Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы,
Абай атындағы мектеп- лицей, Ералы көшесі 6.
Телефон 8 72252 9-11-39
Рахымжанова Бақыт Құсманқызы ( физика пәнінің мұғалімі)
Сабақтың тақырыбы: Атом ядросының физикасы 11 сынып
Кіріктірілген сабақ (физика, биология, тарих, әдебиет, медицина)
2009 жыл, наурыз
Сабақтың мақсаты:
Аймақтық компонентті қолдана отырып оқушылардың тарау бойынша алған білімдерін табиғат, қоғаммен байланыстыра білуі, білім алу кезінде шығармашылық ізденістерін дамыту
Сабақтың білімдік міндеті:
Тарау бойынша атом ядросы, радиоактивтік, радияциялық сәулелердің пайдасы және зияны, оның медицинада, ауыл шаруашылығында,өнеркәсіпте қолданылуы туралы түсінік. Оқыту үрдісінде ғылыми мағлұматтармен қастамасыз ету, ғылыми фактілер келтіру.
Тәрбиелік міндет:
Өлке тану ұстанымын – сабақта жергілікті жердің және туған өлке материалдарын пайдалану, экологиялық, елжандылық қасиетін тәрбиелеу.
Дамыту міндеті:
Оқушыларды ойландыру, алған білімін пайдалануға, ой қорытуға үйрету, танымдық қызығушылығын, құзіреттілігін дамыту.
Білім алу кезіндегі әрекет:
1. Мотив:
Сенің нені білгің келеді? Неге қажет деп ойлайсын?
2. Жоспарлау:
а) Оқушыларды топқа бөлу
б) Тапсырмалар беру
3. Іске асыру жүйесі:
Өзара пікір алмасу (5-7 минут) мұғаліммен бірге берілген тапсырмамен танысады.
4. Жоспарды орындау:
Сұрақтарға жауап
5. Рефлексия:
Жұмыстарды талдау, бақылау, салыстыру
6. Бағалау:
Топ ішінде өзара бірін-бірі бағалау
7. Қорытынды.
8. Түзету.
Әрекеттерді жүзеге асыру.
1.Атом бомбасы (физиктер)
Басқарылмайтын тізбекті ядролық реакция нәтижесінде ғаламат энергия босап шығытын ядролық жарылыс болады.Оны атомдық бомбаның жарылысы жүзеге асырады.Атомдық бомбада таза уран – 235 немесе плутоний – 239 пайдаланылады.Бомбадағы металдық уран оқшауланған екі бөліктен тұрады және әр бөліктің массасы сандық массадан кіші. Сондықтан оларда тізбекті реакция жүре алмайды. Әдеттегі қопарғыш заттың көмегімен уранның екі бөлігін кенет сығу арқылы біріктіргенде, қарқынды тізбекті реакция басталып, бомба жарылады.
Қас қағым сәтте температура миллиондаған градусқа жетіп, көз қарықтырарлық қуатты сәуле пайда болады. Уран және оның төңірегіндегі заттар газға айналады. Аса қызған газды шар шапшаң ұлғая отырып жолындағының бәрін күйретіп, күл-талқанын шығарады. Атомдық бомбаның жарылысы кезінде пайда болатын реакция өнімдері өте радиоактивті және олар табиғатқа, тірі организмдерге аса қауіпті. Алғашқы атомдық бомбалар АҚШ-та 1945 жылы жасалып, сол жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған. Хиросимада жарылған бомбадағы тізбекті реакцияға қатысқан уран ядроларының массасы 1кг-ға жуық. Жарылыс кезінде небәрі 1г уран заты ғана тікелей энергияға айналды, осының өзі 200 000 адамның өмірін қиып кетті.
1953 ж 12 тамызда Семей полигонында ең бірінші рет атом бомбасы сынақтан өткізілді. Бомба жерден 40м.биіктікте орналастырылды. Диаметрі 7км .дейін созылған жердегі сынақ алаңында көптеген техникалар- машина, танк, самолет, жер асты құрылғылары да дайындалды. Тіршілік иесі ретінде қойларды алып қалды. Ал жарылыстан кейін 5 км. радиуста ешнәрсе қалмаған, сынақ алаңында үлкен шұңқыр пайда болған. Сынақты И.В. Курчатов басқарған, сол кезде академик А.Сахаров та қатысқан.
2. Невада -Семей қозғалысы қалай басталды? (Тарих-естелік).
1989 жыл. 27 ақпан, сағат 16-00.
Қазақстан Жазушылар Одағының мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Митингі басталудан бір сағат бұрын барған біздер, Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушылары, залға әзер кірдік. Бізден кейін келгендер бүкіл дәліз бойымен даланың өзінде иін тіресіп тұрды. Залдың ішінде «Невада -Қазақстан»,«Семей полигонында ядролық сынақ тоқтатылсын», «Ядролық сынаққа жол жоқ» деген және басқада ұран сөздер бірден көзге түседі. Жиналғандар да қазір болатын митингінің мән- мағынасын түсінгендей.Көп ұзамай президиум столына ақиық ақын, жаһанға мәшһүр қаламгер О.Сүлейменов бастаған жоғары партия, совет органдарының жауапты қызметкерлері, ақын- жазушылар көтерілді.
- Бұдан он күн бұрын Семей полигонында тағы бір жарылыс болды,- деп бастады сөзін Олжас.Ол бұдан бұрынғы жарылыстарға мүлдем ұқсамайды. Жарылыс салдарынан ауаға радиациялық газ тараған. Бұған енді төзуге болмайды.Батыл, ашық түрде күреске шығу керек. Сондықтан сіздердің қатыстарыңызбен бүгіннен бастап «Семей-Невада» қозғалысын жариялаймыз.
Невада қозғалысы өмірге осылай келді.
3. Биология мен медицинадағы радиактивті изотоптар. (Биология пәнінің мұғалімі)
Таңбаланған атомдар жәрдемімен жүргізілген зерттеулердің бірі-организмдегі зат алмасуды зерттеу. Аз уақыттың ішінде организм түгел жаңарып отыратыны дәлелденген. Оны құрастыратын атомдар жаңаларымен алмастырылған. Тәжірибелер көрсеткендей, бұл ережеге тек темір ғана бағынбайды. Темір гемоглобиннің қызыл қан түйіршіктерінің құрамына енеді. Тамаққа темірдің 59/26 Fe изотопты атомдарын ендіргенде олардың қанға мүлдем қосылмайтындығы байқалған. Тек организмдегі темір қоры таусыла бастағанда ғана организм темірді сіңіре бастайды.
Радиоактивті изотоптар медицинада диагноз қою үшінде, терапевтік мақсатта қолданылады. Аз мөлшерде қанға енгізілетін радиактивті натрий қан айналысын зерттеу үшін пайдаланылады. Йод қалқанды безде, әсіресе базед ауыруына ұшыраған кезде бөлінеді. Арнайы құралдың жәрдемімен радиактивті йодтың жиналуына қарап, диагноз қоюға болады. Кобальттың интенсивті гамма сәуле шығаруы түрліше рак ауыруларын емдеуге пайдаланылады.
Радиациялық сәуленің адам ағзасына әсері.
Радиация мөлшері- Рентген
|
Адам ағзасына әсері
|
0-25
|
Әсері жоқ
|
25-50
|
Қан құрамына әсер етуі мүмкін
|
50-100
|
Қан құрамы өзгереді
|
100-200
|
Еңбекке қабілеті төмендеуі мүмкін
|
200-400
|
Еңбек ету қабілеті жоғалады
|
400-600
|
Қауіпті – 50%
|
600
|
Аса қауіпті
|
4. Өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы радиоактивтік (Еңбек пәні мұғалімі)
Радиоактивті изотоптар өнеркәсіпте де пайдаланылады. Бұған бір мысал ретінде іштен жанатын двигательдегі поршеньдік сақиналардың тозуын анықтау тәсілін келтіруге болады.
Поршеньдік сақинаны нейтрондармен сәулелеу арқылы ядролық реакциялар туғызып, оны радиактивті етеді. Двигатель жұмыс істегенде сақина материалының бөлшектері жағар майға түседі. Двигательдің белгілі бір жұмыс уақыты өткенде майдың радиоактивтілігін зерттеп, сақинаның тозуын анықтайды. Радиацияның көп дозасы өсімдіктермен микроорганизмдерде мутация туғызады. Бұл жеке жағдайларда жаңа бағалы қасиеттері мутанттарды пайда болуына (радио селекция) әсерін тигізеді. Осылайша бидайдың, үрме бұршақтың т.б. дақылдардың бағалы сорттары шығарылған. Радиоактивті изотоптардың гамма сәулесі сондай-ақ зиянды жәндәктерге қарсы күресте және тамақ өнімдерін консервілеу үшін пайдаланылады.
«Әлемнің Бейбітшілік жақтаушылары ядролық қаруға қарсы» Халықаралық Конгресіне қатысушылардың
Әлемнің әр түкпірінен Қазақстан жеріне бізді бұл күндері санамызды мазалаған бір ой жинап отыр. Егер де дүние жүзінде ядролық жарылыстарды дереу доғарып, адам тағдырын үздіксіз сынауды тоқтатпасақ-ертеңіміздің қара түнекке айналуы сөзсіз. Себебі ядролық қару адамды жер бетінен мүлдем аластатады.
Бүкіл соғыстардың трагедиялық тарихын саралай отырып, тек мынадай шешімге келуге болады. Әлемді күш көрсету жолымен, қару- жарақты көбейту жолымен жақсарту мүмкін емес. Солай бола тұра , бүгінгі саясатта «Бейбітшілік керек болса, соғысқа дайындал» деген ескі көзқарас әлі күнге өмір сүріп отыр.
Ой тоқтатып, санамызды жаңғыртар сәт туды. Күні кеше ғана біз өз тағдырымызды үкіметтерге, саясатшыларға, әскерилерге сеніп тапсырсақ, бүгінде жауапкершілік жүгі өзімізге түсіп отыр. Біздер, «Әлемнің сайлаушылары ядролық соғысқа қарсы» Халықаралық Конгресіне қатысушылар мамыр айынан бастап ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыс ұйымдастырудың қажеттігін айқын сезіндік.
Біз, сайлаушылар, әлемнің бір тұтас демократияшыл тобы ретінде ядролық қаруды заңнан тыс деп жариялау құқына иеміз. Біздер, әлемнің барлық сайлаушыларын Халықтар Келісіміне қол қойып, ядролық қаруды заңнан тыс деп жариялауға шақырамыз.
АДАМДАР! ӘЛЕМНІҢ АЗАМАТТАРЫ! ХХ ғасыр тарихта соғыстың, ядролық қақтығыстың соңғы жұғыны ретінде қалсын.Біз Сіздерді ядролық қыстың бейнесінен қайта түлеген көктемге бет бұруларыңызға және осы жолда аялдамауға шақырамыз.Осы бір қиын сапарда Бізге «Бейбітшілік тілесең – бейбіт өмірге дайын бол» - деген жаңа сөз қолбасшы болады.
«Әлем сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» Халықаралық Конгресі.
Алматы, 1990 жыл, 26 мамыр.
Семей облысындағы ядролық полигонда сынақты тоқтату және аймақтағы халық денсаулығы мен айналадағы ортаны қорғау жөніндегі шаралар туралы
ҚССР –ның Жоғарғы Советі мынаны атап көрсетеді: республика Жоғарғы Советінің Қазақ ССР-індегі Семей, Қарағанды, Павлодар, Жезқазған, Шығыс Қазақстан облыстарының, РСФСР-дегі Омбы қаласы мен Алтай өлкесінің жекелеген азаматтарынан, еңбек коллективтерінен, қоғамдық ұйымдарынан келіп түсіп жатқан көптеген өтініштерінде Семей облысндағы ядролық сынақты дереу тоқтату, полигонды жауып, ядролық полигонға таяу аймақтағы адамдардың денсаулығы мен экономикасына келтірілген нұқсанды өтеу туралы үзілді-кесілді талаптар айтылған.
Сынақ полигонына таяу жатқан аймақты зерттеген кешенді ведомстаоаралық комиссияның қорытындысы бойынша жер астындағы ядролық жарылыстың қазіргі технологиясы халықтың денсаулығына жағымсыз созылмалы психикалық зақым келтіретін фактор болып табылады.Әскери - өнеркәсіптік кешеннің өкілдері мәселені орынсыз созып, ССРО үкіметінің 1990 жылғы І тоқсанында Семей полигоны жөнінде шешім қабылдау туралы тапсырманың орындалуын қамтамасыз етпеді.Ядролық полигонда қарусыз, зорлықсыз әлем үшін бүкілхалықтық сайлау науқанын бастаймыз. Осы конгресте біз, ядролық соғысқа сынақтың одан әрі жалғастырылуы, сондай-ақ полигон жөнінде нақты шешімнің болмауы аймақтағы әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақсыздандыруда.
ҚССР-нің Жоғарғы Советі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.ССРО үкіметінен Семей облысындағы полигонда ядролық сынақты дереу және толық тоқтату туралы шешім қабылдау, сондай-ақ халқына келтірілген нұқсан үшін материалдық өтем төлеу және жеңілдіктер беру талап етілсін.
2. Полигонға таяу жатқан республика аймақтары халқына медициналық қызмет көрсету және оларды халық тұтынатын товарлармен жабдықтау жағдайын жақсарту туралы, сондай-ақ осы аймақтарда материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде республика үкіметінің ССРО Министрлер Советіне енгізген ұсыныстары мақұлдансын.
ССРО Жоғарғы Советінен Семей полигонының ғылыми-өндірістік потенциалын халық шаруашылығына одан әрі пайдалану жөнінде мәселе қарау сұралсын.
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің
Төрағасы Е.АСАНБАЕВ.
Алматы қаласы, 1990 жыл
22 мамыр.
Достарыңызбен бөлісу: |