Етборсық емші
«Етборсық» емшілер, сынған сүйекті, ішкі ағзаларды тазалап жуып әрі кесіп, далалық госпитальдарда қос тігіп, жаңағы шөптер арқылы адамды бірнеше тәулікке шейін ұйықтатып, жағдайы өте ауыр сарбаздарды аман алып қалып отырған. Үлкен қос тігіліп, жараланған жауынгерлер сақайып жазылғанша солардың бақылауында болған. Ата-бабасынан келе жатқан емшілік қасиеттері бар аруақты адамдарды тауып, оларды жеті жылдай Тараз қаласында оқытып отырған. Бұлардан ант алып, жеке тұлғаларға қастандық істемеу, тек халық мүддесіне сай қимылдау, соғыс жағдайында ғана пайдалану пәрмен етілген. Иасы Түркістан, Тараз шаhарында ғаріпхана деп аталған емдеу орталықтары болған, ол жерлерде кеселі ауыр адамдарды, сүйегі сынған, ауыр жараланған адамдарды емдеп, ота жасап отырған.
Бал шарап
«Етборсық » емшілер қымыз, қымыран, дәрілік емдік шөптерден бөлек кей жағдайларда шарап та беріп емдеп отырған.
«Алтайдың бал шарабы,
Отырардың отты шарабы,
Тәшкеннің нан шарабы»
Тараздың жүзім шарабы» делінген. Жараланған сарбаздардың жарасын жуып, танған кезде ауру жұқпас үшін ота алдында «Отырардың отты» шарабымен тазалап жуған. ( Яғни бұл 96 % спирт) және маталарды осы шараппен жуып, жараларды таңып отырған.
«Алтайдың бал шарабын» жауынгерлерге күш-қуат алу үшін беріп отырған. Көп қан жоғалтқан сарбаздарға «Тараздың жүзім-жеміс шарабын» берген. Жүйкесі сыр берген сарбаздарға кейде шөп дәрілермен қатар қатаң тәртіппен «Тәшкеннің нан шарабын» берген. Осылайша қазақтың « Етборсық » емшілері бірнеше шөп қайнатпаларын беріп, сарбаздардың күш қуатын, денсаулығын арттырып, қатарға қосып отырды. Бұл шараптарды Алтайдан, Тараздан, Отырардан, Тәшкен шаһарларынан тапсырыспен алдырып, әртүрлі шөптерді және жеміс ағаштарын ашытып, соғыс жағдайында сарбаздар мен сардарларды емдеп, өлім-жітімнен, мүгедек болып қалудан сақтап, қатарға қосып отырған.
Бармақ ұста
Қазақ «Бармақ» ұсталары Ұлытауда, Қаратауда, Алтайда және үлкен шаhарларда, Түркістан айналасында, Текелі деген қалаларда шойын балқытып, ұңғы мылтықтар, білтелі мылтықтар соғып, кей жағдайда қолға түскен қаруларға қарап, «От-ұшпа » зеңбіректер соққан. Ата-бабамыздан келе жатқан өз қаруларымыз: наркескен, алдаспан, найза-қылыштар өз алдына. Ұлытауда ұстаханаларды «Отжағар, Боқжағар» деп атаған. Шойын темір балқытқан жерлерді «Отжағарда» қызыл жалынға қыздырып, шыңдап, жүйрік атпен шауып, суға салмай желге суытқан. Ал «Боқжағар» дегені, аттардың тезегін үлкен ыдысқа салып ашытып, қаруларды соған суытқан. Өйткені осындай әдіспен соғылған қарулардың жүзі ешқашан мұқалмаған, морт сынбаған. Полат, була, дула, шойын, зұлмарт темірлерді өте берік қылып шыңдап, әшекейлеп отырған. Мұндай қарулар өте үлкен сұранысқа ие болып, ұсталардың даңқын шығарған.
Достарыңызбен бөлісу: |