1-ші тапсырма
Әдепті және әдепсіз бала туралы тақпақтар айтыңдар.
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса,
Сыйлы болмақ өзі де,
Үлкен болған кезінде.
Сыйла үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні
Сақтап көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.
-Мені үлкендер әдепті деп мақтайды,
Мінезімнен теріс қылық таппайды.
Ал егер сен жалқау болсаң тілазар,
Ондай әдет жақсылыққа жатпайды.
-Айтқан тілді аламын,
Айтқан жерге барамын.
Мен әдепті,
Мен әдепті баламын!
-Қарсы алдынан кесіп өтпей көлденең,
Қашан да мен үлкендерге жол берем.
Абайсызда қалса біреу сүрініп,
Сол заматта сүйеніш боп қол берем.
Тілін алып кішінің де кәрінің,
Көңілінен шығып жүрмін бәрінің,
Ата-ананың айтқан сөзін тыңдауды,
Әдептілік белгісі деп таныдым.
Сыйластықты іздеген,
Әдеп сақтар ізгі өрен.
Сыпайылық белгісі,
Үлкендерге «сіз» деген.
Атам менің әманда,
Кішіпейіл бол деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
Атам менің әманда,
Әдепті жан бол деген,
Ата сөзі санамда,
Жасы үлкенге жол берем.
Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің,
Сәлемдесіп, қол берем.
Жақсылықтан үйреніп,
Боламыз біз жақсы адам.
Жамандықтан жиреніп,
Үлгі аламыз жақсыдан.
Әдептілік дегенің,
Әрқашан да керегің.
Әсемпаздық дегенің,
Әуре сарсаң әлегің.
Біз Отанның балдырған ұлдарымыз,
Әдептілік, батылдық ұранымыз.
Әдептілік – адамдардың өзара жақсы қарым-қатынасының, жүріс-тұрысының ережесі. Осы әдептілік ережесін сақтау керек.
Әдепсіз балаға тән қасиеттерді бойына жинаған балалар қандай болады екен, осы жайлы сынып оқушыларына сөз берейік.
Етек кетер салақтап,
Бос жүріспен далақтап.
Ұқыпсыз сабақ ұқпайды,
Өз бетімен алақтап.
Кеше ғана қадалған,
Өміртайдың түймесі.
Орнында жоқ апырай,
Қайда кеткен,бұл несі?
Ілгек,түйме жұлынып,
Кешке дейін алысар,
Әркімге бір ұрынар,
Құспен, малмен жарысар.
Шашы түсіп көзіне,
Түсінбей ақыл сөзіне
Мұғаліммен таласар
Дәлел тауып өзіне.
Сумка, дәптер бәрі де,
Дал-дұл болып жыртылып.
Сия төгіп бәріне,
Шимай салған сыртына.
Сабақ бітті мектептен,
Оқушылар тарады.
Бір тентек бір тентекпен
Дабырласып барады.
-Міне, балалар, уәде беріп оны орындамаса, кісіге дөрекі жауап берсе, үлкенді сыйламаса, ондайды жұрт «әдепсіз екен» дейді. Әдепсіз баланы достары да сыйламайды. Кейбір балалар әдептілік ережесін байқамай немесе білмей бұзады.
-Ал, балалар, сендер бірінші тапсырманы дұрыс орындадыңдар. Қысқы Азиадада ойналған ойынның бір түрі «Шайбалы хоккей»
2 –ші тапсырма
Өздерің білетін тыйым сөздерді айтыңдар.
-Ал, енді балалар, өздерің білетін тыйым сөздерді айтыңдаршы?
-Қандай тыйым сөздерді білесіңдер?
-Аталарың, әжелерің айта ма?
Әбес іс жасама.
Әкені ренжітпе.
Босағада отырма.
Босағаны керме.
Үйге қарай жүгірме.
Бүйіріңді таянба.
Бетіңді баспа.
Бас киіміңді аяғыңа киме.
Бос бесікті тербетпе.
Білмесең айтпа.
Бейуақытта жылама,ұйықтама.
Бөркіңді теріс киме.
Баланы басқа ұрма.
Баланы алдама.
Бетіңе сызба.
Баланы шошытпа.
Бөтен үйге рұқсатсыз кірме.
Бала бетіне үрлеме.
Басыңды шайқама.
Досыңды өкпелетпе.
Дөрекі сөйлеме.
Дастарханды аттама.
Үлкеннің алдын кесіп өтпе.
Үлкеннің сөзін бөлме.
-Дұрыс. Сендер екінші тапсырманы да дұрыс орындадыңдар. Тыйым сөздерді жақсы біледі екенсіңдер. Қысқы Азиадада ойналған ойынның келесі түрі «Допты хоккей»
3-ші тапсырма
Жаман әдет туралы қандай мақал білесіңдер?
-Жаман әдет туралы мақал білетін болсаңдар айта қойыңдаршы?
-Ұрлық – түбі қорлық.
-Ұрымен жақын болсаң, ұятқа қаласың.
-Атақты ұры аштан өледі.
-Ұры қарының серігі.
-Міне, балалар, бұл жерден біздің білгеніміз кісі сыйлық жасаса рахмет, біреуді ренжітсең міндетті түрде кешірім сұрау керек екен. Біреудің затын ешуақытта да рұқсатсыз алмау керек екен, бір рет рұқсатсыз алсаң соған әдеттеніп кетесің де, біртіндеп ол әдетті бойыңа сіңіресің. Түбі ол сені үлкен ұрлыққа жетелейді. Ал өздерің білесіңдер «Ұрлық- түбі қорлық» екенін, ұрлық жасасаң заң алдында жауап беруге тура келеді.
-Балалар, біздің Мемлекетіміздің Ата заңы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.
Осы күн «Конституция күні» болып белгіленді. Биылғы жылы Ата заңның қабылданғанына 15 жыл толып отыр.
-Ал, енді, балалар осы Ата заң туралы тақпақ білеміз бе?
-Қане, кім айтып жібереді?
Ата заңым,
Ата заңым ардағым,
Аялаған адамзаттың арманын
Жол бастайды болашаққа жасампаз,
Әрбір бабың, тарауларың, тармағың.
Алтын заңым
Тәуелсіз таң,нұрлы үміт
Ортақ бізге қоғамдағы игілік
Ақиқаттың аппақ жолын аттаймын
Алтын заңым,сені ғана ту қылып.
-Ал, балалар, өркениетті Қазақстан елінің тәртіпті, әдепті, мәдениетті азаматы болу үшін үлкенге ілтипатты, кішіге үлгілі болып заңды сақтауымыз керек.
Дұрыс, балалар, сендер бұл тапсырманы да дұрыс орындадыңдар. Бұл ойынның аты «Коньки тебу спорты» екен.
4-ші тапсырма
Музыкалық үзіліс
-Балалар , бәріміз қосылып хормен ән орындайық
-Қандай ән айтамыз?
-Олай болса И.Нүсіпбаев ағамыздың «Жас дәуірдің түлегіміз» әнін бәріміз орындайық.
Жас дәуірдің түлегіміз
Сөзі: Е:Өтетілеуов
Әні: И.Нүсіпбаев
-Бау-бақша белдер,
Орман тау көлдер-
Көрікті шексіз даламыз.
Дәулеті тасқан,
Сәулеті асқан-
Көңілді ауыл, қаламыз.
Қайырмасы:
Жадырап күндей,-
Жайнаған гүлдей
Бақытты біздер баламыз.
Өзіміз туған
Көбелек қуған
Өлкеде өсіп, толамыз
Жалықпай оқып,
Көңілге тоқып
Білімді адам боламыз
Қайырмасы:
-Дұрыс , балалар , сендер бұл тапсырманы өте жақсы орындадыңдар. Әнді жақсы айттыңдар. Бұл тапсырмадағы ойынның түрі «Мәнерлеп сырғанау» екен.
5-ші тапсырма
-Ойын : «Жалғасын тап»
- Балалар, мен , мақалдың бірінші жолын оқимын, сендер жалғасын табасыңдар.
(экраннан көрсету)
-Ұқыптының тоны тозбас
............................................
(ұқыпсыздың ісі оңбас)
-Әдептілік белгісі
..............................
(Иіліп сәлем бергені)
-Сәлем түзелмей,
............................
(Әлем түзелмейді)
-Аға әдепті болса
................................ (іні әдепті)
-Әдепті бала ата-анасын мақтатар
........................................................
(Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар)
-Ана әдепті болса
...............................
(қызы әдепті)
Бұл 5-ші тапсырманы да дұрыс орындадыңдар. Бұл ойынның түрі «Шорт трек» екен.
6-шы тапсырма
Сиқырлы сөздер айтыңдар.
-Сәлеметсіз бе?
-Аман-есенсіз бе?
-Армысың!
-Айналайын!
-Өркенің өссін!
-Көп жаса!
-Денің сау болсын!
-Спортпен дос бол
-Рахмет!
-Қайырлы таң!
-Кеш жарық!
-Кешіріңіз!
-Сау болыңыз!
-Ал, балалар, өздерің айтқан сиқырлы сөздерден не пайда болды?
-Дұрыс, өздерің айтқан сиқырлы сөздерден көңілімізді көтеретін әдемі гүл шықты.
Бұл тапсырманы да дұрыс орындадыңдар. Бұл ойын «Биатлон» екен.
7-ші тапсырма
Поэзия минуты
(мәнерлеп өлең оқу)
-Тоғжан , өзің білетін бір өлеңді жатқа оқып бере қойшы.
Біздің сынып
А.Шамкенов
Жұп жазбастан жүреміз.
Біздің сынып -мақтаулы
Өйткені біз сүйеміз
Дәйім тәртіп сақтауды
Біздің сынып –мақтаулы
Оқуда да алдамыз,
Біздің сынып өнерлі
Жақсы үйреніп алғанбыз
Талай би мен өлеңді
Біздің сынып - өнерлі
Еңбекке де қолы епті
Ынтымақты дос ыңғай
Біздің сынып әдепті
Біздің сынып осындай
Біздің сынып осындай.
-Бұл тапсырмадан да сүрінбей өттік.
-Ойынның аты «Фристайл» екен.
8-ші тапсырма
Көрініс
Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре одан да төменірек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай.
-Тақсыр,осынша жұрттың әкімісіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз?-деп айтты
Сонда әкім:
-Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп, әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып қалайын ба?-депті.
Бұл сыннан да сүрінбей өттік. Шыңның басына жақындап қалдық.
Бұл ойынның түрі «Шаңғымен бағдарлау» екен.
9-шы тапсырма
Музыкалық үзіліс
Қуыршақ
Ай, қуыршақ, қуыршақ
Жуынбайсың жуынсақ.
Беті-қолдың батпағын,
Елең етпей жатқаның
Қашан адам боласың? 2рет
Ой, қуыршақ, қуыршақ,
Біз қуырдақ қуырсақ,
Шікірейіп, шыртиып,
Отырасың бұртиып.
Қашан адам боласың? 2рет
Ой, қуыршақ, қуыршақ.
«Су,әкел»-деп қиылсақ.
Бетті теріс бұрасың.
Бедірейіп тұрасың.
-Қашан адам боласың? 2рет
Ой , мына қыздардың қуыршақтары да, өздері де әдемі екен.
Бұл сыннан өтуімізге Әсемай, Сымбат, Тоғжан, Аружан, Әсел қыздарымыз көмектесті.
Келесі ойынның түрі «Тау шаңғысы спорты». .
Достарыңызбен бөлісу: |