Қазіргі заманғы Еуропа мен Солтүстік Америка елдері. ХХ ғ. басында Европа мен Солтүстік Америкада әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өмір саласында ірі өзгерістер болып өтті. Әлемдік тарихтың бұл өтпелі кезеңінде капиталистік буржуазиялық қоғамның қалыптасуы аяқталып, буржуазиялық революциялар дәуірі тарих қойнауына кетті. Еуропа тарихында ұлттық қозғалыстар елеулі құбылысқа айналды. Германия мен Италияда ұлттық мемлекеттердің құрылуы, Балкан түбегінде жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы Австро-Венгрия, Осман империясы сияқты көпұлтты мемлекеттердің әрі қарай өмір сүру мәселесі туындады. Ұлы державалардың отаршылдық басқыншылығы Шығыс елдерін әскери, саяси және экономикалық тәуелділікке түсіру жолымен іске асырылды. Батыс өркениетінің жат құндылықтарын басқа елдерге күшпен таңу дәстүрлі қоғамның қарсылығын тудырды.
Қазіргі замандағы Шығыс елдері. ХХ ғ. басында «Шығыс» деген түсінік әдетте азиялық немесе еуропалық емес өркениетке қатысты айтылатын. Осы кезеңге қарай Шығыс елдері мен еуропа елдерінің даму деңгейі арасындағы алшақтық тереңдей түсті. Еуропа мен Солтүстік Америкада өнеркәсіптік төңкеріс заманы болып өтті. Ал Шығыс өз дамуында тоқтап қалғандай күй кешті де еуропалық басқыншылықтың назарына ілікті. ХХ ғ.басына қарай феодалдық құрылымдар мен жүйелілікті сақтаған шығыс елдері дүниежүзілік капиталистік шаруашылық жүйесіне еріксіз тартылды.Осылайша, ХХ ғ.басында дамыған капиталистік елдерде қоғамның құрылымы мен өндірісте, ұлттық құндылықтарда сапалы өзгерістер жүріп, индустриалдық өркениет қалыптасты.