақсы бір зат берген балаға ғана беремін. Ал егер, ештеңе бермесе, мен де оған бермеймін »деді.
Тағы бір ойы: «кәмпитті достарыма теңдей бөліп беремін, бәрі қуанып қалсын»дейді.
Қай ойын жүзеге асырса екен?Сендер қалай ойлайсыңдар?
3-топ- «Жүрек» тобына- Ағашқа жүрекшелер ілу
-Өздерің біреуге мейірімділік , жанашырлық танытқан кездерің болды ма?
Мына ағашты сүйіспеншілікке бөлеп, жылы жүрекпен жасаған қайырымды істеріңді естеріңе түсіріп, ағашты көркейтіңдер.
Көрнекілікпен жұмыс
- Балалар мына 20 саны нені білдіреді?
- Біздің мектеп қалай аталады?
- Ізгілікті , мейірімді, қамқор.
- Бөбектің 20 жылдығы.
«Алтын жүректі» ана Сара Алпысқызының жүректен шыққан жылы сөзі адамды тебірентіп, өзін-өзі тануына, өзін-өзі сыйлай білуіне , шын ниет , адал жүрекпен басталған әр істің нәтижелі болатынын ұғындырады.
Сүйіспеншілік
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау
-Ендеше,біз де жылы жүрегімізбен мектеп айналасын безендірейік.
-Бүгін қандай жыл мезгілі басталды?(көктем)
- Ал көктемде ең бірінші қандай гүл шығады?(бәйшешек н/се наурызгүл)
(Гүл түстеріне және жауап бергендеріне қарай оқушылар гүл таңдап мектеп айналасына іледі, күннің суретін сүйіспеншілік сөзін ілу)
6.Топпен ән айту.
Мейірім
Мейірім Әні:М.Жәутіков Сөзі:Я.Заханқызы
Мейірбан ақ жүректен,
Арайлап таң күледі.
Жақсының шарапаты,
Жазира жан жүрегі.
Баланың пейіліндей,
Ананың мейіріндей.
Ықылас,тілек, Ата-ана сеніміндей.
Мейірім кәусар бұлақ,
Мейірім шамнан шырақ.
Мейірім күндей ыстық,
Мейірім-мейірім, тату достық.
Көңілі ашық аспан,
Мейірі шуақ шашқан.
Жандардың махаббаты
Сарқылмас бұлақ, дастан.
Іздері жүріп өткен,
Сәулелі нұрын төккен.
Мейірбан адамдардың,
Қашанда жаны көктем
7.Үй тапсырмасы.
Оқулықтағы 91-беттегі «Қайырымдылық» мәтінін оқып, мазмұндап келу. 28-беттегі 1-тапсырма.
8.Соңғы тыныштық сәтi.
Баяу әуен қойылады.
- Ал енді балалар, бір минут тыныштықта отырып, бүгінгі сабақта үйренген жақсы қасиеттерді еске түсіріп, ойларыңызға түйіп алыңыздар. Үйренген жақсылықтарыңыз жүректеріңізге жетсін деп тілеймін.
(Жүрекшелерді сыйлау)
-Ал , құрметті қонақтар!Біздің оқушыларымыздың сәбилік адал , пәк жүректерінен шыққан тілектерді бүгінгі күннен ескерткіш ретінде қабыл алыңыздар!
-Рахмет!Сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |