Сабақтың тақырыбы: «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінің негізін қалаушы»



Дата31.12.2019
өлшемі180,96 Kb.
#54735
түріСабақ
Тілдер онкүндігі

3-4-сыныптар қатысады.

Сабақтың тақырыбы: «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің негізін қалаушы»
Сабақтың мақсаты:
1. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат беру.
2. Ақын өмірін оқушыларға үлгі ете отырып, өз елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға тәрбиелеу
3. Оқушылардың танымдық деңгейін дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Ақын портреті, кітаптары, ақын туралы жазылған сөздер.
Сабақтың барысы:
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі:

  • Құрметті, ұстаздар, оқушылар. «Тілдер күні» онкүндігі аясында өткелі отырған «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің негізін қалаушы» атты танымдық кешімізге қош келдіңіздер!

    Бүгінгі кешіміз 4 бөлімнен тұрады.
    І бөлім. Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны.
    ІІ бөлім. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы.
    ІІІ бөлім. «Мысалмен айтқан көп ойлар»
    ІҮ бөлім. Болмасаң да ұқсап бақ...



3-4 сынып оқушыларын 3 топқа бөлу.

1-топ: Айғаным, Аружан, Шынтүлек.

2-топ: Надира, Мөлдір, Нұрхан.

3-топ: Ақмерей, Жанерке, Махамбет.


I жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов, біріншіден, қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Екіншіден, араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы. Үшіншіден, қазақ тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеуші тұңғыш филолог, тарихшы ғалым. Төртіншіден, ол қазақ халқына адал қызмет еткен ірі қоғам қайраткері.
Ағартушылық еңбегі.

А.Байтұрсынов оқу-ағарту ісін өзінің азаматтық міндеті мен өмірінің мақсаты деп санаған. Ол 1911 жылдың өзінде:

ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,

сап – сары аяқтары ұзын маса.

Өзіне біткен түрі өзгерілмес,

дегенмен қара я қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

қоймастан құлағына ызыңдаса, -

деп, білім-ғылымнан кенже қалған, мал бағып марғау жатқан қазақ халқын сол қараңғылықтан маса болып ызыңдап оятып, алып шығуды күрес жолының мақсаты етіп қояды.

Оның қазақтар үшін өз алфавитін жасау әрекетіне де, тілін зерттеп оқулықтар жазуына да, тыңнан жол салып, бай терминология дүниесін жасауына да, тіпті қоғамдық - әкімшілік істеріне араласуына да алып келген - өзі діттеген ағартушылық мақсаты деуге болады.



I бөлім. Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны.



3-сынып оқушылары Ахмет Байтұрсыновтың қысқаша өмірбаянын айтып береді.


Туған кездегі есімі:

Ахмет

Қызметі:

ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері

Туған күні:

5 қыркүйек 1872

Туған жері:

Ақкөл (Сарытүбек) ауылы, Жангелді ауданы, Қостанай облысы

Азаматтығы:

Қазақ елі

Ұлты:

Қазақ

Қайтыс болған күні:

8 желтоқсан 1937 (65 жас)

Қайтыс болған жері:

Алматы

Әкесі:

Байтұрсын Шошақұлы

Анасы:

Күңші Құлыбекқызы

Жұбайы:

Бадрисафа Мұхамедсадыққызы

Балалары:

Аумат, Қазихан, Шолпан

Марапаттары:

Қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы


Видео №1


II бөлім. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы.

Ахмет Байтұрсынов – ақын.

А.Байтұрсыновтың ақындық таланты да, беріп кеткен поэтикалық мұрасы да оның өте күшті, дарынды, ойлы ақын екендігін танытады. Оның өлеңдері “Маса”, “Қырық мысал” деген аттармен Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор қалаларында 1912 жылдан 1922 жылдарға дейін бірнеше рет жарияланған.

“Қырық мысал” орыстың атақты мысалшысы И.Крыловтан аударылған және соның ізімен жазылған өлеңдер. Ақынның әдеби шығарманың дәл осы жанрын таңдауының үлкен мәні бар. Мысал жанры – қазақ халқына да жақын, таныс дүние, ғибрат айтып, жақсылыққа шақырудың ең бір ұтымды амалы.

“Маса” деген атының өзі символ: надандық, өнер-білімнен кенже қалушылық, шаруаға енжарлық - осылар, автордың бейнелеуінде, қазақты шағуға дайын тұрған жылан, ал өлең иесі “аяқтары ұзын, сары маса” болып ызыңдап, ұйықтап жатқан халқын оятып, жыланнан сақтандырмақшы болады.
Екі топтан бірнеше оқушы өлеңдерін мәнерлеп оқиды.

Ғылым

«Ғылымдар дүниелік сиқыр болмақ,
Оқыған ол ғылымды кәпір болмақ».
Зулатып шариғатты шарт жүгініп,
Молдекең отырғанда мойнын толғап.


Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,
Артында ілесе алмай жүрміз әман.
Күн сайын өзгеріліп, өнер артып,
Бәрі де бара жатыр алға таман.


«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» —
Деген сөз аятпенен бірдей маған.
Алақтап артымызға қарағыштап,
Жүргенде-ақ озып, ұзап кетті заман.
Анама хат

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!


Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!


«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.


Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!

Ақын ініме

Азырақ құлағын сал, ақын інім,
Ойымыз, рухымыз жақын, інім.
«Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын»,— деп ақыл, інім!

«Өзімді ағаңмын»,— деп үлкейтемін,
Онымды көремісің мақұл, інім.
Адасқан ағаңыздың жері болса,
Тілеймін ете гөр деп ғапу, інім.

Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.
Ат қойған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға біздер жарлы пақыр, інім.
Оқуға шақыру

Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.


Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.


Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.


Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
Аллалап, ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
Видео №2
ІІІ бөлім. «Мысалмен айтқан көп ойлар»


Екі топқа екі мысал беріледі. Оқушылар сол мысалды көрініспен көрсету керек.
Аққу, шортан һәм шаян 

Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,

Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.

Бұлардың машақаты аз болмады,

Жұмысы орнына кеп мәз болмады.

Тартса да бар күштерін аямай-ақ,

Аслан жүк орнынан қозғалмады.

Оншама ол жүк артық ауыр емес,

Құр сырттан «пәлен» деу де тәуір емес.

Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,

Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
* * *

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
Маймыл мен көзілдірік 

Қартайып, нашар көрді Маймыл көзі,

Ойлады ем етерге оған өзі.

«Көз азса - Көзілдірік емі» деген

Тиетін құлағына жұрттың сөзі.

Бес-алты Көзілдірік Маймыл тапты,

Біразын құйрығына тізіп, тақты.

Қарады бірін иіскеп, бірін жалап,

Бір мезгіл төбесіне қойып жатты.

Пайда жоқ иіскесе де, жаласа да,

Қойып-ақ әр жеріне қараса да.

Маймылға көзілдірік ем болмады,

Адамның көздеріне жараса да.

«Жоқ, - деді, - титімдей де пайда тіптен,

Мәжнүн бұл шыныдан дару күткен!

Жақсы-ақ деп Көзілдірік, шулаушы еді,

Бәрі де жалғаншы екен адам біткен.

Сөздері жұрттың айтқан бәрі жалған,

Мен жарым жалған айтқан сөзге нанған.

Көрмедім жау алғырдан ешбір пайда,

Еңбегім босқа кетті іздеп талған!»

Қараңыз, Маймыл не етті сонда тұрып?

Бір тасқа ұрды бәрін лақтырып.

Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма,

Күл-күл боп Көзілдірік қалды сынып.
* * *

Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар,

Маймылша іс ететін көп надандар.

Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,

Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?!

Малшы мен маса 

Бір Малшы көлеңкеге келіп жатып,

Қасқырдан иттеріне сеніп жатып,

Үстінде көк шалғынның,

самал жерде тырайып қалды

сабаз ұйықтап қатып.

Келеді қара жылан шағайын деп,

Қапысын ұйықтағанда табайын деп.

Малшыны сол уақытта Маса шақты,

Оятып, бұл бәледен қағайын деп.

Ұйқысын Малшы оңды ашпай тұрып,

Өлтірді шағып тұрған Масаны ұрып.

Көтеріп жерден басын біраздан соң,

Қарады жан-жағына мойнын бұрып.

Жыланды көрген шақта малшы өкінді,

Достығын Сарымасаның сонда ұғып.

Сөзімнің сөкпеңіздер шолақтығын,

Демеңдер сөз жазуға олақтығым.

Жыланды Малшы көріп болғаннан соң,

Келмеді бір-біріне жолатқызғым.


* * *

Мысалы қазақ - малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды бәле делік аңдып баққан.

Оның түрін көрген мен - Сарымаса,

Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.

Ойлаймын осы сөз де жетеді деп,

Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп,

Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді,

Қорқамын, Сарымасадай етеді деп.
Видео №3

ІҮ бөлім. Болмасаң да ұқсап бақ...
Оқушылар Отан, Қазақстан және Тіл туралы өлең шығарып оқиды.

Оқушылар өлеңдерін оқығанда музыка ойнап тұрады.




ІІ жүргізуші: Міне, Қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, ХХ ғасырдың бас кезіндегі үркердей шағын топ - демократтық бағыттағы қазақ интеллигенциясының ең ірі, ең беделді өкілі, бір емес екі рет заңсыз жазғырылып, сталиндік саясаттың құрбаны болған Ахмет Байтұрсыновты осылай танимыз.
Ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген. Ұлы сөз! Егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы деп сендер үшін барлық жағдай жасалды. Ертеңгі күні қадірлі Қазақстаным, деген қасиетті ұғым әрқайсыңның кеуделеріңде атой салып жатуы тиіс.

Н.Ә.Назарбаев






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет