Сабақтың тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин. «Дүние қалай етсең, табылады?»



Дата03.01.2022
өлшемі127,24 Kb.
#108793
түріСабақ
Байланысты:
№ 18 Ыбырай Алтынсарин «Дүние қалай етсең, табылады»


Сабақтың тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин. «Дүние қалай етсең, табылады?»

1-тапсырма. Әңгіме үзіндісін түсініп оқыңыздар. Әңгіме нешінші жақта баяндалып тұр? Кейіпкерлері кімдер?

Француз жұртының бір білімді адамы жазады:

- 1791 жылы университетте оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырастым. Жөніміз бір болған соң, бірге келе жатқанымызда, манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:

- Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді. Сөйте тұра мұндай жаман іспен өзіңді кемшілікке салып жүрсің…

2-тапсырма. Берілген сұрақтар бойынша диалог құрыңыздар.

1. Оқиға қай жерде өтеді?

2. Бейтаныс адам Антонға қандай баға береді?

3. Сіздің ойыңызша, Антон қандай адам?

4. Тіленшілік неліктен жаман іс?

5. Мұндай жағдай қазіргі кезде кездесе ме? Өмірден мысалдар келтіріңіз.



3-тапсырма. Әңгіме үзіндісін оқыңыздар. Алдыңғы мәтінмен байланыстырып, ортақ ойды жеткізіп тұрған сөздер мен тіркестерді анықтаңыздар.

Бай болғың келсе, мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылғаным жоқ. Қала-қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық, салам, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабрикаларға сатып, сонымен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым. Мұнан соң әуелі аз-аздап, бара-бара көбірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас, ісіме нық, жинақты және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік тас жұртым бар. Фабрикамды балама бердім, үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы айтқанымша машақаттанудан қашпасаң, сен де бай боласың, Антон, - деді де жөніне жүріп кетті.

Антон бұл сөздерді есіткен соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды…

4-тапсырма. Әңгіме үзіндісінің жалғасын түсініп оқып, оған ат қойыңыздар. Неліктен олай атағандарыңызды түсіндіріңіздер.

1815 жылы Брюссель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге «олай-бұлай етіңіз» деп, бұйырып тұрған бір көпестің кескіні көңіліме таныс көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:

- Айып етпесеңіз сұрайын, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқып жүріп, жұма сайын Версальдағы үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді?

Сонда ойыма түсіп, таңғалып:

- Сен Антонбысың? - дедім.

- Иә, - деді Антон, - мен сондағы көрген тіленші Антонның өзімін. Сол бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым. Ақырында сол кісінің айтқаны келіп, мінекей, осы зор дүкеннің иесі болдым, - деді.



Сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Автор не себепті таңғалды?

2. Қалай ойлайсыз, егер Антонға бейтаныс адам ақыл айтпағанда, ол осындай жетістікке жетер ме еді?

3. Дүние қалай етсек табылады екен?



4. Әңгімені қандай мақалмен түйіндер едіңіз?

5-тапсырма. Жалқаулық, еңбекқорлық туралы қандай мақал-мәтелдер білесіздер? Кластерге салып, мәнін түсіндіріңіздер.



Үйге тапсырма: Сауда жасау, ақша жинау, фабрика ашу, баю туралы әрекеттерді қазіргі өмірмен байланыстырып, шағын мәтін жазыңыздар.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет