Сабақтың тақырыбы: С. Торайғыров. «Қамар сұлу» романы
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы жайлы алған білімдерін тереңдете отырып,романның негізгі оқиға желісін меңгерте отырып, ондағы көтерілген әлеуметтік, адамгершілік мәселелері жөнінде азаматтық пайымын тереңдету,ой түйінін кейіпкерлер арқылы дәлелдеу;
Дамытушылығы: Оқушының өзіндік қиялына еліктей отырып, өзінше ой түюге баулу,сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру, шығарманы талдап, кейіпкер іс-әрекетіне баға бере білуін,ойын жүйелі баяндай білуге дағдыландыру. Қоғамдық –әлеуметтік жағдайларды саралай отырып,өзіндік өмірге деген көзқарасының қалыптасуына ықпал ету.
Тәрбиелілігі: Оқушыларды адами қасиеттерге баулу,автор көтерген әлеуметтік маңызды мәселелер төңірегінде ой-өрісін кеңейту,әйел адамды құрметтеу сезімін жетілдіруге тәрбиелеу. Сол сияқты әдет-ғұрыптарды сақтауға,өз бас бостандықтары үшін күресе білуге,ұлттық салт-дәстүрімізді биік ұстауға құлшындыру.
Сабақтың түрі: Бекіту сабағы
Әдіс-тәсілі: Сұрақ-жауап,проблемалық түсіндіру, талдау, сын тұрғысынан ойлау.
Көрнекілігі: Автор портреті,қанатты сөздер, тірек –сызба, интерактивті тақта.
Сабақтың барысы.
І.Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
ІІ. Қызығушылығын ояту.
Ой ашар.Бір ақын бар есімі оңың екі түбір төрт буыннан, төртеуі де бітеу буыннан тұрады.
Бұл кім?
Ұлы Абайдың
«Жиырма жеті жасында,
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімді көрдің бұл сынды» деп жоқтау жазғаны белгілі.Көріпкер кемеңгер осы жолдарын енді бір 20-30 жылдардан кейін өмір сүріп,өзінен үйреніп,өзін жалғастырып жарқ ете қалатын жарық жұлдыз Сұлтанмахмұтқа да арнап кеткен сияқты.
27 жасында көз жұмған Сұлтанмахмұт Торайғыров қиыншылықпен өткен қысқа өмірінде әлденеше лирикалық өлең, бес-алты поэма,ондаған мақала , екі роман жазды.
Біз алдыңғы сабақта «Қамар сұлу» романын оқып түсінген болатынбыз . Бүгінгі сабақта романға талдау жүргіземіз.
ІІІ.Үй тапсырмасын бекіту мақсатында С. Торайғыровтың мазмұны жағынан талдау жұмысы.
(Әр бөлімге қысқаша сипаттама беру)
1-бөлім. «Жігітті ел мақтаған қыз жақтаған...»
2-бөлім. Сүйіспеншілік сезімнің қарлығаштары
3-бөлім. Күндестік оты жанғанда
4-бөлім.Жорға Нұрым .Омбы асқан Ахмет
5-бөлім. Қырын келген құдалық
6-бөлім. От ортасында ойрандалған Омар
7-бөлім. Қайғыдан қан жұтқан Қамар
8-бөлім. Зұлымдық-надандықтың басты белгісі
9-бөлім. Құрбандыққа шалынған жастар
ІV.Жаңа сабақ.
-Міне балалар, біз роман мазмұнымен толық таныстық. Енді романдағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне қарап, жан-жақты ой саралап көрейікші.
V.Жаңа сабаққа бет бұру. «Мағынаны тану».
1-топ.Шығарманың композициялық құрылысына талдау.
2-топ.Романдағы салт-дәстүрлер көрінісін бүгінгі өмірмен байланыстыру.
VІ.Романдағы кейіпкерлерді сомдау.
1. Шығарма кейіпкерлері кімдер?
2.Тартыс кімдердің арасында өрбиді?
1-топ. Жағымды кейіпкерлер
2-топ. Жағымсыз кейіпкерлер оларға қысқаша мінездеме.
Әр кейіпкерге жекеше мінездеме беру.
VІІ. Романның тіл ерекшелігіне талдау. 1-топтың тапсырмасы.
Жазушының тағы бір ерекшелігі : мақал-мәтелдерді ұтымды қолдана білгендігін білдіру үшін оқушыларға мақал-мәтелдерді өздеріне тапқызып , қандай оқиға кезінде қолданғанын қысқаша жазғызуға болады .
VІІІ. Мақал –мәтелдердің романда қолданылған тұстары. 2-топтың тапсырмасы.
ІХ.Шығармадағы монологты тапқызу.
Монолог қандай жағдайда айтылған .
1-топ Қамардың монологы
2-топ Ахметтің монологы
Х. Шығармадағы басқа тілден енген сөздерді табу,мағыналарын түсіндіру.
1.Орыс тілінен-Указной молда,школа,август, доктор,чаходка
2.Араб тілінен-Хашарат, күпу,сүре Ясин
3.Парсы тілінен-Шаһыбыз
ХІ.Қорытынды :
-Балалар , «Қамар сұлу» романын оқи отырып, біздің бойымызда бір сезім туды. Ол-психологиялық сезімдер.
Атап айтсақ: елестету,сүйсіну,жек көру,жаны ашу,өкініш,таңдану.Олай болса шығарма арқылы дәлелдейік.
Елестету-Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін,тұрмысын,Қамар мен Ахмет сынды елді аузына қаратқан жастардың жағымды қасиеттерін елестетеміз.
Сүйсіну-Қамар мен Ахмет арасындағы адал сезімге ,таза сүйіспеншілікке , кіршіксіз достыққа сүйсінеміз.
Жек көру-Екі жасты айырмақ болған үстемдікке ,дүлей қара күш иелеріне деген ашу –ыза,кектену,жек көру сезімін бастан кешіреміз.
Жаны ашу-Қамардың ауыр тағдырына ,Ахметтің жазықсыз жалаға ұшырауына жанымыз ашиды.
Өкініш – Қамардың қайғылы өліміне,қазақ қыздарының аянышты халіне , бірін-бірі сүйген екі жастың бақытсыздығына өкінеміз.
Таңдану – Ақынның көркем, айшықты сөз образдарын,халық нақылдарын шебер де орынды қолдана білу шеберлігіне таңданамыз.
Міне, романдағы оқиға желісі арқылы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тыныс-тіршілігінен мағлұмат ала отырып,адам тағдыры кез келген уақытта басты мәселенің бірі екенін түсіндік .Олай болса шығарманың тақырыбын не дейміз-Әлеуметтік теңсіздік әйел теңсіздігі. Ал, негізгі идеясы-Қазақ жастарының бас бостандығы ,қыздарды қалың малға сатуды әшкерелеу.Сонымен Сұлтанмахмұт –адам құқын қорғаушы,азат өмірді аңсаушы екеніне көзіміз жеткен сияқты .
ХІІ. Шығармашылық жұмыс - «Ой шабуылы»:
а)Бақыт дегеніміз не? Қалай күресуге болады?
ә) «Қамар сұлу »романындағы салт-дәстүрлер қазіргі таңда сақталған ба?
б)Романда кездесетін қарама-қайшылықтар осы өмірде кездесе ме?
в) Қамардың орнында сендер болсаңдар ,қиындықты қалай жеңер едіңдер? Қазақ қызы туралы.
«Шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен,аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ерткен, құстың қыранын баптап, мылтықтың түзуін асынған,ақ шаққан үй тігіп, саф таза ауада жаз жайлау,қыс қыстауға көшкендала тұрғындары осы салтанатқа сай болашақ жарының да тұрмыс-тіршілігінің ажар-көркі болғанын ұнатқан.
Сұлулыққа жаны үйір халқымыз ғасырлар бой ерге адал жар, сенімді серік болар қыз баоаның сымбаты мен келбеті,мінезі мен ақылы,тәрбиесі мен өнегесі,дәстүрлі талғамы мен өлшемін қалыптастырған . Біздің әдемі де сұлу бойжеткендеріміз: сұңғақ бойлы,сыңғырлаған дауысты, оймақ ауыз, күлімкөзді, жайдары мінезді, алма мойын,ақша бетті, аршын төсті, тал шыбықтай бұралған бұраң белді, сүмбіл шашты, керілген кең ақ маңдайлы, сүйріктей ақ саусақты, ұзын кірпікті, ақ білекті, маржан тісті, қыр мұрынды деп, біздің ақындарымыз сөз суреттерімен сомдаған ».
ХІІІ.Сабақты бекіту: Сұлтанмахмұт –қазақтың жыр –дариясын құрайтын үлкен асау арналы өзенінің бірі.
«Ел үшін еңбек етсең –халқың сүймек,
«Біз үшін отқа ,суға түсіп жүр» деп.
«Ер өлсе де еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек»,- деп ақынның өзі жырлағандай,
С. Торайғыров елі үшін еткен еңбегі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Оқушыларды бағалау .
Үйге тапсырма : «Адамдық негізі – әйел »тақырыбына шығарма жазу.
Астана қаласы
№57 орта мектебінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сариева Ғалия Сергеевна
Достарыңызбен бөлісу: |